Шаруаға қырсыз, жазуға епті қиялгер
Шәрбану Алманбетова,
Шамшиден Әбдіраманның жары
Шәмшиден Әбдіраман есімі «Қазақ әдебиеті» газеті оқырмандарына жақсы таныс. Оның фантастикалық шығармаларынан өзге, машанитануға қосқан үлесі жеке әңгіменің арқауы боларлық дүние. Одан бөлек, Ш.Әбдіраманның ғылыми техникалық терминдерді қазақ тіліне аударуға қосқан үлесі де қомақты деп айтуға болады. Өзінің бастапқы мамандығы тау-кен саласының білгірі ретінде де қазақ тіліндегі бірнеше оқулықтардың авторы. Біздің бүгінгі
кейіпкеріміз – Ш.Әбдіраманның жары Шәрбану Алманбетова.
– Шәмшиден Әбдіраман кезінде Қазақтың кен-металлургия институты деп аталған оқу ордасын кен инженері мамандығы бойынша бітірген. «Білім және еңбек» журналында ғылым және техника бөлімінің жауапты қызметкері болды. Сөйте жүріп, Жезқазған кенішінде инженер, Алжир мемлекетінде кеніштің бас инженері қызметтерін атқарды. Тақырып іздеу мен кен іздеуді ұштастыру қияметі қаламгерге де, қиялгерге де қиындық туғызбады ма екен?
– Ағаңның өзі «журналистика бала кезгі арманым», – дейтін. Ұлытаудың перзенті ғой, ол жақтың табиғаты мен адамдары жайлы әңгімені бір бастасам, аяқтай алмай қалармын. Сондықтан қысқа қайырсам, ағаң мектепті алтын медальмен бітіреді. Өзі армандаған оқуға құжат тапсыруға үй жағдайы көтермейді. Ол уақытта тау-кен институты студентінің стипендиясы қомақты болатын. Сондықтан тау-кен институтына тапсыруға шешім қабылдаған екен. Әрі дәл сол уақытта Жезқазған кен орны дамып жатқан кезі. Ағаңның тау кен институтын таңдауына бұл жағдай да әсер етеді.
Шәкең институтта жүрген кезде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қабырға газеттерін шығаруға атсалысып, оған қоса, газет-журналдарға мақалалары шығып жүреді.
Бірде Қ.И.Сәтбаевқа сұхбат алуға барады. Қаныш аға Шәкеңнің жазуына ырза болып, сол уақытта жаңадан ашылып жатқан «Білім және еңбек» журналына жұмысқа жібереді. Шәкең оқуын аяқтамай жатып-ақ, сол журналда ғылым мен техника бөлімін басқарады.
Мен Шәкеңмен 18 жасымда таныстым. Мединституттың 2 курсында ғана оқимын. Шәкең 4 курс студенті. Біз 1959 жылдың көктемінде таныстық та, күзде той жасадық.
Отау құрған соң мен әркез Шәкеңнен бір саты төмен тұрған дұрыс деп шештім. Ол кісі ойшыл, сөзі нық, мәдениеті биік, өте білімді еді. Данышпан адамға кездескенімді отау құрған алғашқы жылдары-ақ ұқтым. Мен ол кісіге ілесе алмайтынымды, есесіне шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін жағдайын жасау керегін түсіндім. Әрі күйеуін мәпелеп ұстау – қазақ әйелдерінің маңдайына жазылғанын өз үйімізде де құлағымызға құйып өстік қой. Әрі ғылым, әрі жазушы, әрі қиялгер адамға жар болу оңай шаруа емес. Сонда да, қолдан келгенше Шәкеңнің бабын тауып, жағдайын жасадым. Үйдің тізгінін Шәкең ұстады, отбасының ішкі мәселелерін екеуіміз бірігіп шештік.
Шәкең екі ғылымның тізгінін қатар ұстады. Біз үй болған соң, менің мединституттағы оқуым аяқталғанша «Білім және еңбек» журналының «ғылым және білім» бөлімін басқарды. Оқуымды бітірген соң: «Қарайып кетермін. Өз мамандығым бойынша шахтада инженер болып істеймін», – деп Жезқазғанға кеттік. Жезқазғанда шахтада қызмет істеп жүрген жерінен сол уақытта тәуелсіздігін алған Алжир мемлекетіне техникалық көмек көрсету үшін бас инженер қылып үш жылға іссапарға жібереді. Мұндай жауапкершілік екінің біріне жүктелмейді ғой. Демек, Шәкең өз саласының мықты маманы бола білген жан. Алжирден оралған соң қазір ҚазҰТУ деп аталатын мәртебелі оқу орнына жұмысқа орналасты. Шәкең еш уақытта үй шаруашылығымен айналысқан адам емес. Тек ғылым, дәріс беру, кітап жазу, қазақ студенттеріне оқулық жазу, техникалық терминологиялық сөздік жазумен айналысты. Қолына ақша да ұстаған емес. Айлығын бірден үйге әкеліп беретін. Бензинге деп алған ақшасының өзі қалтасында илектеліп жүретін. Шаруаға қырсыз болғанымен, ғылымға, жұмысқа, жазуға келгенде жауапкершілігі өте жоғары еді.
– Ш.Әбдіраманның тұңғыш кітабы 1963 жылы ғылыми-көпшілік жанрда «Елгезек электр» деген атпен жарық көрсе, «Көрінбес қорған» атты тұңғыш фантастикалық әңгімесі де көп ұзамай жарияланыпты. Бұл қос еңбек оқырман, әдеби қауым тарапынан бағасын дұрыс алды деуге бола ма?
– Бүгінгі оқырман туралы ештеңе айта алмаймын. Ал сіз айтып отырған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оқырман кітапты құнығып оқитын. Әрі Шәкеңнің қиялгер ретінде жазған шығармаларына қайта бір үңіліп көрсең, сол кездің өзінде-ақ бүгінгінің бар ғылыми-техникалық жаңалығын көрегендікпен болжап қойғанын білуге болады.
– Машанитанушы ретінде бірқатар зерттеу еңбек жазғанын білеміз…
– Шәкең Машанидің шәкірті болды. Шәкірттің ұстаз алдындағы борышын адал атқаруға тырысты. ҚазҰТУ-да Ақжан Машани атындағы орталықтың ашылуына түрткі болды. Машанидің көптомдығын даярлауға белсене кірісіп, ғалымның 14 томнан тұратын еңбегінің редакциясын басқарды. Оған қоса, А.Машанидің жүз жылдығын туған өлкесінде лайықты атап өту үшін де бар күшін салды.
– Қалам иесінің бірталай уақыты ұстаздыққа бағытталды. Ғылыми-танымдық оқулықтары, ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы жеке әңгімелесек…
– Шәкең Қазақ тау-кен институтында бес жылдан аса уақыт бойы экологиялық мәселелермен айналысты. Бес жыл бойы арнайы зерттеу жасап, Жезқазған кен орнындағы жер асты өңдеу жұмыстары кезінде экологиялық жағдайды жақсарту тақырыбында кандидаттық жұмысын қорғады. Оған қоса, Қазақстандағы Қоңырат, Жайрам кен орындарын зерттеумен де шұғылданды.
Докторлық диссертациясын педагогика ғылымы саласынан «Кәсіби білімнің теориясы мен әдісі» тақырыбында қорғады. Жоғарғы техникалық оқу орындарында қазақ бөлімдерін ашуға атсалысты, инженерлерді мемлекеттік тілде оқыту кеңесі төрағасының орынбасары болды.
14 оқулық және монографиялар жазды. Бес мың сөзден құралған ағылшын, орыс, қазақша тау-кен терминологиялық тұңғыш сөздік жазған авторларға жетекшілік етті. Тау-кен ісі бойынша техникалық терминдердің қазақ тіліндегі сөздігін жасады.
Қамқор әке ретінде үйдегі балаларға да үлгі болды. Әке тәрбиесінің ықпалы сол, балалар осы күні әкелерінің үлгі-өнегесімен бір-бір отбасының тірегі болып отыр. Біз үш баладан, алты немере, бір шөбере сүйдік. Үлкен ұл – Алмас Кувейт елінің елшісі. Екінші ұл – Қазаткомпромда инженер. Үшінші перзентіміз, Саямыз қазақтың тағы да бір ғажап ғылым қайраткері Рахманқұл Бердібайдың отбасына келін болып түсті. Азамат күйеу бала Иордания елінде елші.
Шәкең сан саланың тізгінін қатар ұстады. Қаламгер, ғалым, қиялгер, педагог, инженер ретінде қай салада қызмет етсе де адал жұмыс істеді. Отбасында жақсы жар, өнегелі әке болды. Сексен жылдығын тойлап, төрімізде отырса деген арман бар еді. Ол күнге жете алмай кетті. Алайда, ол кісінің жазуға, ғылымға, еңбекке деген құрметін білетіндер сексен жылдық мерейтойында аруағын еске алар деп ойлаймын. Шәкеңе «Алланың рахметі, пайғамбардың шапағаты тисін, пейіште нұры шалқысын» деп алақан жайып тілек тілеймін. Соның өзі жанға медеу.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қ.Серікқызы.