Жүйрікте де жүйрік бар…
Қай халықтың да талай-тағдырында спорттың алар орны ерекше. Қазіргі таңда шүкіршілік, еліміз тәуелсіздік алғалы біраз азаматтарымыз спорттың сан түрлі саласынан, басқа атақтарды былай қойғанда, Олимпиада чемпионы атанып, елі мен халқының мерейін өсіру үстінде. Ал ол кезде, сонау өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарының аралығында қазақ атты қабырғалы жұрттың Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосановтан өзге спортшыларын сырт тұрмақ, Кеңес Одағының өзінде жақсы біле бермейтін. Өйткені, сол заманғы саны артық, билігі үстем жұрттың талайы өздерінің қай бәйгеде де, қай салада да айдарынан жел есіп тұруы заңды деп білетін. Сол «заңдылықты» жақсы игергендердің, тіптен осы есімдері айтылып отырған жампоздарымыздың өзіне дегендегі пейілдері мен мейірімдері кемшін түсіп жататындары да құпия емес-ті. Бірақ сол бір КСРО әлемді өзінің қас-қабағына қарауға мәжбүр етіп тұрған заманда да спорттың тізгінін ұстағандар Әмин мен Ғұсманды алып елдің жеңіл атлетика құрамасының сапында ұстауға мүдделі болды. Өйткені, дәл сол тұста, бүкіл Кеңестер еліндегі 100, 200 метрлік қашықтыққа жүгіретін іріктеліп шыққан желаяқтар сапындағы бұлардың жер тарпыған тұлпардай екпіндері ерекше алабөтен болатын. Сол қос жүйріктің бірі – Әмин Тұяқов бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр.
Егер даңқты жүйрік, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы һәм рекордшысы Әмин Тұяқовтың спорттағы өмір жолы туралы жазылған материалдардың басын құрастырып, жинар болса, сөз жоқ, екі-үш көлемді кітапты құраған болар еді. Ондай жағдайда көрнекті жазушы Маршал Әбдіхалықовтың «Желаяқ бала», белгілі спорт қайраткері, майталман журналист Жүсіп Хисымовтың «Әмин» атты деректі повестерінен бастап қазақ, орыс, сондай-ақ, қазіргі мерейтой иесі қатынасқан халықаралық жарыстардың өткен тұсынан берілген спорттық репортаждарды бейнелейтін ағылшын, неміс, француз, қытай, корей, чех, поляк, венгер, румын, въетнам, т.б тілдердегі әртүрлі көңіл-күй, әр алуан аспектідегі мәліметтерді көріп оқырман қауым, сонау бір жылдары құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан небір салиқалы спорттық додалардың сәулесіне жанарын суарып, талай жанкүйерлердің жанын тебіренткен жайлардың қосалқы куәгерлеріндей күйге шомар еді. Өйткені, 17 жасқа дейін спорт жаттықтырушысы немесе арнайы дайындалатын спорт залдары деген ұғымнан мүлдем хабарсыз бозбала жігіттің 31 жасқа дейінгі спорт деген бәйгенің шабандозы емес, шапқан аттай жүйрігі болып өмір кешкен жанкешті тірлігі кім кімді де бейжай қалдыра алмасы ақиқат.
1961-1968 жылдары жеңіл атлетика бойынша КСРО құрама командасының мүшесі болған ол 1962-1968 жылдар ішінде 100, 200 метрде жеке, 100 метрлік қашықтыққа 4 кісі болып (4х100) жүгіретін эстафеталық жарыстардан КСРО-ның рекордшысы, чемпионы (жеңімпазы), жүлдегері болып 11 алтын медаль,
3 күміс, 4 қола медальді жеңіп алған. 1965 жылғы Ослодағы, Будапештегі, 1967жылғы Стогкольмдегі Еуропа чемпионаты мен Кубогының жүлдегері болған. 1961-1968 жылдар ішінде КСРО-АҚШ, КСРО-Англия, КСРО-Франция мемлекеттері арасында жыл аралатып өтетін «Алыптар жарысында» («Матч гигантов») 1-2 орындарды иеленген жеңімпаз болса, 1962-1967 жылдардағы ағайынды Знаменскийлерді еске түсіру мақсатында КСРО-да өткізілген халықаралық жарыстың 100, 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден бірнеше дүркін чемпионы, 1962-1967 ж. антифашистер-чехословакиялық Рощитский, польшалық Кусатчинский құрметіне арналып өткізілген халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Ол 1963-1968 жылдардағы КСРО, Қытай, Солтүстік Корея, Моңғолия, Чехословакия, Польша, ГДР, Венгрия, Румыния, Болгария, Въетнам секілді достық елдері әскерлерінің арасында жыл аралатып өтетін халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, кеңес әскерлері біріншілігі, Москва қаласы біріншілігінің чемпионы, 1964 жылғы Токио олимпиадасына қатынасқан спорт ардагері.
Әмин ағамыздың да спорттағы өмір жолы үнемі сәтті бола бермеген. Солардың ішіндегі өзінің де, оның әріптестерінің де үлкен өкінішпен еске алатыны – 1964 жылғы Токио олимпиадасының жайы. Сол жылғы жазғы салым Киевте өткен 100, 200 метрліктегі жарыста ешкімге дес бермеген оны КСРО құрамының бапкері Бартенов Токиодағы төрт адам болып жарысатын эстафетадан сырт қалдырған. Бұл жайды Әбекең Қыдырбек Рысбек атты белгілі журналист інісіне айтқан интервьюінде: «Менің орныма бұрын мұндай дуға түспеген Борис Санчук жүгірді. Ғұсманның өзгелерден оқ бойы озық бұрын жеткізген таяқшасын қолынан түсіріп алып жерге қаратқаны. Ол ес жиғанша, үш-төрт жүйрік алдына түсіп кетті. Сол мезетте ішім удай ашыды. Көзіме жас үйірілді. Кейін жігіттер: «Әмин жүгіргенде Олимпиада алтынын алар едік деп талай рет бармақ шайнады. Өкінгеннен не пайда?!
Міне, осындай жайларды көріп, естіп, сезіп жүрген ел азаматтары да, Әбекеңнің өзі де шіркін бапкерлер қарамағындағы спортшы шәкіртіне әманда адал болса ғой деп армандайды. Бұл ретте ол өзінің алғашқы бапкері (тренері) атыраулық – Анджелика Михайловна Куликова мен кейінгі Москвалық – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, 200 метр қашықтыққа жүгіруден 1965 жылы Әминнің өзі жаңартқанға дейінгі КСРО-ның рекордшысы, чемпионы Борис Семенович Токаревті ерекше құрметтейді. Ал өзі республика құрама командасының бас жаттықтырушысы болған кезде Қазақстанның жеңіл атлетикасы елеулі жетістіктерге жетті. 1993 жылы Филиппиннің Манила қаласында өткен Азия біріншілігінде ол бастап барған 13 спортшының тоғызы биіктікке секіруден, кедергімен жүгіруден, ұзындыққа секіруден, үш рет секірістен, 20 шақырымға желе аяңдаудан 3 алтын, 3 күміс,
3 қола медальды жеңіп алды, осындай жоғарғы көрсеткіштен соң республика жеңіл атлетикасы Маниладағы Бүкілазиялық жеңіл атлетика ассоцациясына қабылданды. Сиднейде өткен 2000 жылғы олимпиадада Ольга Шишигина чемпион болды.
Ол туралы «Халық қаһарманы», КСРО халық артисі, Нұрғиса Тілендиев ағасы: «дүниені дүр сілкіндірген Кеңес империясы кезінде құрамаға кірген Тұяқовты мақтаудың керегі жоқ, ел боп мақтанатын саңлақ – ол», – десе, өзінің жарыс жолындағы серігі Эдвин Озолин: Әминді туғызған халық бақытты ғой. Алыс ауылда туып, олимпиадаға дейін жету тек аса талантты туған ұлдың маң-
дайына жазылатын тағдыр. Қатарымызда Қосанов пен Тұяқов бар кезде біз ешкімнен жеңілмейтінімізге сенімді болатынбыз! – деп ағынан жарылады.
Қазақстанның халық жазушысы, ұлы қаламгер Әбіш Кекілбаев: «Әмин Тұяқовтар үлкен спортта жүргенде ол кездегі қоғамдық билік спортшылардың бағын байлады. Әбілсейіт Айханов, Әмин Тұяқов, Әбдісалан Нұрмахановтар сол саясаттың құрбаны болды» деп, Токио олимпиадасы, т.б. жайларды меңзей отырып, жалпы қазақ спортының саңлақтарының тағдырынан хабар береді.
Әмин Елемесұлының туған халқына деген ізеттілігін, досқа деген адалдығын Қаратай Тұрысов сынды кезінде спорт министрі болған, бүгінгі таңдағы мерейтой иесінің жеке басына үлкен қолдау көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткері:
– Қазаққа Әмин мен Ғұсманды берген Құдайға шүкір. Қазақ халқын әлемге алғаш таныстырғандар солар ғой. Әсіресе, Әмин ғажап жігіт. Тұңғыш рет тойын өткізіп жатсақ, көзіне жас алып: «Әттең, тірі болса, бұл Ғұсманның тойы еді ғой», – деп жүрегімді ауыртты, – дейді.
Әрбір дара дарын, асқақ тұлғалар секілді Әмин Елемесұлының азаматтық болмысы да, мінезі де ерекше. Ең алдымен ол – шыншыл.
Сол шындықты айтамын деп жүріп, спорт жолындағы кейбір басшыларына жақпағанын да, сондай кісілердің адам тағдырына дегендегі немқұрайдылығынан Ғұсман Қосанов, Шамиль Серіков секілді серіктестерінің өмірден ерте озғандарын да жасырмайды.
– Егер мен сонау бозбала кезімде алғашқы жаттықтырушым Анджелика Михаиловна Куликоваға жолықпасам, бүгінгі ел таныған спортшы Әмин қалпыма жетпеген болар едім, – деп те ағынан жарылады. Бұл табиғаты батыл, адал адамның айтатын сөзі ме?
Иә, дәл солай!
Өзі өмір кешкен өңірдің қырқыншы-елуінші жылдарындағы тірлігін баяндағанда, табанын темір тікенге жырдыртып, қозы-лақ қайырып, өзінен үш-төрт жас үлкен ересек балалармен жарысып, екі-үш метрлік әдейі қазылып қойған шұңқырлардан секірем деп жүріп, ішіне жаңбыр суы жиналған біреуіне құлап түскенін, бастауыш сыныптарда оқып жүргенде мектепке сегіз-он шақырым қашықтықтан жаяу қатынағандарын айтады.
Әбекеңнің жаны тебіреніп әңгімелейтін адамы өзінің туған әжесі – Мақпал. Ол сол заманның деңгейінде хат танитын сауатты, жігерлі адам. Әбекең сол әжесінен әріптерді ерте танып, мектепке барғанша батырлық жырларды елге оқып беретіндей деңгейде болған. Ал әжесі – өте қайратты, қуаты мол адам. Колхоз басқарған. 1939 жылғы алғашқы шақырылған аудандық кеңестің депутаты болған. Сол құжаттарды Әбекең күні бүгінге дейін өзімен бірге сақтап келеді. Сақтай да бермек.
Туған анасының аты – Жәнияш. Әкесі – Елемес дейтін ақсақал 1945 жылы соғыстан аяғынан жараланып, елге аман келгеннен кейін біраз уақ фермада бастық болып, артынан жылқышы болып, сиыр бағып, кейін түйе баққан. Жақсы аңшы болған.
Бала тәрбиесіне аса қатал, еліне беделді болған. Ал әкесінің інісі Едіге (бұл кісіні Әбекең «тәтем» деп еске алады) соғысқа дейін де, соғыстан кейін де мектепте мұғалім болған. Жайдары мінезді осы ағасының үйінде Әбекең біраз жыл жатып оқыған. Аман-есен соғыстан оралған екеуінің мінездері екі түрлі.
Әмин Елемесұлы «әжесінің баласы» болып өскеннен кейін, оның бала кезінде біраз еркелігі болған. Сол еркелікті қойдыртам дейтін ниетпен Елекең «әже баласына» қолына түссе, ептеп қолын батыратын болған. Оны әжесі көріп қалса, әрине, немересін құтқарады. Бірақ қайран әжесі үнемі немересінің жанынан табыла бере ме?
Әмин ағайдың сабаққа деген қабілеті өте жақсы болған. Атақты Торғай Шоңқаловтың алдынан сыныпта қалып қоймай, аман өткен мектеп түлегі ол кезде есеп оқулары мол жоғары оқу орындарына түсетін болған. Біздің кейіпкеріміздің де Атыраудың физика-математика факультетіне түсіп, оны жақсы бітіргендігі де сондықтан. Кейін үлкен спортпен қоштасқаннан кейін өз мамандығы бойынша ғылымға барсам ба деп ойланған тұстары болған.
Әбекеңнің өз мамандығына адалдығынан өзге бір ерекшелігі – ол әдебиетті өте қадірлейтін азамат. Ол: «жалпы мен әдебиетті, әсіресе, қазақ газет-журналдарын көп оқитын адаммын», – дей отырып, әдебиеттегі майталман жазушылардың талайларының аты-жөнін ғана емес, шығармаларына да қатардағы зерделі оқырман ретінде талдау жасайтын да тұстары бар. Әсіресе, ол Сейдахмет Бердіқұлов, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза сынды бір кездегі «Лениншіл жастың» қайратты қалам иелерінің жазған шығармалары мен спортшы қауымы туралы айтқан лебіздерін қатты қастерлейді.
Ол қазақ спортына, оның ішінде өзіне ерекше қамқорлық көрсеткен Қаркен Ахметов, Октябрь Жарылғапов секілді ел азаматтары туралы сөйлегенде ерекше тебіреніп кетеді. Ал олардың Әмин Елемесұлы мен Ғұсман Қосанов туралы тебіреністері тіптен ғажап болғанын ел аңыз қылып айтады.
Кейінгі кезде Ақтауда чемпионның
70 жылдығы атап өтіліп, жыл аралатып «Әминиада» мерекесі өтілуде. Солардан хабардар журналист-тілші інілері Әбекеңе деген құрметтің бастауы қай кезден басталғанын білмек болыпты. Сонда ол бір мырс етіп алып, бәрі де уақытына, елдің мүмкіндігіне, сосын ел тізгінін ұстаған адамдарға байланысты екенін айта келіп:
– Әр түрлі жағдайлар бола береді ғой. Ертеректе чемпион болып, Токио олимпиадасынан кейін елге келіп, ауылға, қарттарыма баруға көлік таба алмаған бір тұсым болды. Чемоданымды сүйретіп водовозбен жеттім. Бірақ содан ештеңем кеткен жоқ. Оған бола жасуға бола ма? Дегенмен, бұл да ойлантатын мәселелердің бірі. Сол кездерде бізді бала кезімізден білетін кейбір адамдарға «Әмин – чемпион болды, КСРО-ның рекордшысы десе:
– Е, әлгі түйешінің баласы ма? Ә, дұрыс, азамат екен ғой», – дейтін. Мәселе, спортта болсын, өнер мен әдебиетте болсын жоғары жетістіктерге жететін азаматтардың ең басты парызы – ел үшін қызмет ету ғой. Қазіргі біздің жеңіл атлетика мен өзге спорт саласындағы азаматтар мен солардан кейінгі ел намысын қорғайтындардың тағдырына ел болып қолғабыс жасауымыздың керектігі – басты мәселе деп білемін. Бірақ ауыл спортына көңіл бөлмей, шалғайдағы қазақ балаларының спорттың қай түрінен де толағай табыстарға жетуі қиын. Әсіресе, жеңіл атлетикада. Өйткені, жеңіл атлетиканың аты жеңіл болғанмен, жолы ауыр.
Әмин ағаны Тұманбай Молдағалиев сынды ағаларынан бастап, біраз ақын жырға қосты. Солардың қатарында мен де бар болатынмын. Сол кездегі «Асқақтық пен Биіктік» деп аталатын жырымның сөздері төмендегідей еді:
Тұңғиық көк, көпті көрген қара жер,
Бағзы кезден бастау алған тіршілік…
Есті дүние, есейген ел, кемел ер,
Кешкен өмір асқақтыққа құлшынып.
Биік таулар тақиясы құз тастан,
Жөңкілген бұлт көкте күнмен сырласқан;
Бірде жаңбыр, бірде қарды түкірген –
Асқақтықтың шын көкесі нұрлы аспан.
Бір мөңкісе білмейтұғын қайтуды,
Алып мұхит цунамилы, тайфунды…
Бұл да сондай асқақтық пен биіктік
Өлшемі жоқ өрлік және айтулы…
Төңірекке, құдірет көкке ой тастап,
Қанша ұрпақ өрге ұмтылған алмасты?
Ерлер өтті, жүйрік өтті ойқастап,
Қуантатын алыс-жақын қандасты!
Сол жүйріктер тұлпар шабыс, от табан,
Бұл өмірді сұлу еткен, мәнді еткен…
Олар өтті. Бірақ, соны мақтаған,
Кейінгіге аңыз бенен ән жеткен.
Сондай аңыз жүйріктердің бірі боп
Өмір сүрдің, Әмин аға, мақтанам.
Сенің қазір жүргеніңе тірі боп,
Халқың болып, елің болып, шаттанам!
Шынында да бүгінгі таңда 80-ге келіп отырған Әмин аға Елемесұлы Тұяқов – спорт дейтін елді елеңдететін талай додалы жарыстарда биіктіктерге көтеріліп, асқақтыққа ұмтылып өткен, қазақ деген халықтың еңсесін көтеруге барынша қызмет еткен ел перзенті. Еңсесі жоғары ел азаматы, армаңыз!
Жұмат Тілепов,
филология ғылымының докторы, профессор.