Бүгінді бағалау – ертеңді бағамдау
14.04.2017
1597
0

Махаббат Бигелдиев,

Алматы облысы, Қарасай ауданының әкімі


Әкесі журналист, баласы әкім. Өмірдің мұндай мысалдарын іздесең шаш­етектен кездестіретінің  рас. Әйтсе де Махаббат Сәдуақасұлымен әр ұшы­расқан сайын бір тың ойдың ұштығын көкейіңе түйіп қайтасың. Дүниені ол кейде жазушыша шолса, енді бірде көнекөз қариядай толғайтынына куә боласың. Жаратылысының еркіндігі жөнінен шығармашылық адамына ұқсайды. Ал, әкім ретінде ауданның жай-жапсарын жіліктеп шаққан уақытта сөз мәйегіне қанық екеніне көз жеткізесің. Азаматтың ел арасындағы құрметі осындай ерекшелігінен шығар.


– Көршіңді өзің таңдамай­ты­ның сияқты мемлекеттік қызмет­те де қай өңірде қызмет ететініңді таң­­дай алмайсың. Басшылық қай­­­­да деп ұйғарса сол жерге барып, еңбек етесіз. Әсіресе, әкім­дер­дің жұмысы. Қарасай ауданына әкім боп келгеніңізге бір жыл то­лып отыр бүгін. Еліңізде не жаңа­­лық, қандай өзгеріс бар?
Елбасы осы мақаласында: «Қа­­зақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кін­дік қаның тамған же­ріңе, өс­кен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспен­ші­ліктен басталады» де­ген болатын. «Туған жер» бағ­дар­ламасын қол­ға алуды ұсын­ған Елбасы «Отан­ның отбасынан басталаты­нын» меңзеп отыр­ған жоқ па? «Ал­д­ымен өзің­ді таны» дейтін да­ныш­­пан­ның сөзі де осы ұста­ным­мен өзек­тес деп ойлаймын. Өзің­ді құр­меттемей, сені ешкім сый­ламайды. Өзіңді сыйламау бар­лық жа­мандықтың басы.
– Қарасай ауданы халқы мол, көп ұлтты, күрделі аудан. Об­лыс басшысы Амандық Ғаб­басұлы осы ауданға әкім етіп та­ға­йын­дарда орталықпен келі­сіп ­шешім еткен. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев туған қастерлі мекен. 2017 жылғы 31 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканың базалық салаларын дамытуда өнеркәсіп ке­шенін дамыту міндетін алдыңғы қатарға қоя отырып: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» екенін айтқан болатын. Соған сәйкес аудандағы 20 мемлекеттік шаруашылық, 27 өндірістік кооператив, 101 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3663 шаруа қожалықтары жұмыс істеп жатыр. «Агробизнес – 2020» сияқ­ты мемлекеттік қолдау бағ­арламаларының да көмегі көп. «Үдемелі индустриялық-инно­вациялық дамыту» мем­ле­кеттік бағдарламасы ая­сында «Азияагрофуд» фруктоза шы­ғару зауытын салу жұмыстары басталады. 18 ірі өндірістік кә­сіп­орын жұ­мыс істеп тұр. Сапа менедж­мен­ті және халықаралық стан­дарт жүйесі бойынша 16 мекеме бар. Былтыр екеуі іске қо­сылды. «Алматы Стекло» мен «ХоланГринТек» компаниялары. Елдің экономикалық әлеуеті жо­ғары. Халық саны жылдан-жыл­ға ар­тып келе жатыр. Соған сәй­кес халықты жұмыспен қам­ту бағ­дар­ламасы аясында мей­лін­ше көп адамды жұмыспен қам­туға тырысып жатырмыз. Ал­маты облысы әкімі Амандық Баталов­тың бақылауымен іске асып жатқан шаруаларды ел бо­лып, жұрт болып еңсеріп келе­міз. Негізгі еңбек – халықтікі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Егемен Қазақ­стан» газетіне шыққан «Бола­шақ­қа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында болашағымызды ұлттық сананың дамуымен байланыстырды. Бұл біздің идео­ло­гиямыздың өзегі деп қабылдауға болатын ұстаным. Материалдық, экономикалық игіліктерге мән бере отырып, рухани құндылық­тар­ды солардың негізіне айналдырамыз.
– Адамзаттың табиғаттан алыстауының көптеген себептері бар. Бірақ бұл қазіргі күні үлкен мәселеге айналды. Ал оған жа­қын­дау үшін сіз не істеп жатыр­сыз? Табиғатты біз қалай түсініп жүрміз? Бұрынғы қазақ таби­ғат­пен етене болған. Қазір сол етене қалыптан ажырадық. Адамның мейірімі азайып кетуінің бір се­бе­бі табиғаттан алыстауда жат­қан жоқ па? Еуропа солай ойлайды екен. Ал сіз ше?
– Табиғатқа жақындаудың бірден-бір жолы – ауылды сақ­тау. Қалада жүріп табиғатқа жа­қын­дау мүмкін емес. Мен та­биғатқа жа­қындау үшін жылда ауылға бара­мын. Ауыл іргесін­дегі бақ­тар мен таудың етегіндегі демалыс орындарын табиғи қалыпта сақтауға тырысамыз. Қазақ бая­ғыда малдың жайылымын, ша­бындығын, қыс­та­уын, жай-лауын күтіп ұстаған. Елдімекен айналасынан ауыл шаруа­шы­лығына жер берілмесін деп қазір жиі айтылып жүр. Құп­тайтын-ақ ұсыныс. Ауыл­дың айнала­сының бәрі топы­рағы шығып жатыр. Бала күні­мізде Бұрғанда қой бағатын­быз. Сонда әр күні өріс­ті ауыстырып отыратын едік. Соның бәрі жерді сақ­тау­дың амалы болатын. Қазір жайылым тарылып, сол үрдіс сақ­та­лып тұр ма біл­меймін. Ауыл­дың шыға берісіне кірпіш зауыт салып, ауылдың іргесіндегі өзен­нің бас жағын жеке меншікке алып балық өсіріп отырғандар бар. Астында отырған елдің не жа­зығы бар. Іргесіндегі ауылға же­тер, одан арғы ауылдарға су жоқ. Ол су аяғы Күртіге дейін ба­рады. Жи­ренайғырға, одан Қо­паға, Қопа Күртіге құяды.
– Экожүйе табиғи сақталған ғой?
– Табиғи сақталған. Қазақ та­би­ғаттың тілін түсінген. Бір шөп­ті артық жегізбеген. Қазір түбі­ріне дейін жеп жіберсе келер жылы шықпайды.
– Табиғатқа жақындаудың жолы көп қой. Балалық шақтағы әке-шеше, дос-жаранның бейнесі тауға шыққанда көз алдыңа келмей ме?
– Рас. Аспанға шаншылған тау­дың бейнесі әлдеқандай са­ғыныш пернелерін басып өтеді. Көз алдыңа көлбеңдеп бала күн­дердің суреті жүріп өткенде он­дағы әке мен ана, іні мен аға, әп­ке мен қарындастың сонау алыста қалған жылдардағы бей­несі бүгін мүбәрак дүниедей әсер береді. Уақыт озған сайын қа­дірі арта түсетін балалықтың, өткеннің бағасын тым кеш тү­сіну, кеш бағалау – біздің әде­тіміз. Қазір өткенді мақтап, жақ­сы сөздер айту тіпті оңай боп кеткен жоқ па деп те ойлап қа­ламын. Оданша бүгінгі күнді бағалап, ертеңгі күнді бағамдап ғұмыр кешкенге не жетсін.
Тауға шыққан сайын гүл те­ріп, олардың шығатын реттік жүйесін де есте сақтап қалып­пын. Бала күнімізде көкгүлді теріп, енді шығар сарғалдақты асы­ға күтетін едік. Алдымен бәй­шешек, одан кейін көкгүл, одан кейін сарғалдақ, сосын қыз­ғалдақ, соңынан шұқанақ шы­­ғады. Былтыр Маңғыстауда қыз­ғалдақ қырық жеті жылдан кейін шықты. Қырық сантиметр жерде жатқан қызғалдақ­тың түбіріне су жетсе лезде шы­­ғады екен. Демек, гүлдің тамыры – оның негізі, соны сақтай алсақ бол­ды. Оған дейін неше жыл жат­са да, су тимесе топырақ ас­тында жата береді. Таби­ғатқа адамдардың жаны ашуы ке­рек. Тамыры өте бағалы өсім­дік­терді тау-тасты қопарып жинап, сатып жатырмыз. Есесіне та­биғат зиян шегіп отыр. Таби­ғатқа жақындау мен алыстаудың түйткілі осындай қарым-қаты­нас­­тарда жатқан шығар, бәл­кім.
– Қасиетті жерлеріміз көп. Ертең туризмге айналдырамыз деп құрылыс салсақ не болады?
– Еліміздің көркіне айналған сұлу жерлерімізді табиғи қал­пын­да сақтау маңызды. Көп құры­лыс салдырмай, мемлекет өз қарауына алса да жеткілікті.
– Дамудың мәдениеті қалай болуы керек?
– Әлемдік тәжірибеде оның өз жолы, заңдылықтары бар. Қан­ша талпынғанымызбен, уа­қыт­пен ғана келетін әдет, мінез бо­лады. Жеке меншіктерге өтіп кетпей, мемлекет қарауында бол­са, ол өзі дамудың жолын та­ба­ды. Дамудың да табиғи жо­лы­на түсу керек. Қолдан жа­са­ғанмен, көп ештеңе өзгер­мейді. Бой­да болмай…
– Қазақ хандығы Жамбыл ау­данынан бастау алу керек деген мәселе көтерілді. Неге?
– Біріншіден, 1986 жылы Ал­маты облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауынан та­был­ған тас домбыра бар. Мар­құм Жағда Бабалықұлы атпенен тауда кетіп бара жатып, домбы­ра­ның тасқа қашалған суретін тауып алыпты. Кейін оны қағаз­ға түсіріп Сәбетқазы Ақатаевқа көр­сетіпті. Ол туралы өзі жазды да. Екі жылдан кейін тас домбыраны Ықылас Дүкенұлы атын­дағы халық аспаптар музейіне тап­сырады. Археолог Кемал Ақы­шев неолит дәуіріне жататын көне жәдігер деп тұжырым жа­саған. Бұл көне жәдігер б.э.д III-II мыңжылдықта пайда бол­ған, яғни біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрынғы уа­қытқа, кейінгі екі мың жыл­дықты қосқанда, алты мың жыл бұрынғы көне мұра. Белгілі музыка зерттеушісі, марқұм Жұма­гел­ді Нәжімеденов те бұл туралы көп айтқан болатын. Екіншіден, Керей мен Жәнібек ханның ту тік­кен Қозыбасы жайлауы Жамбыл ауданында. Наурызбай ба­тырды бас батыр етіп сайлаған хан ордасы да сонда. Оны зерт­теуші Н.Атығаев «К вопросу о локализации местности «Козыбасы» деген ғылыми мақаласын­да нақты дәлелдермен жазған болатын. Мұхаммед Хайдар Ду­латидің еңбегін түпнұсқадан оқып, оны белгілі жер-су атаула­рын зерттеушілердің еңбек­тері­мен нанымды етіп жазыпты. Бі­рақ оған қазір біздің ғалымдар на­зар аудармай отырған секілді. Серік Үмбетовтің қолдауымен ол жерге белгітас қойылған бо­ла­тын. Үшіншіден, Жамбыл ау­да­ны­ның батысындағы Таң­ба­лы шатқалы. «Таңбалы» шат­қа­­лы­ның аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткіштер – қола дәуірінен б.з.д. XІV-XІІІ ғасыр­дың ортасынан XІX-XX ғасыр­лар­ға дейінгі аралықты қамты­ған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас сурет­тері және табыну ғимарат­тары бар. Ертедегі және қазіргі кез­дегі халықтардың тарихын нақ­тылы көрсететін архео­логиялық кешен. Архео­логтар­дың айтуынша, Таңбалы­ның көптеген жартас суреттері қола дәуіріндегі орталық Азияның жар­тастағы өнерінің жарқын көрінісі. Ежелгі Жібек жолының бір тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайды. Осы үш мұра Қазақ хандығының бас­тауы туралы уәж айтуға жеткі­лік­ті деп ойлаймын. Жамбыл ау­данының әкімі боп тұрған ке­зім­де арнайы жаздырған да едім осы мәселені. Бұл менің жеке пікірім. Туған жердің бөге­найы қашанда бөлек қой.
– Қазақстанның жері кең. Ауылдар ел экономикасына сал­мақ салып тұр деген пікір бар. Шы­ғын бар да, ауылдан кіріс жоқ деген. Осы жағынан алғанда Қа­ра­сай ауданы ел экономикасына қан­шалықты үлес қосып жатыр?
– Халық күн көру мақса­тын­да, мәдениет пен өнердің ошағына жақындау ниетімен ме­гаполистің айналасына қо­ныстанады. Алматы агломерациясына Қарасай ауданы түгел, Жамбыл ауданының жеті ауылы кірген. Халық жұмыс із­дейді, білім іздейді, өмірдің заң­ды­лығы сол. Қарасай ауданына халық көп келіп, қоныс­танып жатыр. Іле ауданы мен Қа­расай ауданы Алматы об­лысының өнеркәсіп өнімінің 62 пайызын береді. Қарасай ауданы ауыл шаруашылығымен айналысатын. Кезінде Құтпанов Болатби деген ағамыздың басшылығы­мен «Эфес», «Кока-кола» компаниялары Елтай селолық огругіне салынды. Біреуінің өзінде алты жүз адам істейді. Былтыр Алматы облысында бірінші мекеме «Кока-кола»болды. Біз былтыр бір жылдың салығына 3,5 миллиард теңге қостық. 21,7 миллиард емес, 24,4 миллиард теңге салық төледік. Әкім боп келге­німе он ай болған еді ол кезде. Алматы облысында осы екі аудан қарыссыз өмір сүреді.
– Мойынға мініп отырған ау­дандарды не істеуге болады?
– Елдің географиялық ерек­шелігін ескеріп отыру керек деп ой­лаймын. Мал шаруашылы­ғына ыңғайлы аудандарға тері, ет өңдейтін зауыттар салынуы керек. Үлкен зауыт салудың да өз қатерлері бар. Аккумулятор зауы­тын салса, ол өтпей қалса 700 адам жұмыссыз қалады. Ол де­геніңіз 2000-дай адам аш қала­ды деген сөз. Кішкене дүкен жа­былып қалса, ол көп өзгеріс ту­дыра қоймайды. Орта бизнес­пен, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға Елбасы көп көңіл бөліп отыр. Соны пайдалануымыз керек. Қас­келеңге Түркиядан көп қа­зақтар көшіп келді. Орталық кө­шесінде үлкен сауда үйлері салынып, жұмыс істеп жатыр. Түрк­иядан көріп келген, сау­да­ның да ебін біледі. Олар жақсы­лықты да, жамандықты да көріп келіп, енді өзіміздің елде қол­дары­нан келген кәсіптерін үй­ре­тіп жатыр. Жерілікті халық сол дүкендерде сатушы боп жұ­мыс істейді.
– Қазақтар бизнеске жоқ деген сөз айтылады. Бұрынғы Кеңес Ода­ғының жүйесі қолайлы деп есеп­тейтіндер бар. Адамның адам­нан үйренбейтін нәрсесі жоқ қой, жаңағы сіз айтып отырған бауыр­ларымыз үйреніп келіп іс­теп жатқан жоқ па?! Кеңес үкіме­тін аңсау неге қалмай келеді?
– Ол енді жаңсақ айтылатын пікірлер ғой. Жалқау қазақ­тар­дың сөзі. Мен бір досымның қы­зын үлгі қылып айтайын. Ал­матыда дизейнердің оқуын бі­тір­ді. Мен қызымды ағылшын тіліне оқуға бердім. Ағылшын ті­лін бітіріп үйде отыр, оның қы­зы дизайнердің оқуының біті­ріп Астадан үлкен бизнес аш­ты. Қызын дизайнердің оқуы­на бергенде «не деген ақы­мақсың» деп айттым. Алматы­да­ғы оқуын бітірген соң, интернет арқылы Италияның бір ме­­ке­месімен сөйлесіп, «екі жыл те­гін жұмыс істеп, сіздерден ше­берлік са­бағын алсам» деп хат жазыпты. Олар жұмыс берген, оқыт­қан, айлық төлеген, жататын үй де берген. Бірақ бір шарт қойған, қайда жүрсе да солардың маркасын насихаттайды. Қазір оқуын бітіріп келіп, Астанада сол мар­ка­ның атымен тігін цехын ашып, жұмыс істеп отыр. Қазақ­тар бастық болатын оқу оқығысы келеді. Ол оқулар: заңгер, экономист мамандық­тары деп тү­сінеді. Қазір бәрі басқаша ғой. Өзіңе өзің қожа болып, жеке шаруаң­ды дөңге­летуге көп мүм­кіндік бар. Қазір бәрі бар. Он­лайн білім алуға да болады. Қа­зір қазақ осыған икемделіп ке­леді. Қарапайым мамандық­тарға енді үйреніп жатыр. «Алма піс, аузыма түс» деп әлі жатқан­дарымыз да көп. Өзім көзіммен көріп жүрмін. Жұмыс ұсынсаң келмей, көп ақша сұрап, кейін үйіне барсаң ұн сұрайтындар бар. Оданша жұмыс істеу керек. Құдай аз болса да берекесін берсе, соған ештеңе жетпейді.
– Қала мен ауылға байланыс­ты. Бұрын да екеуін біріктіреміз де­ген сөздер айтылатын. Қазір со­ған жақындап келеміз ғой…
– Қарасай ауданындағы қы­рық бес мектептің бәрінде интернет бар. Ауданға жүз пайыз газ­ жүргізілген, орталық су бар. Қаладан несі кем? Әрине, ауыл өз табиғатын жоғалтпайды. Мәдениет, білім жағынан да қала­дан алыс. Бірақ соған жетуі­міз керек. Сонда ғана өркениетті елміз деп ұялмай айтамыз.
– Қазаққа демография да мә­селе боп түр. Отбасылық институт бұрынғыдай мықты емес. Баяғы­да Мансұров деген кісі партияға аларда: «қанша балаң бар?» деп сұрайды екен. «Жоқ» десе, «жоғал» деп қуып жіберетін көрінеді. Былай қарасаңыз, үйлен дегені ғой.
– Қазақтың санын өсіріп тұр­ған ауыл. Дүнгендердің от­ба­сында екі баламен тоқтап қал­са, ол үйге қарттары барып сұ­рай­ды екен. Екі-үш баламен шек­телуге рұқсат етпейді, әйт­песе екінші әйел алуға көндіреді. Қытайда екі бала тууға рұқсат беріп еді, бір жылда бір Қазақ­стан­ның халқын дүниеге әкелді. Қазақтың саны өссе, сапа артады.
– Бізде қазір ақсақалдар ал­қа­сы деген бар емес пе? Олардың қыз­меті қандай?
– Ауылда ақсақалдар алқасы бар. Қоғамдық кеңес те құрылды. Бұл ешкімнен жалақы алмайтын қоғамдық жұмыс. Ол сайланбалы. Ақсақалдардың басым көпшілігі тағайындалады. Ел бірлігіне, тыныштығына қызмет етіп, ақыл қосып, жол көрсетіп отырады. Олардың міндеттелген қызметі жоқ. Ауылдың сыйлы азаматы. Ақсақалдар  алқасы­ның бү­гінгі қызметін баяғы от­ба­сы­лық институттағы ақса­қалдар­дың ролімен шатастыруға болмайды. Қазір біздің ел әлем­де ажы­расу жағынан ондыққа кі­ріп отыр. Жаңағы демог­ра­фияңыз­ға да әсер етпей қоймай­ды мұндай құбылыстар.
– Қазір анархия болып бара жа­тыр ма?
– «Қызға қырық үйден ты­йым» деген сөз бүгін сөз ғана. Қа­з­ақ­тың қыздары қытайға көп шы­ғып жатыр деп байбалам са­ла­мыз. Бір кездері түрікке тұр­мысқа шығу мода болған. Ал оған билік араласа алмайды. Оған қоғамның санасы өзгеріп, түпсанасы қалпына келуі керек. Ол үшін қанша уақыт керек еке­нін мен білмеймін. Ата-анасын тыңдамай өзге елдің, өзге дін­нің азаматына тұрмысқа шы­­ғып бара жатқан қыз басқа­ның сөзін тыңдай ма? Өткенде бір қыз ин­тер­нетке ашық жазды. Қазақ жігіттері алмаса не істеймін деген мағынада. Түр­кі­менстанда қызын заңмен қорға­ған. Ақал­теке мен қызды елдің шекарасынан шығаруға болмайды деген. Шығаратын болса мемлекеттік бекіткен соманы төлеуі керек. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үше­уінде»: «егер бай тап­пасаң, шал­ға да тиюге болады» деп айтушы еді. Бәлкім ұлт­ты, ұрпақты сақ­тау үшін осын­дай сөздер керек шығар. Жөні мен жобасын тауып әйтеуір қызды шетелге шы­ғар­маудың жолы табылса деп ойлаймын. Қа­зір қыздардан гөрі отыздан ас­са да үйленбеген жігіттер кө­бейіп кетті.
Мәскеуде балалы болған қыр­ғыз қыздар жетімдер үйіне өткізген балаларын орыс болып кетпеуі үшін Қырғызстанға алып кетіп жатыр. Бұл намыс­қой­лықтан шығар. Ондағы әкелерінің жауапсыздығы өз алдына. Осы мәселені ұйымдас­ты­рып жүрген қырғыз қызының өжеттілігіне таңғалдым. Қыр­ғыз­дар намысқой, оларды Әуе­зов жақсы көрген, Иштван Қоңыр да болашағы мықты бо­ла­ды деп жазған.
– Елімізде бай адамдар көп бол­са, халыққа жақсы болады деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты. Жаны жомарт ағалар аз. Ақын-жазушылардың күнін айтпасақ та білесіз. Көптеген ұлы жазушылар Морозов сияқты фаб­риканттардың үйінде тұрып жұмыс істеген, шарапатын көр­ген. Осындай ізгілікті адамдар­дың көбеймей жатуына не себеп? Есесіне бармақ басты, көз қысты әрекеттер көбейіп кетті…
– Ел ішінде Атымтай Жомарт азаматтар бар. Жоқ деп ай­ту­ға болмайды. Біреу ашық іс­тер, біреу жасырып қалар жақ­сылығын. Бірақ индивидтік сая­сат алға шыққан сайын, өзім­шілдіктің көбейіп кеткенін жа­сыра алмаймыз. Бұрын қоғам болуды ойласақ, қазір жеке тұлға болуды көбірек аңсаймыз. Соның салдарынан «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп жүрміз. Ел болуды ойласақ, со­ның ішінен өзінен-өзі ерлеріміз де, аруларымыз да шығады. Жекеге жұмыс істеуден жалпыға көшуіміз керек. Ал бармақ бас­ты, көз қысты дегеніңіз қай за­­­­маннан бері бар құбылыс. Адам бар жерде ол да бірге жүре­ді деп ойлаймын. «Адамнан айла артылған ба?!» деген сөздің бір төркіні осындай мінезге де келеді. Бұның формасы заманына қарай өзгеріп отырса да, маз­мұны бір болып қала береді.
– 2017  жылғы   жоспарларыңыз қандай?
– «Нұрлы жол», «Аумақтарды дамыту», «Өрлеу» сияқты мем­лекеттік бағдарламалар негізінде жұмысымызды жалғастыра бер­мек­піз. Алда жоспар көп. «Арық сөйлеп, семіз шық» деген сөзді ұста­натын елдің баласымыз.
– Қазір кітап оқып жүрсіз бе?
– Өткенде жиналып қалған бейнатаспалардың бәрін қарап шықтым. Сонымен қоса, оқуым тиіс деп реттеп қойған кітаптың қырық-елуі мұнда бар. Арасында соларды парақтап отырамын.
– Асықпай кітап оқитын уа­қы­тыңыз да бола бермейтін шы­ғар…
– Күнделікті жаңалықты кө­­ре­мін. Газеттерді оқимын. Жұ­­мыс барысында шынымен де уақыт тығыз, жұмыс қауырт. Жал­қаулық па деп те кейде ой­лай­мын.
– Жастардың ұстанымы қан­дай болуы керек?
– Жас қайратты, арлы болуы керек. «Арын жасынан сақтаған» деген сөз бекер айтылып па? Мағ­жанның: «Жаннан қымбат оларға ар, мен жастарға сенемін» деуінде жастардың ұстанымы қандай болуы керектігі айтыл­ған. Жалпы, Мағжанның сол өлеңі күллі қазақ баласының кре­досына айналуы тиіс. Мағ­жан қандай қасиеттерді атап айтты, соның бәрі қазақ бала­сы­ның бойында болса, ұстаны­мы болса деп ойлаймын. Ға­жайып жыр, ғаламат манифест.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Бағашар Тұрсынбайұлы.

ПІКІР ҚОСУ