…тымық түнде төсіңе Ай қонақтар…
30.03.2017
1185
0

***
Әуресінен қажығанда тірліктің,
Өлең, сенен
мейір күттім, нұр күттім.
Уақыт бейне ұршықтайын зырылдап,
Өтіп жатыр жылжып жыл, ай,
сырғып күн.

Тікендерді әлім жетсе гүл етем,
Көкейіме көп арманды түнетем.
Бәрі алдамшы – ойын-сауық, жиын-той,
Сырласым да, мұңдасым да –жыр екен.

Шырағы боп қанша жандым өшкеннің,
Сөздің дертін өз дертім деп көшке ердім.
Өміріме, серігіме айналған
Қасиетіне қара өлеңнің бек сендім!

НАЙЗАҚАРА
Шыңы шырай бермесе тау бола ма,
Дәл өзіңдей биік бар қай қалада?
Тымық түнде төсіңе Ай қонақтар,
Алматының айбары – Найзақара!

Жалындамай қалғанда от-өлеңім,
Кеудеңдегі көк бұлттай жөтелемін.
Салым суға кеткенде, Найзақара,
Саған қарап еңсемді көтеремін.

Пендең болса өзіңді ескермеген,
Есіңді жи, жүйкеңді тексер дер ем…
Қайда қара – таулардың керуенінде
Найзақара қасқайып төске өрлеген.

Алатауым айбарлы қартым, білем,
Аласадан айырам парқыңды мен.
Найзадайын шаншылған Найзақара,
Осы тұрған сүйемін қалпыңды мен!

ҰЗЫНАҒАШ
Тігесің хас ару деп қызына бәс,
Тәртіпсіз ештеңе жоқ бұзық, оғаш.
Көшелер, көрікті үйлер, жинақы жұрт,
Кәдімгі қарапайым Ұзынағаш.

Кездесіп кереметтер ішінара,
Жәкеңнің жалт қаратар мысы дара.
Қонағын өлең-жырмен қарсы алатын
Бұл да бір үлкен ауыл, кіші қала.

Ұнайды әппақ, адал көңілі анық,
Барады көшесімен өмір ағып.
Ақындар шабытының алдаспанын
Қайтады қайрағына жанып алып.

Мысқылдап жымияды өкпелесең,
Тыңдайды өлеңіңді төкпелесең.
Кәдімгі бәз-баяғы Ұзынағаш,
Е-е, жалған…
Есенқұлы жоқ демесең!..

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАҢБЫРЫ
Қояр түрі жоқ тіптен,
(бұлтқа сіңді қаңғып Ай…).
Сере қарды көпсіткен
Желтоқсанның жаңбыры-ай.

Қалмаса екен жасып ұл,
сезіп өмір салқынын.
Төгілген көз жасы бұл
бәлкім сексен алтының?..

Ызғырық та соғар кеп,
салып айғай-сүреңін,
Арты қалай болар деп,
түршіккендей жүрегің.

Қара боран ұлып тұр
қабағандай қарғылы.
Сел-селеу боп құйып тұр
желтоқсанның жаңбыры…

ЖЕР ТУРАЛЫ ШЕР
Поэты плачут – нация жива.
Булат Окуджава.

Қара жер,
астың – қайғы, үстің – қайғы…
жатыр ғой жариялап күштің бәйгі.
Жері ғой жеті атамның деп жыласам,
Жемірлер құлағына қыстырмайды!

Зарладық қаншама жыл Жер-Ана деп,
Сатуға Жер-Ананы бола ма деп.
Ендігі нәлет мынау жүрісіміз,
Жері жоқ алақандай қалаға кеп…

Айналып алпауыттың көз құртына,
Күлшедей бөліп алды озбырсына.
Киесі ұрар ма екен, бір күні кеп,
Болмадым өзім ие өз жұртыма…
Шыдамы ширығуда тәмам елдің,
Жарылар жүректерден жара көрдім.
Саудаға көрін салған сатқындарды,
Қарғысы атар ма екен қара жердің?!

МЕНІҢ ҒАЖАП ТҮСТЕРІМНІҢ ҚОНАҒЫ
Кел, төрге шық,
(таң сарғайған жоқ әлі…)
Менің ғажап түстерімнің қонағы.
Біз беттеген беткейлерде
гүл тұнып,
қол бұлғайды көкжиектің жолағы.

Өлшем болмай аспан, мұхит, жер шегі,
Саяхатқа шақырайын мен сені.
Шырқай ұшып күллі әлемді шарлайық;
Түсі оңғанның ісі оңады деуші еді.

Барша бақты орнатардай басыма,
Сені ғана шақырайын қасыма…
Менің ғажап түстерімнің қонағы,
Қол тигізіп қуанайын шашыңа…

Таусылған жоқ, сарқылған жоқ жол әлі,
Қаңсыған жоқ қара қобыз шанағы.
Екеумізде ең…
бір…
әсем үміт бар
Менің ғажап түстерімнің қонағы!

ЖАНАРБЕК
Аялайсың, есіркейсің ағам деп,
Қу тірлікте сенім артам саған көп.
Тілеуіңді тілеп жүрген мен бір жан,
Нар інімнің бағы бір күн жанар деп.

Жан емеспін бауырға бай, малға бай,
Жүрісінен жаңылмасын жорға қай?..
Мен сүрінсем – бармағыңды тістейсің,
Мен ауырсам – шырылдайсың, жалған-ай!

Інімен де, ағамен де жарастың,
Жоқ-жітікке Атымтайша қарастың.
Елдің мұңын, жердің мұңын айтқанда,
Айбатына айналасың Алаштың!
Қасиеті қаныңда бар қасқырдың,
Тани алдың – сатқындар кім, тақсыр кім.
Тар қылтада тепсінісіп келгенде
Тең атаның талай ұлын састырдың!

Арқаладың арда үміттің ауырын,
Есіркесін Хақ Тәңірім тау ұлын.
Қара жолда хасыл болып мұратың,
Дара жолда биіктей бер, бауырым!

Нар інімнің бағы бір күн жанар деп,
Тілеуіңді тілеп жүрмін ағаң боп.
Туған елдің туын биік желбірет,
Сын сағатта сенім артам саған көп.
Беу, Жанарбек,
Жанарбек!

Ашхабадқа арнау
(Түркменстан сапарынан).
Ашхабад деп аталған арман қала –
Жауһар қала, ақ қала, мәрмәр қала!
Жұмыртқадай ақ үйлер тұрғызыпты
әппақ құмның үстіне сардар дала.

Ертеңінен алатын есе бардай,
Құм ішінде сағым боп көшеді, Алла-ай!
Көше көркін кіргізген қыздар қандай,
Оқтай түзу созылған көше қандай!

Сеңсең бөрік сес берген шалдар қандай,
Келбетіне барша жұрт таңқалғандай.
Түрікпеннің алғаусыз ақ сенімі
Ашхабадта арман боп жалғанғандай!

Бұ ғасырды түрікпен ғасыры деп,
Арманына жалғайды асыл ізет.
Анау қырдың астында ахалтеке
Арқырайды құлаққа хас үні кеп.

Сақталыпты мызғымас салтында сыр,
Копетдағы өсірер нар тұлғасын.
Ашхабадтың үстінде қалықтайды
Мақтымқұлы аңсаған алтын ғасыр!

***
Белбеуіне семсер емес, серт ілген,
Сеңсең бөркі тұмарындай тер сіңген.
Шөл даланы, ен даланы жерсінген,
Беу, Ашхабад, тамсандырдың көркіңмен!

Тамылжып тұр Тәңір берген бақ, талай,
Қалай кетем өлең жазбай, мақтамай…
Қонағына құрақ ұшқан көңілі
Үлбіреп тұр кіршіксіз ақ мақтадай.

Мәрт мінезбен мәрмәр қалап, тас қалап,
Саған қарап көш түзейді жас талап.
Сан тарапты тамсандырып көркіңе
Жасара бер, жарқырай бер, Ашхабад!

***
Түсірді еске жаз күніндей күз елді,
Сәл мұңайттық ақын апай Гүзелді*.
Алматыны бетке аламыз кешқұрым,
Ал, Ашхабад, қоштасайық біз енді.

Қолымды алды күлімсіреп көсемің,
Сеңсең бөрік, семсер сөзді көшелің.
Қайда барсам алақанда аялап,
Табаныма қызыл кілем төседің.

Өлең оқып, бір шежіре қайырсам,
Күн күлімдеп, қалар түнгі Айың таң.
Беу, түрікпен, бауырмыз ғой біз деген:
Сен – Сейілхан болсаң, менмін – Жайылхан.

Тұрғыздыңдар алшысынан асықты,
Гүл-гүл қыздар мерейімді тасытты.
Баһаргүлдер бұрымынан сипатып,
Ахалтекең құлақ түптен қасытты.

Дидарластық достар тауып көптеген,
Мешітің де мейірімін төкті ерен.
Мәрмәр мүсін пәк көркіңе таң қалдым,
Ақ қызғаныш көңілде бар ептеген.

Асқақ қала, арман қала, ақ қала,
Ұқсап кеттің пейіштегі баққа да.
Бас-аяғы бір аптада қаншама
Таптым сенен жақсы інілер, жақсы аға.

Орнатқандай ойға сенім, басқа бақ,
Ақ бұлттарың желбірейді ақ қанат.
Жол түсе ме енді қайта өзіңе,
Енді қашан кездесеміз Ашхабад?

Ерен іспен ертеңіңді ойлайды ел,
Бақытыңды аспандағы Айдай көр.
Еңсең биік бола берсін әрдайым,
Жарқырай бер,
Беу, Ашхабад,
Жайнай бер!

ЖЕКПЕ-ЖЕК
Ардақ Назаровқа.

Кімге керек, мұңыңды айту өкпелеп,
Ер жігітке есе әперер кек керек!
Шаршы алаңда алдаспандай жарқылда –
Ұлт намысын қайрайды тек жекпе-жек!

Түйісіп кеп батысы мен шығысы,
Жарқылдаса сауыт-сайман, құрышы.
Жекпе-жекте – хас батырдың тәлейі,
Жекпе-жекте – қалың қолдың үміті!

Тілеу тілеп ата-анасы, жан жары,
Сыналады сардарлардың саңлағы.
Ұлт намысын қолдан бермеу – ұлы сын,
Жекпе-жек бұл – ер жігіттің арманы!

Асқақ болса арттағы елі, тірегі,
Ел деп соғар тітіркенбес жүрегі.
Ұлт рухы дарымаған сарбаздың,
Жекпе-жекте шашылады сүйегі!

Азаматтың сынға түсіп сан қыры,
Сауыт қан боп, шықсын мейлі дал-дұлы,
Жетпіс жылдық соғыста емес, халықтың
жекпе-жекте шешіледі тағдыры!

Толы болған шайқастарға, егеске,
Ұлыс жолын сақтар мәңгі ел есте.
Алашыңның айқындаған ертеңін
Абылайдың жекпе-жегі емес пе!

Ер жігітке ерен-қайрат, сес керек,
Мәңгілікке көш бастайтын ес керек.
Шаршы алаңда алдаспандай жарқылда –
Ел намысын қайрайды тек жекпе-жек!

МЕН
Не қоладан, не темірден қашалмай,
Туабітті асаулықты баса алмай,
Алатауды арқа тұтып жүрмін Мен
Ана тауды мына тауға қосардай!

Бақыт деген көрсетпейді сұлбасын,
Бұл да бәлкім тәлейсіз боп туғасын.
Ақ тақырда ат ойната алмадым,
Қақпақылда жүргеннен соң бір басым.

Ессіз шақта елес қуып ерлегем,
Өзгелерді өзімдей деп сенген ем…
Жаралдым ба жалғыз болып о бастан,
Тап алдыңда осындаймын Мен деген!..

Мен – мен едім, менмен едім, мен едім,
Енді, міне, жалғанда жоқ сенерім.
Тартысына тар заманның тап болдым,
Талқысына тағдырымның көнемін…


*Гүзел Шагулыева – ақын,
Түркменстанның қаһарманы.


Кәдірбек Құныпияұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір