Атамекен идиллиясы
Жазушы Молдахмет Қаназдың «Құм қойнау» атты хикаяты 1984 жылы жарық көрген екен. Бұл хикаяттың алтын өзегі – туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікпен қоса өрілетін ұлттың патриархалдық тұрмысы туралы философиялық түйін. Құм пайда болу тегі жағынан түп негізінде теңіздік құбылыс болуы керек, себебі, ол сусыған құрғақ теңіз сияқты жұмбақ әсері бар. Сүтті кептіріп, ұнтақ түрінде алғаны сияқты, есте жоқ ескі замандарда тулаған көк теңіздер құрғап, орнында құм таулар шөгіп қалған-ау деп ойлауға әбден болады. Құмда сырт қарағанда ғана мимырт, тіршілік аздай сезіледі. Расында, құм ортасы қайнаған тіршілік. Қазақ үшін құм қойнау мыңғырған мал нағыз байлық көзі екенін жазушының осы хикаяты дәл айғақтайды.
Хикаятта параллель қос линия бар. Өмір сүру қағидасы бір-біріне кереғар бола тұра, өмір сүру салты қос тамшыдай аумайтын қос кейіпкердің тағдыры нанымды суреттелген. Құланбай мен Тоғанас нағашылы-жиен, малқор қазақтар, бірақ замана лебімен бір-біріне жат, суықбауыр тартқан. Ұлттық портрет әсірелеусіз шыққан. Жазушы құм жайлаған екеудің ымыраға келер тұсын психологиялық иірімдермен астарлы ашады. Авторлық кесек шешім – қазаққа тән ұлттық дүниетанымның ірілігімен, оны қастерлеуімен құнды. Құланбай есімі нышанды, түздегі құландай жеке батыр өмірді таңдайды, бай тұқымы, әкесі конфескеге түскен соң, совет үкіметі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған әулетінің күйігін кісікиік мінезімен жасырады. Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» атты хикаятындағы Қоңқаймен рухы туыс Құланбай.
Хикаят дәстүрлі прозаның оң үлгісі жазушы басы артық дүниені хикаятына тықпаламайды. Иен далада жалғыз салт атты келе жатыр. Көктегі қыран сол жалғыздықты ұлғайта түсері анық, ақыры төбесінде үйірілген ақтұмсық құзғын нышан арқылы ажалға әкеп тірейді. Құланбайдың оқшау мінезін жіті суреттеуде автор қазақ халқына тән экспрессивті лексиканы дәл қолданады. Этнографиялық деректер, тіл байлығы оқырманды жалықтырмайды. Оқиға совет қоғамында болып жатыр, сол кезеңдегі психология арқылы жазушы қыр адамдарының бейнесін айнытпай суреттейді. Кісікиік Құланбай өз бойына теңгермейтін Тоғанас қойшы, Құланбайдай жылқысы құмға сыймаса, Тоғанас малсақ, жаны жылқыда. Тоғанастың қара жорғасы осы хикаяттың ауыр жүгін, қиылысар аражігін көтеріп тұр. Екі кейіпкердің дилеммасы, текетіресі мен адамшылық қасиетінің таразыға түсер жері қара жорғаға тікелей байланысты. Қилы тағдырлар арқылы жазушы түптеп келгенде қазақтықты даралайды, оның өзге қауым түсіне алмас құпия сырын аңдатады.
Әншейінде момын, еңбекторы көрінетін Тоғанас шалдың қара жорғаны мінгендегі сән-салтанаты, өзін ұстауы хандармен теңелердей. Қара жорғаның әбзелі көшпелі тірліктің бекзат күйіне елтуден туған. Қара жорға қазақ су төгілмес жорға деп аузының суы құритын ерекше жануар, Тоғанас үшін алтын тақ, көңіл хошы. Өлуге таянған Құланбай бір аяғы жерде, бір аяғы көрде бола тұра Тоғанастың қара жорғасын ұрлап алып, қараулық танытады, бұл да этнографиялық жанды деталь. Құланбай қара жорғаны неге ұрлады? Ол Тоғанасқа асыл малды қимайды, қызғаныш, өзін текті, артық санау көңіліне желік бітірді. Қара жорғаның төңірегінде егде екі қазақтың мінездері ашыла түсті. Бірі оны баптайды, бірі оны күншілдік меңдеп, иесіне қимай, өзі өлгелі жатып, ұрлап әкетеді. Абыл мен Қабыл таусылмайтын аңыз. Бір шеті күншілдік ұсақтық біздің қазақтың сүйегіне біткен бе дейсің. Бейбіт заманда болып жатқан оқиғаларды суреттейтін хикаятта конфликт, дау, екі күшті кейіпкердің арасында рухани қақтығыс туды. Осы арқылы қазақтың түп санасындағы дегдарлығы, тектілігі ашылады.
Жылқы культі хикаятта мол қамтылған. Тоғанастың қара жорғадан бұрынғы бір тәуір дөнені бар еді, немере інісі тойдағы қызыққа сұрап мініп кетіп, обалды қылып, өлтіріп әкелді. Ауыл ақсақалдары текті жылқыға көңіл айтып келеді. Құланбай қылтамақ, өлерін білген шал атына әзер отырса да, үйір-үйір жылқысымен, үйірін бағатын бурыл айғырымен, туған жерімен қоштасып келуге шығатын жері жанды деталь. Хикаяттың басты идеясы – жер мен жылқы.
Құланбайдың бір ауыз қорлық сөзге бола ұйқыдағы алаңсыз милицияны жәндік құрлы көрмей оп-оңай бауыздап кетуі еш ақталмай тұр. Оның қорқаулығына, өкпеге қиса да өлімге қимайтын қазақтығына сызат түскеніне сеніңкіремейсің, бұл образды күшейтуге автордың салған батпан жүгі сияқты әсері бар. Бірақ оның өзге зұлымдыққа бейімділігі, ұры-қарылығы, «қолы қара адам», жалғыз жортқан көкбөрі, нағыз қарақшыға тән қатыгездігі ақталады. Екі ұлының қарамай кетуі Құланбайдың іші суық адам екенін айқындай түседі. Ал туған жерге риясыз сүйіспеншілік тұрғысынан Құланбай аса мықты образ. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне деу осындай ер мінезді адамдарды танытады. Құланбай өле-өлгенше неге саяқ өмір сүрді? Өзі би, өзі патша, тірі пендеге тәуелді емес. Қашақ шыққан қазақтық қанға сіңген қасиет, ұлттық код. Жапан түзде ол ешкімге бағынбайды. Қазақ халқы баяғыда кең жерде шоқиып, бір-бір ауыл дара қонып отыратын. Кісі көрсе қуанып, қонақжай бауырмалдығы табиғи еді.
Рухы азаттығы жағынан Тоғанас шал одан асып түскендей, сүйікті қара жорғасының хабарын біліп, айдалада алшақ тұратын Құланбайдың қонысына барып, әуелі қара жорғасын дін аман көргенде қатты қуанады. Бірақ қойшы қас жүйрігін өрістен ұстап алып кетпейді. Сөйтсе де, ешкім қолын қақпас еді. Әуелі ата-баба дәстүрі жөнімен Құланбайдың үйіне кіріп сәлем беруі керек. Дәстүрді сыйлау Тоғанасты биіктете түседі. Тоғанас ұзақ көрмеген, аралас-құраласы жоқ Құланбайдың ажал төсегінде қу сүйек болып ілініп жатқанын көріп, сүйікті жорғасын даулап келгенін айтудан дереу айнып қалады. Қона жатып, іші удай болып аттанады. Бір шеті жаман ауруға іліккен Құланбайға жаны ашыса, бір шеті қара жорғадан қарадай айырылып қиналады. Жазушы қазаққа тән кең пейілді Тоғанас арқылы бергісі бар. Қара жорға бәйгеден озып келгенде алған қызыл кілемді қойшының аудан басшысы Тортайға атап жіберуі жағымпаздық емес, кісі сыйлауы, ал оның жұрт көзінше алмай, шопырын жасырын жұмсап алдыруы сол уақыттағы партократтардың тойымсыздығын, дүниеқоңыздығын әшкерелейді. Тоғанас образы ұлттық қалып пен мінез-құлық, кең пейіл, сабыр мен адалдықты бір басына жиған. Тортайдың арақ пен қызға қатысты кіді оқиғадағы мінез-құлқындағы шектен шыққан деградациялық сипат қызмет бабын қара басына пайдаланған тұтас бір әлеуметтік топтың бет-бейнесін ашады.
Молдахмет Қаназ совет қоғамындағы үкіметке бағынбайтын адамдар болғанын Құланбай мен оның сыбайласы Шеген арқылы көрсете алған. Қай қоғамда болмасын дәулетті тұруды темірқазық қылып, соның үшін қылмыстан тайынбайтын өжет, өктем жандар өмір сүре береді. Олар үшін адал ас жеу, азға қанағат тұту ақымақтық. Көлеңкелі экономика аталатын құбылыс адамзат үшін ешқашан таңсық болмаған, олар заңды місе тұтпайды, өмірде шайқап өтеді. Өзінің өлімін ойлап келе жатқан Тоғанас, бұл қазақ философиясы: «Ойлап отырса, азды-кем қара тіріге де, өліге де керек. Ертең олай-бұлай болып кетсе, жиналған жұрт «нең бар?» деп балаға қарар. Сонда бала жерге қарамасын дейді». Шығармада мал бағудың романтикасы да, ферма басшысының өтірікшілігі де, сырт көмектің сарсылтып келетіні де, жер шалғайлығы табиғаттың қыспағы күшейгенде он есе ұзарып кететіні, барша ауыртпалығы қатар бейнеленген. Қақаған қыста қыстауға жем-шөп жеткізу қандай қиямет. Хикаяттың кульминациясы ашылар тұс.
Пішеншілердің тірлігі де юмор, қазақы қалжың, құрдастар Сабалақ пен Ботбай, тас қатып ұйықтап жатқан досының басында дұға оқи бастап, өлеңге бұрып жіберетін әнтек оқиғада қазақ халқының әзілі жарасса атасымен ғана емес, ажалмен ойнайтын мінезі көрінеді.
Жазушы совет үкіметінің шаруаға пысық адамды байытпағанын, мал өсіртпегенін айыптап отырғаны білінеді. Сол кездің мафиясы Шеген мен Құланбайдың сыбайластығы, сосын мал тиеген машинаны айдалада қудалаған қуғынмен көрсетеді. Қыли ауылнай Құланбайдан сұраған малын ала алмағасын комиссия алып келіп, тағы конфескеге үкім еткізіп, шығынға байлап берді: «Жылқышылардың қастарына бір-бірден адам қосты да бүкіл малын екі күнде Төсшағылдың басына жинағанда ортасы шұқырайды. Мал қайғысы – жан қайғысы, көзіне жас тіреліп, жаны тырнағының ұшына келген. Қап-қара боп түтігіп әрең жүр». Бұл «Ер Төстік», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты фольклорлық, лиро-эпостық жырлардан қалған ұлттық дархан суреттерді санада жаңғырта түседі. «Адамға басын иіп көрмеген Құланбай, ақыры, көмусіз қалыпты демесе болыпты. Ит-құсқа бұйырып». Бұл сарын ертедегі жаугершілікте туған елін қорғаған ержүрек азаматтарды жоқтап айтатын «Ерлердің басы қайда қалмаған?» деген ұғымға жақын.
Қайта байыған Құланбайдан комиссия көп жылқысын тартып алды. Расында, Құланбай сияқты адамдар нағыз жер қорыған, жер иесі. Абай «Жер қорыған желгек шал, / Желіп жүріп боздайды» десе, Асанқайғының зары, жер қадірін білетін адамдарды тұқыртқан сайын жер-судың тоза бастауы заңды екені ашылып қалары сөзсіз.
Жазушы стилінде қазақ прозасындағы дәстүрлі риторикалық сауал мен афоризмге құштарлық айқын. Риторикалық сауалдарда жауап та жасырулы. Бұл хикаятта әкелер мен балалар арасы тасқа таңба басқандай, қазақтың дәстүрлі көшіп-қонған өмірі ауысып, ауып барады, сонымен қатар әкеден кейінгі бала қалыс туады. Баланың көңілі қалада, бұл шындық қос кейіпкердің басына қатар туды. Құланбайдың ержеткен қос ұлы әке қонысын қайрылмастай тастап кетсе, Тоғанастың ұлы Тайқара шаруақорлық бойында ырымға жоқ, арақ ішеді, әкенің тапқан-таянғанымен күн көре беруге бар. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» атты романындағы Едігенің ұлы Сәбитжан сияқты жақсыдан туған жаман. Екі шалдың балалары малға қыры да, ниеті де жоқ, былайша, тұтынушы топ. Әке бейнетқор, ұл керенау, дәуірдің теріс өзгерісі, ұрпақтар арасындағы материалдық, рухани байланыс әлсіз. Хикаят Тоғанастың көзінің қарашығындай көретін қара жорғасынан екінші мәрте өз еркімен айрылып қалғанымен аяқталады. Шеген қыста Құланбайдан қалған малды базарға тиеп әкетіп бара жатып, жолай боранда адасып, Тоғанастың қыстауына дәм тартты. Машинада тиеліп тұрған жылқының ішінен Тоғанас қара жорғаны таныды, туысы Сабалақ та таныды. «Көзі тірісінде дауламаған малды иесі о дүниелік болған кезде кім даулаушы еді, қара жорғаның жүрек тырналаған ащы әуенін әлдеқашан жылы жауып қойған…». Қазақ жанының жұмбақтығы осы эпизодта берілген.
Жерге сағыныш, туған ел магиясы, атамекенді қалтқысыз сүю ежелден бар қасиет. Қазақ халқын Құдай атамекенінен айырмасын! Бір-бірімен дүрдараз кейіпкерлердің бауырмалдығы өлім шегінде білінетін жер бетіндегі бірегей халықтың бірі – ҚАЗАҚ!
Айгүл Кемелбаева,
жазушы.