ЕР ҚАЗАСЫ
«Осы сіздерде мақтану дегенді білмейтін біреу бар еді, есімнен тарс шығып кеткенін қарашы». Аса қадір тұтатын іні-дос аңырулы ұсқыныма сынай іркіліп, езуіне мысқыл шалыс күлкі үйірген қалпы: «Мақтанбайтын Шапыраштыны айтамын» деді ақыры. Осы атауға қатысты пенде біткеннің төрт түлігі сай, төрт құбыласы тең, маңдайының бес елі ырысы бардай ерекшелей көрсететін ұғым алыс-жақын қазақ арасында жеткілікті. Солай болса да Рафат ұстанымын ешкім терең ұғына қоймағандай. Тұла бойы тұнған шындық еді десең біреу оған сенер я сенбес. Жасы кіші әріптестердің «Әулие» деп анықтағанын әзірге ары ысыра тұралық. Адамды жақсы көріп, орнын жоқтаудың жолы мен жөні қанша көп болса да, күтпеген жағдаятқа бетпе-бет ұшыраса қалсаң – құдайым-ау, «көрмес түйені де көрмес» дегеннің кері осы екен ғой дейсің. Рафат қырқының дастарханында «ерекше жаратылыс иесі екенін өзге түгілі өзім де байқамаппын» деп ағынан жарылған туған інісі Қайраттың сөзі көп ойға жетелейді. «Рекең зор мүмкіндік иесіндей көрінуден бір танған емес» деген тұрғылас ғалымның сөзі көкейден кетпей жаңғыра беретіні несі екен.
1951 жылдың 21 наурызында өмірге еңбектеп енген Рафат Әбдіғұлұлы алпыс алты жасқа қырық күн қалғанда үстіміздегі ақпанның 13 күні дүниеден шалқалап озып бара жатты. Көргенің мен көңілге түйгеніңді, алған әсер, қорытқан ойыңды бүкпесіз бөлісетін адам – тағдырдың үлкен сыйы екен де, соның рет кестесі кене-тенеден бұзылса арқа сүйер нарың құлағанымен бірдей жаныңды жабырқатар шындық екен.
Ақтық сапарға аттандырып салудың әдеттегі қаралы жиыны десе де, жиылған көпшіліктен тобырлық мәдениет белгісінің жұқанасы да білінбеді. Мінбеге көтерілгендердің көбі мансап иелері мен бастарына бақ-дәулет қонғандардың қасында төменшіктей қоймайтын жұртшылыққа танымал зиялы қауым өкілдері. Құбылаға қарата жатқызылған сүйек алдында сөйлегендер адамгершілігі мен ғалымдығын әспеттеп, еңбегі мен ерлігін бұлдай алмас икемсіз жаратылысын тұспалды емеурін арқылы жеткізгісі келген сарында күңіреніс те жоқ емес еді. Дәл осы кезде ғалым шенеунік өрекпуін баса алмаған қалпы: «Алғаш кездескенде-ақ бұған дейін неге қорғамағансың», – деп сұрағанмын. «Жетекшім болмады», – деп жауап қатқанын шімірікпестен айтқанда – топыраққа әлі еніп үлгермеген сүйек иесінің мінез қалыбына мұндай сөз сыйымсыз, обал жасап тұрғандай көрінді. Әрі сыныптас, әрі немерелес туысы Бақыт Балайұлы ұзын тұрқына бола балалар Рафатқа «жираф» деген жанама ат қойған еді. Жасөспірім шағында өзіне оңашада оқып берген фантастикалық әңгімесінің мазмұнын қысқаша баяндауға кіріскені еш оғаш көрінбеді. – Тек сол арада «үш-төрт көгенкөз біз де бір емес пе едік» деп дауыстап үн қата жаздағанымыз болмаса. Бақыт сөзі жиылған көпшіліктің бірқатарын тәуір әсерге бөлеген екен қарасақ. Мұрат Әуезов, Дияр Қонаев, Айгүл Ісмақова, Жанарбек Әшімжан қанша жүрекжарды сөйлесе де, қонақасы үстінде Марат Әдібаев Рафат сыныптасының тебіренісіне айрықша тоқталып өтті. Әуезов мұражайы үшін Рафат өлімі орны толмас қаза екенін тегеурінді екпінімен өкіне жеткізген кезде: «Бар жоғы мұражай ма?» деп аясын тарсынып, қоңалтақсулы халде қабылдағанымыз да рас. Келтелік дегенің бәрібір сыр бермей қоймайды. Мұхтар Әуезов мұражайы әйтпесе жай атаудан гөрі мәртебесі жоғары киелі орын емес пе. «Абай жолы» эпопеясын әр саққа әуектетіп әкететін әдетке үн қатпастан түксиіп отыратын Рафат: «Жинаған материалдарды көрсең, тағы төрт кітапқа жетерлік. Соларды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдырудың азабын айтпайсыңдар ма. Қазақ арасында ғана өйтті, бүйтті деген әңгіме толастамайды. Ұлылардың аты ұлы, солардың көбінен Әуезов артықшылығы – әмбебап», – деп қысқа тұжыра кесіп тастайтын. Мұраға деген көзқарасының тұрақтылығы жөнінен Рафат тақуалық ғұрыпты ұстанғанға ұқсайды. Ленинград университетінің студенті Әуезовтің Чехов драмалары мен Жетісу алабындағы албан ақындары туралы орысша жазған зерттеуін табу Рафат маңдайына жазылғаннан бөлек – оның осы жұмысқа тұруын ұзақ күтіп жатқандай көрінеді. Соны алғаш кезіктіріп, оқығандағы қуанышы мен жарыққа шығарудағы ұмтылысы күні бүгінге дейін есімізде. Сом алтынның буына елтіп, мол олжаға кенелген нұрлы өзгерістің төтендігін дер уағында аңғарып, қуанышын үстемелей түсудің орнына салғырттау тыңдап, салқын райда қоштағаннан сау емес шығармыз. Әдебиет институтында жұмыс істеп жүрген шағында қат-қатымен жиналған папкілердің арасынан Сарыбас пен Жамбыл айтысының жаңа нұсқасын кезіктіргенін қайта-қайта айтып, «Жұлдыз» журналына бастырғаннан кейін барып арыны басылған сияқтанды. Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағына 150 комментарий жазғанын тікелей жұмысы санағаннан болар, шет жағалатып қана айтатын. Томдарды өткізу бағдарына кіріскен кезде комиссия тарапынан ешқандай ескерту естімегенін мақтан қып емес, ризалық шырайда баяндайтын.
Мінеки, енді есік пен төрдей аралықта кесе-көлденеңнен жатқан алып азаматпен бұл дүниедегі соңғы рет қоштасу барысындағы налаңды қанша жұлқынып шығарсаң да, құла дүз кеңістікке маңған үнің көгілдір толқындарға сіңіп, ширатыла есілген сағым арасынан Рафаттың еңсегей бейнесі көлең қаға көрінетін сияқтанады. Байтаққа аты мәлім ғалым, ақын-жазушылар, лек-легімен ағылып келген көпшілік көңілдерін риясыз білдірген соң ба: «Апыр-ау, Рафат мықты екен ғой» десті сыныптастар бір-біріне телміре қараған күйлері. Адам танудың алаңсыз қамсыздығы ма, кештетіп болса да мойындады-ау, әйтеуір! Мұның бәрі жазушы, ғалым, қоғам қайраткері деген өне бойғы жарнамаға академик дегенді қосақтайтын тұстастарының қылығы саналарына тұлға болып қонақтағанның кесірі шығар, бәлкім.
Тіршілік ағысының түйткілді әңгімелер ахуалының барысында атжақты, қараторы пішіні түтігіп, тікеден-тік шаншылта қадаса да, ызбардан гөрі қарасынан ақылды ұшқынының сәулесі себезгілеп өтетін. Баяу төңкеріп әкететін шарасында сезгір түйсігі бойлап үлгергендегі тоқтамы білінсе де, сол арада ашып айтпастан томсырайған қалпы үн-түнсіз отыратын да қоятын. Күндердің күні болғанда атжақты кескіні толқынысын жасыра алмай алабұртып, көкейінде көптен жүрген ой-сырын ашып тастаудан бұрын назарын бір нүктеден тайдырмай едәуір іркіліп алатын. Ақиқат ажалының алдында тұрғандай қоңыр даусының екпін ырғағына ішкі тебіреніс тербелісі ілесе қосылып, жасанды көлгірліктен ада – табиғи тұп-тұнық үні үйдің ішін кернеп ала жөнелгендей көрінетін. Адам болмысындағы өзгеріс құбылысты пиғыл ниетіне орай тарау-тарау өрбіткен тұжырымдары сырттай өзімізше кесіп-пішіп жүрген ойымызға сәйкесе құйылыс табатынына таң-тамаша күй кешкеннен басқа амалымыз жоқ еді. Әңгіме кезегі енді шығармашылыққа қарай ойысқанда, әлдебір автор қолтаңбасынан бұрын жан дүние қоймасына үңіліп: «бала кезде қатарластарынан көп таяқ жеп, өзін соның кесірінен кем санау сезімінен арыла алмай қалған» деп пенделік осалдықтарын жіпке тізгендей шұбыртып әкететін. Бәлкім, бұл Добролюбов сынына ертерек үңіліп, соның ұстаным шынайылығына елтіп, еліктегеннен шығар. Бәрімізден бұрын «Обломов» романын оқып ап: «Мен тура сол Обломовтың нақ өзі екенмін» дейтін шарасы таусылғандай бәсең үн қатып. Отыздың ар жақ, бер жағындағы осынау аңғарымпаз қасиет он жылдың жазығы бойында жарасымын жоғалтпастан жалғасқандай көрінеді. Дүниенің қилы-қилы бұралаң-шырғалаңы, қаңқу-қауесетке толы қиянат, қазақы ортадағы ішкі іске араласу секілді қаратабандау «жанашырлықта» қорғануға бейімсіз ол оңашалықтан өзге жол таппай томаға-тұйық өмірге бой ұра бастап еді. Әуелгі арманы әдебиет ауылынан алыстап, атқұйрығын біржола үзіп жібергендей көрінген.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жүргізілген анкета бойынша жазушы Қуаныш Жиенбаевтың берген жауабы Рафаттың жастықтың қоламтасына жатқан шоғын үрлеп, тұтатқандай көрінді. Алдыңғылар мен кейінгілердің тура ортасындағы тұтас бір буыннан көп ешкімнің назарына ілікпей, қақастау қалғанын меңзеген еді. Соның арқасында Несіпбек Дәутайұлы, Серік Асылбекұлы, Әлібек Асқаров, Қуаныш Жиенбаев, Қуандық Түменбаев шығармаларының байыбына байсалды барып, жан-жақты талдаған сериялы мақалаларды бірінен соң бірін үзбей жазып жариялаған еді. Мұндағы басты нысана осы қаламгерлердің кескіндеген бейнелерінің ерекшелігін негізі ұстаным ғып алған бағыт біраз жұртқа ескі сарын, жүріп өткен соқпақтың бұрынғыдан қалған сүрлеуіндей көрінді. Әдебиетші інішектің бірі мұндайда сын керек деген емеуріні сол ойды меңзегендей. Осы мақалалардың өн бойында асыра мақтап асығыстыққа бармайтын, кемшіліктің өзін әдеп-ибамен жұмсақ жеткізетін ұстанымының арқасында ешкім шамданбады да, талдаудың қисынына еш қарсылық білдірмеді де.
Әкесі екеуінің де тағдыр жолдары ұқсайтындай. Капитан шенімен ұрыстан қайтқан адам ауылды былай қойғанда, аудан көлемінде де сирек. Зенитші Рафат соғыс өнеріне үйрететін ученияда дивизия бойынша бірінші орынды иеленгені үшін онкүндік демалыс алады. Тұтқиылдан келеңсіз жағдайға ұшырап елге барудың дәм-тұзы бұйырмай қалады. Азаматтық борышын өтеп жүрген сол уақыттарда Ресейдің жоғарғы оқу орнын бітірген жерлесі бұған взвод командирі болып келеді. Кездескен бетте бір-бірін бауыр тартып, үйіне жиі-жиі ертіп апара бастайды. Жерлесінің әйелі де ұзын бойлы жігітті туысқандық сезімдегі ықылас ниетін аямай білдіреді. Әскерден қайтып, оқуын оқып, жұмысын істеп тіршілігін реттей жүріп әлгі жерлесімен байланысын үзе қоймайды. Болашақ дөкейді бала-шағасымен қалаға да апарады, ауылға да әкеледі. Кезінде взвод командир болған жерлесі кейін қызмет баспалдағымен өрлеп, мансаптың Олимп шыңына дейін көтеріледі. Тағдырдың көктен түскен сыйына Рафаттың пенделік әуселесі оянып та қоймастан алдына да бармайды. Осындай бір жігіт бар еді деп ол да іздей қоймайды. Арада көп жылдар өткенде Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай дайындығымен танысуға бір топ басшылар сау етіп келіп қалады. Солардың арасынан дөкей жерлесінің қарасы көзіне жылы ұшырайды. Рафаттың өміріндегі аса бір қиын кезең еді ол. Бастығымен тіл табыса алмай әлекке түсіп жүрген шағы. Егер тап сол сәтті дұрыс пайдаланып, бүкіл жұрттың көзінше дөкеймен емен-жарқын амандасып, қасында кішкене аялдаса – көбісі бұның көлеңкесінен қорқа бастар еді. Ал бұл жағдайын айтудың орнына тапжылмастан мелшиіп тұрып алады. Кейіннен ағаңа «неге амандаспадың» деп сұрағанда: «Бойы қысқарып, өзі кішкентай болып қалған ба?» деп өзімізді сұрақтың астына алғанын не деп түсіндіруге болады.
Қырық, я одан да ұлғайыңқы тартқан шағымыз ба, ықыласты әңгіменің әйтеуір өрістеген сәтінің үстінде баяғы бала кезде жазған фантастикалық дүниесінің жай-жапсарын сұрап неміз бар еді. Дереу жиылып ала қойды да, түйіле суық қадалған мезет әлгінде ғана жадыраңқы шырайы ойсоқты кейіпке көшіп үлгерді. «Оп-оңай жазылатын жаттанды нәрсе болған соң тастай салғам», – деді жақтырмаған ыңғайда. Мұншалықты үзілді-кесілді тұжыруды күтпеген пақыр басымыз жаттандылықты шиырлаумен есіл уақытты зая қылғандай қуыстану халіне тап болғаныңды өзің де сезбей қалады екенсің. Ауырып, жаны әлекке түскен шақта да, осалдыққа барып мұңын шақпаған Рафат ата жолынан мүлт кетпеген қариядан аумай бара жатты. Тумысынан бейәдеп сөйлемей, кемсітіп, басынуға жаны қас ол жігіттердің әйел мінезіне салынып, жасып егілгенін алда-жалда ұшырата қалса – осынау әлсіздікті құдды өзі жасап тұрғандай, күреңіткен бет-жүзін тыжырынта бұрып әкететін. Классикалық әдебиетпен тікелей тәрбиеленіп, қалыптасқан эстетика – құндылық атаулыға құрметті суытпастан жан дүние алымын кеңіте түсе ме дейсің? Дүниежүзі әдебиетінен кез келген персонаждан мысал келтіріп, әңгімесін жалғаған кезде сөз желісіне сұранып тұрғандай қапысыз құйылыс табатын. Өзіне жамандық жасағандардың пендешіліктерін соншалықты жирене баяндаса да, солардың өрен-жарандарының мінезіндегі іріліктерді көре білуге еркі еркін жететін. Желтоқсан көтерілісі басылып-жанышталғаннан кейін ел аралауға шыққан Колбин алғашқы сапарын Жамбыл мұражайына ат басын бұрудан бастаған екен. Таныстыру міндеті бірден Рафатқа жүктеледі. Орыс тілін жетік меңгерген ол екпін ырғағын қанша дұрыс алса да, қарияларша жалпағынан сөйлейтін. Ұзын тұрпатын шалқақтау ұстап, әңгіменің ауанына қарай жүзін күреңіте құбылтып, тыңдаушыны баурап әкеткен уақытта кімді де болса айбындырмай қоймайтын сұс иесіне ұқсайтын. Жамбыл өзін ата жолымен аттандыруды аманаттағанына тоқталғанда – тіксініп, селт ете түскен басшы көз қиығының қырын тастағанын күлімсіреген сыңайда есіне алатын. Дерт терең дендеп, еттен ари бастаған ақырғы күндері Рафат перзенттік борышын аяғына дейін атқарып кетуге тырысқанына қанша түсіністікпен қарасаң да, о баста-ақ неге қолға алмады екен деген пенделік ой қылаң қағатыны бар. Үлкендер тарапынан жабылған жаланы әкесіне жеткізе алмай қиналған оқушы баланың жағдайын баяндаған осы жолдар иесі повесінің прототипі – Рафат пен әкесі еді. Соғысқа қатысты құжаттарды жинастырып жүріп, өмірден алынған сәттерін талдап, көркемдік уәжге тоқталған соңғы мақаласы «Ана тілі» газетіне жарияланған бетте бір аптаға жетпей өзі дүниеден озды. Оқыған дүниелеріндегі образдарды талдау машығы қатар өмір сүріп жатқан адамдарға ұқсатып айтқанда – кітаптағылардың демін тура қасыңнан сезілетіндей күй кешетінің бар. Сол соңғы мақаланың бір түйіні әрі таңырқатып, әрі опындыратын халге тап қылғаны несі екен. Екі кейіпкер де адал, капитан шенінде соғысқа қатысып, батальон басқара жүріп ерлік жасаса да әкесі өмір бойы елеусіз. Білімді де білікті бола тұрса да туған ұлы өзін көрсете алмайтын жігерсіз пақыр еді. Бұлайша қатал үкім шығарса да Рафатпен қызу пікірталасқа барып, мың сан мәрте ой бөліскен шақтар қайтып оралмайтыны өкінішті-ақ. Ақырғы күндері жүріс-тұрысы мен ұстамының әсері ауыр тисе де байыппен сөйлеп қана қоймай, құрыштан құйылғандай болмысының арқасында орасан дерттің салмағын қайыспай көтеріп, сыр бермей өткен екен-ау, сабазың.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.