Сәкен ұнатқан екі ән
19.01.2018
2754
0

Белгілі қоғам қайраткері, қазақ хал­қының біртуар перзенті, атақты ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин шығармала­ры көркемдігі ерекше кемел дүниелер екені белгілі. Бас-басына тоқталып жат­паймыз. Айтпағымыз – нақақтан атылып кеткеннен соңғы алмағайып кездердің өзінде қалың жұрттың оны мақ­таныш санап, шығармашылығы, даңқына қанық болғаны, білгені, табынғаны, күндердің күнінде жауһар туындылары халқына қайтып оралатынына сенгені. Ақталған бойда жарыққа шыққан кітаптарын Сарыағаш ауданының орталығындағы дүкенге (Ташкенттен) барып сатып алғанымыз есте. Онда студентпіз. «Тар жол, тайғақ кешу», «Айша» т.б. Көп ұзамай – ол да айдауда болып оралған – Сәкеннің жерлесі, әдебиетші-ғалым Сейділ Талжановтың «Сейфолланың Сәкені» деген деректі повесі қолға тиді. Одан көп ұзамай Мәскеу қаласынан әдебиеттанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «ЖЗЛ» (Жизнь замечательных людей) сериясымен «Сәкен Сейфуллин» атты кітабы шықты. Бұлар руханият жетістігі, табысы, Сәкен­нің аруағы асып, ғарышқа самғауының айғағы еді. Қалың қауым Сәкен шығар­маларын тұшына, тамсана оқыды. Оқып қана қоймай, олар қаншама диссертация, монографиялық зерттеулерге арқау болғаны өзінше мәртебе-тін.
«Ер Төстігім бір төбе» дегендей, тұтас бір кезеңнің шежіресі деуге сыйымды «Тар жол, тайғақ кешудің» орны да, жөні де бөлек еді-ау, шіркін (қазір де солай). Өз басым кітапты сан рет қайталап оқығанда, автордың алғырлығы, тереңдігі, өз басына да киелі өнер қонған хас дарын, нәзік сезімді, сегіз қырлы, бір сырлының өзі еке­ніне зәредей шәк болмай: «Ой, бәре­келді! Болсаң осындай бол!» – демеске әдді жоқ-тын. Енді соған бір-екі дәйектеме келтірейік.
Ақын Сәкен, жазушы Сәкен, қайраткер Сәкеннің әнін де өзі шығаратын бесаспап­тығынан бөлек, қазақ ән-күйлеріне іккәр­лік, тіпті, ғашықтық десе де жарасқандай ынта-ықылас, ыстық сезім неткен ғажап еді десеңізші. Ойлы оқырман үшін оның шығармаларындағы әйел кейіпкерлер есі­мінің дені Мүслима, Жәмила боп келе­тіні де ғажап құбылыс болатын. Сондай-ақ…
Ес білгеннен сүйсіне тыңдап, санада сақталған халық әндерінің кейбірі «Тар жол, тайғақ кешуде» ілтипатпен аталады және ән тарихы – шама-шарқынша – талданады, сараланады, кім шығарып, кім орындағаны баяндалады. Әншінің аты-жөнін атап, мерейін көтереді. Бұл сөзімізге ел аралауға шыққанда Қабиба дейтін қыздан «Әупілдек» атты керемет ән тың­дап, әсерленгені, ол жөнінде хатқа түсір­гені дәлел дер ек. Оқушының да «Әупіл­декті» тыңдау құштарлығы оянады. Біз де сондай күйді бастан кешкенбіз.
Өткен ғасырдағы 60 жылдардың орта шенінде Целиноград (бұрынғы Ақмола) облысының аудандарын аралағанда жергілікті адамдардан Сәкеннің «Әупіл­дек» әні жөнінде «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше, қанбадым осынау көлдің суын іше» дейтін өлең тармақтарына орай «осы жақта Әупілдек деген көл бар ма, қайда болуы мүмкін» деп сұрастыра жүретінбіз. Арқа өңірінде не көп, қайың, қарағайлы орман көп, көл көп, бірақ, Әупілдек туралы білетін ешкім болмай, «қайдам, бар болса бар шығар» деуден аспады. Бірақ, олар солай дегенмен, осынау байтақ өлкенің әйтеуір бір жерінде Әупілдек дейтін көл барына не болғанына сенім жоғалған жоқ, әрине. Болған. Ән де болған. Ән тарихын Сәкенге мөлдірете баяндап берген Қабиба есімді әнші қыз да болған. Оған күмән жоқ. Әйтпесе, Сәкен неге жазады? «Па, шіркін! «Әупіл­дек!» Тағы бір арман…
«Әупілдекті» өзге жұрт біле ме, орын­дайтын әнші бар ма? Болса, кім? «Әупіл­дек» ұмытылмауы тиіс қой. Иә, солай. Ұмытылмауы тиіс. Болжам расқа шықты. «Әупілдек» бар екен, ұмытылмапты. Бір жолы радиодан естідік. Сол ма деген күдік желге ұшты. Ән сөзінің бірінші тармағы «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше» боп басталып, «Барар ем қалқатайға әлденеше» боп аяқталса, әрине, сол. Сәкен тыңдаған, Сәкен ұнатқан, Сәкен суреттеген «Әупіл­дек». Орындаушы кім? Ол енді қай-қай әнді де бабымен, мәнерімен, табиғатын сақтап, «шырқатып, шымырлатып, сор­ғала­тып» (И.Крылов) шырқайтын дарабоз әнші, халық артисі Рәбиға Есімжанова! Жылдар өткенде Қазақ радиосы музыка­лық редакциясының бас редакторы Илья Жақановтың тапсырмасымен музыкалық очерк жазған әйгілі әнші, атақты әнші, ком­позитор Қосымжан Бабақовтың немере туысы Рәбиға Есімжанова! Рәбиға­мен әңгіме барысында көп жайдың беті ашылып, бірінші күйеуі белгілі өнер жа­на­шыры, қоғам қайраткері Орынбек Бе­ков екені, Сәкенді көргені хақында сыр шертілді. Хабарда олар айтылмайды. Сол хабар радионың алтын қорында. Осы күнде де беріліп тұрады.
Рәбиғамен сөйлескенде Сәкен там­сана суреттейтін «Зұлқия» туралы да сұ­рап, «оны да орындайсыз ба?» дегеніме «жоқ» деп жауап бергені жадымда. «Зұл­қия» күрделі ән, қолайыма келмейді» де­ген. «Онда ол әнді орындайтын кім бар?» дегеніме де «білмедім» деп сыпайы күлімсіреген-ді.
Бір өкініштісі, өз басым Сәкен сон­шалық ынтызарлықпен суреттеп, аспан­дата әспеттеген «Зұлқияны» орындаған әншіні осы күнге шейін естіген де, білген де емеспін. Бірақ, әуенін білемін. Естіген­мін, тыңдағанмын. Патефонда. Пластин­кадан. Халық артисі, қобызшы Гүлнәфис Баязитованың орындауында. Одан бөлек дерек білмеймін. Әлбетте, «Зұлқия» жоғалған жоқ. Тым болмаса, бір жерде нотасы бары анық. Зерттеуші, іздеушілер талпынса, табары хақ. Тауып кәдеге жаратса, ғибратты іс болмақ. Сәкеннің аруағы риза болары да сөзсіз.
«Әупілдек». «Зұлқия». Сәкен Сейфул­лин ұнатқан екі ән. Біз екеу дегенмен, Сәкен ұнатқан әндердің аз емесі айтпаса да түсінікті. «Біздің жақта», «Тау ішінде» секілді өз әндері де олардан асып түспесе, кем емес. Бүгінде «Әупілдекті» де, «Зұл­қия­ны» да біреу-міреу орындау былай тұрсын, естеріне де алмай ма деген күмән-күдік қою. Олар тұрмақ, осы күнде баспа­сөз беттерінде Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің қалай, кімге арнап шығарылғаны жөнінде кереғар пікірлер жиі шаң беретіні өкінішті. Соны нақтылауға шамасы жетпейтіндерге пәлен деу қиынның қиы­ны. Әркім өз білігін тықпалайтын кесел­ден арылу одан да қиынға айналған қу тіршілік..
«Әупілдек». «Зұлқия». Сәкенше айт­сақ, ән төресі. Екеуі де. «Беу, шіркін, «Әу­піл­дек!» Пай-пай, «Зұлқия-ай!» «Зұл­қия­ны» тыңдаған да, тыңдамаған да арманда!» (Сәкен).
Пах!


Сәбеңнің айтқаны

Қасиетті қазақ сахнасының қос абызы, кешегі өткен театр тар­­­ландарының көзін­дей қос да­рабоз – Сәбит Оразбаев пен Асанә­лі Әшімов! Бүгінде екеуі де там-тұм­дап рөл ойнап, том-том­дап кітап жазып, бастан кеш­кен қилы жағдай, көрген-білгендерін ортаға салып, жас­тарға ақыл ай­тып, өнеге көр­сетіп, аман-сау ор­тамызда жүр­гендеріне мың тәу­бе!
Кейде жандары ашығаннан әл­денеге күйінетін кездері де бол­май тұрмайды. Бірі жас әріп­тестерінің керенаулау, кеудем­соқ­­тау, іздену-талпынуға құлық­сыздау, айтқанды жүре тың­дай­тынына налыса, бірі базбір әкімқара­лар­дың өнер атты қ­а­сиетті ұғымның байы­бына бармай, уәдеге жомарт, іске жоқтау екеніне рен­жиді. Бұл пікірді таяуда халық артисі Сә­бит Ораз­баевтан естіген бір жағдаятқа орай келтіріп отыр­мыз. Сәбеңнің көңілі босқа қа­барма­ғанына, іш­те қатып жатқан дертін қозғай­ты­­нына көз жеткендіктен, оқыр­ман­мен бөлісуді жөн көрдік.
Қош! Сәбит Оразбаев не айт­­ты дейсіз бе?
– Өзің айтып жүргендей, елу екі жыл – «Мәдениет және тұр­мыс» журналында қызмет еткен сен қазақ өнері, оның ішінде театр, сахна саңлақтары жайлы бір кісідей білетін болсаң керек қой, ә! – деп бастады сөзінің біс­мілләсін.
Олай болса, өнер жолын Таш­кентте бастап, Алматыда жал­ғас­тырған Құрман­бек Жандарбе­ков­ты де білесің. Өйткені, сен де Таш­кенттен келгенсің, солай ма?
– Солай, Сәбе! – дедім не де­гісі келе­тінін сезе қойып. – Айта беріңіз, құлақ сізде!
Олай дейтінім, Ермек Сер­ке­баев өзі туралы жазылған эссе-диалог кітапта қайран Құрекең, Құр­манбек Жандарбе­ковтың жы­лы сөздері, кәсіби білімі бол­ма­са да, орасан білігінің арқа­сын­да опера әншісі – актер ғана емес, бас режиссер, профессор, қа­зақ өнерінің көшбасшысы, ұс­таз, алыптардың алыбы, артында өш­пес із қалдырған бірегей тұлға екені жөнінде айтқандары сарт ес­ке түсе кетсін. Құрекең­нің Ер­мек­ті туған баласындай мәпелеп, қазақтың көне мақал-мәтелдері, қан­атты сөз, күрделі ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіріп, ашуы кел­генде «мойныңды жұлып алайын ба» дейтініне шейін. Жал­ғыз Құрманбек емес, Қана­бек, Манар­бек, Әнуарбек, Ғари­фолла, Күләш, Ша­бал, Кәукен, Ришат, Байғали – бәрі. Құрманбек елден ерек. «Опера театрының екі жағындағы аллеялардың бірі­нің бойы­нан сол алыптарға неге ескерткіш орнат­пас­қа?! Егер со­лай етсе, жұрт жаппай келіп, тағ­зым етпес пе еді? Ол тіпті де қиын шаруа емес қой. Осыны ес­керетін ер табылар ма екен екен? Әй, табылмайтын шығар, сірә? Үйде елеусіз жатқан мендей есіл ерге тым болмаса, айында, ап­тасында телефон соғуға жара­майтындардан не үміт, не қайыр! Көзім тіріде солай, ертең бақиға оз­ған соң қалай болмақ?» – де­ген­­дері көкейде.
– Диалектика заңы ғой, Ере­ке!
– Оны білемін! Ақылың өзіңе!..
Сәбең сөйлеп жатыр.
– Иә, иә, Сәбе, – деймін аяқ ас­тынан иектей жөнелген ой көш­кіндерін тежеп. – Дұрыс ай­та­сыз.
– Дұрыс па, бұрыс па, әйтеуір, айтудай айтып келемін. Бәріне. Кейінгілерге де! Зауытбек Тұрыс­беков Шымкент облысына әкім бол­ған кезден бері. Құрекең бі­реу. Шымкенттің облыстық драма театрына Жұмат Шанинның атын беру үшін ойға-қырға шап­қылап, жар құлағы жастыққа ти­меген Құрманбек емес пе еді?! Облыста опера театры ашылғалы қа­шан. Соны Құрманбек Жандар­бековтің атымен атауға неге бол­майды? Сылтаулары Жетісай театры Құрманбек Жандар­бе­ковтің аты­мен аталады ғой, бізде ол уәж емес. Ауыс­тыра салуға бо­лады. Шымкентте Құрман­бек атын­да көше бар ма? Онда да, мен айтқан соң ба екен, қаланың шет жағынан бір көшеге атын бер­ген дейді. Естуімше, ұзын­ды­ғы төрт не бес жүз метрден ас­пай­ды-мыс. Бұл не? Мадақ па, мазақ па? – Осылай деген Сә­бең сәл үнсіз­дік­тен соң, сөзін қай­та жалғады:
– Түсінікті ме? Әлде, менікі қате ме? – деп.
– Өте орынды, – деймін. – Сіз айтпа­саңыз кім айтады? Мен бұл жөнінде ой­ламаған екенмін. Бірақ менің ойлаған-ойламаға­ным кімге дәрі. Бізді кім тың­­­­дайды…
– Олай деме. Сені тыңдамаса, га­зет­тер­ді тыңдайтын шығар. Жаз­байсыңдар ма?
– Әйтсе де, Сәбе…
– Не әйтсе де…
– Бәрібір, сіздің дауыс көтер­геніңіз дұрыс-ау деймін. Жыл ба­сында Президент қабылдап, ор­ден алдыңыз…
– Сонда айттың ба деймісің? Айт­қан жоқпын. Бұйырса, алда кө­ре­міз. Мүмкін, Асанәлі екеу­міз айтармыз. Шымкент облы­сы­­ның жаңа әкімі өнер, әдебиет­ке жа­қын деседі. Соның да құ­ла­ғына салар­мыз. Бәл­кім, біз­сіз де өзі ес­керер. Шым­кент опе­ра теат­рына атын беріп, ес­керт­кіш тұр­ғы­зып, бір даң­ғыл­дың есімін Құ­ре­кеңе қиса, түк етпейді. Құр­менбек солай етуге бек лайық. Он­дай адам екі ту­май­ды.
– Лайым, солай болғай!
– Менің де ойым сол. Жаңа әкім­нен үміт үлкен.
– Құрманбек Жандарбековке ұзақ жылдардан бері жанашыр боп жүргеніңіз, жарасымды-ақ екен. Тек нәтиже шықпа­ғаны де­месе…
– Бәрін біліп отырсың.Солай, әри­не! Сөзіміз ұзап кетті. Доға­райық. Сау бол!
– Сау болыңыз, Сәбе! Асанә­лі­мен ақылдассаңыз тәуір болар еді.
Телефоннан Сәбиттің жұмсақ күл­кісі естілді…


Қойылмаған сұрақ

Еліміз тәуелсіздік алғанына ширек ға­сыр болғанмен, СССР деп аталған алып державадан қалған, сақталып келе жатқан үлгі-өнеге, салт, айшықты із, атау, өзге де үрдістер аз емесі аян. Өткеннің бәрін ман­сұқ­тап, тосырқай беруге болмайтынын өмірдің өзі көрсетуде. Бір ғана әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым саласын алсақ, Қазақ ССР, СССР Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, Совет Одағының Батыры, Қазақ ССР, СССР Ғылым академиясының академигі, СССР халық артисі атағын иеленгендерді қазір басқаша емес, солай атап жүр емеспіз бе? Осынау мәнзаланы ұмытпаған жөн шығар деп отырған жай бар, ағайын. Әрі-беріден соң, бұлар мәнін жоймайтын, жойылмайтын мәртебе, мерей, тарихтың жарқын беттері десе де болғандай. Сол орайдан келгенде…
Бүгінде қатарымызда жүрген Социалис­тік Еңбек Ері, СССР халық артисі Бибігүл Төлегенова, СССР халық артисі Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішевтің қазақ қоғамындағы қадір-қасиетін кім білмейді, кім пір тұтпайды! Үшеуі де тұлға, ерекше жаратылыс, теберік!
Мен білетін Әлібек те солай, әрине. Мен білетін дейтінім, Отан соғысына қа­тысқан, республикаға танымал басшы-журналист болған әкесі Мұса Дінішевпен ұзақ жыл қызметтес болғанда, Әлібекті бала жасынан біліп, көз алдымызда өскенін меңзегендік. Анасы Кәмила апай да, оның егіз інісі, ағайынды Ришат, Мүсілім Аб­дуллиндер де дарабоз әнші болды. Ришат Абдуллин СССР халық артисі, Мүсілім Қазақ ССР Халық артисі атанды. Өз басым осындай ортадан шыққан Әлібектің консерваторияда әннен дәріс берген ұстазы Надия Шәріпованы білгенім, Тбилисиде өткен Чайковский атындағы Бүкілодақтық конкурсте бірінші орын алғанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сек­ретары Саттар Имашевтың (Әлібектің) әкесі Мұсекеңнің кабинетіне телефон соғып құттықтағаны, сондай-ақ, жас дарын иесінің Үкіметтік концертте тұңғыш рет сахнаға шығып, Абайдың («Айттым сәлем, қаламқас») әнін шырқағаны, жиыннан соң ұлының мәртебесін Мұсекеңмен бірге ка­фе­де атағанымызды сағынышпен еске алатынымды да айта кету артық болмас деп үміттенемін (оған Әлібектің профессор ағасы Фархад куә).
Одан бері көп уақыт өтті. Әлібектің – маған да етене жақын – әкесі Мұсекеңнен бастап, біраз тума-туыстары бақилық (рух­тары шат болсын). Еңбек жолын опера театрынан бастаған Әлібек арадан біраз жыл өткенде өз атында театр ашып, шығар­машылық қызметін ұстаздықпен қоса атқаруға көшті. Анда-санда жүздескенде сұрамаймын, бірақ, әлі күнге солай болса керек.
Ер ортасы жастан асқан Әлібек қазір қазақтың қасиетті жері мен еліне кеңінен танымал, жұрт сахнадан тыңдауды асыға күтетін бірегей әнші. Алыс, жақын шетел­дер, өз топырағымыздағы үлкен-кіші за­ман­дас, әріптестерінің жоғары бағалағаны, бағалайтынын көріп, біліп жүрміз, шүкір.
Бет бейне, кескін-келбеті әкесінен ау­май­тын Әлібекті көргенде Мұсекеңді көр­ген­дей күй кешіп, кәдімгідей толқитыным рас. Әлібек те солай-ау деп шамалаймын. Ағасы Фархадтың солай екеніне күмән жоқ. Жолыға қалғанда аңқылдай аманда­сып, арқа-жарқа болады. Жанарында мұң тұрады.
Таяуда Әлібекті көрдім. Опера теат­рында. Антракт кезінде. Астанадан келген – театрға өзім шақырған – белгілі ғалым Сағымбек Әлтаев екеуміз шеткерілеу бұ­рышта әңгімелесіп тұр едік, бір азамат жанымызға келіп, сәлем берді. Бетіне қара­сам – Әлібек. Бірден танып, риза болып, аз-кем тілдестік. Оған қойсам деген – көкейде жүретін – бір сұрағым болушы еді, бірақ, қойған жоқпын. Қоймауға бекінген болатынмын. Өйткені, ол сұраққа бұдан он бір жыл бұрын Ермек Серкебаев жауап беріп қойған-ды. Сондықтан.
Әлібектің дарынын ерекше бағалап, ыстық ықыласпен қарайтын жасы үлкен әріптестерінің бірі Ерекең, Ермек Серке­баев екеніне сол шақтарда көзім жеткен. Ерекең жөнінде эссе-диалог кітап жазылған күндерде. Әңгіме барысында Ерекең сөз ретіне қарай Әлібектің жақсы қырларымен қоса, наз іспетті пікірлерін де жасырмай айтқан-ды. Сөзінің түйіні: «Әлібектің бола­шағы алда, үлкен үміт күтемін» болатын.
Айттық қой, Ерекеңмен бір жылдан аса ара суытпай әңгімелескенім он-он бір жылдай бұрын деп. Әне, сонда Ерекеңе: «Консерваторияда дәріс бересіз, профес­сор­сыз. Өзіңіз секілді бір әнші тәрбиеледіңіз бе?» – дегеніме: «олай ету мүмкін емес, талантты әншіні табиғат жаратады, қолдан жасай алмайсың» деп шорт кескен. Мұнысы бек дұрыс екенін бұған дейін де шамалай­тынмын, әлбетте.
Ертеректе Әлібектен театр жөнінде журнал үшін сұхбат алғанда оның «Нұрсұлтан Әбішұлы маған келешкте өзің сияқ­ты бір әнші тәрбиелеп шығарсаң, сол же­теді, театр ашқан мақсатымыз орын­да­лады деді» дегені есте жүретін. «Қалай, Әлібек, Президенттің өтініші орындалды ма, өзің секілді не өзіңнен асқан әнші шығардың ба?» – деуге қаншама оқталсам да, Ерекеңнің айтқаны еске түсіп, іркіле­тінмін. Бұл жолы да (театрда жолыққанда) іркілдім. Тіпті, сұраған күннің өзінде оның да: «Хас талантты табиғат жаратады, қолдан тәрбиелеу мүмкін емес, өзімнен асқан әнші шығарсам, алдақашан көріп, тыңдап, білмес пе едіңіздер», – демесіне кім кепіл. Сондықтан сұрамадым. Әлібек Дінішевке қойылмаған сұрақ мәнзаласы осылай. Сол жолы ол тағы да…
Менің жазған дүниелерімді оқып жүретінін айтты. Сеніммен, қадап айтты. Оның қазақ басылымдарына әрдайым құрметпен қарап, журналист әкесінің аруағын ардақтап, аялап жүретініне көзім жете түскендей болды. Талай рет, Мұсекең­нің туғанына жүз жыл толған салтанат үстінде де…
Театр ішінде қасыма әдейілеп кеп сәлем берген Әлібектің ілтипатына риза болға­ным­ды несіне жасырайын.
«Папам туралы кітап жазылса жақсы болар еді», – деді қоштасарда.
– Ойланатын шаруа, – деуден бөлек сөз түспеді аузыма.
Олай дейтінім, Мұсекеңнің өмірден озғанына он бес жылдан ауып барады. Мен командировкада жүргенде өткен марқұм­ның жылдық асына қатысқан «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқаевтың: «Естеліктер жинағын шығару керек. Мақалалар топталса, өзіміз қолға алып, барлық шығынды редакция көтереді дедім», – дегені есте. «Ешкім ештеңе деген жоқ» дегені де.
Содан бері сондай жинақ шықты ма, шықпады ма, қараңғы. Шыққан болса, нұр үстіне нұр. Шықпаса, әлі де кеш емес. Әлі­бекке «ойланатын шаруа» деуімнің бір ұштығы сонда жатқан-ды…
Қазақтың ғаламат әншісі Әлібекке жортқанда жолың болсын, жолдасың қы­дыр болсын дей отырып, ұзақ ғұмыр, толағай табыстар тілейміз.
Алға, Әлібекжан! Бауырым!..

Зәкір АСАБАЕВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір