МЕЙЛІҢ СЕНБЕ, МЕЙЛІҢ СЕН…
Үш көріністі шындықпен шымқалған қияли қойылым
Жылдың төрт мезгілінде «Қалжыңқалта» қақпасынан жайраңдап күліп келетін тотияйын тілді Мыңбай ағамыз 1 сәуір – Күлкі күні мерекесіне де бос келмепті.
– Мінеки!..
Оқиға оңтүстік астанамыз Алматы шаһарының «Кеңсай»-2 шағын шатқалындағы шәйіттер зиратында бақилықтар театрында бұрқырайды.
Қатынасушылар һәм басты рөлдегілер: Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Қасым Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев, Бердібек Соқпақбаев және өзге шәйіт болған бақилықтар.
Қоюшы-режиссері – театр өнерінің құйыны, тоқпағы мықты тұйғыны профессор һәм ҚР-ның халық әртісі Асқар Тоқпанов.
Бірінші көрініс
«Кеңсайдың» еңсесі биік төбесінің үстіне салынған Бақилықтар театры бақилықтарға толы. Көптен жетіқабат жер астында жатып, әбден жалығып жүдегендер бір-бірімен құшақтаса көрісіп, жайраңдасып жатыр.
– Ассалаумағалейкөм!
– Уағалайкөмәссалам! – деген дауыстар жиі естіледі: Театр сахнасының шымылдығы ашылмай көтерілген Елубай Өмірзақов домбырасын безілдетіп әндете жөнеледі.
Елубай Өмірзақов: Так-так. Тіл аузымыз қара тасқа. Таңдайтындарың «нақ-нақ».
(Жиынжайдан дауыстар): «Так-такты» қойып, «нақ-наққа» бас!..
Сол-ақ екен, Елекең желдей есе жөнеледі:
«Сөйле десең сөйлейін сөз келгенде е-һау…
Киер көйлек шаруа бөз келгенде тамаша-ау,
Денің сау ма, құдаша-ау?
Тобылғыны түбінен қазып алдым былқ-былқ,
Бөдененің етінен азық алдым сылқ-сылқ.
Абай қыздар абаубақ,
Тырнамақтай туайтақ,
Қыр басында қыз ойнақ,
Күндіз жын, түнде ойнақ,
Екі манақ… нақ-нақ…
(Жиынжайдан дауыстар): Ой, тумайкеткір Елубай-ай!..
– Өй, күлкіге өрісті тарланым-ай!..
Сахна шымылдығы ашылады. Сахна төріндегі маңдайшаға ірі әріптермен түзілген: «Мәселені бүйірінен» айдарлы – төтенше мәжіліске қатынасушыларға қырғын сәлем!» деген жазулар көз «қарықтырады».
Сахнадағы атшаптырым столдағы төралқаға исі қазақтың біртуар ұлтжанды ығай-сығайлары жайғасқан. Басында шашақты түркі тақия, қолында имек сапты таяқ Асқар Тоқпанов басқыштан асыға көтеріліп отты көзін оқтай сөз бастайды.
Асқар Тоқпанов: Елеке, «нақ-нағыңызға» рахмет, енді «так-тагыңыз»-ға келейік, «байтал түгілі, бас қайғы» дегендей, төтенше шақырылған мәжіліске жетіскендіктен жиналып отырған жоқпыз. (зілді дауыспен). Өзекті мәселелер аш өгіздей өкіре түсіп, өзекті өртей берген соң, өре тұра келістік. Қастерлі бақилық бауырларым, саптыаяқтың сабындай қысқа ғұмыр кешкенде де зәру мәселелердің зардабын көрдік қой.
Көрермендер дауыстары естіледі:
– Жарайсың, Асеке, бір-бірімізбен көріскенімізге шүкір, біз де қуаныштымыз, сілтей бер!
– Өй, сарбазым-ай! Түбін түсір, түйдектей соқ!..
Асқар Тоқпанов (қолын жоғары көтеріп):
– Алдияр, бейберекет шуламай, айтпақ сөзімді құрыш құлақтарыңызға құя беріңіздер, данышпан Абай «Айтушыдан тыңдаушың күшті болсын» демеп пе еді. Біріміз ойға, біріміз қырға тартып дабырламайық.
Піссіміллә рахман-рахим, сіздер қасиетті Құранымыздың хадис сүрелерінен хабардар шығарсыздар? (Жиынжайға жиналғандарға отты көзін тағы да қадай қарайды).
(Жиынжайдан дауыстар естіледі): Хабардармыз, әрине!
Асқар Тоқпанов: Төтенше мәжіліске қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнерінің қаймағы саналған саңлақ аруақтары жиналып отырсыздар, Оллахи, Сіздерден несін жасырайын. Түнде бір сиқыршы маған келіп: тоқпағы күшті Тоқпанов мырза, Сонау Райымбек даңғылына жапсарлас жатқан зираттағы ағайындарымызды дереу «Кеңсай» театрына шақырып кел!» – деп әмір етпесі бар ма! Құрдай жорғалап Райымбек даңғылындағы зиратқа зуылдап берейін. Сол иықтағы сайтанды сылқ еткізе ұшырып, оң иығымдағы періштем қанатына қондырып қас қаққанша алып барды. Шағын ұшаққа мінген секілдімін. Төменге көз тастадым. Қала шамдары баяғыдай самсап тұр. Хас сұлулардың мойнына жаһұттан таққан алқаларындай жарқ-жұрқ етеді. Әне-міне, дегенше періштем көне зираттың төбесінен дік еткізді. Фәни жалған да өз қолыммен бірге қойысқан Қаныш аға Имантайұлы мен бұлбұл үнді Күләш зираттарына қойылған ескерткіштер көзіме оттай басылып:
– Асқар, бол, бол, сиқыршының тапсырмасын қаперіңнен шығарма! – деп періштем де екі аяғымды бір етікке тықсын.
Сізге өтірік, маған шын, сол-ақ екен дауысымды қаттырақ шығарып:
– Ау, ағайындар! «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма» деп ұлы ақын айтқандай, қашанға дейін сызда жата бересіздер, ұзақ ұйқыларыңнан оянып, бастарыңызды көтерсеңіздер! – дегенім есімде. Сол-ақ екен:
– О, не болды? Кімдер шақырып жатыр? – десіп, анау отырған Қаныш Имантайұлы, Күләш Байсейітқызы, жапсарлас жатқан ақиық ақынымыз Қасым Аманжоловтар орындарынан ытқып-ытқып тұра келісті.
– «Кеңсайда» жатқан Ғабит, Сәбит, Бауыржан бастатқан туыстарыңыз дереу келсін десіп жатыр! – дедім.
– Не мәселемен? – деді Қаныш ағамыз салған жерден.
– Төтенше һәм бөтенше мәжіліс өтпек. Не мәселе қаралатынын барғанда көре жатарсыздар… (Асқар Тоқпанов қол сағатына қарайды).
Қаныш Сәтбаев (аспанға көз тігіп):
– Қой, шақырғанда бармасаң, шақырғанға зар боларсың демекші, кәне, Күләш, Қасым соңымнан еріңдер! – деді.
Сыртқа шықтық. Қақпа алдында тұрған Қаныш ағамыздың Ғылым академиясының президенті кезіндегі қара мерседесі күтіп тұр екен. Соған періштемізбен бірге жайғасып келгеніміз әлгінде ғана. Мерседеске мінгеніміз де теріс емес болды.
(Жиынжайдан дауыстар): О, бәрекелді, хош келіпсіздер!..
Асқар Тоқпанов текше мұртын жыбыр еткізіп, сөз кезегін Бауыржан Момышұлына береді.
– Кәне, дабырламай тынышталыңыздар!..
(Жиналғандар тыныштала қалды).
Бауыржан Момышұлы: Қазір туындайын деп отырған төтенше мәжілістің төрағасы академик-жазушы Сәбит Мұқанов болсын дегендеріңіз қолдарыңызды көтерулеріңізді сұраймын.
(Жиынжайдан гу-гу сөз, ыбыр-жыбыр қозғалыс байқалады).
Қаныш Сәтбаев (насыбайын атып жатыр): Қарсылық жоқ.
Әлкей Марғұлан: Мен де құптаймын.
(Жиынжайдан дауыстар): Бірауыздан келісеміз!..
Сәбит Мұқанов (баппен ырғала көтеріліп): Бүгінгі төтенше мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралады.
1. Тарихти һәм мәдениет тұлғаларының ескерткіштерін көздің қарашығындай сақтау. 2. Қашанға дейін қақсаймыз? (Ана тілі хақында). 3. Ономастика опығы. Осы үш мәселеге қалай қарайсыздар? Алып, қосар жоқ па?
(Жиынжайдан дауыстар): Келісеміз, аларымыз да қосарымыз да жоқ.
Сәбит Мұқанов (әдеттегідей тамағы қырылдап): Дұ-рыс, бір ғана дауыс қарсы, қалың көпшілік «за».
(Жиынжайдан жұлып алғандай): Сәбе, ана тілімізді шүлдірлектерден тазарта алмай жатқанда «за» деп бадырайта айтқаныңызға жол болсын?
Сәбит Мұқанов (күлімсірей): Бұл кім, әй?
Сәрсен Аманжолов: Қазақ тілінен ҚазПИ-ге дәріс берген профессор Аманжолов Сәрсенмін ғой.
Сәбит Мұқанов: Сенікі дұрыс, Сәрсен, кешіре гөр. Мен әншейін байқамай айта салып ем…
Академик Ісмет Кеңесбаев: «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, пәленің басы сол байқамай сөйлегеннен шығып жүр емес пе?
Сәбит Мұқанов: Жаздым, жаңылдым, Ісмет. Сенікі де дұрыс һым… Ал мәселені бүйірінен қояйық деп отырған төтенше мәжілісіміз мазмұнды да көңілді болу үшін ара-арасында өнер шеберлері өнерлерімен өріп отырсын. Бұған қалай қарайсыздар?
(Жиындайдан): Бәрекелді, алпыс алты тамырды иітіңдер! Сахнаның сол жақ шетінен «Қыз Жібектегі» Бекежан ариясы әуеніне баса Құрманбек Жандарбеков келе жатады. Басында дулыға, беліне қанжар асынған, аяқта саптама етік, жанары өңменіңнен өткендей ызғарлы).
Екінші көрініс
Сахна төрінде әйгілі «Гәккуіне» басып баяғы Жібек бейнесіндегідей нөкерлерімен Күләш Байсейітова отыр.
Құрманбек Жандарбеков (ұрлана қарап, қынабынан қанжарын суыруға оңтайланып):
– Апырай, не болды десем екен?..
Үрия Тұрдықұлова: Не ойласаң, сол болды, жолыңнан қалмай жүре бер!..
Құрманбек Жандарбеков: Жібекжан!..
Нәйлә Базанова: Иә, жүре бер!..
Күләш Байсейітова: –
Бекежан, жоқ екен ғой ақыл-айлаң,
Қанеки, душар болып тиген пайдаң,
Бекежан?
Кетті ғой мен тұрған үй күлпарша боп,
Шайқаспай шенеунікпен жүрсің қайда,
Бекежан?
Қоқаңдап енді келіп батырсың ба,
Төрелер текке қарап отырсың ба?
Бас қайғы, байтал түгіл дегендейін,
Бет-бетке бас қатырмай жатырсыңдар,
Бекежан.
Құрманбек (ызғарлы кейіпте екпіндете):
– Ойпырай, тілің қалай қатты, Жібек,
Айтқаның қабырғама батты, Жібек.
Бұл хабар бәрінен де сорақы екен,
Жүр едің Төлешті ойлап, қатты жүдеп.
(Жиынжайға сесті кейіппен көзін тіге қарап):
Қатігез қатені кім ноқталайды?
Мұнымен қиратқыштар тоқтамайды…
Арыстар ғимараты тас талқан боп
Жүректі қан жылатып соқталайды.
– Оллаһи қиратқыштардың кесем басын,
Заң қайда, неге оларды соттамайды?
Ахо-хоу соттамайды әги-гай,
Тоқтамайды… әги-гоу әги-гай!..
Бауыржан Момышұлы: Төрағамыздың үш мәселесі түгелімен дұрыс. Аса зәру мәдени мұра, тарихи ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтау қажет деген ұстаным сөз жүзінде қалды. Әсіресе, «Мамандар үйі» делініп келген Құрманғазы көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында 70 жылдан астам анда-санда болып тұратын жер дүмпуін шыбын ғұрлы көрмеген қабырғаларының қалыңдығы 1 метрге жуық 9 ғимараттың тозаңы көкке ұшып, дүмпуі біз жатқан «Кеңсай» зиратына дейін жеткенде, зәре-құтымыз қалмады. Болат тісті экскаваторлар крокодил іспетті қарш-құрш шайнап жұтыпты да қойыпты.
– Астапыралла, қалғандарын сақтай гөр! – десіп астымыздан су шыққандай тұра келістік. Бәрінен де осыдан 70 жылдан астам бұрын Мәскеудегі Қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне барғанда бұлбұл үнімен үлкен театрға келгендерді тәнті ете тамсандырып, Станиславскиймен иық тіресе, Кеңес Одағының Қазақстандағы тұңғыш халық әртісі атанған Күләш Байсейітова тұрған ғимараттың экскаватордың «азуына» түскен өкініші өзегімізді өртеп кетті. Қой, болмас, бұлай ете берсе тарихи ескерткіштеріміздің түп-тұқияны да қалмас деген оймен төтенше мәжіліс өткізуге тура келді.
Ахмет Жұбанов (әдеттегідей бәсең даусымен): Күләштермен мен де көршілес тұрғанмын. 20 жылдай айтулы академиктер Нәйлә Базанова, Денсаулық министрі болған ғұлама Ишанбай Қарақұлов, атақты ақын Әбділда Тәжібаев, жапқан жаламен «халық жауы» болып ұсталып кеткен Ілияс Жансүгіров те көршіміз болатын. Қайран заман-ай, десейші! «Өткен күннің бәрі ұмыт» деген осы екен-ау! Әйтеуір бізге іргелес Абылай хан даңғылындағы 3 қабат үй қалтиып әлі тұр деп естиміз. Онда әйгілі сазгер Төлебаев пен ақпа ақынымыз Ерғалиевтер тұрған-ды. Бір күні қиратқыштар оған да арандарын ашпасына кім кепіл? Уһ!.. Айта-айта шаршадық.
Сәбит Мұқанов: Еске салғаныңызға рахмет, Аха, мұны да қаулыға кіргізе жатармыз.
Ахмет Жұбанов: Ұмытып барады екенмін, таяуда ғана 65 жылдығын тойлаған Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясы ғимаратының тап қасына нақ 30 қабат гипсекардоннан салынған үй шынылары шақырайып дүниеге келді. Сол-ақ екен, қайран өнер ошағы қала сәнін кіргізген кейпінен мүлде айрылып, Авгийдің атқорасындай болды да қалды. Ау, сәулетшілер, ұстаздарың Бәсенов, Наурызбаевтарды неге естен шығардыңдар? Сендерде ұлттық намыс, дәстүр деген бар ма? Бүйте берсе Алматы ажарынан айырылып, алабажақ шынылы шаһарға айналып кете ме деп қорқамын.
Сәбит Мұқанов: Оны да ескереміз. Басқа сөйлегісі келетіндер бар ма?
Қасым Аманжолов (зілді мысқылмен): «Көзі жоқтар көңілден таса» дегендей, Орталыққа салынған мен тұрған үй омақа асқалы қашан… Оған бас ауыртып, балтыр сыздатқан бір пендені көрсем көзім шықсын. Өңкей бір шынылары шытырлаған көпқабатты үйлер бой көтерді де шықты. Сәулетшілер ұлттық дәстүрді ұмытып, ағаттық жасап жүрген секілді. «Дүниеге келер әлі талай Қасым, сонда да бұл Қасымды бір байқасын», – деп жыр тербеген мен сорлыны кім байқасын? Зым-зия, ләм-мим. Бейне бір ана дүниеге келмегендей, ал мына «дүниенің жай-жапсарын» өздерің білесіздер…
Сәбит Мұқанов: Қасым, сен сорлы емес, әдебиетімізді өрге сүйреген аса көрнекті ақынымызсың. Сәл сабыр ет, болар іс болды, бояуы сіңді. Сен тұрған үйді бұзған кезде мен ана фәниде жоқ болатынмын, білдің бе? Күн тәртібіндегі бірінші мәселе осымен тәмамдалсын деген ұсыныс түсіп жатыр. Бұған қалай қарайсыздар?
(Жиынжайдан дауыстар): Түсінікті. Тәмамдалсын!
Үшінші көрініс
Сәбит Мұқанов: Дұ-ры-ыс! Сәл тынышталыңыздар, келесі мәселенің тақырыбы «Қашанға дейін қақсаймыз?! Бұл түбегейлі шешілмей келе жатқан тіл мәселесі және ономастика» туралы.
Әлкей Марғұлан (орнынан тұрып, оң қолын көтере сөз сұрайды).
Сәбит Мұқанов: Әлеке, бірдеме дегіңіз келді ме?
Әлкей Марғұлан (жиынжайға қарап): Дегім келгені сол – өз басым ғұмыр бойы көне дәуір сырларын ашу жолында еңбек еткенімді білесіздер. Қазақстандағы археология саласындағы тапқан-таянғанымызды тайға таңба басқандай етіп ғылыми зерттеу жұмысымда жария еткенімнен де хабардарсыздар. Қазақтың ана тілі де тұрмыс, дәстүрімен бірге жасаған ғой. Шынымды айтайын, бұл жағынан менен гөрі Ғабит Махмұдұлы мен Кеңесбаев, Аманжоловтар жақсырақ біледі. Тіл мәселесі туралы Мүсірепов сөйлегені дұрыс болар деп санаймын.
Ғабит Мүсірепов (мінберге шығып, асықпай-саспай өзіне тән маңғаз қалпында жиынжайға жиылғандарға қарап):
– Қастерлі қауым, сіздерден несін жасырайын, қасиетті ана тіліміз хақында. Мен осында 30 жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағында 2 сағатқа жуық арнайы баяндама жасаған едім.
Бауыржан Момышұлы: Білеміз, есімізде, Ғабе…
Бердібек Соқпақбаев: Мен де қатысып, өз құлағыммен тыңдаған едім. Сіздің баяндамаңыз көпшіліктің көкейіндегісін қозғаған-тұғын.
Дихан Әбілев пен Әлжаппар Әбішев (қосарлана):
– Ғажап болған еді!
– Тіл қадіріне жеңіл-желпі қарайтын кейбір қаламгерлердің атын атап, түсін түстей айтқаныңыз қандай, әдетте сауырларын сипатқысы келмей, «болдым, толдым» деп кеудесіне нан пісіп жүретін. Солардың кейбірі өз қателіктерін сонда ғана түсініп, иіндерін түсіріп жібергенін де көрдік…
Сәбит Мұқанов (микрофон қоңырауын саусағымен түрткілеп, шыдамсыздана): Дұ-ұ-рыс, Ғабит сөзін жалғастыра берсін, сабырлық сақтаңыздар…
Ғабит Мүсірепов: Тыңдаған болсаңыздар, ондағы айтқандарымды қайталамай-ақ қояйын. Ұлттық рухымыздың айнасы, анамыздың ақ сүтімен жасап келе жатқан ана тілін ардақтай білу керек. Ал ана тілін аяққа басып, қалай болса солай шүлдірлеушілерді байқап қалғанда лажсыз зығырданың қайнайды. «Барсаңшы» деу орнына – «барсай», «алсаңшы» деу орнына «алсай», «болыпты», «алыпты» деу орнына «бопты», «апты» деп асыға сөйлейтіндер толып жүр. Әдетте сауатсыздық дегеніміздің өзі жауапсыздықтан туады. Еліміздің өз алдына тәуелсіз мемлекет аталуы күнін көре алмай арманда кеткендердің бірі едім. Менің тірі кезімде «Тіл туралы» Заң атымен жоқ болатын. Жуырда «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына 20 жыл толуына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өткенін естіп, жатқан жерімізде бір-бір аунап түсіп қатты қуанып қалдық. Оның үстіне сол үлкен жиынға қатысушыларды Елбасының өзі тікелей құттықтаған көрінеді. Әйтсе де, бұл бір мезетте немесе пәлен жылда шешіле салатын мәселе деп ойламаймын. «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» дегендей, ақыл-парасатқа салып қарастыру қажет…
Сәбит Мұқанов: Ғабит, ономастика мәселесі жайлы да айта кетсек…
Ғабит Мүсірепов (сәл жымия күліп): «Баяғы жартас бір жар тас, Қаңқ етер, түкті байқамас». Данышпан ақын қалай тауып айтқан десеңіздерші. Бұл ақынның айта-айта мезі болғаннан сол жазған жолдары. Баяғыда мен Жоғары Кеңестің депутаты болған кезімде де ономастика мәселесі талай-талай әңгіме болғанын білетінмін. Бақсам, бұл мәселе күні бүгінге дейін көңілдегідей емес көрінеді.
Жер атаулары, тарихи орындар, көшелер… тағы басқаларын тәртіпке келтіру хақында арнайы комиссия жұмыс істейтінінен хабардар шығарсыздар?
(Жиынжайдан дауыстар): Хабардармыз. Білеміз. Көріп жүрміз…
Ғабит Мүсірепов (кейістік пішінде): Ау, ендеше комиссия шешімін жергілікті әкімдері жол қатынасын басқаратындар неге қадағаламайды?
Сәбит Мұқанов: – Дұ-ұ-рыс… Гәп сонда жатыр, Ғабит мырза.
Ғабит Мүсірепов: Өзге жерлерді былай қойып, өзіміздің Алматымызды сөз етейік.
Сәбит Мұқанов (басын изеп): Апырым-ай де…
Ғабит Мүсірепов: Ау, ағайындар, ендеше келісілген атаулар неге тәжірибеде қолданылмай жүр? (Жиынжайға қарайды).
Дауыстар:
– Ит біліп пе?
– Онысы несі екен…
– Немқұрайды қарайтын шығар…
Ғабит Мүсірепов: Міне, гәп осы селқостықта, жауапсыздықта, немқұрайлықта жатыр…. Әйтпесе баяғыда келісілген: бұрынғы Ташкентская – Райымбек даңғылы, Комсомольская – Төле би көшесі, Дзержинский атындағы – Наурызбай көшесі, Софья Ковалевская – Нұрғиса Тілендиев көшесі, Тастақтағы Роза Люксембург – Құлымбетов көшесі делінуге тиіс еді ғой. Автобус, троллейбус жолсеріктері әлгі көшелердің алғашқы орысша атауларын сымпылдап сайратады да тұрады екен. Орысшасының өзі дұрыстап айтса бір сәрі.
Сәбит Мұқанов: Қаралған үш мәселе туралы арнайы қаулының мәтінін оқу үшін Бауыржан Момышұлына сөз беріледі. (Жиынжайдан Баукеңді қошаметтеп қол соғылады).
Бауыржан Момышұлы (мұртын істите, папахасын бір қозғап қойып қабылданбақ қаулының нұсқасын оқиды):
1. Төтенше мәжілістегі «Мейлің сенбе, мейлің сен» деген тіркестегі «сен» сөзіне назар аудару ұсынылсын. Мәселені бүйірінен қойсақ: Тіл мәселесі – еріккеннің ермегі емес, сөзбұйда, салу азайып, нақты шешімі табылсын.
2. Ономастика мәселесі ойыншық емес. Жоғары деңгейде қабылданған атаулар өз күшіне енсін. Бұл мәселеде ақпа құлақтар жойылып, құймақұлақтар көбейсін.
3. Тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраларға жататын аса көрнекті тұлғалар тұрған ғимараттарды оңды-солды қирату мүлде тоқтатылсын.
Мемлекет мүддесіне байланысты бұзыла қалған күнде олардың есімдері із-түзсіз жоғалмай, ескерткіштер, мүсіндер, мәрмәр тақталар орнаттыру қарастырылсын.
Сәбит Мұқанов: Қалай, алып, қосарларыңыз бар ма?
Бауыржан Момышұлы: Айтарым да, қосарым да бар. Мәселені бүйірінен қойсақ – төтенше отырыста түйдектете туындаған тоқсан ауыз көпірмеміздің тоқ етер түйінін (әлгі қаулыға кірген үш мәселе…) интернет арқылы жедел астанадағы ақыл-парасаттары мол ұрпақтарымызға жеткізу қажет. Бұл – бір. Екіншіден, «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, біз де қарап жатқан жоқпыз (қолын дирижер секілді жоғары көтереді):
– Кәне, Бақилықтар маршына басыңдар! А… ап!..
– Рухымыз асқақтап аспанда да жерде де,
Тот шалмай тұлғалар, мәдени мұралар…
Терезе теңессін өркенді елдерге
Қиындық қиясын қарқындап ассақ біз
Тек сонда… тек сонда…
Тәуелсіз Отаным мәңгілік тұра алар!
Өндіріс қарқында,
Шаруа аршында
Түйдектет, таусылма!)
Нарықтың қыспағын
Қолыңмен ұстағын,
Басайық, жарандар,
Бақилар маршына!
«Бақилықтар» театрында төтенше өткізілген мәселені бүйірінен қойғызып, сценарийін түбін түсіре сылқитқан Алдаркөсенің ағайыны, Қожанасырдың қырқыншы жиені –
Тотияйын Тумайкеткірұлы.
Мыңбай Рәш