Аударма машақаты
Танакөз Толқынқызы,
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын, аудармашы
Жуырда испан тілінде қазақ поэзиясының антологиясы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Испания астанасы Мадридтегі Жазушылар сарайында өтіп, оған бір топ қазақ ақындары қатысып қайтқан еді. Осы істің басы-қасында жүрген ақын Танакөз Толқынқызынан антология, қазақ қаламгерлерінің шетелге аударылу мәселелері, жалпы бүгінгі әдеби үрдіс жайлы жайлы сұрап білген едік…
– Испан еліне қазақтың бірқатар ақындары барып, қазақ ақындары антологиясының тұсауын кесіп, ол жақтағы жұртқа қазақ өлеңін насихаттап келген хабарды көзіқарақты жұрт естіп, біліп отыр. Мұндай кітап шығару, оған қазақ ақындарын енгізу мәселесінің басы-қасында өзіңіз жүргенін білеміз. Жалпы, идея қайдан туды, бұл істің машақаты қандай болды – бәрін әңгімелеп берсеңіз…
– Мен өмірбақи дипломат болуды армандадым. Сол үшін француз тілін кәсіби дәрежеде меңгердім. Бірақ сол тарапқа ұмтылған барлық талабым белгілі себептермен жүзеге аспады. Сосын маған бір ғажап ой келді. Маған әдеби елші болуға ешкім тыйым сала алмайды. Сондықтан Жаратқанның өзіме берген мол мүмкіншілігі мен қажыр-қайратын осы бағытқа жұмсау туралы шешім қабылдадым. Жазушылар одағының 700 мүшесінің ағылшын, француз тілінде сөйлей алатындары некен-саяқ. Бірді-екілі ғана. Ал кәсіби дәрежеде диплом алып, Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін бітіріп шыққан Дәурен Берікқажыұлы екеуміз ғана болуымыз керек.
Алғаш маған Серік Томановтың өлеңін француз тіліне аударып беру туралы ұсыныс түсті. Бір көркем фильмге қажет екен. Сол кезде бірінші рет тікелей аударма жасадым. Француз елшілігінде істейтін француз әріптесім екеуміз жабылып, оның жай жолма-жол аудармасын емес, көркем әдеби аудармасын жасауға бар күшімізді салдық. Өкінішке қарай, тапсырыс берген режиссер әйел де, фильмнің аты да есімде қалмапты. Кейіннен «Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысы бойынша француз тілінен тікелей қазақшаға көптеген көркем фильмдерді аудардым. Әдеби аударма машақаты көп, көзге көрінбейтін және ақы төленбейтін жұмыс. Сондықтан бұл ауыр жолмен ешкім жүргісі келмейді.
2013 жылы Мен Түркияның Стамбул қаласына халықаралық поэзия фестиваліне бардым. Сол жолы әлемнің ең танымал ақындарымен таныстым. Арасында Хусто Хорхе Падрон да болды. Хусто Хорке Падрон әлемнің 45 тіліне аударылып, 60 елге таралды. Ол испан тілде сөйлейтін ақындардың ішінде 5 континентке аты шыққан жалғыз ақын. Әлемнің ең ірі 70-ке жуық сыйлығына ие болған. 1972-1977 жылдар аралығында қатарынан бес жыл бойы испан тіліндегі ең үздік кітап болып мойындалды. Хусто Хорке Падрон Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын. Бұл фестивальге ақын жары Клеопатра мен қызы Лора үшеуі келген екен. Мен ақынның өзімен ғана емес, отбасымен де тез тіл табысып араласып кеттік. Кетерінде Падрон өзі үшін аса маңызды деп санайтын «Тозақ шеңберлері» атты кітабын қазақ тіліне аударуды ұсынды. Мен келісімімді кітапты толық оқып шыққан соң ғана беретінімді айтып, елге қайттым. Кітап француз тілінде болды. Елге келген соң, мен бұл күрделі шығармамен жете танысып шықтым. Хусто Хорке Падронның «Күңгірт оттар», «Түнгі теңіз», «Оттағы қайың», «Саған жазып отырған қол ғана өлмейді» т.б көптеген жыр жинақтары жарық көрді. Бірақ ақын шығармалары ішіндегі ең сүбелісі, маңызды һәм ауқымды шығармасы ретінде «Тозақ шеңберлері» жыр жинағы аталады. Бұл кітап әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды.
Ал Латынамерикасының жаңа прозасының негізін қалаушы Хорке Луис Борхестің өзі Хусто Падронның бұл кітабына: «Хоркенің «Тозақ шеңберлері» туындысы ұзақ жылдардан кейін мені қатты қобалжытып, қайғыртып, еңкілдетіп жылатқан бірден-бір кітап болды», – деген еді. Осы кітапты мен француз тілінен қазақшаға аудардым.
Кітаптың тұсаукесері Астанада Н.Гумилев университетінде болды. Тұсаукесер рәсімі мен кітапты жарыққа шығару шығындарының барлығын Испанияның Қазақстандағы елшілігі көтеріп алды. Хусто Хорхе Падрон бірінші рет Қазақстанға, Астанаға келді. Ол қазақтың ақындарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Бүгінгі әдебиет пен оның ерекшеліктері, әдебиеттегі жаңа құрылым мен ағымдар туралы пікірталасқа қатысты. Осы сапарда ол маған Қазақ ақындарының антологиясын испан тілінде шығаруға ұсыныс айтты. Мен оны қуана қолдап, қолымнан келген барлық еңбекті аянбай көрсетуге даяр екенімді жеткіздім. Бұл мемлекет тарапынан жасалған тапсырыс емес, қарапайым екі ел арасындағы әдебиет өкілдерінің шығармашылық қарым-қатынасы барысында дүниеге келген идея.
Антологияға енетін авторларды іріктеу ашық, жария түрде өтті. Біз бұл антология жөнінде әлеуметтік желіде хабар тараттық. Әр ақынның жеке телефонына хабарлама жібердік. Олардың өз шығармаларының жолма-жол испанша аудармасын өткізуді өтіндік. Жүздеген автордың шығармасын жинақтап, испан тіліндегі жолма-жол аудармасын Хусто Хорхе Падронға жолдадық. Падрон осы ақындардың ішінде елу авторды антологияға енгізу үшін өзі іріктеп алды. Жобаның жүзеге асуы үшін қаржылай қиындыққа кезіктік. Осы ауыртпалықтың бәрін өз мойнына алып, демеуші таба білген Қазақстанның Испаниядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаев мырзаға алғысымыз шексіз. Бұл шара 10 ақпан күні, Мадрид қаласында Каса де Лектор жазушылар сарайында Қазақстан мен Испания арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

– Испан елінің ақындарға, жазушыларға, жалпы шығармашылық адамдарының еңбектерін бағалауға деген құрметі қандай екен?
– Барлық Батыс Еуропа мемлекеттерінің ішінде поэзия қарыштап дамып келе жатқан мемлекет – Испания екен. Оны Падронның үйіне қонаққа барғанда, әңгіме барысында естідік. Испанияда кітап үш түрлі тәсілмен шығады деді. Бірі автор кітабы үшін өзі қаражат төлейді. Кітабы өтіп пайда тапса да, өтпей шығынға ұшыраса да салмақ автордың өзіне түседі. Екінші, өзін «ұлы ақын» санайтын, бірақ кітаптары өтпейтін ақындарды мемлекет шығарып береді. Үшінші топ ақындарды баспагерлер өздері іздеп жүріп басады. Себебі, олардың кітабы ешқашан сөрелерде шаң басып жатпайды. Ол ақынға да, баспа үйіне де пайда түсіреді екен.
– Испан ақын-жазушылар Қазақстан атты елдің шығармашылық қауымымен қаншалықты таныс?
– Мүлде таныс емес деуге болады. Падрон алғаш қазақ ақындары туралы мәліметті ағылшын, испан, француз тілінде іздеп көреді. Өкінішке қарай, ол Батыс Еуропа тілінде шыққан бірде-бір ақпарат таба алмайды. Испан тілінде шыққан қазіргі заманғы қазақ ақындарының антологиясы екі арасына орнаған алғашқы әдеби-мәдени баспалдақ. Осы тарихи оқиғаның ортасында болып, алғашқы испан тілінде шыққан антологияны құрастыруға ұйытқы болғаныма өзімді бақытты санаймын. Қазақтың Абайдан басталатын ірі әдебиет өкілдерін іріктеуде Дәурен Берікқажыұлының еңбегі зор. Бір ақынның бір өлеңін таңдап алу үшін ақынның тұтас шығармалар жинағын қайта оқып шығуға тура келеді. Және таңдау ақынның талғамына байланысты. Сондықтан бұл антология құрастырушы екі автордың талғамына орай жасалды десек те болады. Және осы антологияның жолма-жол аудармасын қазақ тілінен тікелей испан тіліне аударған Қазақстанның Испаниядағы елшілігінде қызмет атқаратын Ләйла Қаулова сіңліме алғысым шексіз.Ол адамгершілігі зор, табиғаты ерекше қарапайым, инабатты әрі терең білімді қазақ қызы. Ол қалтарыста отырып, үлкен шаруа бітірді. Ләйла болмаса, бұл жобаның жүзеге асуы қиындайтын еді.
– Антологияға енген ақындар жайлы аудармашының, кітаппен танысқан шығармашыл зиялы қауымның пікірін жеке айтып өтсеңіз.
– Падронның қазақ ақындары жайлы пікірін тыңдадым. Ол сахнадан Абайдың өлеңін испанша оқыды. Және Ресей империясына қарсы күрескен алаш алыбы Міржақып Дулаттың өлеңін сахнадан ерекше шабытпен арқаланып оқығанда көзіме жас келді. Бүкіл ғұмырын қазақ мұраты үшін сарп етіп, қазақ мұраты үшін жанын пида еткен алаш алыбының аруағы бір аунап түскен шығар. Және Хусто қазақтың жас ақындарына үлкен баға берді. Дәулеткерей Кәпұлы, Қуаныш Медеубаев, Бақытгүл Бабаш, Анар Шамшадинова, Әлібек Шегебаевтың да шығармашылығына тәнті болғанын жеткізді. Және Қазақстанға тағы да бір келуге ерекше ықыласты екенін жеткізді. Хусто Хорхе Падрон кітаптың кіріспесінде антологияға енген әрбір ақынды жеке-жеке талдайды. Осы эссені біз қазақ тіліне аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне басқымыз келеді. Бұл Испанияда ғана емес, әлемдегі ең көрнекті ақынның қазақ ақындарына берген кәсіби бағасы. Ол тек ақындардың өздері үшін ғана емес, әдебиетсүйер қауым үшін де қызық болар деп ойлаймын.
– Испан еліндегі жалпы әдеби ахуал туралы сауал қойғымыз келеді. Әрине, аздаған уақыттың ішінде испан елінің шығармашылық көңіл-күйімен жете таныса алмаған боларсыздар. Сонда да, алғашқы әсер қалай болды? Өзіңіз білесіз, Латынамерикасынан шыққан, дүниежүзіне мәшһүр Борхес, Гарсиа Маркес, Кортасар… сынды қалам иелері баршаға таныс. Сіз көрген Испан елінде байырғы бодан болған елден шыққан ақын-жазушыларға деген үстем көзқарас байқала ма?
– Мен Испан ақындары туралы әзірге Падрон айтқан әңгімелер арқылы ғана таныспын. Оның «Қазақстан» Ұлттық арнасына берген сұхбатынан үзінді келтіріп кетсем артық болмас. Ол Испаниядағы жалпы әдеби ахуалға былай деп баға береді: «ХХ ғасыр Испанияда лириканың тамаша кезеңі болды. ХХ ғасыр басының асқан үш шеберін атап өткім келеді, олардың ішінде Антонио Мачадо, Мигель де Унамуно және Нобель сыйлығының иегері Хуан Рамон Хименез. Олар келесі ұрпаққа үлкен мұра қалдырды. Жиырма жетілер буынының өкілдері: Хорхе Гильен, Херардо Диего, Педро Салинас, Федерико Гарсиа Лорка, Висенте Алейксандре, Дамасо Алонсо, Рафаэль Альберти және Луис Сернуда. Отыз алтылар буынының Мигель Эрнандез, Леопольдо Панеро және Луис Росалес сияқты танымал ақындары Антонио Мачадоның басшылығымен регуманизация үдерісін бастады. Қырқыншы жылдары Блас де Отеро, Хосе Иеро және Пабло Гарсиа Баена, ал елуінші жылдары Хосе Анхель Валенте, Хайме Гиль де Биедма сияқты ақындар өте танымал болды. Менің заманымның, яғни жетпісінші жылдар ақындары талғағыш тіл буынын қалыптастырды: Пере Гимферрер барокко, асқақ және нәзік вербализмнің өкілі; Антонио Коллинас тіршіліктің романтикалық көзқарасының руханиятын және көркемдігін көрсетеді, ал мен испан поэзиясының дәстүрін жаңартатын космогониялық көзқарасты білдіремін».
Сіз айтып отырғандай Испанияның әдебиет өкілдерінен ешқандай үстем көзқарасты байқамадым. Олар тек біздің ұлттық киімге, ұлттық аспапқа, ұлттық әдебиетке ерекше қызығушылық танытты. Кемсіту бұл рухани кемтарлардың ғана әрекеті. Қалыптасқан тұлға ешқашан менмен болмайды. Мен Испанияның әдебиетіне ғашықпын.
– Аталмыш жоба жалғасын таба ма?
– Әрине, бұйыртса деп отырмыз. Антологияға енбеген, бірақ өлеңдері испан тіліне аударылған ақындар Испанияның ең беделді әдеби журналына басылатын болады. Оны Хусто Хорхе Падрон өз жауапкершілігіне алды. Ол осы жинақтың екінші томы іспетті болып жарыққа шығатын болады.
Бұдан бөлек, Қазақ ақындарының антологиясы екі том болып азербайжан тілінде шығады. Және бұл жоба жүзеге асып жатса, түрік тілінде де шығарып, Стамбулда кітап тұсаукесерін жасағымыз келеді.
Және бір үлкен жобамыз ағылшын тілінде дайын тұр. Тек оны Лондонда бастыртып, тұсаукесерін жасауға қаражат таба алмай отырмыз. Сәті келгенде айта кетсем, бұндай рухани жобалар мемлекет тарапынан қолдау көрсе, құба-құп болар еді. Себебі қаражаты қомақты болғандықтан жекелеген компаниялардың көтеріп алуы қиынға соғады.
Кезінде аударма мәселесі мен оны кітап етіп жарыққа шығаруды Елбасының алдында Иманғали Тасмағамбетов көтерген еді. Ағылшын тіліндегі қазақ антологиясын шығаруға тәуелсіздік алған 25 жылда бірнеше рет ұмтылыс болғанымен бәрі сәтсіз аяқталған. Көршілес өзбек, қырғыз ағайындар бұл тұрғыдан келгенде бізден озық тұр. Сондықтан жер байлығымен мақтанатын Қазақстан ұлттық рухани байлығын насихаттауға келгенде кедей екеніміз көрініп қалып жатады. Сондықтан бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау күтеміз. Жекелеген азаматтар бел шешіп кірісіп, қазақ руханиятын қолдауға ниет танытып жатса, еш қарсылығымыз жоқ. Мен ағылшын баспа директорымен Астанада екі рет кездесіп, осы жоба мәселесін талқыладым. Ол бұл жобаны іске асыруға ерекше ықылас танытып отыр. Қаражат мәселесі шешілсе, ол әдеби мерекені де думандатып жасаудың күні алыс емес сияқты.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қарагөз Серікқызы.