АҚ БОЗ ҮЙДІҢ ТҮТІНІ (Смағұл Елубаев хақындағы сөз)
«Бақилық бесігін қорлатпа,
Басына шырақ жағып жүр…». Жарасқан.
Уақыт дейтін асау атпен алысып жүріп, менің қатарым да жетпістің желкенін желге жая бастады…
Айтулы асуды бағындырғандардың айтуына қарағанда, бұл жас – өзіңе сын болғанымен, ортаңа – қамшы, ордаңа – олжа салар қазына, Отаныңның алдындағы жауапкершілік жүгін салмақтандыра түсер ерекше кезең. Жеткенің де, алғаның да, бергенің де – елдің алдында, жұрттың көзінде, халықтың көңілінде!
Иә…
Елден үлкен сыншы…
Жұрттан мықты безбенші…
Халықтан асқан көреген жоқ…
Осы жасқа дейінгі бітіргеніңді енді өзгерте алмайсың. Қайда барсаң да, қандай ортада жүрсең де бергенің мен алғаныңның алдан шығары хақ. Абыройға кенелген кезің де, артық сөзің де, кем мінезің де, асқан тұсың да, сасқан сәтің де… Бәрі де уақыттың жадында… Ең бастысы, өзің мен өзің жеке қалғанда Арыңды арашаға шақырып, айтылар Өз Сөзің үшін, Өз істегендерің үшін ұлтыңның, ұрпағыңның алдында, адамдардың алдында ұялмасаң болғаны!
Менің жобалауымда, қолына қалам ұстап, ғалам мен даланың қуаныш-қайғысын, шаттық-қасіретін түгендеуге ұмтылған менің буыным, негізінен Өз сөзі мен Өз істегендері үшін Ұят көзіне қысылмай, қымтырылмай тура қарауға қақысы бар буын деп ойлаймын.
«Соғыстан соң туғандар» деген айдармен әдебиет пен өнер әлеміне өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарында келген бұл буынның ішінен өлеңімен өрт жалатып, мұз кемірткен, көркем баяндауымен оқырманының ой-санасын жаулап, жүрегіне даңғыл жол ашқан, театр, кино, живопись, музыка дейтін ғажайып сырлы әлемді бағындырған «жүздің жүйрігі, мыңның тұлпарлары» аз шыққан жоқ.
Солардың бірі, бірі болғанда да бірегейі – Смағұл Елубаев.
Мен Смағұлды Алматының асфальтына аяғымыз алғаш тиген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап білемін. Өзімен бетпе-бет келіп таныспай тұрып, әуелі Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің университет дәлізінің бір қанатын тұтас алып жататын «Шағала» газетінде жарияланған «Ақ боз ат» дейтін әңгімесін оқыдым. Жүректің қыл пернесін басып, жанды тербейтін бала қиялдың қанат қағысы, құлаш сермеуіне риза болдым…
Келе-келе Смағұлдың өзімен де таныстым. Қимылы баяу, жүрісі маңғаз, ортадан сәл биік, бидай өңді бозбала жігітпен КазГУ-дің «Виноградов, 88» дейтін адрестегі №1 жатақханасының ауласында кездестім. Қасында оқуға жаңа түскен бір топ жігіт бар. Жаңылмасам, осы Шөмішбай бар іштерінде… Біз бір курс болса да жоғарымыз. Сөзімізде де, қимылымызда да сәл «үлкендік» бар… Жапырласа амандасып жатқан «төменгі» курстың жігіттерінен «төмендік» танытпай «терезесін тең ұстап» тұрып, қол созғаны – Смағұл…
Сонымен…
Со бір 1966 жылдың күзінде басталған таныстығымызға, бұйырса, биыл табаны күректей елу бір жыл толады.
Елу бір жыл ішінде дүние түбірімен өзгерді.
Елу бір жыл ішінде Алаштың атажұрты да, бізді таныстырып, табыстырып дос еткен айналайын Алматы да адам танығысыздай өзгерді. Алатаудың асқақ шыңдарымен жарыса, көкке бой созған бүгінгі биік қабатты зәулім үйлердің бірі де жоқ. Ескі Алматының ескі көшелеріне тізіле қонған ескі үйлердің айналасы сыңсыған бау-бақша… Жеміс-жидектері ескі тротуарларда шашылып жататын ертегідей көрініс-суреттерді де елестету бүгінде мүмкін емес… «Баяғыда-а-а… Мына отырған аталарыңның бозбала кезінде қала көшелерінде өрік, алма шашылып жататын» десең, жасы жиырмадан жаңа асқан немерең саған сенбей, күле қарайды. «Баяғыда-а-а… Кеңестер Одағының дүркіреп тұрған кезінде биік қабатты бір әйдік ғимарат салу үшін Қазақстанның басшылары Мәскеуге жалынып-жалпайып, әзер рұқсат алатын…» десең, жиырма беске толған жас ұрпақ: «Не айтып отырсыз?» дегендей сұраулы жүзбен қарайды… Өйткені… Олар – бодан болу дейтін ұғымның не екенін кітаптан оқып, кинодан көргені болмаса, өмірде оны көрмеген, бодандық сезімін білмей өскен ұрпақ. Олар – тәуелсіздік дәуірінде туған ұрпақ… Олардың ойы да, сөзі де еркін. Соған қалыптасқан. Тіпті мына Алтай мен Атырау, Арқа мен Сыр арасында жатқан байтақ елдің өзге бір елдің құрамында болды дегенге олар сенбейтіндей… Иә… Өмір, қоғам өзгерді, дәуір өзгерді. Тәуелді болған бодан жұрт Тәуелсіз Ел болды. Біздің ұрпақ соның бәрін көзімен көрді. Жүрегімен сезінді. Санасымен саралады…
Сол өзгерген елдің рухани өмірінің өрісін кеңейту үшін «түн ұйқысын төрт бөлген» ұрпақтың алдыңғы қатарынан қаламгер, қайраткер, азамат Смағұл Елубаев та көрінді. Көрініп келеді…
Алпысыншы, жетпісінші жылдары оқырман ойы мен санасын өзіне жалт қаратып, «Бибі апа», «Ойсыл қара», «Туған күн» секілді алғашқы әңгімелерімен әдебиет дейтін кірпияз әлемнің есігін айқара ашып, еркін енген студент жігіттің жаңа тынысты, өзге бітімді, өрісті қолтаңбасы, аяқ алысы, қалам сілтеуі кім-кімді де елеңдеткені, сүйсінткені, көңілін бұрғызғаны жадымызда…
Әрине, әр оқырманның өз пікірі, өз көзқарасы, өз болжауы, өз бағасы болатыны даусыз. Өз басым КазГУ-дің қоңыртөбел жатақханаларында жатып, мына ұлы ғаламның көгілдір түсіне қиялмен көміліп, әңгіме өлең жазған жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында қалған арманшыл кезеңнің «қара нанын бөліп жеп», «қара суын бөліп ішкен» кезеңге ерекше ықыласпен, сағынышпен қарайтынымды жасыра алмаймын… Сол кезеңді ойласам, есіме жарысып жыр жазған, таласа-тармасып, әлем әдебиетінің арғы-бергі інжулерін жарыса оқыған сәттер, алуан-алуан жүйріктің жалын сипап, кекілін түйіп, әдебиет аламанына шәкірттерін әзірлеген ұстаздар түседі. Аға буынның назарына ілігіп, алғашқы ақ бата-тілектерін естіген ессіз шақтар… Неткен әдемі, неткен сұлу, неткен адал еді сол күндер?! Сағат, Жарасқан, Кеңшілік, Әділбек, Ризабек, Сайлаубек, Баққожа, Алма, Үміт, Алпысбай, Қозы, Ұлықман, Мырзабек, Есқара, Қажытай, Сейсен, Қаржаубай… Құдай-ау! Бірі де жоқ… Бәрі «келместің кемесіне» мініп, белгісіз, беймәлім ана дүниеге асығыс аттанып кеткен… Бұл есіме түсіп отырғандары… Еске түспегендері қаншама?! Мен бұл арада тек КазГУ-де бір курста бірге оқығандарды ғана айтып отырмын… Бір жылдың төлі болған қатар-құрбылардың бәрін түгендеу мүмкін емес… Әйтпесе… Осы қатарға өмірден өткен Жұматай, Әшірбек Сығай, Дәуітәлі, Марат Қабанбай, Дидахмет, Жәнібек, Тынышбайларды да қосуға болады ғой.
Аттары аталмаған, бірақ бір кезеңнің дәм-тұзын бөлісіп, сөз дейтін киелі де қасиетті өнердің көлеңке, күнгейін бірге көріп, күн санап қатары сиреп келе жатқандар маған өкпелемесін… Осыдан біраз уақыт бұрын: «Ұмыт қалған батырдың жарағындай, құлазып тұр қу көңіл қара құмдай. Қою қара орман ек… Әй, Ираш-ай! Алматының азайдық дарағындай…» деп жазып ем. Иранбекке арналған сол төрт шумақ өлеңнің әр жолы мен әрбір сөзіне жұмыр жердің қызығы мен қуанышын бірге көріп, кейде келісіп, кейде керісіп, қатар өмір сүріп келе жатқан қатарластарымның мінез-құлқын арқау еткенім өзіме аян. Өмір майданында бірде қуанып, бірде күрсінетініміз, бірде қуарып, бірде түршігетініміз рас… Өмір ғой… Өмір!..
Сол азайғандардың арасынан бүгінгі көңіл төрін қозғаған «жетпіс дейтін желкенін жел тербеген жасқа» көшін әдемі, абыройлы қондырып, ұлт әдебиетінің жаңа дәуіріне олжа салған Смағұл туралы сөзді осылай өруді өзіме парыз санадым.
Тәуелсіздік дәуірі көбімізді ұлт ойы мен сөзін өткір публицистика тілінде немесе миллион санды аудиторияға тез әсер ететін кино өнерінің сиқырымен жеткізуге бейімдеді. Енді біріміз ең байырғы, өнер атаулының ерте замандардан бірге жасасып келе жатқан көне түрі – театрдың авансценасынан сөйлеуге ұмтылдық. Қай-қайсысы да қазақ ұлтының ойын танытып, жанын тәрбиелеуге, халықтық болмысымызды сақтауға, қорғауға бағытталды.
Смағұл да осы кеңістіктен табылды. Тәуелсіздік туралы толғана тебіреніп, ойы қалың, оты мол публицистикалық мақалалар жазды. Елдік пен егемдік салтын қорып, тіл, діл, дін тұтастығын, ұлт пен ұлттық құндылықтар тұтастығын сақтауға үндейтін өткір-өткір пікірлер айтты. Суреткер Елубаевтың жаңа қыры – қайраткерлік қыры қоғам назарын өзіне бұрды.
Қысқасы…
Ол жазу столын жетімсіретпей жамбасына оң келген жазу дейтін өнердің ешқайсысын да өгейсітпей «дүние мәңгілігі» мен «ұлт күрескерлігін» арқау етер иірімі терең, фәлсафалық, танымдық бағыттағы шығармалар жазып, екі дүниенің терең қатпарларына бойлады. «Қиямет-қайым ғасыры» соның айқын көрінісі. Білімдар, талғампаз, танымы кең оқырманның ойына қанат бітірер бұл теологиялық толғау Смағұл Елубаев есімді ойшыл қазақтың дүние-танымының тереңдігін басынан алмағайып оқиғалар өтіп жатқан жерүсті тіршілігінің өткенін қалай зерттеп, бүгінін қалай зерделесе, бәріміздің мекеніміз – қара жер мен алып ғаламның болашағына да солай алаңдайтынын аңғарамыз. Жер жер болғалы, жер бетін жұмыр бас пенде қоныс еткелі мыңдаған жылдар бойына Адам-Ата, Хауа-Ана ұрпақтарымен бірге жасасып келе жатқан мәңгілік сауалдарға екі мыңжылдықтың тоғысар тұсындағы тұрғыны – жазушы Смағұл Елубаев өзінше жауап іздейді. Алпауыт идеологиялар мен жер бетіне үрей егер догмалық көзқарастардың бірде-біріне маңайламайтын өз көз-қарасы мен өз ойын, өз толғамын оқырман талқысына ұсынады. «Қиямет-қайым ғасыры» – адамзат баласын сақтандыру! Адам жаны мен болмысын қорғаудың ұстанымы. Жұмыр бас пенденің «әттеңдері» мен өткелдерін таразы басына қоя отырып, Құдайға оралудың жолын іздеу! Тәубаға шақыру!
Міне… Қаламгер шығармашылығының жаңа бір қыры оқырман жүрегіне барар соқпақты осылай іздеп, осылай өреді.
Ана дәуірде жүріп-ақ қыры-сырына әбден қаныққан, жаратылысы мен болмысын кәсіби тұрғыдан бір кісідей игерген кинодраматургия саласында да ол көп еңбек етіп, тер төкті. Ұлт киносына елеулі үлес болып қосылған «Ақ боз үй», «Кек» (Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінің ізімен жазылған), т.т. дүниелер соның айғағы. Смағұл Елубаевтың кинодраматургтық қабілет-қарымының тегеуріні мен кәсіби мүмкіндігінің молдығын барынша танытқан тұс – Рүстем Әбдірәштің «Алмас қылышы» фильміндегі рух (Ілияс Есенберлиннің аттас шығармасының ізімен жазылған) – тарих – ұлт тағдыры дейтін сүйекті тақырыптың шебер игерілуі дер едім.
Иә…
Уақыт талабына орай, көркем сөзді ғана емес, жалпы ұлт өнерін дамудың жаңа кеңістігіне алып шығу – бүгінгі қазақ өнері мен әдебиетінің алдында тұрған басты мақсат, іргелі міндет.
Бұл кім-кімді де мазалап жүрген күрделі проблема.
Әлем ашық бәсекеге түскен алмағайыбы мол дәуірде тілі мен дініне қарап, суреткер мүмкіндігіне шек қоюдың жолы бірте-бірте тарылып келе жатқаны қалай ақиқат болса, сол талап, тілекке сай, әдебиет еркін, мүдіріссіз оқылатын, кинофильмдер көрерменін бірден жаулап алатын деңгейге көтерілуі ләзім. Бұл талап музыкаға да, живопиське де, театрға да ортақ.
Осы бағытта мені бір қуантатыны – суреткер, қайраткер, публицист, ойшыл Смағұл Елубаевтың өзіне де, өзгеге де үлкен сыни биіктен қарайтыны.
Бұл – өсудің кепілі.
Шығармашылық кеңістігі осындай үш арнадан тұратын тұтас бір ұғым бүгінде Елубаев болмысын ұлт санасына түбегейлі бекітті. Бұл күмәнсіз. Тұлға табиғатын тануға арқау болар бұл үш арнаны (суреткерлікті, публицист-ойшылдықты, кинодраматургияны) бірінен-бірін бөле-жара қарауға болмайды.
Дегенмен…
Осы үш арнаның арасынан маған жақыны да, ойым мен санамды көбірек тербетіп, жүрек қылын көбірек қозғайтыны – қаламгер-суреткер Елубаев екенін баса айтқым келеді.
* * *
Сонымен…
Сөз арқауы – «Ақ боз үй».
Менің ғана емес, жалпы сөз танып, ой сараптап, үлкен әдебиеттің қыр-сырына бойлап, жүрекжарды бағасын әділ, адал айтар кез келген оқырман үшін бұл туындының жолы, жөні бөлек деп ойлаймын. Өйткені, аталмыш роман – ұлттық прозамыздағы шоқтығы биік, шыңдары түу алыстан көз тартатын ақбас таулардай менмұндалап тұратын ерекше дүние.
Әр кездің өз суреті, әр дәуірдің өз шындығы бар.
Көңіл төрін мекен етер сол сурет, сол шындықты көріп-танып, қаз-қалпы електен өткізе білер, көркемдік тез бен халықтық қалыпқа салар, ерінбей еңбек етіп, ерлік пен елдік мінездерді екшей алар суреткерлік таным мен қаламгерлік қарым ақ қағаздың айдынын адалынан өрнектеген тұста ғана шын мәніндегі үлкен әдебиет жасалмақ.
Қазақ көркемсөзі мен көркем ойының үлкенді-кішілі білгірлері мен сарапшылары есімін осындай мойнына ауыр жүк артар, қажетті жерінде қақыратып сөзін айтар «үлкен әдебиет» жасаушылар санатына қосып әлдеқашан үлгерген Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романының дүниеге келуі өз кезінде автор талантының жаңа қырын, эпикалық баяндау үрдісін танытып қана қойған жоқ, есін жиып, етегін жапқан, еліктеу мен солықтау кезеңінен өткен тұтас бір буынның, жаңа биікке көтерілген қазақ прозасының жаңа беттерінің мінез-кескінін аңғартар соны туындыдай елес берген болатын.
Әдебиет босағасын «Ақ боз ат» дейтін тұңғыш әңгімесімен әдеп бұзбай, сыпайы қалып, ибалы мінезімен аттаған автордың араға ғасырдың ширегіндей уақыт салып, қазақ прозасы дейтін бойына табиғаттың төрт мінезін түгел дарытқан, төрткүл дүниеге атағы кең жайылған ұлы суреткерлерді берген келісті кең өлкеге көз тартар құйқалы жайлауы бар, қаз-үйрек қонар қоғалы көлі бар, өмір-тіршілігі, болмыс-бітімі өзгеше, өзгеге ұқсай бермейтін өз ауылын қондырар, өз «Ақ боз үйінің» уығын қадап, керегесін тігер күнге Смағұл көп ізденіп, көп еңбек етіп, оңы-солын барлап барып келген.
Оған көз жеткізер шындықтың шырайын да, ақиқаттың айғағын да романның өн бойынан көруге болады.
Осы орайда, бірер шындықтың басын ашып алғымыз келеді.
Бірінші шындық – соғыстан соң туған ұрпақ өкілінің осындай ауыр да іргелі, қиын да күрделі аштық дейтін тақырыпқа «тәуекел» айтып, ат басын бұруы. Әрине, қазіргі «батырлар» мен «айтқыштар», «көсемдер» мен «шешендер» көбейіңкіреп тұрған сөз айту бостандығы еркін, «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ жаһандану заманында жаңа сөзді тауып айтып, жан баласын таңғалта қою қиын. Оның үстіне тарихымыздан тоталитарлық заманның қара қайшысы оңды-солды тілгілеп, қиып-қиып, қидаланып, жадымыз бен санамыздан алынып тасталған «ақтаңдақтар» мен «қара дақтар» жәйлі Кеңестер Одағы арқырап, ат үстінде отырған дәуірде ой тоқтатып, соны сөз айту сұңғылалық пен үлкен білімдарлықты ғана емес, жүректілікті де керек етері хақ еді. Бұл – кешегінің ақиқаты! Бұл – шындық үшін шырқырап, отқа түскен суреткер ерлігінің нышаны еді…
Ел есінде «ұлы нәубет» болып қалған отыз екінің зобалаңы туралы, аштық қырғыны жайлы қалам тербеу қазір де оңай емес, ол кезде тіпті қиын болғаны белгілі. Бұл – бүгінгі тәуелсіздік туы алты құрлық аспанында желбіреп, еркін ой, еркін сөз ер үстіне қонған, дамудың жаңа сатысына өткен демократиялық қоғамның айдай ақиқаты. Ал кеше, аштықты айтпақ түгілі, атын ауызға алудан сескенер сексенінші жылдардың басында қолына қалам ұстап, туған халқының тамырына айбалта болып қадалған тұтас бір зауалды кезең жайлы роман жазуға белін бекем байлаған жас жазушының тосын мінезін не деуімізге болады? Той-томалағы мол астанадан жерігендей, сытылып шығып, қаланың батыс жақ тұсындағы – Алатаудың кісі аяғы сирек барар қара көлеңкелі тыныш қолтығына құйтақандай төрт қанатты киіз үйін тігіп, осыған дейін өзі табанынан тозып, арқа еті арша, борбай еті борша болып, біресе Үстірттің ұлы жазығын, біресе Бұхар мен Самарқанды, біресе Аралды, біресе түрікпеннің құмдауыты мен Маңғыстаудың шөлді, шөлейтті далаларын екі жыл бойы кезіп, там-тұмдап ел жадында қалған ескі әңгімелерді жинаған ел сөзі мен ел ойын – өткеннің тауқыметті тарихын, жан шошытар кесапатты қырғынның көріністерін дәуір мен замана суретін көркем шындық етіп, жады төрінде қайта тірілтіп, ерінбей, жалықпай қағаз бетіне түсіруді ерлік, жүректілік демей көріңіз?.. Бұл, суреткерлік табандылық пен азаматтық ұстанымның айқын белгісі еді. Әрине, осыған дейін көмулі келген ауыр тақырыпқа арналған бірді-екілі шығармалардың болғанын, атап айтқанда, Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романы, Қасым Тоғызақовтың «Әли қарт» поэмасы, Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» драмасы, т.т. дүниелердің болғанынан хабарымыз бар.
Бұл – басқа әңгіме.
«Ақ боз үйге» қайтып оралайық.
Шығарманың шырайын ашар екінші шындық – жазушы ой- мұратының, қиялының, мақсатының тарихтан – тағылымға, өмірден – өнерге, адамнан – образға, сөзден – суретке, сырдан – шындыққа айналуы.
Бұл тұста да романист Елубаев өзіне дейінгі іргелі қазақ көркем сөзінің қалыптасқан кәдуілгі реалистік-психологиялық мектебі мен арғы-бергі әлемдік прозаның озық үлгілерінен алғаусыз тәлім алғанын, сол тәлім, сол танымын өз шығармасының сүйегі мен етіне, қаны мен жанына, әні мен сәніне, көркем болмысына айналдыра алғанын анық байқаймыз.
Көл-көсір тарих – аспан асты, жер үстін мекен етер кез келген үлкенді-кішілі халықтардың басып өткен өмір жолы, сызылмас жады. Осы орайда, романның бас кейіпкерлерінің бірі – қадірлі де қадірменді ел адамы, тегін тепкіге түсіріп, тергете қоймас, «малым– жанымның, жаным – арымның садағасы» деп өскен, өнген, сол сертіне ақырғы демі біткенше адалдық танытып өткен Пахраддин тағдырының ұлт мінезін айқақтар қалыптай болып елестеуі тегіннен-тегін емес. Пахраддин – отыз екінің нәубеті ұлт бойынан сылып әкеткен қазақы нанымдар мен сенімдердің көркем жиынтығы, ғасырлар бедерінде қалыптасқан ел басқару мен ел сөзін сұраудың көшпелі қоғамға тән сом үлгісі. Автор ұстанар көркемдік концепцияның астарында жатқан осы бір салмақты меңзеу ел өмірінің, халық тарихының көлеңкелі, қасіретті кезін ғана айтып қоймай, ұлттық тарихымыздың шырайлы, шуақты, ертегіге бергісіз еңселі елдігімізді танытар сәттерінен де мол хабар айтады. Ашуын ақылға, қайғысын сабырға жеңдіре білер, аз отырып, көп түйер, аз сөзімен көп айтар қаншама Пахраддиндер өтпеді бұл қазақтың сайын даласында? Пахраддиндерге тек ата мен ананың махаббатынан жаратылар биологиялық құбылыстың жемісі деп қарамау керек. Бұл – қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің өзі жаратқан, рухани дүние- тіршілігіміздің сан ғасырлық ұлы өнегесі мен тәрбиесінің туабітті, қан қуып, тек түгендер үлгісі, жан жаратылысы, алтынның сынығындай елестер дала ғұрпы мен мінезінің ірі белгілері.
Пахраддин дүниеге аумалы-төкпелі, қанқұйлы мінезді «голощекиндік геноцид» дәуіріне де сол өзінің өзеурей білмес, іштей илікпес тектілігімен қарайды. Інісі Әзберген екеуінің көзқарастарындағы алшақтық та соның салдары, сипаттары. Айтқанына жүргізіп, дегеніне көндіріп үйреніп қалған іні мінезіндегі доғалдық пен ұрда-жықтықтың төркінінде не жатқанын жақсы білер ағаның туған бауырына тіс жарып, ашыла бермеуі де сондықтан. Көкірегінде «туған жер» деген ұлы сезім күн сайын бас көтеріп, «көш басын бөтен жаққа бұрайық» деген інінің ожарлау ұсынысына қосылмай жүруі де содан. «Жә, өкіметтің райы түзелер, ел есін жияр» деген үміттен де құралақан емес. Әзберген сөзімен айтқанда: «…Қап, қылуасы өтті-ау, жаман шіріктердің. Хансұлу – Әзбергеннің қарындасы. Пахраддиннің маңдайына біткен жалғыз қызы… Талшыбықтай бұралып, бойжетіп қалды бүгінде. Өзі… Сұлу десең – сұлу, ерке десең – ерке. Оған жаман Шәріптің анау шікірейген жаман ұлының саусағы тиді дегенше, бұл намыстан булығып өлер…» деген ащы шындыққа бас ұруға бар. Тек іргемді ел мен жерден бөлмейінші деген ой төрінде жатқан шешімі қиын сауал, өз жауабын табар ма? Тапса, қалай табар? Міне, малы-жаны талауға түсіп, елі конфескенің қара шеңгеліне іліккен, қырғын алдындағы қаймағы бұзылған, бұзылмақ түгіл, «кіші Октябрьдің» сұрапыл сергелдеңіне түсіп, астаң-кестең шайқалған дала тіршілігінің бір сәттік жан арпалысы мен азабын Смағұл осылай кейіпкерінің ішкі сезім-айқайымен өреді.
Кеше тегіңді тергеп, тепкілеп, төрдегі басыңды есікке лақтырса, енді сол зауал соқа басыңды қойып, мына аңқау, сөзге сенгіш момын елді мүлдем біржола шөктіргелі отыр. Жанұшырып, содан шығудың жолын іздейді. Ай күтті, жыл күтті, азапқа түсті, ойға батты. Ақыры, қалың елді малынан айырып, босқындық күйге түсірер, аштықтың адам сенгісіз азабына айдап әкелер күннің де жыртқыш бейнесі әр жерден бір елестей көшіп, көріне бастады… Пахраддиннің арқасын аяз қарып, үмітінің жібі үзілгендей. Аудан басшысы Калашников екеуінің сөз салғастыруының түп-төркінінен де ертеңгі қатер мен қасіретті сезінудің алғашқы белгілері атойлап көрінердей.
«Мал– баққандікі» демеп пе еді аудан басшысы. Енді, міне, топалаң тигір сол төрт түлік бай-бағыланды қойып, мал бағып, арып-ашып, тентіреген қара орман жұртқа, қалың елге де бұйырмайын деп тұр. Ел жұтап, тозса, қазақ қырылса… Құдай, а! Сақтай гөр, мына дала, мына жер кімге керек? Неме керек? Жаз біте, күзгі жауын-шашын, лайсаңмен, жалғыз үміт тіршілік-тірлікті, ертеңгі өлмес күнді көкіректеріне тұмар етіп, Үстіртті бетке алса…Одан әрісі тұманды, белгісіз, беймәлім күндерге ұласар дойыр інінің тәуекелі мен Пахраддиннің пұшайманды халін серік еткен шағын көш-керуеннің роман басындағы суреті оқырман жадында шегеленіп осылай қалары анық…
Өткен мен бүгін, елдің ертеңгі арман-мұраты – адамдардың арпалысқа, алыс-жұлысқа толы тағдыр-талайлы өмірі шығармада осылай шебер өріледі. Өмір суреттері мен замана көріністері оқырманның есінде шиеленіскен сыртқы қақтығыстардан гөрі, байсалды да байыпты прозаға тән баяндау мәнерінің өзіндік өрнегімен, кейіпкерлердің қайталанбас мінез-кескінімен, шыншыл да өміршең тағдырларымен есте қалады. Шерменде Пахраддин де, бас иесінің айтқанына мүлткісіз көніп, соңғы демі біткенше жарының есік-төрін қорып, ақыры ен далада аштықтың күрмеуіне іліккен, қор болып өлсе де шығарда жаны бір қожайынының қасында жатып өлуді өзіне медет еткен, ақылы – көркіне, көркі – жанына сай Сырға да, отызыншы жылдардың қазақы тіршілігінің қаны жерге түспес көрінісіндей елестер, «қысқа жіп күрмеуге келмес» өмірде жоқшылық жеті атасынан бері қыдиып, қыр соңынан қалмай келе жатқан кешегі етікші, бүгінгі ауылнай Шәріптің халықтық юмор мен сарказмге толы бейнесі де, романның басты кейіпкерлерінің бірі, «комиссарлар заманының» қалыптасу мектебі жасаған, кедейден туып, кербездікке жеткен, от пен суды қатар кешіп «жалшылар қоғамның» жалынды күрескеріне айналған, сөйте тұра махаббаты мен елдік мінезіндегі ерекше жылылық сипаттарынан ада-күде арылмаған Шеге де, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» сынды естілер, дәулетті тұқымның бетін жел қақпаған ерке қызы – Хансұлу тағдыры да, ер мінезді, ерекше бітімді Бұлыш пен ел есінде оттай ыстық «махаббат дүниесінің» жебеушісіндей өзге қырымен қалар Балқия да, Әзберген де, еркегі қырылып, елдік намысы тұл болып, ертеңгі күніміз «құрдымға батты» деп күңіренген сәтте буынып-түйініп, халық қамын ойлап, ұрпақ үшін қандай іске болсын бел шешіп кірісер Дәу апа бейнесі де, т.т. шымыр сомдалған көркем образдар – «Ақ боз үйдің» алып шаңырағын ұстап тұрған бір-бір уық-тағдырлар тәрізді.
«Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек…» деп ұлы Абай айтқандай, тұтас бір халықтың талай-тағдыры үзіле жаздап, көзге көрінбес жібек жіпке іліккен, замана бейбақтың илеуіне түсіп, үш миллионға жетеқабыл санынан айырылған ұлттың ұлы қасіретін қалай ұмытуға болады?! Сарыарқаның сары аязында бір тірі жан үйінен ұзап шыға алмай, үзеңгі-бауы бұзылмаған қалпы оты өшіп, өмірі үзіліп қалған ауылдардың болғанын естігенбіз. Сол «көрдім» дегенді айтып, бес шумақ өлең жазғаны Шахан Мусин секілді ағаларымыздың Колымаға қалай айдалып, сүргін кешіп келгені жадымызда… Сол «ұлы нәубетті» көріп, сезініп, төзімдері талқан болып, Тұрар Рысқұловтар мен Ғабеңдердің атынан әлем тітіренген «көсемге» жазған хаттары бүгінде ұрпаққа Шерхан Мұртазаның қаламымен «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» болып жеткені, сахнаға шыққаны белгілі.
Көркемдік танымының кеңдігімен, бояу, әрінің молдығымен ел жүрегіне ұялаған «Ақ боз үй» романының бойынан менің жадымда жатталып қалған шындық шырайы мен ақиқат өмірдің айғақтарының қайсыбір бедерлері мен сілемдері осы…
Тар кезеңнің тізгін ұстатпас тар қияларында «мың өліп, мың тірілген» халықтың бір өшіп, қайта жанған тағдырлы тұсы жайлы жазылған аталмыш романның жалғасы барынан қалың оқырман хабардар . Әр жазғанына шұқшиып қайыра-қайыра оралу – өзін, өз жазғанын сыйлайтын кез келген суреткердің машығы. Ана дәуірде басталып, мына дәуірде нүктесі енді-енді қойылып жатқан «Ақ боз үйдің» кейінгі нұсқасын өз басым оқи алмадым. Автордың айтуына қарағанда, роман жаңа дәуір талаптарына сай көп қысқартылып, біраз өзгеріске түскен. Интернет пен компьютердің, кино мен театрдың мәнері мен үлгісі қырық құбылып жатқан бүгінгідей ұлт пен ұлт, мәдениет пен мәдениет, өркениет пен өркениет мидай араласқан заманда кітап оқыту үшін күрес жүргізу – ұлы міндет! Шамасы, Смағұл дос осы принципке көбірек ден қойған сияқты. Қолдаймын! Қолдай отырып, шығарманың соңғы нұсқасын оқи алмағаным үшін ғафу өтінемін… Біріміздің жазғанымызды біріміз жиі-жиі оралып оқып, пікір білдіріп отыру әдебиет үшін де, әдеп үшін де, өзіміз үшін де пайдалы екенін естен шығармауымыз керек-ақ.
Жетпістің биігіне желкенін желге жайып, дәуірімен үндесе қалам тербеген әріптес, замандас, дос көңіл суреткердің ақбоз ғалам хақындағы Ойы мен Сөзі – халқымыздың рухы мен ірілігін «тайға таңба басқандай» етіп танытар іргелі шығармаға, тамырын тереңнен тартар ұлттық құндылыққа айналғаны әдебиеттің ортақ қуанышы, ортақ жетістігі.
Суреткер көкірегін тербеткен ақ боз үй түтінінің ақбоз ғалам төрінде әркез түзу ұшатынына сенеміз.
Өйткені…
Смағұлдың ақ боз үйі – Алаштың ақ боз ғаламы…
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты