ЖАНБАЙ СӨНГЕН ШЫРАҚТАР…
«Далада тықыр білініп, сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді. Бұл Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да, мұңайып кетті…
Қали басын көтеріп алып:
– Әке, келдіңбе?
– Келдім, қарағым!.. – деп кемсендеп, қалтылдап, жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп, Мақтым салбырап отыра кетті.
Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.
Мақтым жылап қоя берді:
– Қалқам-ау, дым жоқ!..
Күлпаш та жылады».
Иә, бұл – қай қазаққа да жақсы таныс «Күлпаш». Бейімбеттің «Күлпашы». Кешегі зұлмат кезеңнің, қаралы жылдардың елесіндей болып жеткен осы бір қайғылы әңгімені бала күнімізде мектеп оқулығынан, мұғаліміміздің айтып беруінен білдік. Аштықтың не екенін жете түсінбесек те, неше күндеп нәр сызбаудың қиындығын тұла бойымызбен сезінбесек те, жүрегімізде бала Қалиға деген аяныш сезімі оянып, күлкімізді кілт тыйып, жаутаңдасып қалған ек. Бала емеспіз бе, мектептен шыға бере бәрі ұмыт боп, бар дәмдісін дайындап, күтіп отырған ата-анамызға жеткенше асығып, үйге қарай шауып ала жөнелгенбіз…
Ал, бүгінгі балалардың көбі «Күлпашты» бей-жай қабылдай алмасы анық. Өйткені, дәл сондай өлмелі күйге жетпесе де, көбі ашқұрсақ. Киімдері жұпыны. Асыр салып ойнайтын үйлері де жоқ. Рас, дүкенде тәттінің небір түрі самсап тұр. Базарда әдемі көйлектердің көптігінен көз сүрінеді. Бәрі бар. Бірақ, әке-шешелері арқа еті арша, борбай еті борша болып, күндіз-түні ауыр жұмысқа жегіліп жүрсе де, дүниенің қаты боп кеткен қу ақша жетпейтінін олар да біледі. Осының бәрін әке қабағындағы кірбің, ана көзіндегі мұң арқылы сезіне түсетін олардың да көңілдері бүтін емес.
Бұрынғы үлкендер кішілерді «жеті қараңғы түнде далаға шықпа» деп тыйып отырушы еді. Бүгінгі үлкендер бұл тыйым сөзді балаларына айта алмайды. Өйткені, өзі соларды асырау үшін түнде де жұмыс істеуге мәжбүр. Бұрын түнде жұмыс істейтіндер ара-тұра ғана кезігіп қалатын. Сондайда «не жетпей жатыр екен? ақша, ақша деп өле ме, қайтеді шіркіндер?» – деп күңкілдеуші ек. Қазір бұл жайтқа етіміз өліп кеткені соншалық, таңғалмайтын да, сөкпейтін де болдық. «Қайтсін байғұс…» – деп мүсіркейміз де қоямыз.
Бұрын «баламыз қатарынан кем болмаса екен» деп еңбек етуші ек. Енді… «баламның жейтін наны, үстіне киетін киімі болса екен» деп өлгенімізге қарамай тырбанатын болдық. Өйткені қазіргі қазақтың көбінің мұңы бір. Жанбағыс керек. Жанбағыс деген бір ғана мақсат басқаға мұршамызды келтірмейтін болды. Жанбағыс деп әке баласының түнгі ұйқысын күзетпейтін болды. Жанбағыс деп ана түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербетпейтін болды. «Сананы тұрмыс билеп» тұр.
Қай қуыс, қайда барсаң да,
Қаңғырып жүрген көп қазақ.
Жоқшылық қана – үлесі,
Халқымның көрген күні осы!
(Н.Айтұлы)
Өкінішке қарай, бұл – қазіргі көп отбасының, көп қазақтың сағын сындырып, жігерін құм етіп отырған ауыр жағдай. Балаларымыздың балдай тәтті күлкісін, алаңсыз ұйқысын, бақытты балалық шағын жоқшылық дейтін асқынған дерт аяусыз тонауда…
…Бала көңілі ғажайыпқа сенгіш, арманшыл келмей ме? Он үш жасар Альбина да ата-анасы жоқта төрт сіңлісіне бас-көз бола жүріп көп нәрсені армандаған болар-ау… Ол осы жаңа жылда Аяз атаға хат жазған еді. Өзінің өткен жылы тәртіпті қыз болғанын айтып ақтарылған еді. Үміттенген еді… Ата-анасын ғана емес, күллі қазақты зар жылатып, төрт бауырымен бірге шырт ұйқыда жатқанда өрт құшағына оранған үй ішінде мәңгілік өмірге аттанып кете барды…
Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!
(К.Тышқанұлы)
Жолындағысын түгел жайпайтын жалмауыз өрттен бетер ащы өкініш өзегімізді өртеуде. Бүкіл қазақ елі:
«Өртеніп ұрпақ өлгенше,
Өртеніп дүние кетпей ме?!» –
деп аһ ұрып қайғыруда.
Осы арада санамызды сандар мен цифрлар жаулап алғанын қанша айтқымыз келмесе де, амалсыз шотымызды қағуға тура келеді: өткен жылы елімізде өрт салдарынан 34 бала көз жұмыпты. Қыршынынан қиылған отыз төрт ғұмыр. Тай күнінде мерт болған ұландар. Қауыз ашпай жатып солып үлгерген жауқазындар.
Несін айтасыз, Доңыз жылы қазақ үшін жайсыз басталды. Қыс келе сала жалаңдаған от тілі асықтай үш ұл мен қызғалдақтай бес бүлдіршін қыздың өмірін жалмап үлгерді.
«Атам-айлатсаң да, ботам-айлатпа» деген емес пе? Үш бірдей, бес бірдей баласынан айрылып қалған ата-ананы ешқандай сөз жұбата алмасы анық. Әйтсе де, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін қос отбасына көңіл айтуда.
Көзіміз жастан құрғамай жатып, тағы бір сұмдық хабар жетті. Баянауылда бір отбасы – екі бала әкесімен және өздеріне бауыр сыйлағалы жүрген аналарымен бірге тілсіз жаудың құрбаны болыпты.
Қазақ елі қайғыдан қан жұтуда. Ал, дүниеге періште боп келіп, періште боп кеткен балапандар күйі кеткен қазақ даласына көктен былайша тіл қатып тұрғандай:
Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай
жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын! (Кеңшілік Тышқанұлы)
Шапағатшы болыңдар, жанбай жатып сөнген шырақтар!
Редакция ұжымы