Абай қара сөздерінің зерттелуі
06.10.2017
3202
2

Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ,
әдебиеттанушы,
ф.ғ.д., профессор


Абай өмірі мен шығармашылығына ойлы көзбен қарай алған әрбір ізденуші Абайды оқыған сайын жаңа қырынан тани түскенін айтады. «Жүрегінің түбіне жұмбағын» жасырып қалдырған осы бір ұлы адамның мұрасын жүйелеп зерттеуге атсалысып келе жатқан Абайтану институты ғалымдары да осылай дейді. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.

Абайтану тақырыбын біз қазір қозғап жа­тырмыз ғой. Бірақ мұның барлығы да маған алғашқы қадамдар сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені, «абайтану» деген бұл өте күрделі дүние. Абай күрделі адам. Біз қазір абайтанудың қырық­тан аса кітабын дайындап қойдық.
Профессор Әнуар Тарақ айтпақшы, Абайдың өлеңдерін талдау да өте терең дүние. Абайдың бір өлеңінің өзін сан түрлі бағытта таңдап алуға болады. Оның этикалық, идеологиялық, сол се­кілді тағы да басқа бағыттары көп. Абай өлең­дерінің текстологиясы бар.
Еліміздегі ірі екі-үш жоғары оқу орындарында абайтануды арнайы зерттейтін институттар бар. Соның ішінде біздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан ашылған Абайтану институтын айтар едім. Мәселен, мен айтып отырған қырықтан аса абайтану шығармаларының өзі осы институттың істеп жатқан жұмысы. Бірақ осы жерде ескеретін бір нәрсе бар. Біз «абайтану керек» дейміз де абайтанудың бар жүгін екі-үш адамның мойнына артып қойдық. Мысалы, сол институттың дирек­то­ры профессор Жанғара Дәдебаев болатын бол­са, оның қасында абайтанумен шындап айналысып жүрген адамдар жоқтың қасы. Бір-ақ адам болса болар, болмаса ол да жоқ. Шынайы абайтанушы деп айтатын адамдар қазір саусақпен санарлық. Қазір абайтанудың басында тұрған – Мекемтас Мырзахметов. Сосын «Хакім Абай» деп жазып жүрген академик Ғарифолла Есім мен ғалым Тұрсын Жұртбай. Бірақ олардың бәрі абайтанудың жеке мәселелерімен айналысып жүрген адамдар. Абайтанудың ішіне кіріп алып, оны тереңдеп ақтару деген қазір саусақпен са­нарлықтай. Соның бәрі Алматы мен Астанада ғана топталған. Ал одан басқа жерлерді алатын болсақ жоқ деп айтуға болады. Абайтануға біраз қызмет істеген адамның бірі, қазір Ақтөбе университетіне ректор болып барған Бауыржан Ердембеков еді. Міне, сол абайтанудың біраз мәселелерімен айналысты. Өзінің монографиясы да бар. Бұл жігіт өзі барған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне абайтануды алып барса жақсы болар еді. Жақында барып сөйлесіп шықтық, осыған байланысты біршама ойлар айтылды. Бірақ оның күдігі де болды. Күдігі – абайтанумен шындап айналысу үшін абайтануды білетін, жаны ашитын, соған өмірін арнаған адамдар керек. Абайтануды жүрдім-бардым, екінші-үшінші шаруаға тіркеме ретінде алуға болмайды. Абайтану оны көтере алмайды.
Зерттеп жүрген тақырыбым – Абайдың қара сөздері. Бізде бір кездері ғылыми грант деген болды. Біз сол ғылыми грантты жеңіп алдық. Оның басында академик Зейнолла Қабдолов жүрді. Содан кейін осы мәселенің айналасында Зәки Ахметов, Ж.Дәдебаев, мен бар, тағы да бас­қа көптеген ғалымдар жиналдық. Тақырыпты бөлгенде Абайдың қара сөздерін алдым. Өйткені, бұған ертеректе көңіл аударған едім. Прозамен айналыстым да, сосын «Қазақ прозасының тарихын қайдан қарауға болады? Оның басы не?» деген сұрақтар ойландыра бастады. Сол кезде «Абайдың қара сөздерін алсам қайтеді?» деп ойлап едім. Абай қара сөздері прозаның түрі ғой. Сонау революцияға дейін пайда болған бұрынғы проза. Бірақ мен білімге келгенде одан алыстап кеттім. Бірақ бұл менің арманым болып қалып қойды. Гранттық тапсырмадан кейін соны қайта қолға алайын деп ойладым. Алты айдан кейін тақырыпты аяқтап тапсыру керек болды. Мұның өзі жұмыс қой. Сосын мен Абай қара сөздерін шындап оқи бастадым. Ол өзі аз ғана дүние. Оның өзін оқу оңайға түскен жоқ. Қайта-қайта оқи келе ақырындап жазуға кірісе бастадым. Бұл бағытта «Абай қара сөздерінің зерттелуі» және «Абай қара сөздерінің қазақтың поэтикасы мен философиясына қандай қатысы бар?» деген екі үлкен еңбек жарияладым. Әрине, мұны нөлден бастаған жоқпын. Менен алдын қазақтың біртуар ұлы Ханғали Жұмашұлы Сүйіншәлиев деген ғалым зерттеген болатын. Сол кісінің 1956 жылы шыққан «Абайдың қара сөздері» деген жеке монографиясы болды. Ол жылдар өте бір қиын кез еді. Сондықтан «Абай­дың қара сөздері» дегенге жұрттың бәрі үрке қарады. Үрке қарайтын себебі де бар еді. Өйткені, Абайдың қара сөздері кәдімгі сіз бен біз үйренген лексикамен пайдаланатын сөздер емес. Мысалы, онда имандылық туралы лексикалар толып жүр. Сондықтан жұрттың бәрі бұдан қауіптенді. Мұхтар Әуезовтің қолдауының арқасында Ханағаң қорғап шықты. Одан кейін Абай қара сөздері туралы алуан түрлі әңгімелер болды. «Абай қара сөзінің қажеті жоқ. Бұның діни ұғымдары көп» деген секілді әңгімелер айтылды. Бірақ бірте-бірте бұл пікірлер өзгерді. Кейінгі кезде ойланып қарасам, Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздерін өзінің атақты «Абай жо­лында» пайдаланған. Шынын айтқанда, онда қара сөз­дерді өте көп пайдаланады екен. Өйткені, «Абай жолындағы» «Абай бала кезінен бастап дүние мен қазақ қоғамы туралы не ойлады?» деген сынды сауалдардың жауабы Абайдың қара сөзінде бар. Осыған жауап беруге келгенде Әуезов мұның бәрін аспаннан алған жоқ. Ой­ланып-толғанып осыған тоқтады. Әуезовке нақты дерек болған – Абай қара сөздері. «Абай жолын» қарап отырсаңыз, кейбір жерлерінде Абай қара сөздері, негізгі айтылатын ойлар текс­терге араласып кетеді. Кейбір жерлерде соның ойларын дәл сол қалпында пайдаланады. «Абай шығармашылығында қара сөздерін, әр түрлі діни лексиканы неге пайдаланды?» деген сұрақтар эпопеяның ішінде айтылады. Соның ішінде Абай бұл сауалдардың бәріне жауап береді.
Абайдың бір-екі шығармасын ғана талдап нәтижеге жете алмаймыз. Абайдың барлық мұ­ра­сын талдау үшін арнайы дайындалған адамдар кірісуі керек. Егер соны көрсете алатын болсақ, он­да біздің қазақ әдебиеті аспанға бір-ақ шығар еді.

ПІКІРЛЕР2
Айслу апай 12.10.2017 | 22:35

Зейнол- Габден, Актобеге Гуманитарлык Зерттеулер институтына келип Абай шыгармалары бойынша бир семинар откизсендер тамаша болар еди.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір