БҰЛ ҮЙДЕ КІМ ТҰРҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?..
Алпыс екі жасында дүниеден озған марқұм ақын Хасенхан Талғаров тірі болғанда, биыл 90 жасқа толар еді. Отан, туған ел, ана тілі, жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтары туралы жырлап өткен қаламгерді ел-жұрты естен шығармай, қадір тұтып келеді.
Жақында Алматы қаласындағы ақынның өзі тұрған Қуанышбаев көшесіндегі №35 үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан салтанатты шараға ақынның туған-туыстары, жерлестері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында Алматы қалалық Мәдениет және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, әдебиеттанушы ғалым Сәрсенбі Дәуіт, ақынның жерлестері атынан Амантай Көдеков сөз сөйлеп, естеліктер айтып, рухына тағзым етті. Шара барысында «Заңғар» атты естеліктер жинағының тұсауы кесілді.