Жанынан тұтанған жанартау
Төлеген Айбергенов есімін бала кезімде, мектеп қабырғасында жүргенде естідім. Кітабын қолыма ұстадым. Жата-жастанып оқыдым. Дүниеге келіп, өскен жерім – Қарағанды мен Семей облыстарының шекараласқан жерінде жатқан шалғай ауыл. Бір жағында ұлы Абай мен Мұхаң туған. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаев дүниеге келген жер менің ауылымнан 23 шақырымда. Әдебиетке, өлеңге бала кезімнен құмар едім. Ол кездері әрбір ауылда кітап дүкендері болатын. Бірде ауылдағы кітап дүкенінде «Аманат» деген кітап көзіме оттай басылды. Сыртында бір тал гүлдің суреті бар. Кітапты сатып алдым. Алғысөзінде өмірден отыз жасында ерте өтіп кеткен ақын екені жазылыпты. Кітапты үйге әкеліп оқыған соң өлеңдердің әсер еткені сондай, тамағыма кәдімгідей өксік кептеліп, көкірекке ағыл-тегіл жас келеді екен. Жан-дүниемнің бәрі астаң-кестең, аласапыран болды. Әлгі кітапты қайталап оқып жүрдім.

Алматыға келіп студент болған кезімізде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары сериясымен шыққан «Бір тойым бар» атты шағын кітабын қолдан-қолға алып оқыдық. Біздің курста Сәтбай Қалқашев деген Қарақалпақстанның жігіті болды. Сәтбай Төкеңнің өлеңдерін жатқа оқитын. Төлеген Айбергенов шығармашылығына жақын жүруімізге ол да бір септігін тигізді деп ойлаймын. Сәтбай Төкеңнің үлкейтілген суретін, сосын «Бір тойым бар» деген кітапқа Төкеңнің ақындығы туралы ойларын жазып, маған сыйлады. Сол кездегі өлеңқұмар жастар Мұқағали мен Төлегеннің атын кезек атап, өлеңдерін жатқа оқитын.
Бір жолы Базарбек Түкібаев деген курстас досым екеуміз теледидар көріп отырғанда Махаббатты көрсетті. Махаббат бұл кезде Қазақ теледидарының «Алатау» бағдарламасында жұмыс істейді екен. «Алатаудың ән отауы» атты хабарды жүргізді. «Хабарды жүргізген Махаббат Айбергенова» деген кезде Базарбек екеуіміз бір-бірімізге «Төлеген Айбергеновтің қызы екен ғой» деп айтып қалғанымыз есімде.
ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен кейін мен Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясына жұмысқа орналастым. Ал Махаббат «Алатау» бағдарламасында редактор болып жұмыс істеп жүрген. Түскі үзіліс кезінде буфетке шай ішуге бірге барамыз. Үзіліс сәттерде шахмат ойнаймыз. Сол жерде жүріп жақын танысып, 1986 жылдың тамыз айында шаңырақ көтердік. Мейірхан Ақдәулетов ағамыз бастап, Есжан Айнабеков, Қайрат Әлімбеков, Ұлан Оспанбаев, т.б. достарымыз бір вагон болып барып Семей облысының Абай ауылында үлкен той өткіздік.
1960 жылдардағы қазақ поэзиясы туралы сөз болғанда кез келген ғылыми зерттеуші Төкең шығармашылығына соқпай кетпеген. Сол кезеңдегі қазақ поэзиясының мәселесін сөз еткен кез келген диссертацияларда, монографияларда Айбергенов өлеңдерінен мысалдар бар. Әдебиет теориясында академик Зейнолла Қабдоловтың өзі бірнеше өлеңдерін мысалға алады. Сол кезеңді зерттеген зерттеушілерден филология ғылымының докторы Бақыт Кәрібаеваның еңбектерінде, 60-шы жылдар поэзиясынан кандидаттық диссертациясын қорғаған Шөмішбай Сариевтің ғылыми еңбегінде бар. Ал тек қана Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы бойынша жалғыз-ақ адам кандидаттық диссертация қорғады. Ол – маңғыстаулық Рахмет Аяпбергенов деген жігіт. Бүгінде дүниеден өтіп кеткен.
Менің білетінім, Төлеген Айбергеновті Әбділда Тәжібаев ағамыз өте керемет жақсы көрген. Төкеңнің жолын ашқан ақындардың бірі Әбділда Тәжібаев. Сосын Қуандық Шаңғытбаев. Өзімен қатарластар ішінде бұл кісі Мұқағали Мақатаевпен, Сағи Жиенбаевпен, Өтежан Нұрғалиевпен, Қадыр Мырзалиевпен жақсы араласқан. Мұхтар Шахановтың алғашқы өлеңдерін кітап қылып шығару үшін Қадыр Мырзалиевке хат жазып жіберген. Ал енді Төкеңнің шығармашылығы туралы қолына қалам ұстаған көптеген азаматтар пікір айтқан. Әбділда Тәжібаевтан бастап Қуандық Шаңғытбаев, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтердің де Төкең поэзиясы туралы айтқан ойлары бар. Қазақтың қалам ұстаған ақындарының барлығы да Төлегенге өлең арнаған. Қысқа ғана өмір сүріп, отыз жасында осыншалықты құдіретті алапат поэзияны тудырып кеткені таңырқатпай қоймайтын шығар.
Төлеген Айбергенов, сондай-ақ, өзге ақын өлеңдерін де жатқа білген. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің «Дала», «Күй», «Күйші» поэмаларын басынан аяғына дейін және соңғы шумағынан басына дейін жатқа оқыған. Бір жолы Ілиястың «Дала» поэмасын басынан аяғына дейін және соңғы шумағынан бастап басына қарай жатқа оқыған кезде, Тоқаш Бердияровтың таң қалғанын апам марқұм айтып отыратын.
Төлеген Айбергеновтің түбі – Ақтөбе облысының Байғанин ауданы болғанымен, ата-бабалары ашаршылық жылдары Қарақалпақстанға қарай ауып, Төкең 1937 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келеді. Ақынның үйрену мектебі туралы әңгіме қозғалғанда, бірінші кезекте Жақсылық жырау туралы айтпай кетуге болмайды. Жақсылық жырау жыраулығымен қоса домбырашы, суырыпсалма ақын, домбыраға қосылып ән шырқайтын әнші, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болған. Кішкентай бала Төлеген жақсылық жырауға еліктеп, таяқты домбыра қылып әр нәрсені құрастырып өлеңдетіп отырады екен. Мұны көрген әкесі «баламның талабы бар екен» деп ұлына домбыра алып береді. Өздері бір ауылдан. Кішкентай Төлегеннің талабын көрген жырау да баласынбай оны қасына ертіп жүрген. Яғни ақынның алғашқы ұстазы Жақсылық жырау. Төкеңнің өзінің «Жақсылық жыры» деген өлеңі бар. Сол өлеңінде де жыраудың өзіне ұстаз болғандығын айтады. Жалпы, аты көп аталмай кеткенімен, Жақсылық жырауды Қарақалпақстандағы қазақтар жақсы біледі. Кезінде атақты Қашаған Күржіманұлының өзімен өнер жарыстырып, сол кісіні мойындатқан адам. Сонымен бірге, Төкеңнің поэзиясына Қарақалпақстанның ауыз әдебиетінің де ықпалы болған. Қарақалпақтың Әжінияз, Бердақ сынды классик ақындарының шығармашылығын білген. Шығыс поэзиясынан сусындаған. Әлішер Науаиды жақсы білген. Осының барлығы Төкең поэзиясында шырайы шығып, қазақи ою-өрнекпен қайта туған. Қазақ поэзиясының топырағында жоқ жаңа бір поэзия келген. Сонысымен де тың дүние болып көрінген. Бір сөзбен айтқанда, қазақ поэзиясына үлкен жаңалық әкелген.
Мысалы, қазақ поэзиясының негізі қара өлең. Қазақтың көп өлеңдері он бір буынды қара өлеңмен жазылады. Ал Төкең әр тармағы он бес, он жеті, он сегіз буыннан тұратын өлеңдерді туғызған. Мысалы, «Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп» деп келетін бір тармақта он сегіз буын. Төлеген – өлеңге осындай тың жаңалық әкелген ақын. Сонымен бірге, ақын өлеңдерінде керемет бір рух бар. Соның барлығы ақын поэзиясын оқыған адамға қатты әсер еткен.
Т.Айбергенов 1960 жылдары Сарыағашта тұрып, сол жерде кешкі мектептің директоры болған, одан кейін Қаскелеңге көшіп келген. Алматыдағы қазіргі Тәуелсіздік монументі, қала әкімдігі орналасқан маңда жер үйлер болған екен. Сол жерде, Алатау көшесі, 70-ші үйде тұрған. Алматыға келген соң Қазақстан Жазушылар одағына кеңесші болып орналасады. Қазақ әдебиетінің Қарақалпақстандағы күндерін ұйымдастыру үшін алдын ала Нөкіске ұшып барып, өткізетін жерлерін дайындап жүргенде ауырып, кенеттен қайтыс болады. Қазақстаннан Саттар Сейітхазин, Дихан Әбілев, Мұқағали Мақатаевтар жерлеуіне барып қатысады. Ақынның бейіті Нөкіс әуежайының қасындағы мұсылман зиратында.
Айбергенов шаңырағындағы Үрниса апамыз Төкеңнің барлық қолжазба, өлең дәптерлерін, күнделіктерін, қара сөздерін қыздың жүгіндей шашау шығармай, мұқият жинақтаған. Бұл кісілер Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтында оқып жүріп танысқан ғой. Сол кезден бері ерінің жазған-сызғандарын, қыр-сырын өте жақсы білген. «Студент кезінде жазған өлеңдері мынадай еді, одан кейін Қарақалпақстанға барғанда мына өлеңдерді жазды, Сарыағашта тұрған кезімізде жазған өлеңдері мынау, Қаскелеңде, Алматыда тұрған кезімізде мына өлеңдері дүниеге келді», – деп барлық өлеңдерінің тарихын, жазылған жылдарын жіліктеп отыратын. Сосын Төкеңнің өлеңдерін жатқа оқитын. Өзі де әдебиетке жақын, шешен сөйлейтін адам еді. Ерінің шығармашылығына өте жанашыр болып, Төкең қайтыс болғаннан кейін де бұрын жарияланбаған көптеген өлеңдерін газет-журналдарға ұсынып жүрді.
2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша төрт томдығы шығарылды. Сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мені шақырып алып: «Сен күйеу баласы болмасаң да Төлеген Айбергеновтің қазақ әдебиетінде өзіндік үлкен орны бар. Сондықтан ақын шығармашылығына қатысты барлық материалдарды жинақтап, көптомдығын шығар», – деп тапсырма берді. Мұндай ықыласы үшін Мұхаңа үлкен рахмет. Бұл төрт томдықты құрастыруда ақынның үлкен қызы Салтанат көп жұмыс істеді. Дүниеден озып кеткен талантты ақын Әмірхан Балқыбек жинақтың редакторы болып, төрт томдықтың шығуына барынша беріліп, ерекше ықыласпен атсалысты.
Елдің елегінен өткен, оқырманның сүйіктісіне айналаған өлеңдері бір том болды. Сосын қара сөздерін, күнделіктерін жинақтадық. Ақын өлеңдерін орыс тіліне Олег Постников, Шмидт деген ақындар аударған. Орыс тіліндегі аудармаларын қостық. Сосын ақын туралы жазылған естеліктерді, шығармашылығы туралы зерттеу еңбектерін жинақтадық. Төкеңе арналған өлеңдердің өзі бір кітапқа таяу. Әбділда Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаевтардан бастап кейінгі жас буын өкілдері – Бауыржан Бабажанұлы, Елена Әбдіхалықованың өлеңдеріне дейін бердік.
Бір анығы, халық өзінің шынайы таланттарын ешқашан ұмытпайды. Қазір халықтың өзі жоқтап, іздеп, ол кісінің атын қайтадан жаңа ұрпақтың санасына сіңіріп жатыр. Дүниеден өткен соң да ол кісі өз бағасын алды. Мысалы, ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Амал нешік, біз кейбір керемет таланттарымыздан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген», – деп жазғаны бар. Сонда бұл кісінің өлеңдері Ғабеңдердің де назарына іліккен.
Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, филология ғылымының докторы
Жүрекке айтылған өлеңдер…
АРУАНА – БАУЫР ДҮНИЕ
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа
бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен
моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап-айлап таңдайын мейлі
тасбауыр шөлдер құрғатсын.
Қазығын таппай тоқтамайды екен,
мәңгілік тіпті күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,
Жетер ме адам сөзі оған!
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені
бай қылмас
О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен
Қазығын таппай қайрылмас.
Әрқашан аңсап оралам саған тартпасын мені қай тарап,
Көгілдір көлге алқынып ұшқан даусын қайталап.
Оны да кешір, ойда жоқ сәтте жанардан
ыстық жас болып,
Мөлт ете қалсам балапанымды шайқап ап…
Қашаннан жақын таныс хал маған болғанмен удай
бұл шарап,
Дидарың үшін қалдырдың артта қанша бақ!
Мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып,
туған жер,
Сарғайып ұшып, жүректі тоқсан паршалап.
Қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да,
тіпті басқа да,
Гүл шығады ғой тасқа да.
Тауға да керек астана,
Тасқа да керек астана.
Басқаға сенен айта алман,
Әнім бұл менің басқа сөздермен сан рет салып қайтарған.
Сәнім бұл менің жамылып шығар
жаңғырған басқа тойларға,
Жүрісім менің басқа жорғамен шайқалған.
Кеудемде жүрген, зердемде жүрген
ынтызар, ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ!
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен,
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.