«Ватерлоо көпірі»
04.02.2020
1904
0

 (Елу жыл бұрын жазылған мақала)

 Ватерлоо көпірі. Осы атаумен Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романын оқып шыққаннан кейінгі әсерімді, ұмытпасам, 1973 жылдың соңында жазыппын. Бірақ баспасөзде жария­лау­дың сәті түспеді. Енді соны тауып алып, арада әлденеше жылдар өткен соң… араға 50 жылдай түскен екен-ау, қайта оқып ойланып отырмын. Рецензия тақырыбын неге осылай қойдым екен?.. Мұның бір мықты себебі болуға тиіс қой.

«Ватерлоо көпірі» – қаламгердің алғашқы әңгімелерінің бірі. Оқып шығып қатты толқығаным есімде. Үлкен тарихи уақиғаға қатысы жоқ болса да мына әңгімеге жанасар тұсын өзімше тапқанмын ғой, шамасы. Әйтеуір, оқып шыға сала ойымды қағазға түсіргенім анық. Енді сол баяғыда жазылған мақаланы қаз қалпында ұсынып отырмын. Көп өзгертілген жоқ. Аз-кем түзету болды.

Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

«Көк мұнар» – сіз және біз жайлы роман

Өмірге роман келді!

– Не болды? – деп сұрақ қоятын бізге әдебиет теориясынан лекция оқып тұрып ұстазымыз.

Содан біздің әлен-пәленіміздің, балаң дауымыздың басылған, толастаған бір шағында асықпай бізге былай деген:

– Шырақтарым, оның өзі бір құбылыс – жазушы ерлігі, – явление, подвиг! (Ұстазымыз теория үшін аса қажетті сөздерді үнемі орысшалап тұратын.)

 Жастарға жақсы таныс жазушы Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» атты романын оқу үстінде есіме ұстазымыздың осы сөздері түсті.

Роман – екі жүз беттей ғана кішкентай көгілдір кітап. Мен мұндалап тартып, қызықтырды да тұрды. Жалықтырмайды. Кейбір беттеріне қайта қарап, тоқтала оқыған сайын түрлене, түлей түсетіндей әсер қалдырды.

Ақыры шыдай алмай, алғашқы әсерімді қағазға түсірдім де, машинкаға басып, ертеңіне «Лениншіл жас» газетіне алып бардым. Көкбазарға қарсы тұрған көп қабатты ғимараттың бір бөлмесінің есігін ашып қарасам, Сағат Әшімбаев отыр екен. Біз І курста Сағаттың курстастары – Нұрлан Оразалинмен, Алдан Смайыловтармен бір бөлмеде тұрғанбыз. Олар ІІІ курста еді. Сағат анда-санда болса да кіріп шығушы еді.

Амандық-саулықтан кейін, шаруамды сұрады. Жазғандарымды ұсындым.

Қаламын алып, бірдеңе жазып, қателерін түзей бастады. Оқып шығып, сәл ойланып отырып: «Рецензияң жаман емес екен, басамыз. Бірақ Мұхтар Мағауин романы туралы жағдай сәл күрделілеу болып тұр ғой, шамалы тынышталсын, үш-төрт айдан соң маған алып келерсің, Уақытың бар ғой, ойлан, өзге қаламгерлердің мақалаларын қара», – деп шығарып салды.

Жалпы алғанда, жақсы әсермен шықтым. Төрт ай өткен соң жазғы демалыс басталды да, «Көк мұнар» туралы жазғандарым сол бойы қала берді.

Қаламгердің алпыс жылдық мерейтойы тұсында Зейнағаңа, Қабдоловқа, «оқып көріңізші» деп ұсынғам, асығыстау қарап шығып, «жарайды ғой» деумен қайтарып берді.

Бала Мұхтар

«Ватерлоо көпірі»

 (елу жыл бұрын жазылған мақала)

Француздың атақты императоры Наполеон үшін «Ватерлоо шайқасы» күйреу болды. Еурополықтарға жақсы мәлім талай тарихтың куәсі болған Ватерлоо даласында тек мықтылар мен күштілер ғана жеңіске жетеді деген аңыздық мифологем бар. Ауыр бір сынақтардан өткеннен «Ватерлоодан өттің бе?» – деп сұрайтын көрінеді.

Ендеше, өнер жолындағы осындай «Ватерлоо көпірінен» өту деген аңызға ұласқан метафоралық пікірді қолданар болсақ, осы көпірден 1960 жылы Мұхтар Мағауин өткен екен. Бұған біз өте қуаныштымыз.

Енді объектімізге оралайық.

Өмірге роман келді. Сонда ол «Көк мұнар» кім жайлы, не жайлы роман? Бұл сұраққа жауапты анау-мынау деп тізіп жатпай-ақ, «бұл – сіз және біз жайлы» десек, қателеспейміз ғой деген ойдамыз.

Иіріміне іліп ала жөнелетін роман құпиясы да, құны да – осында.

Біздің өзіміз бен замандастарымыз туралы идеялық бағыты және көркемдігі жағынан оқушы қауымның эстетикалық талабын қанағаттандыра алатын көркем шығарма ауадай қажет-ақ еді. Жаңа кейіпкерді де күткенбіз.

Міне, осындай бір табиғи талаптан жаңа шығарма туыпты. Бүгінгі күн қаһарманы кім? Интеллект жағынан жан-жақты дамыған бүгінгі оқушы бұл сұраққа жауапты осы романнан оп-оңай таба алады деген ойдамын.

«Сонда, ол Едіге ме?» – деп дауласасыз ба? Иә, сол!

Бірақ автордың эстетикалық идеалы ол емес. Оны ұмытпаған абзал. «Сонда Едіге кім?» дейсіз бе? Ол ма ?.. Ол – сіз бен біз.

Тіпті, аянбай архивті ақтарып жүрген Едігенің өзі де қазір кейбір замандастарымыз үшін идеал болса, қандай тамаша болар еді.

Кішкене шегініс…

Қазір қайда барсаң да – махаббат жайлы диспут.

М.Мағауиннің «Ватерлоо көпірі» аталған әңгімесі де осы тақырыптан басталады. Жігіттер мен қыздар бас қосқан жерде әңгімеден әңгіме өрбіп, мәселе қыз-жігіт арасына келгенде біреулер отыра қалып: «махаббат жоқ», – деп шіренеді. Одан әріде: бар, жоқ.., жоқ, бар… дау жалғасады. Біреулер сырын айтады. Біреулер шынын айтады. Алайда, бір қызығы, мұндай даудың әдетте ақтық шешімі жоқ. Олай дейтінім, «махаббат бар» деп дәлелдегенмен қарсы жақ өзінікін дұрыс санайды. Өзінің ойымен кетеді.

Бүл әңгімені қаламгер «Қозы мен Баян» туралы, нақтыласақ, олардың махаббаты туралы мифтік мифологемнен бастайды. Бүгінде көпке таныс мифтік аңыздың қаламгер еркін қолданған үлгісінде: Баян қапыда Қодар қолынан қаза тапқан Қозыны жоқтап, зар жылап отырғанда…

«…Кенет ақ сақалды, нұр жүзді кемеңгер қария пайда бола қалды. – Балам, – деді, – естідім зарыңды. Естідім тілегіңді. Орындайын, қанша ғұмыр сұрайсың? – Ата, – деді Баян, – жан ата! Бір сәттік қана қуаныш еді тілегенім. Айып етпе. Сөкпе. Қи бізге, қи үш күндік қызықты», – деп сұрайды».

Иә …үш күн. Кейбіреулер «әттең, көп сұрамағаны-ай…» деседі. Сүйіп көрмеген, сүйікті болмаған адамдар аузынан шығар сөз, – дейді қаламгер.

«Екі ақылды ақыл таластырмай тұра алмайды. Неғұрлым ақылды болса, соғұрлым көбірек таласады… неғұрлым көбірек таласса, соғұрлым бір-бірін салмақтай түседі», – деп романда айтылғандай, біз өзімізді толған, ақылды адам санаймыз. Кейде біздің де ештеңені ұққымыз келмейді. Білмейтінімізді біліп тұрып та дауласамыз. Себебі, «ақылдымыз». Ойлап қарасақ, осындай белгілер біздің көбімізге тән емес пе?

Жазушы – сіз бен біздің басымыздағы кішкене трагедияны, «Ахиллестің өкшесі» демекші, біздің де өкшемізді көздеп отыр. Бұл – бір болса, екіншіден, белгілі орыс жазушысы Куприн айтқандай, мыңдардың бірінде ғана болатын нағыз махаббат біздің «атақты» Едігенің басында болды.

Жазушының жары Бақыт апай

Махаббат – адам психологиясын ашатын айна

Өзін ғұлама санайтын, өзінше романтика атаулыдан жұрдай Едіге кәдімгі оқушыдай-ақ ғашық.

Міне, осы махаббат мадригалы романда ерекше әсерлі берілген. Және ол әдеттегідей қыз-жігіт сүйісіне елту емес тәрізді.

Өнерде махаббат – адам психологиясын ашуда айна іспеттес. Жас адамның ең осал жері – махаббат машақатынан ұстасаң, оның жан дүниесіндегі өтіп жатқан алапат сезімдердің қайда алып бара жатқанын оңай байқауға болады. Едіге жандүниесін суреттеуде, оның психологиясын оқушыға жайып салуда автор бұл құралды шеберлікпен пайдаланған. Едіге менмендігінің жан-жақты, тіпті «абсолют дәрежеде» ашыла.тын аренасы – осы. Тек осы кілт арқылы жазушы өзін жариялаудан өлердей қорқатын эгоист жандүниесін шынайы суреттейді.

Міне, осы Гүлшат пен Едіге арасындағы махаббатты там-тұмдап баяндау арқылы автор бізді романтикалық сезімдер туралы замандастар пікірі жан-жақты бейнеленген галереяға алып кіреді.

Роман сондықтан да сіз бен біз жайлы.

Шығармада шебер бейнеленетін Әз-ағаңдар мен Бәкендер бүгінде арамызда бар ма? Бар болғанда қандай!

«Пап», – деп әкесінің мойнына асылушы Санжар ше?

Бүгінде Күлдәрі де, Халел де, Бердібектер де толып жатыр.

 Ендеше, бұл романнан әркім өзін табады. Иллайым, солай болғай.

Шығармадағы аты аталған әр кейіп­кер­ге жан-жақты талдау жасау біздің мақсатымызға кірмейді. Алайда айта кететін бір мәселе, автор типтік кейіпкерлерін типтік ортадан алып отыр. Бұл – өнер туындысы үшін жеңіске пара-пар.

Аты аталып, бойы көрінетін әрбір кейіпкер ұтымды дараланған. Жалт етіп жоқ болатын әр бейненің оқушы ойында ұзақ сақталатын сыры да осында.

Мына диалогтарға қатысушылардың кім екенін оңай байқауға болады:

– Тапсырмаларыңыздың бәрі айна-қатесіз орындалды.

– Мақаланы түзетем, жөндейін.

Ал, Әз-аға, тайлы-тұяғымыз қалмай тегіс аэровокзал басында боламыз… – дейтін Бәкеннен бастап, «шләтсә етіп жүрмеу керек, еще терезе қағасың. Сома сашел што ли, жынды адам сияқты», – дейтін Дариға шешейге дейін өз тілімен сөйлейді.

Романның формасының өзі де біз оқып жүргендерге қарағанда өзге. Адам ата мен Хауа ана, Құдайдың адамды жасауы, Едігенің Қыпшақ мемлекетінің күйреуі жайлы жазғандары романда ауық-ауық кездесіп, оқушы ойын әлдеқайда алысқа әкетеді.

Кейде ойдым-ойдым сценалар, суреттер синтезі тәрізді берілетін суреттер мен авторлық ойлар қаламгер танымының жаңа ізденістерін аңғартады.

(Бұл осыдан ондаған жылдар бұрын басталып, пікірлер таласына айналып, бірде мақұлданып, бірде құпталып, қаламгерлер шығармаларында қолданыла бастаған әдіс-тәсілдер ғой.)

Алайда оның бәрі жарасты бір үндестік, гармония тапқан. Бұл эпизодтар мүлде қажетсіз десек, қателесерміз. Ал олардың мәнін, функциясын ашу арнайы еңбекті қажет етеді.

Романдағы эпизодтарды суреттеуде автордың кейде: «дейді»…, «дейді…», «деді» деген баяндауларға басымдық беруі, кейде диалогтағы екінші жақты тыңдаушы, не сөйлеуші сөзін мүлде алып тастауы, т.б. осы сипатты тосындау тәсілдер романға жаңа ырғақ, әуен берген. Бұл әдіснамалық қолданыстар шығарма көркемдігін ақсатып тұрған жоқ.

– Алайда біз өзімізді пессимист санаймыз, – деп роман эпилогында автор айтпақшы; біреулер: біздей пессимистер мұндай жалған романтикаға берілмейді.., ешқ ашан, – деуі де мүмкін ғой. Оларға айтар дауымыз бар. «Ештеңеге таңданбау – ақылдылықтың белгісі емес» деген екен бір ұлы адам.

Отарлық саясатты көркем мазмұнға көшіре бейнелеген шығарма

Түйін.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Жазушы қаламынан туған барлық асыл бұйым атаулыны алсақ, әр кітаптың тамыр, төркіні ең алдымен жазушының өзінің жанынан терең орын алған күйлерден туады. Адам тағдыры мен тартысының барлық шақтарына өзінің ішкі, сыртқы болмысымен нақтылы түгел шомған жазушының көңілінен ғана көңілдегідей тұлға туады. Жүрек қанымен жазылғандай, әдеби шығарма өзі де сүйген, өзі де жиренген жаннан шығады. Бірде достасып, бірде алысқан, кейде қуанып, мәз-мереке көрген немесе ащы күйік, ыстық жас төгіп өкінген, жеңілу мен ұтылу жазасын шеккен, болмаса жеңіс, табыс, қуаныш, шаттық тапқан, қысқасы, бар тынысы балқыған жазушылық жүректен ғана шын шығарма туады», – деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Көк мұнар» – жүректен шыққан дүние.

Аса ақылды индивидтер мен өзінен басқаны ойлап жатпайтын адамдар бейнесін жасау қазір дүниежүзі әдебиетінің басты мақсатына айналып отыр. Ендеше, «Көк мұнардағы» өзімшіл, тәкаппар Едіге бейнесін Мұхтар Мағауин алпысыншы жылдардың соңында-ақ жасаған екен.

Бұл тіпті де оңай міндет емес еді. Ал осы қиын түйінді шешуге тәуекел еткен қаламгер М.Мағауин үшін біздің қуануымыз керек. Сол үшін қаламгердің қолын қысқым келеді.

Жетпісінші жылдардың басында «Көк мұнар» романы жарияланғанда қазақ әдеби сыны оны жатырқай қабылдаған сыңайлы. Мұның бірнеше ірі себептері болған. Алдымен шығарма отарлық күй кешкен Қазақстандағы еркін ойлау мен демократиялық ұстанымдарға ден қоя бастаған жастар психологиясын және оның басты себептерін байқата суреттейді. Оның авторы отарлық жүйенің пиғыл, әрекеттерін жетік білетін қаламгер болғандықтан ресми идеологияға дәлел ретінде ұстайтын ой мен идеяларды көркем мазмұнға көшіре баяндаған. Әрі оны дәлелдеп көрсету де оңай болмаса керек. Сондықтан сан түрлі талқылаулар мен бастықтар алдындағы сіресе, сес көрсете өткен кеңес-әңгімелерде олар көрсеткен ресми дәлелдерді жоққа шығарып отырған. Шығармаға қарсы болған бастықтар мен қаламгерлердің романның түрі мен композициясындағы тосын түрлерді дәлел-дерек етіп сөйлеулеріне тура келген. Бірақ мұны теориялық бағытта дәйектей алмаған.

Қаламгердің «Мен» романындағы шығарманың жарық көру тарихы туралы әңгімелерде тіпті қаламдас әріптестері мен достарына дейін қолдау көрсетудің орнына сынауға, қателіктерін табуға тырысқан (93-130 бб.). Мұның негізінде ресми идеология ұстанымдарына жалтақтаған мансапшыл бастықтардың көзқарастары мен оларға жағымпазданған бағынышты қызметкерлердің мәймөңке қылықтары жатқаны анық байқалады.

Екіншіден, «Көк мұнар» – талантты, ойлы жастарға еркін ойлауға мүмкіндік бермеген, оларды тұсау мен жуасыту үшін сұрқия әрекеттердің небір күрделі түрлерін іске асырып отырған Кеңес өкіметінің адамға жат отарлық саясатын көркем мазмұнға көшіре бейнелейтін шығарма. Соның негізгі әдістерінің бірі – қазақ интеллигенциясының мансапқұмар, тиын-тебен қуған тобының психологиясын шебер көрсеткен, пайдаланған роман.

 Қаламгер достарының көбі М.Мағауин шығармасын талқылау кезінде көзге көрініп тұрған негізгі идеяларды көрмегенсіп, теріс сөйлеуге көшсе де, кейін оңаша кеңестерде «бәрін күніміз үшін айттық емес пе?» – деп, кешірім сұрағандай күй кешкен.

Осы талқылаулар кезінде көпке қарсы тұрып, романның жаңа сипатын айтқан Қ.Жұмаділов пен Р.Тоқтаровтарды ерекше айтамыз.

Романның бас қаһарманы Едіге – ресми идеологияның айтқандарынан шықпа­ған замандастары тарапынан сан түрлі қарсылықтарға ұшырап қиянат көрген. Алайда алдына қойған мақсаты мен биік армандары жолында қандай қиындық көрсе де, бас тартпаған қайсар жан.

Сөз соңында, М.Мағауин туралы ойымды, жазушының атақты досы

Әбіш Кекілбайұлының мына пікірімен аяқтасам деп едім:

«Әдебиетіміздің пайымдық деңгейінің тереңдеуі мен көркемдік деңгейінің биіктеуіне оның сіңірген еңбегін өз алдына сөз етермін. Бүгінгі айтарым, Мұхтар Мағауинсіз қазіргі қазақ руханиятының аспаны әлдеқайда көмескі көрінер еді. Асқақ талабына асқан таланты, биік мақсатына берік табандылығы, көл-көсір көсем көзқарасы лайық айтулы суреткердің алдағы алар асуларын былай қойғанда, қазірдің өзінде тындырғанымен-ақ ұлттық мәдениетімізге арғы-бергінің көп сүлейлерінен асыра үлес қосқан классик жазушымыз, озат ойшыл ғалымымыз, қажырлы да қайсар қайраткеріміз екендігін бір дәуірде туып, бір мақсат жолында тер төгісіп келе жатқан замандасы ретінде мақтана да, масаттана да айта аламын».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір