СӘКЕН АТЫЛҒАН КҮН
09.03.2023
498
0

ХХ ғасырдың басындағы ұлт басына төнген қатерлі дүрбелеңді біз көрмедік. Бірақ кинодан көрдік, кітаптардан оқыдық, жазушы, драматург марқұм Шерхан Мұртазаның, Сәкен Сейфуллин­нің өмірінің соңғы сәт­терінен жазылған «Біз періште емеспіз» ат­ты Әуезов атындағы театрын­да қойылған спектакльден де көріп білдік.

Олар – қазақ елінің болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккендерін қалай ұмытамыз. Анығын айтқанда, еліміздің Тәуелсіздігі жолында құрбан болды емес пе? Тіпті солар сол кездің өзінде еліміздің Тәуелсіздігінің негізін қалап кет­ті десек те артық болмас еді. Кешегі Алаш арыстарының асыл армандарын аяққа таптап, аруақтарынан ат­тап, әділетсіздікпен үстемдік еткен Кеңестің қанды қол жендет­терінің жауыздықтарын бүгінгі ұрпақ ұмытып кеткен сияқты. Мейлі олар Алаш Орда жағында болса да Кеңес үкіметі жағында болса да ұлты үшін жандарын қиды емес пе? Өткелден өтіп алған бейғам жолаушы сияқты біз оларды қалай ұмытамыз? Міне, енді соны бүгінгі күндерде жас талант­ты режиссер Мұрат Есжанның жаңа түсірілген киноларынан көріп, біліп жүрміз. Енді сол Алаш арыстарының қазақ елін әлемнің дамыған елдерінің қатарына қоссам деген асыл армандарын жалғастырсақ деп жүргендер де өте аз екенін қалай жасырайын? Қайта еліміз дамысын әрі әлемдегі дамыған өркениет­ті елдердің қатарына тезірек қосылайық десек, олардың жасай алмай кеткен игілікті істерін жалғастыруымыз керек емес пе? Біз алға басқанның орнына қайта кері тартып жүргеніміз де жасырын емес қой. Біз олардың ізгі арманын іске асыратын болсақ, қай елдерден кем болар едік? Әлі де болса сол баяғы бейғамдық пен қаперсіздіктен ат­тап өте алмай, кібіртіктеп келе жатқанымыз өзімізге сын емес пе? Кешегі зорлықпен құрылған қызыл империядан құтылғанымызға да міне 30 жылдан асыпты. Біздің еліміздің дамуына енді кім тосқауыл бола алады? Сол жылдарда Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деп шырылдаған жан даусынан қалың ұйқыда жатқан көпшілік оянса, енді ойланатын, келешек ұрпақтың болашағы үшін қамданатын уақыт жеткен жоқ па? Анығын айтқанда, өткен күндеріміз еске түскенде қабырғамыз қайысып, көкірегімізді кек кернейтінін қалай жасырайын? Міне, қазақ халқының адал перзенті, жігіт­тің сұңқары атанған мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің атылғанына да биылғы 25 ақпан күні 85 жыл болады екен. Одан гөрі біз дау­рықпай кешегі кеңес заманындағы қанды қызыл мерекені мүлде ұмытып, елі үшін құрбан болған Алаштың арыстарын құрметпен еске алғанымыз артық емес пе? Бір Сәкен ғана емес, сол күні қанша адам жазықсыз атылып кеткені бізге әлі де белгісіз екені анық. Сол арыстарымызды келешек ұрпаққа үлгі етіп, мәңгілік есте сақтау үшін осы күнді «Отаны үшін құрбан болған есіл ерлер күні» деп белгілесек, артық болмайтын сияқты. Біз олардың халық жауы емес, өз халқының болашағы үшін жандарын қиған ұлт қаһармандары ретінде еске алатын күн ретінде белгілеген дұрыс деп ойлаймын. Сол күні олардың рухына дұға тілеп, Құран оқытып, құрбан шалса да артық болмас. Міне, осылайша, Сәкен атылған қаралы күнді жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырса дегім келеді. Сонда бүгінгі күнгі жас ұрпақтың да есінде мәңгі сақталып қалар. Біз олардың өз ұлтының келешегі үшін жасаған ерен ерлігін ешқашанда ұмытуға тиіс емеспіз. Қайта біз олардың іске асыра алмай кеткен істерін жалғастыруға міндет­тіміз. Ұмытпайық. Олар ешқашан да ұмытылмасын. Қайталап айтамын, олар – халық жауы емес.

Төлеухан БІДІРӘЛІ,
Алматы шаһары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір