Қанша көктем аспанға жазды жырын…
24.02.2017
1411
0


Тек

Текті тегім,
От – анам,
Астана – күн,
Айға қарап ұлыған бөлтірік ем,
Аждаһаның аузына тастаған кім?
Асау толқын тудырған ойран асыр,
Қатпар-қатпар ғасырлар ғайбанасын.
Түкпіріне жүректің көміп тастап,
Қаңтарылып қалдық-ау,
Ойланарсың…
Көк түріктің көзіндей,
Көк бөрілі,
Желбірейтін тулары көкке ілулі.
Алаш мінген алмауыт тұлпарлардың,
Неге бүгін кеудемде жоқ дүбірі.
Неге?
Неге?
Арменен санаспадық,
Ерлігім де өлді, әне, халас қалып.
Өрте мені лаулаған, от теңізі,
Жалыныңа алайын аласталып.
Тілінбесе тілімнің теріскені,
Мен неге қайғы жұтып,
шер ішпеймін.
Кеттім жортып артынан абаданның,
Арман таудың бетке алып теріскейін.

Аппақ құс ұшып кетті айға қарай
Жасыл жүзін аймалап тұратын күн,
Жапыраққа қонады күз ақырын.
Анашымның мұң оқып жанарынан,
Еш себебін таппаймын жұбатудың.

Әттең, уақыт көнбейді еркіме бір,
Мұңлы күйін тұр әлі шертіп өмір.
Үнсіз ғана жырымнан у жұтамын,
Ем таба алмай жүректің дертіне бұл.

Құлағыма ғайыптан үн келеді,
Жетелейді жарықтан түнге мені.
Жұлдыздарға қараймын жаутаң қағып,
Ағатай, табылардай бір дерегің.

Баяғыдай сән құрып сайрандамай,
Тірліктің ажарынан тайған арай.
Ақ сәулеге оранған дұғамды алып,
Аппақ құс ұшып кетті айға қарай.

Сағынышты серік еткен қиялым
Сары қамыс коңыр желмен ырғалып,
Сазды ырғағы сіңіп жатыр түнге ағып.
Көлге қонған айдың сүйіп сәулесін,
Отырамын жыр жазып.

Жұлдыздардың кірпігінен тамған нұр,
Сөніп жатыр,
Тек алдамшы жалған бұл.
Сағынышты серік еткен қиялым,
Аспан жақты шарлап жүр.

Үмітімді құс жолына көгендеп,
Жетем деймін жете алмаймын, не керек.
Жүрегімді сыздатады жалғыздық,
Ерімейтін шемен боп.

Таба алмаған аққу құстай сыңарын,
Толқындарға мұңымды айтып тынамын.
Төгілгенде таңның жібек бұрымы
Ширығады шыдамым.

Сағынышым таусылмайтын тәтті арман,
Мен күтемін керемет бір шақты алдан.
Құшағымда аппақ әлем,
Қалғаны –
Қара түнде қап қалған…

Қараша үй
Қарлығаштар ұшады жер бауырлап,
Бура бұлттар,
Ағытыл, селде бір уақ!
Ақ нөсерге армансыз тоғытылсын,
Сағынышым кеудемді келген улап.

Қияқ қанат қарлығаш ұя салған,
Қараша үй қайда сол жиі аңсаған.
Бура бұлттар,
Ауып кет сауыр тауға,
Қонақтайды мендегі қиял саған.

Жасыл тірлік мекендеп әр бұтағын,
Аймалайтын арайлы таң құшағын.
Жалғыз терек бар ма екен ауладағы,
Тамырына таңылған балғын шағым?!

Сонау жылдар,
Қарсы алып қаздың үнін,
Қанша көктем аспанға жазды жырын.
Сабырымда сарғайды жапырақтай,
Аяқтатқан әдемі саз ғұмырын.

Желмен бірге жарысқан тайға мініп,
Балалығым қайда жүр сайран құрып.
Әжем марқұм әлі де отырғандай,
Ұршығымен өмірді айналдырып!

Aйбек Көлбaйұлы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір