Қазақтың көрнекті қаламгері Ахат Жақсыбаевтың Қасым батыр Қайсеновтің өміріне құрылған «Қайтпас Қайсар» атты сұхбат кітабынан үзінді.
– Қасеке, сіздің өміріңіздің ең ауыр кезеңі – соғыс жылдары ғой. Сол қалай басталып еді?
– Фин соғысы басталып, мені де майданға жіберді. Бұл 1939 жылдың қысы еді, бұл ұзақ әңгіме.
Мәскеуге барған соң мен диверсиялық-барлау мектебіне алындым. Бұл аса құпия мектеп болуға тиіс, хат жаздырмайды, хат та алдырмайды. Әрине, ол мектептің қай жерде екенін де, көшесін де білмеймін. Мені екі жыл оқытқан мұғалімдердің аты-жөнін де білмеймін. Шетелдерде ондаған жылдар болған кәнігі барлаушылар ғой. Ол мектепте оқудың өзі қиын. Айтайын дегенім, сондай мамандардың қолына түсіп, тәлім алғаным жолым болғаны ғой. Әлгілердің берген білімі, үйреткен әдіс-айласы арқасында мен жаумен бетпе-бет кездескенде жекпе-жекте жеңіліп көрмедім. Қиын-қыстау, қысылшаң жағдайда айқастарда аман шығып отырғаныма сол мені оқытқан жиырма шақты барлаушының көмегі тиген шығар деп ойлаймын.
– Қашан да амалын асырған жеңеді демексіз ғой. Сөзіңізге қарағанда, сізді әу-бастан ашық майданға емес, жау тылына диверсиялық әрекеттерге дайындағанға ұқсайды. Расында сіз амалсыздан жау тылында қалған қатардағы партизан емес, үлкен дайындықтан өткен нағыз барлаушы екенсіз. Жау тылына қалай және қашан бардыңыз?
– 1941 жылы қараша айының 19 күні Днепрдің оң жағындағы Богуслав деген қаланың маңындағы қалың орманға парашютпен түстім. Мен оқыған құпия мектепте жау тылындағы болашақ партизан отрядтарының командирлерін дайындаған екен. Бітірген адамдарды әр майдан штабтарына бөлген көрінеді. Мен Оңтүстік Батыс майдан жанындағы партизандар қозғалысы штабына жалғыз бардым. Бұл штабтың жау тылына жөнелтуге дайындап жатқан өз адамдары бар екен. Диверсиялық әрекеттер жасауға қабілетті, бір-бір мамандықты игерген бар-жоғы он адамды басқарып, алғаш рет жау тылына аттандым.
Парашютпен жау тылына түсу дегенің оңай дүние емес. Табанымыз жерге тиген сәттен бастап қалың жаудың ортасындамыз. Күндіз де, түнде де айналамыздың бәрі жау. Ал жау аяйды деп кім айтады. Жау тылына жөнелткенде бізбен кәдімгідей, енді көрместей қоштасып қалады. Біздің алдағы халімізді осыдан-ақ біле бер. Оның бәрін мен айтпаймын. Өйткені бұл ұзақ әңгіме. Жаумен жағаласу, өліспей беріспеу деген оңай дейсің бе?!
– Бұны әрине, бастан кешкен біледі. Қалың орман, қаптаған жаудың ортасында қалған жиырма үш жасар қазақ жігіті – мына сіз алғашқы күндері не күйде болдыңыз? Соғыстың өз логикасы бар деуші еді ғой…
– Жау тылына, орманға түскеннен-ақ фашистер листовка таратып «беріліңдер», пәлен-түген деп бізді айналдыра бастады. Бізді көп адам деп ойласа керек. Сол екі ортада он адамның біреуі қашып кетіп, тіпті қиын болды. Енді фашистер біздің санымызды да, қандай топ екенімізді де, кім басқарып келгенін де, қандай қару-жарақ бар екенін де біледі.
– Сіздердің мақсаттарыңыз қандай?
– Мақсатымыз – жау тылында партизан отрядтарын ұйымдастыру, жеке-дара жүрген шағын топтардың басын біріктіру, орталықпен байланыс жасау. Әйтпесе он адаммен бүкіл жауды қырып тастау мүмкін емес қой. Біз арнайы жіберілген, белгілі бір тапсырмамен жүрген топ болған соң жау да қауіптеніп, тезірек құртуға әзір.
Қашып кеткен әлгі адамның кесірінен сырымыз мәлім болып, төртінші күні қоршауда қалдық. Партизандық өмірімнің алғашқы ұрысы, бетпе-бет шайқас осылай басталды. Кешке дейін атысқанда Борис деген пулеметші орыс жігіті екеуміз ғана тірі қалдық. Басқасы оққа ұшты. Фашистердің де біразын жайратқанбыз. Қас қараюын күттім. Қасымдағы жігіт ауыр жаралы, жүруге жарамайды. Содан қараңғы түнде Днепрді бетке алып, қансырап, әрең жатқан адамды плащ-палаткамен сүйретіп қоршаудан өтіп кетуге тырыстым. Қоршаудан құтылып шығып, Днепрге жақындай бергенде жаралы серігім қайтыс боп кетті. Оны жерлеуге менде уақыт болмады. Сүйреп әкеп бір жарға жатқызып, плащ-палаткаға орап, бетін көлеңкелеп кетуге ғана шамам келді.
Қан кешіп, қайғы жұту, өмір мен өлім арпалысы, жауыздық, қатыгездік қасіреті мен үшін осылайша басталды.
Сол жолы орманда он шақты күн жалғыз жүрдім. Жау тылында әр жерде күні бұрын белгіленген, астыртын кездесетін орындар бар екенін білетінмін. Солардың бірін іздеп тауып, Примак дегенмен кездестім.
Біраз уақыт сол Примакпен бірге жүріп, астыртын аудандық комитет, астыртын обкомның көмегімен Киев, Полтава жерінде Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастыруға қатысып, кейін сол құраманың полк дәрежесіндегі бір отрядын басқардым. Екі жарым жылда Днепрдің оң жағында, сол жағында – жау тылында небір қырғын майдан жасадық. Небір оқиғаларға араласып, бәрін де бастан кештік. Өлмеген соң соның бәрі қазір ертегі секілді. Талай қиын да қатерлі шайқастар болды ғой. Айта бастасаң тауыса алмайтын секілдісің.
– Днепрден өту, орысшалап айтқанда «форсирование Днепра» Ұлы Отан соғысы тарихында ең ірі әрі шешуші шайқастардың біріне жатады. Совет Армиясының шабуылын тоқтату үшін фашистер осы шепті – Днепрдің оң жағалауын алынбас берік қорғанға айналдырғысы келді. Сондықтан Днепрдің ұзына бойы қан майданға, қырғын соғысқа айналғаны рас қой. Сіз сол қырғынның бел ортасында жүріп, арғы бетке алдымен өткендердің қатарында болыпсыз. Солай емес пе?
– Ол кезде партизан құрамасының үлкен бір отрядының командирі екенімді әлгінде айттым. Совет Армиясы Днепрге жақындағанда біздің құрама осы өзеннің оң жағында, жау тылында жүрген еді. Совет Армиясына қосылу үшін біз Днепрдің сол жағына шығып үлгердік. Сөйтіп, 1943 жылы қыркүйек айының ортасында өзіміздің тұрақты Армиямен кездестік. Бұл да бір ұзақ хикая. Енді сенің сұрағыңа тура жауап берейін. Көңілде күдік қалмасын. 1943 жыл Совет Армиясының тегеурінді шабуылмен Днепрге жеткен кезі ғой. Жау Днепрдің арғы бетіне шығып, мықтап бекініп алды. Біздің мақсат – қайткенде Днепрден өту, жаудың мақсаты – қайткенде де тоқтату. Днепр өзені нағыз қыл көпірге айналды.
– Қасеке, осы тұста тақырыпқа кіріспе ретінде бір ауыз сөз қосайыншы. Сіздің кітап сөреңізден Маршал Жуковтың естелік кітабын қолыма алып отырмын. Даңқты қолбасшы өзінің осы кітабында Днепр шайқасына айырықша тоқталады. Ставка 1943 жылдың 9 қыркүйегінде Днепрден алдымен өткендерді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы алдын-ала бұйрық шығарыпты. Кітапта және де «Дала майданы Полтаваны азат еткен соң өзінің сол қанатының алдыңғы бөлімдерімен 23-қыркүйекте Днепрге жақындады» делінген. Сөйтіп, Днепрдің арғы бетіне алдымен өткен әрбір адам Батыр атағынан дәмелі болса керек.
– Қалқам, мұндайда батырлықтан гөрі өз басыңның амандығын алдымен ойлайсың. Әлгінде Маршал Жуковтың кітабынан келтірген үзіндіңде айтылғандай, танк армиясының механикаландырылған бөлімдері алдымен жетіп, көпір салатын бөлімдер, саперлер, тағы басқалары кейін қалып қойған. Ерте келген танкистер бізден көмек сұрайды ғой. Днепрдің оң жағалауы биік, қыратты болатын, ал сол жағы жадағайлау. Оң жаққа өтіп, бекініп алған фашистерге сол жаққа оқ ату оңай ғой. Танк бөлімдерінің Днепрден тез өтуі үшін біздің құраманың партизандары қайткенде арғы жағалауға өтіп, жаудан аз да болсын жер тартып алып, плацдарм жасауы керек. Бұл іске құрамадағы алты отрядтың біреуі баруға тиіс болды. Құрама басшылары не ойлағанын кім біледі, бұл ажалға жұмсағанмен бірдей еді. Бүгіндері әртүрлі жорамал жасауға болар. Әйтеуір, құрамадағы алты отряд командирі ішінен мені таңдады. Менің отрядымдағы партизандардың көпшілігі – Днепрдің арғы, бергі жағындағы селолардың тұрғындары. Мені таңдауға, бір жағынан, сол себеп болды ма әлде қазақ ретіндегі жалғыздығым ба, кім білсін. Болары болды, тапсырма берілді, бұл іске мені салды. Мен өз отрядымнан таңдап-таңдап 120 адам алдым. Совет Армиясы бөлімінен 500 адам береміз деді. Мен өз отрядыммен қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түні Днепрден қол қайықпен өтіп шықтым. Оң жақтағы таудың қабырғасына салынған Григорьевка деген селоны түн ішінде басып алдық қой.
– Бүкіл әскеріңізбен бе?
– Қайдағы әскер? Адамдардың жартысына жуығы суға батты, атыста жер жастанды. Днепрдің бойын жоғары, төмен бомбалап, арғы беттен атқылап, өзеннің суын арнасынан асырып жатыр. Аман қалғандарымыз арғы жағаға шығып, салған бойда әлгi ceлоға кірдік. Бұдан кейін бөгелместен көршілес тағы екі селоны босаттық.
Сол екі ортада сол жақ беттегі әскердің бір офицері маған телефонмен айқайлайды. «Селоны сағат он екіге дейін ұстап тұрыңдар. Он екіден кейін біз Днепрден өтіп үлгереміз», – дейді. Біз, шамамен, сол он екiгe дейін селоны ұстап тұрдық. Бірақ отрядтағы адамның бәрінен айырылдық. Енді 20 шақты ғана адам қалдық. Сөйтіп тұрғанда фашистер бізді бомбылай бастады. Келесі күні Совет Армиясы бөлімдері Днепрден өтіп, біз басып алған Григорьевка селосына да жетті-ау…
Тарихта Букрин плацдармы деген атау бар. Ұлы Букрин және Кіші Букрин деген екі селоға байланысты аталған. Днепрдің төменгі ағысында, Киевтен төмен қарай жүз шақырым. Григорьевка және бұған қосымша екі селоны алу арқылы Букрин плацдармына жол салған біз едік.
– Қасеке, сөзіңізге дәлел болсын, тағы да Маршал Жуковтың кітабынан үзінді келтірейін. «3-ші гвардиялық танк армиясының механикаландырылған бөлімдері мен 40 және 47-армияның кейбір күштері Ұлы Букрин аймағындағы плацдармды басып алды» делінген. Бұдан кейін Маршал былай деп жазады: «Днепрден өткендегі шабуылда көрсеткен жанқиярлық ерлігі, асқан табандылығы үшін екі жарым мыңға жуық солдаттарға, сержанттарға, офицерлер мен генералдарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді». Апыр-ау, Қасеке, сол тізімде Сіз неге жоқсыз?
– Маған тиесілі деген Батыр атағын кейін өзімнің Карпаттағы командирім болған Тканко алды.
– Қалайша?
– Тканко бізге Денпр бойында 20 адаммен парашютпен түскен десант болатын. Сол біздің арамызда жүріп, Днепрдің бергі бетіне бірге өткенбіз. Кейін мен өз отрядыммен Денпрдің арғы жағасына өткенде ол бармай, құрамада қалған. Біздерді тірі қалады деп ешкім ойламайды ғой. Григорьевка селосының алынғанын, плацдарм жасалғанын естіп-білген Тканко Харьковтегі майдан штабына барып, Әскери Кеңестің мүшесі Хрущевтің қабылдауында болады. Днепрден өткен партизандар отрядының командирімін дейді. Сонымен, қысқартып айтқанда Батыр атағын сол Тканко иеленіп кетті. Мен де Батыр атағына ұсынылған болуым керек. Бірақ…
Тканко Александр Васильевич қазір Черкасск қаласында тұрады. Менен екі жас үлкендігі бар. Мен оны әлі де қатты құрметтеймін. Кездесіп тұрамыз. Өткен жылы Украина, Қазақстан бірлесіп партизандар туралы кино түсіріп жатыр екен. Мені де Украинаға алып барғанда Tканкоға жолығып, үйінде қонақ болдым, бірге суретке түстік.
– Қасеке, мейлі, «Жазмыштан озмыш жоқ» деген ғой. Ал енді бұдан кейінгі партизандық жолыңызды қысқаша шолып өтсеңіз қайтеді? Ел білсін де. Қазақстанда соғыс кезінде партизан болғандар баршылық. Ақын-жазушыдан Украин жерінде Жұмағали Саин, Белоруссия орманында Әди Шәріпов… Мыңнан аса адамы бар партизан отрядын басқарған қазақ командирі өзіңіз ғана ма деймін.
– Днепрден кейін 20 шақты адамды парашютпен Молдавия жеріне тастады. Мұнда партизан отрядын құрып, тылда жаумен соғыстық. Содан кейін 1944 жылдың басында тағы да жиырма бес адамды үшінші рет Румыния жеріне түсірді. Румынияның Плоешти деген мұнайлы ауданы бар. Фашистер пайдаланбауы үшін біраз мұнай базаларын өртедік, қираттық. Сол жиырма бес адамнан тірі қалған үшеуіміз Совет Армиясына қайтадан қосылдық. Бізді демалдырып, емдегендей болды. Төртінші рет — 1944 жылдың маусым айында бізді тағы да парашютпен Карпат тауына тастады. Осында «Закарпатье» деген партизан дивизиясын құрдық. Командиріміз – әлгінде айтқан Кеңес Одағының Батыры, полковник Александр Тканко. Дивизияның бір полкын мен басқардым.
– Қасеке, байқаймын, біздің әңгімеміздің ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені менің сізге қатысты көп нәрсені білгім келеді.
– Мейлің. Сонымен, Совет Армиясы Карпатты алғаннан кейін партизандардың біразы соларға қосылып, көпшілігін Батыс Украинада кеңес өкіметін орнату үшін сол жерлерге қалдырып кетті. Мен енді қатты ойландым. Карпат тауында қала алмайтынымды білдім.
– Қасеке, «ер туған жеріне» деген. Көңіліңіз ел жаққа ауған болар?
– Әрине, елде әкем бар, шешем бар, осы Асыл апаң бар. Үш балам бар еді, олар соғыстың алдында қайтыс боп кетті. Өзімнің ойым – елге қайтсам ба деймін. Елден кеткеніме бес-алты жылдай бопты. Күні-түні басқа ұлттардың ортасында жүргенде өз тіліңе де зар боласың. Сонда бар-жоғы 26 жаста екенмін.
– Қасеке, байқаймын, Сіз үшін майдан жолы Карпатта аяқталған тәрізді. Елге қашан және қалай қайттыңыз екен? Дәм тартса…
– Бұл бір қызық хикая өзі. Киев қаласында Ворошилов атындағы көшенің 18-үйінде Украинаның Орталық партизандар қозғалысының штабы болды. Мені Карпаттан сол штабқа жіберді. Бұл жерде де бағыма қарай жақсы адамдарға кездестім. Солар мені атақты партизан Ковпакқа қабылдатты. Оған барғанда менің айтқаным – «елге қайтайын» деймін. Ол маған ақыл айтады. Партизандар «Қасым Қайсенов» деп айтуды қиынсынып, мені үнемі «Вася» дейтін. Cондағы Ковпактың, басқаларының айтқан ақылы мынау. «Вася, сен еліңе қайтпа», – дейді «Сен төрт жыл бойы қысы-жазы бізбен бірге соғыстың, жау тылында болдың. Сенің істемегенің жоқ, көрмегенің жоқ. Сен бұл жерде талай-талай өктемдік, тіпті партизандардың өзіне қиянаттар жасағансың. Сен – қаталсың, батылсың. Ойыңа келгенді бірден істейтін адамсың. Біз сені жақсы білеміз, біз саған ризамыз. Еліңе қайтпа дейтін себебіміз, сені еліңде ешкім білмейді. Ешкім білмеген соң, сені біздей түсінбейді. Еліңе барған соң біраз жүресің. Содырлық жасайсың, түрмеге түсесің, сонда шіріп өлесің», – дейді. «Енді сені Армияға жібермейміз. Сен үшін соғыс аяқталды. Саған осында қызмет береміз, керек десең, отбасыңды осында алдыртайық. Сен алдымен соғыссыз бейбіт өмірде тұруға үйренуің керек. Содан бір-екі жылдан кейін өзіміз еліңе алып барып табыс етеміз», – дейді. Мұның бәрі олардың маған деген қамқорлығы мен ризашылығы ғой.
Сөйтіп, әрі-сәрі боп жүргенімде Киевке ақын Жұмағали Саин ағаң келді ғой. Мені елге әкелген сол кісі, бұл туралы талай рет жазылды, айтылды.
– Қасеке, кейінгі бейбіт өмірде ел-жұртыңыздың алақанына келдіңіз. Кітап жаздыңыз, жазушы атандыңыз, үлкен абырой-беделге ие болдыңыз.
– Мен осы жасымда қазақшасы бар, орыс, украин тілдеріне аударылғаны, қайта басылғаны бар, отызға жуық кітап шығардым. Сол кітаптарда жазғандарым – басымнан кешкендерімнің 20 немесе 25 проценті ғана. Қалғандары жазылған жоқ. Неге дейсің ғой?
Біздің бастан кешкендеріміз – қатал соғыс қой. 1941-42 жылы біз жау тылында жүргенде тұтқын алған жоқпыз. Тұтқынды айдап жіберетін жерің не қамап қоятын абақтың болмаса не істеуің керек? Мысалы, қолға 50-100 фашист түсті дейік. Оларды егер босатып жіберсең, ертең қайта қару алып, қайтадан өзінді атады ғой. Тұтқын алмаған соң не істейді деп ойлайсың? Оны жою керек…
Біздер – жау тылында жүрген партизандар туысқан украин халқын, совет халқын фашистер қатыгездікпен өлтіріп жатса, атып жатса, олардың кішкентай балаларының жүрегіне қанжар сұғып лақтырып жатса, соның бәрін көріп жүрсек, үйлері өртеніп, өздері қанжоса боп сабалған, арып-ашқан адамдар біздерден «құтқарыңдар» деп көмек сұраса, адамда ыза-кек деген болады ғой. Сол кек біздерде қатты болды. Онымен қоймай партизандарды «халық кегін алушылар» дейді.
Сонда жауға өшігіп, біз де қатыгездік жасадық. 1941-42 жылы біздің қатыгездігіміз фашистерден артпаса, кем болған жоқ. Ал, оны кітапта жазуға болмайды, жазғанмен жарыққа шығармайды. Тіпті, жазған күннің өзінде сені жауапқа тартуы мүмкін. Жау тылында жүріп кеңестің заңын мүлтіксіз орындауға жағдайың жоқ. Мұнда заң жоқ, сот жоқ. Судья да, прокурор да – бір өзіңсің. Төреші де, тергеуші де – азаматтық арың, ашу-ызаң. Өйткені біздегі жағдай өзгеше. Біз керекті оқ-дәрі, киім-кешек түгілі күнделікті тамағымызды табу үшін фашистермен соғысып, өзімізден шығын кісі өлімін шығарып, тартып алып, тартып ішеміз. Мысалы, 50 фашисті қолға түсірдік, соған елу патрон шығындау керек Бізге оны беретін Қызыл Армия жау тылында жоқ қой. Сондықтан оларды қалай өлтіреді деп ойлайсың. Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады.
Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 проценті енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп жұрт, оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Жау тылында, фашистердің арасында төрт жыл жүріп соғысу деген оңай дүние емес. Фашистері бар, Отанына опасыздық жасаған сатқындары бар, полицайлары бар – мен өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Бұл – страшный нәрсе. Демек, мен – қолым қанға боялған адаммын.
– Қасеке, адамның ішкі әлемі – тым күрделі дүние. Сана бар, сезім бар. Соның тереңіне каншалыкты бойлағаныңмен тап басып танып, түсіне де алмай каласың. Біреулер жағдайға қарай тез кұбылады, тез бейімделеді. Біреулер морт сынады. Әсіресе, соғыста адам мінезі қатал сынға кезігетін болар. Бейбіт өмірдегідей емес, адам соғыста тез өзгеретін шығар. Бәріміз де өмірге бір-ақ рет келетін жұмыр басты пенде емеспіз бе?! Кімге де болсын жан тәтті…
– Иә, иә, адам өзгереді. Тез өзгеріп кетеді. Мен өзім тумысымда қатал емес едім. Балажан адаммын. Жұртты аяғыш едім. Бала кезімде далада жас шыбық жатса, «түнде қорқады ғой» деп, ұйықтағанда қойныма алып жататынмын. Кісі өлтіретіндей сондайлық қатыгездік менің бойымда жоқ секілді еді. Соғыс бізді қатыгездікке үйретті, кекті оятты.
Атыста аяушылық болмайды екен. Әйтпесе өзіңді құртады. Соғыстың логикасы қатал. Жас кезде жасаған кейбір тентектігімді есіме аламын да, ойланамын. Осы мен партизан болуға ыңғайланып туған адам сияқтымын. Мен, мысалы, соғыста жақсы атақ алдым, мақтау естідім. Менің барлық қасиетім, қабілетім сол бағытта болды ма, кім біледі.
Майданнан оралып, елге келген кездегі бейбіт тұрмыста қоғамдағы лишний адам сияқты өмір сүрдім. Жарытып қызмет атқармағанымды әлгінде айттым ғой. Бұған мына өзің де куә болған шығарсың. Бірақ адал болдым. Шындықты айтуды, көңілді жүруді ұнатамын. Адам әр түрлі. Біреу олай, біреу былай дейді. Біреулер маған сұрақ қояды: «Сіз осыдан елу жылдан астам, жарты ғасыр бұрын Батыр атағына ұсынылған екенсіз, бір емес, бірнеше рет ұсынылыпсыз. Оны білдіңіз. Сіз соның күйігіне қалай шыдап, қалай көтеріп келесіз?» – дейді. Өз басым осы сұрақ дұрыс емес деп есептеймін.
Адам болған соң сен ең алдымен өзіңді тануың керек. Сен осы кімсің? Бұл өміріңде не істеп, не қойдың? Не істей алдың, не істей алмадың? Адам ретінде жақсы жағың қайсы, жаман жағың қайсы? Ал мен – өзімнің не істегенімді әбден білген адаммын. Айталық, баяғы бір кезде Бауыржан Момышұлына да, Рақымжан Қошқарбаевқа да Батыр атағын беру керек деп осында жұрт айқайлап жүрді емес пе. Оны мен де естіп жүрдім ғой. Бірақ мен сонда көпшіліктің көзінше де, жиналыстарда да мына сөзді қайталап айтумен болдым. «Баукеңе Батыр атағының керегі жоқ. Оны табиғаттың өзі Батыр етіп жаратқан, халық солай деп қабылдаған. Мен де қартайып қалдым. Маған да ол атақтың керегі жоқ. Арамызда мына Рақымжанға берсе, әлі жас қой, жасаған ерлігінің қызығын көріп, тағып жүрсе, сол жарасар еді», – дейтінмін.
Осы арада мен саған бір сыр айтайын. Бауыржан деген тастай берік, қара ағаштай қайыспайтын ерекше адам еді. Ол Батырлығын да, генералдығын да ала алмады. Сол күйінде іштен тынып, үндемей кетті. Ол ешуақытта, еш жерде өкпе-назын айтпайтын.
Ал ішіп алған кезде, кейбір ашуланған кезде Рақымжан шыдамай, айтатын. Ол екеуміз өмірде бір-бірімізге жақын боп, жақсы араластық. Мені жақсы көргенде «Қасым аға» дейтін. Ал көңілінен шықпасам, кеміткенсіп, «қара аю» дейді. Бір күні менің кабинетіме аздап ішіп алған Рақымжан келді. Ол кезде «Жазушы» баспасында директордың орынбасарымын. «Қасым аға, бұл не болды? Менің Герой атағымды бермеді», – деп, қатты күйініп қелді. Мен орнымнан тұрдым да кабинеттің есігін жаптым. «Отыр, Рақымжан», – дедім. Отырды. «Әй, Рақымжан, сенің мынауың дұрыс емес, қарғам. Мен сенен алты жас үлкенмін. Мен, мысалы, төрт жыл Украина жерінде не үшін соғыстым? Сен Конституцияны жақсы білесің.
Конституцияда «Отанды қорғау – әрбір совет азаматының қасиетті борышы», – делінген. Біздің елге фашистер шабуыл жасап, жаугершілікке ұшырадық. Бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Біреудің қолынан аз келді, біреудің қолынан көп келді. Айтайық, біздің қолымыздан көп келген екен. Соны біз халқымызға, Отанымызға сатуымыз керек пе?! Бізге не только Алтын Жұлдыз, не только орден-медаль беру, тіпті рахмет айтудың да керегі жоқ. Біз өзіміздің азаматтық борышымызды атқардық. Мынауың ұят болды ғой, қарғам. Менен басқа ешкім естімесін», – деп, құшақтап бетінен сүйдім.
Содан ол: «Қасым аға, бұныңыз дұрыс екен», – деді. Бауыржан да, Рақымжан да өлді. О дүниеге екеуі де арманда боп кетті ғой. Енді одан кейін маған Халық қаһарманы атағын берді.
Мен сол атақты алғанда қуанды деп ойламаңдар. «Халық қаһарманы» белгісін кеудеме таққанда сол жерде сыр бермей, шыдадым. Үйге келдім. Келдім дағы есікті бекітіп, оңаша отырдым да, бір коньякты ішіп алып, қатты жыладым. Мен сонда қатты күйзелдім. Анау екеуін о дүниеге жіберіп, өзім тірі қалып, осы награданы әдейі күткендей болдым. Өзімді солай сезіндім. Шынын айтқанда, бұл жұлдыздың маған керегі жоқ еді. Маған сол «Партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жетеді. Міне, осындай жағдайға душар болдым. Кейін Рақымжанға Халық қаһарманы атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз болса да оның аруағы алдында арым тазарғандай болды. Міне, мәселе қайда.
– Қасеке, өмірде жек көретін нәрсеңіз не?
– Ең жек көретін нәрсем – адам бойындағы менмендік қасиет. Менмендік адамды меңіреу етеді. Ал меңіреулік түбіңе жетеді.
– Қасеке, кейінгіге сізден сөз қалсын деп әрнені сұрадым. Көп әңгіме айттыңыз, рахмет! Бірақ әңгіме енді ғана басталды, әрі қарай жалғасады деп ойлаймын.
Әзірлеген
Заңғар КӘРІМХАН.