ҚазҰУ БҰҰ-ның жаңа жобасын бастады
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) 70 жылдығы қарсаңында Нью-Йорктағы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының үйлестірушілерінің бастамасымен «START» атты ауқымды жоба өз жұмысын бастады. Аталмыш жоба болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін технологияның дамуына ықпал етуге бағытталған.
БҰҰ-ның Глобалды хабы, ЮНЕСКО-ның тұрақты даму бойынша аймақтық хабы болып табылатын, сондай-ақ әлемнің жоғарғы технологиялық таңдаулы 50 университеттер қатарына кіретін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті аталмыш жобаны іске қосу, мәртебесіне ие болды. Бұл көрсеткіш ҚазҰУ-дың беделінің өте жоғары екендігін және әлемдік деңгейде ғылым мен технологияның дамуына қосқан зор үлесінің белгісі екендігін айқындайды.
Конференция қатысушыларына арналған алғы сөзінде ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтанов, қазіргі заманда қабілеттілік пен технология дамуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, конференцияда БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасына, оның ішінде, БҰҰ-ның Бас ассамблеясымен қабылданған «Әлемнің жандануы: 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бойынша күн тәртібі» құжатына баса назар аударылды.
Жобаны іске қосу рәсіміне БҰҰ, БҰҰ даму бағдарламасының көрнекті өкілдері, ірі халықаралық қорлар, сонымен қатар, Стэнфорд, Кэмбридж, Оксфордс университеттері, Сингапурдың ұлттық университеті секілді 30-дан аса әлемнің көшбасшы университеттері қатысты.
START жобасы әлемдік технологиялық даму сұрақтары бойынша күштерді жұмылдыру және арттыруға бағытталған. Конференция қатысушылары және қонақтары арасындағы интеллектуалды ойталқылар тұрақты келешек үшін технологиялық дамудың мақсаттарын жүзеге асырудағы зерттеу университеттерінің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталды.
ҚазҰУ-дың аталған жобаға қатысуы әлемнің жоғары технологиялы оқу орындарының арасындағы позициясын және мемлекет имиджін нығайта түседі. Сонымен қатар, ғылым және білімді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстан үшін маңызды жоғары технологиялы жобалар мен өндірістердің алға жылжуына септігін тигізеді.