Сатираның сайыпқыраны
07.04.2017
2370
0

Төрежан аға туралы, оның шығармашылығы жайлы жазу өте қиын шаруа. Қиын болатын себебі, сатира жанры – ой-шұқыры көп, қалтарыс-бүкпесі мол, даулы-дамайлы дүние. Қиын болған соң ғой, Қазақстандағы сатириктер санының саусақпен санарлықтай боп тұрғаны. Тиіп-қашып күлді-көмеш бірдеңе жазып жүргендердің бәрі бірдей сатирикке есептелмейді, санға кіргенімен сапада жоқ. Ал Төкеңнің жөні бөлек, жосығы басқа. Жазуға бет қойысы да тосын. 1960 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіруіне қарағанда ағамыздың әу баста, бозбала кезде жазушылықты мұрат тұтпағаны анық, сол кездегі ауыл балалары сияқты ауыл мұғалімі болуды армандаған. Бірақ адам бойына әкенің қаны, ананың сүті арқылы дарыған таланттың кеш те болса жарып шығатынын кәрі тарих талай рет дәлелдеген. Орта мектеп оқушыларына математика пәнін оқытудың адал жолынан шықпаймын деп қаншалықты тырысқанымен, бойдағы дарын бәрібір өз дегенін істеді, ерікке қоймай «Гипертония» деген әңгіме жазғызды. Талаптыдан шыққан әңгіме бағы жанып таланттылардың қолына түсті.
1975 жылы «Жалын» журналында тасқа басылған «Гипертония» Әдеби жыл қорытындысында осы жылдың ең үздік әңгімесі деп бағаланды. Шынында да, сол кездегі өңге сатиралық әңгімелермен салыстырғанда тақырыбы тосын, композициясы өзгеше, тілі бөлек, шешімі шұғыл әңгіме-тін. Яғни сатираға өзіндік қолтаңбасы бар жаңа жазушының келгендігін айғақтап тұрған-ды. Сөйтіп, Төкең алғашқы туындысымен-ақ әдебиеттегі «жаңа жаза бастау, жаттығу кезеңдері» дегенді белінен басып, әдебиет ордасына именбей кіріп, төрде отырған марқасқа сықақшылардың қолын ғана емес, батасын алып үлгерді. Бұл кез келген жазушының маңдайына жазылмаған, тек тума талантқа ғана тән нәрсе.

1982 жылы советтік цензураға сәйкес «тү­зел­ген», «құйрық-жалы күзелген» «Сы­пырт­қы командасы» атты тұңғыш жинағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. «Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар», со­ның өзінде кітап Төрежан Мәндібай деген сатирикті күллі қазақ жәмиғатына мағұлым етті. Мұның сыры – Төрежан аға «Гипер­тония», «Сыпыртқы командасы», «Аралдың ар жағынан қыз алып ек» сияқты алғашқы әңгімелерімен қазақ сатирасына жаңа леп, жаңаша бағыт әкеліп еді.
Таланттының қарабайыр жазушыдан өзгешелігі – өз стилі, ең бастысы, өмірге де­ген өзіндік философиялық көзқарасы болуы қажет. Өзіндік философиясы жоқтар бұрын айтылған, жазылған таптаурын шиырдан шыға алмайды. Осыны кәміл сезінген Төкең әдебиеттану ғылымына ден қойды. Дүние жүзі классиктерінің шығармаларын қайыра оқып, ой сүзгісінен өткізді. Ұлылығын ба­йыптады. Өзіне ғана тән жол іздеді. Білікті ғалымға айналды. (Ана жылы жазушының әдебиеттану саласындағы білімінің терең­дігіне таңданған Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұры­шев­тың Төкеңді дәріс оқуға шақырғанына біз куәміз). Осы тараптан нәр іздеп жүрген тұста «Апамыз Алматыда тұрады» деген әңгімесі дүниеге келді, ол «Көзімнің қарасы» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рияға шығып, бүкіл Алматыны шулатты. Сол әңгіме қазіргі парақорлық етек алған заманда да өз зәрулігін жойған жоқ. Көп ұзамай республикалық баспасөзде «Өзіңе шатақ керек пе?» дейтін шатақ әңгімесі жарқ ете түсті. Мұнысы ұлттық бояуы қанық, классикалық үлгіде жазылған дүние еді. Осы күні қазақ арасында «Қыз соңынан келген құдаларды ішімдікке тойғызып, мас қылып жіберу керек» дейтін келеңсіз әдет қалыптас­қан. Ауылдағы Келдекбайдікіне сондай бір құда келген күні арақтан көп жапа шеккен соң қойып кеткен адамға құдалар бар, үй иелері бар, бәрі зорлап арақ ішкізеді. Қыз соңынан келген құда бұған арақ ішпедің деп киліге береді. Ақыры ішімдікке әбден қыз­ған бұл шатақ шығарып, құданы ұрып жыға­ды. Анау талып қалады. У да шу! Құны түспес үшін шығармадан үзінді бере кетейік:
– Құда, мен арақ ішпеуші едім.
– Бізді арақ таба алмай шөлдеп келіп отыр дейтін шығарсың. Менің ата-тегімді білмейсің ғой. Арғы атам Талпақ, бергі атам Жалпақ басынан сөз асырып көрмеген жандар екен…
Менің де қырсығым ұстап келе жатты.
– Алып жібере қойшы, өлмессің, – деп жармасты Келдекбай.
– Сылқым жігіт, бір алшы, көкем-ай, – деп жалынды жеңгеміз…
– Зорламаңдар, ағайын, – деп қиналды әйелім.
– Пай-пай, құдағидың биін-ай, – деп кекетті дәу қара…
– Құда, тіліңізді тарта сөйлеңіз. Мен де тілі ұзын адаммын.
– Тіліңнің ұзыны жақсы, кесіп тастаймыз. Хе-хе-хе…
Үлкен стақанға жартылықтың жартысын құйып тартып жібердім…
– Сонымен, құда, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деуші еді. Өзің тілді де кесетін мықты болдың ғой, – дедім.
– Бір елдің мықтысы деп білгейсің.
– Менде бір елдің тентегі едім.
– Тентегіңді телпекпен ұрып аламын!
Айналамыздағы қызықтаушылар екі тентекті татуластырмақ боп арақ ала жүгірді. Тағы бір тартып жіберген соң:
– Құда, өзіңе шатақ керек пе? – деп тө­бе­леске тура апаратын төте сұрақ қой­дым.
– Керек-ақ!
– Мә, саған!
Тұмсықтың тұсы осы деп қойып кеп жібергенімде құда ортаға сұлап түсті. Құда талып қалып, жұрт дем салып жатқанда маған:
– Құдай атқыр-ай! – деп кіжінді Келдекбай.
– Жер жұтқыр-ай! – деп жынданды жеңгеміз.
– Ал, зорлай қойыңдар! – деп тістенді әйелім…
Көркем шығарманың идеясы ұғымына көп жүк артып, ақылгөйсіп жүрген жазушыларымыз қаншама? Атақты Флобер: «Менің­ше, жазушының өз көзқарасын айтуға құқы жоқ. Бар болғаны жасау және үндемеу» деген-ді. Төкең біздің осы әдетіміз жаман деп оқырманына мораль оқымайды, оқиғаны келістіре суреттей отырып, зиянды дәстүрсы­мақ­тың тас-талқанын шығарады. Жазушы­ның бұл әңгімесі Флобер тұжырымының үдесінен шығып-ақ тұр.
Төкеңнің 1987 жылы аталмыш баспада басылған екінші «Оңай деймісің?» кітабында «Біздің Тәкең» деген әңгіме бар. Ол әңгімені оқығанда езу тарту аз, жападан жалғыз отырып ішек-сілеңіз қатады. Мұнда да сынап-мінеу жоқ, зіл жоқ, құдай ақкөңіл жаратқан Тәкеңнің таң-тамаша қаларлық бейнесі бар. Көзімізден жас аққанша күле отырып, ертеректе Тәкең сияқты өз аулымызда өмір сүр­ген, құрбылары әжуа қылатын, әрі итеріп-бері жығатын, аржағы кіршіксіз таза, аңқау ағамыз еске түсіп ойланып қаламыз. Тәкеңе бір бүйрегіміз бұрып, жақсы көре бастаймыз. Себебі қазақтың әр аулында осындай Тәкең­дер бар. Яғни Төкеңнің Тәкеңі – типтік образ. Төкең «Біздің Тәкеңімен-ақ» қазақ әде­биетінің тарихында қалуға құқылы. Тө­кеңді сексенге келді деп мақтап отырған еш­теңеміз жоқ, бізсіз-ақ жазушыға бұдан отыз жыл бұрынғы, 1987 жылғы Әдеби жыл қорытындысында, күллі қазақ жазушылары­ның алдында «Даусыз талант» деген баға берілген.
Қара танитын адамға мағұлым, тіл – әдебиеттегі ең басты құрал. Төкең сөз саптап, сөйлем құруға шебер. Өзі өскен ортаның, халық тілінің қаймағын қалқып алып, пай­даға жарату амалын көргенде еріксіз тәнті боласыз. Көркем шығарма кейіпкерлері­нің тіліне қойылар ең басты талап – оның таби­ғилығы, кәдімгі тірі адамдардың сөзіндей болып шығуы. Бұл биіктікке жазушының жазушысы ғана шыға алады. Көптеген кітап­тарды ашып қалсаң жалған риторикадан көз сүрінеді, қайтадан жаба қоясың. Төрежанда әр кейіпкер өз «тілінде» сайрап тұр: бала – баланың тілінде, қария – қарияның тілінде. Мысалға, «Әй, әжем-ай» әңгімесін қа­райық.
«Өсе келе менің балам бала сияқты болды да, әжемнің баласы «жиен» болды. Қоян­күл екеумізді әкемізден боқтайды. Кейде шешемізді де еске салып тұрады. Әж­ем болса «Еркелік қой, есі кіргесін қояды» деп маң­айлатпайды. Кейде «Менің өлгенде көр­ген жарық дүниемді сендер алалайсыңдар» деп тиісетіні бар. Бірде «жарық дүние» жат­қан бұзауға артынан келіп мініп алып, ол аузын ұрып мөңкіп жығып кетті. Күйіп кетіп сәл нұқып қалып ем, аңырап әжесіне тартты.
– Әй, әже, мына Бекен, әкеңнің аузын… мені ұрып…
– Ой, жарық дүнием, қошақаным-мо­ма­қа­ным! Әй, ит, сен неге менің баламды ұра­сың! Мен көзімнің тірісінде баламды саған ұрғызып қоймаймын! Құдайдан тапқыр, менің баламды алалап…
Сөзінің бір ұшын келініне де тигізіп жіберді. Екі күн тамақ ішпей бүркеніп жатып алды».
Жазушының аталмыш жинағында «Ойыл­дағы өлген жылан», «Солай болса ке­рек-ті» дейтін тамаша әңгімелер бар. Күл­діреді, күлдіре отырып ойға қалдырады. Тө­кең әңгімелері негізінен құрғақ күлкі емес, ойға құрылған лирико-сатираға жатады. Қаламгер туындыларындағы образ сипаты, мінез қақтығысы өте сенімді. Қорытып айтқанда, Төрежан Мәндібай «Сыпыртқы командасы» жинағы арқылы сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ сатириктерімен иық теңестірсе, «Оңай деймісің?» кітабымен қазақ сатирасын өрге сүйреді.
Адам өмірінде амалсыздан істелінетін істер болады. Кешегі Совет өкіметі тұсында отарлық езгідегі қазақтың көрмеген бәлесі жоқ – билік басына небір кісәпірлердің келуі, бай-бағландарды кәмпескілеп, итжеккенге айдау, қазақтың бестен төртін қысастықпен қырып тастаған геноцид, зиялысынан бастап ауыл мұғаліміне дейін атып-асу, қазақ мектептерін жоспарлы түрде жабу, жерін талан-таражға салу, кембағал күн кештіру үшін үш қара, он тұяқтан артық мал ұстатпау, астығын алып, өздерін ішер асқа жарытпау. Осының бәрін басынан өткерген Төрежан аға оны айтпай, жазбай отыра алмады. Үнсіз қалу кешірімсіз күнә деп есептеді. Ішіне сыймады, амалсыздан саясатқа бет бұрды. Қазақ сатирасында әлі күнге жоқ саяси сатираны қолға алды. Советтік құлдық санадан арылмаған ортада мұнымен абырой ала алмасын анық білді. Сонда да. Қайталап айтайық, осылай істейін деп емес, амалсыздан. Сөйтіп, «НКВД дәп­тері», «Данышпан патшалар туралы хикаят» сияқты өлмес памфлеттер сериясы дүниеге келді. Бірсыпырасы облыстық «Ақтөбе» га­зе­тінде, «Жалын» журналында жария көрді. Айтқандай-ақ, құлдық санадағы тобыр ұлардай шулап қоя берді. «СССР-ді отыз жыл билеп-төстеген, кешегі біздің Ұлы Отан соғысымызда жеңісті өз қолымен бізге алып берген данышпан Сталинде несі бар? Ол болмағанда қайтер ең, отырар ең немістің ез­гі­сінде отары боп. СССР сияқты алып мем­лекетті басқарған, Қазақстанда тың көтерген Н.С.Хрушевті келеке қылатындай бұл кім еді? Социалистік реализм емес пе біздің даңқты жазушыларымызға бағыт-бағдар беріп, атын шығарған. Жазатын тақырыбы таусылғаны ғой…». Осылай кете барады. «Күн көсеміміз» данышпан Лениннің бет пердесін ашуда да қазақ қаламгерлері арасында алғашқы боп, орыс зиялыларымен қа­тарлас біздің Төкең жүр. Облыстық «Ақ­төбе» газетінде 1993 жылы басылған «Ленин бізге тәуелсіздік әперді ме?» деген мақаласы үшін де талайлар жабыла кетіп, біраз әлекке салды.Төкең енді жоғарғы жақ­қа да, тө­мендегілерге де онша ұнамай қалды. Совет құлаған еді, сонда да ұнамады. Саяси сатирасы жоқ елде туып, тұрып жатқан адамдар тосырқай қарады. Тосырқап келеді. Төкеңнің «Ал мен Бердің ұрпағы», «Қазығұрт-Қорасан» кітаптарына енген саясатқа байланысты әңгімелерінің шын бағасын беру келешектің ісі боп тұр. Бірақ бір нәрсенің басы ашық – Төрежан Мәндібай (айтпақшы, Төкең Ақ­төбе облысында «евті» бірінші боп алдырып тастаған кісі) Қазақстандағы саяси сати­раның іргесін арнайы қалап, түбегейлі негіздеген жазушы.
Төкеңнің көсемсөз тарабындағы еңбек­тері де бір төбе. Мұнда да жазушының өзін­дік философиясынан, ұлтшылдығынан туындаған басқаға ұқсамайтын бөлек көз­қарас, тосын ой уытты тілмен астасып, оқыр­­манын елең еткізеді. «Көңіл түйткіл­дері», «Теміржол мафиясы», «Тәртіптің жолы әне тұр, қазақ» сияқты кезінде әрқилы баспасөз бетіне жарияланған көсемсөздерін оқи бастасаңыз, аяғынан шықпай бас ала алмайсыз.
Төрежан ағаның күнделікті тіршіліктегі мінез-құлқы да өзгеше. Өзін көрмей тұрғанда сатиралық туындыларын оқып: «әй, осының жеті қудың бірі шығар» деп ойлағам. Кейін жүздесіп, біраз бірге жүргенде ағаның бала сияқты аңғал, ақкөңіл адам екендігіне көзім жетті. Еңкейгенге еңкейіп қалбалақтап тұр. Қолының ашықтығы, қалтасының тесіктігі өз алдына бір жатқан жыр. Ақжарқын аға­ның қасында жүру, оның тереңнен тарта қозғайтын келісті әңгімесін тыңдау айызың­ды қандырады. Жұтап жүрген көңілің рухани жағынан байып, ерекше күй кешесін. Қалмай ере бергің келеді, бірақ мына алма­ғайып асығыс заманда қай ойлағаның болып тұр… Бұл айтып жатқанымыз жалғыз маған ғана тиесілі пікір емес, жазушымен араласқан адамдардың бәріне ортақ пікір. Мысалы, мі­незі шәлкес, анау-мынау адамды көзіне ілмейтін марқұм Сәбит Баймолдин дейтін ақын ағамыздың өзі: «Төрежанды тыңдау да, онымен бірге бір сәт болу да кәдімгідей сергі­тіп тастайды, – деп ағынан жарыла келіп, – шын дарынның ажарлы ғұмыры ұзақ, әзілі мол болғай» деп тілек тілепті («Егемен Қазақстан» газетінен).
Елді күлдіріп жүргенімен Төкең уайымы көп адам. Уайымдайтыны өз жеке басының жағдайы емес, қазақ дейтін халықтың жағ­дайы. Қазақ көгерсе, көктесе дейді, өйтіп-бүйтіп қаз тұрып, белортадағы елдердің қата­рына ілініп кетсе дейді. Коррупция деген бәле жойылып, әділдік алғы кезекке шықса, егемендігімізден айырылып қалма­сақ, қазақ бақуатты өмір сүрсе дейді. Басқа тілегі жоқ. Оның бүкіл шығармашылығының алтын арқауы да айналып келгенде осы екені көзіқарақты адамға көрініп тұр.
Сексенге келгенімен ағамыз әлі тоқыра­ған жоқ, тұрақты түрдегі жазу үстінде. Үлкен еңбегі оқырмандарына жетер күн де алыс емес. Құдіреті күшті Алла бәріміздің соны көруімізге жазғай.
Түйіп айтқанда, жапон әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі Акутагаваның көлемі шағын «Мұрын» атты алғашқы әңгі­месін оқып шыққан соң, Сосэки (олардың М.Әуезові): «Бала бұдан кейін ештеңе жазбаса да жапон әдебиетінің тарихында қала­ды» деген екен. Төкеңде сондай әңгіменің әлденешеуі бар. Демек,Төрежан Мәндібай — қазақ әдебиетінің тарихында мәңгілікке қалған жазушы.

Жұма-Назар АСАНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері,
филология ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір