ЕЛЖАНДЫЛЫҚ МАЙДАНЫ
Белгілі қаламгер Жұмабек Кенжалиннің 2016 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің ұсынуымен жарық көрген «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» атты монографиялық еңбегі де қазіргі қоғам қажет етіп отырған өзекті зерттеу тақырыптарын нақтылы мәнде ғылыми жүйеде зерделеп қарастырған.
Жаңа бір тарихи кезеңді бастан кешіп жатқан қазіргі қоғамның ұдайы назарда ұстайтын құндылықтары ауқымында азаматтардың отансүйгіштік сезіміне қатысты өзекті проблемаларды тұғырлы саяси ұстанымдар негізінде байыптау қажеттелігі айқын. Автор осы мәнде: «Ішкі саяси тұрақтылықты қалыптастыру – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Оның көп факторлары бар. Белгілі бір аймақта әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, адамдардың рухани сұранысын қанағаттандыру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі екендігі анық. Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік, ұлтжандылық, елжандылық қасиет қалыптастыру – тәуелсіз мемлекетіміздің өтпелі кезеңі үшін айрықша маңызды мәселе болып отыр», – дей келіп, бұқаралық ақпарат құралдарының осы бағыттағы нақтылы іс-нәтижелері, елеулі мәні туралы ой тарқатады.
Отансүйгіштік сезімнің қалыптасу факторлары, осындағы тарихи-әлеуметтік, рухани, экономикалық негіздер тұрғысында отандық саяси ғылымда ара-тұра сөз қозғалғанымен, арнайы зерттеу болмағандығын ескергенде, бұл еңбектің БАҚ бойынша құқықтық-нормативтік құжат дайындау, заң жобаларын жасаумен арнайы бағдарламалар әзірлеуде қолданбалы қажеттілігі бар. Қоғамтану бағытындағы әр сала бойынша кәсіби біліктілікті қалыптастыруда септігі тиеді.
Автор орыс зиялыларының саяси құрылымы сан мәрте өзгерсе де өз халқын Отанды сүюге үндеп отыру өнегесіне зер салады. Тарихи деректерге сүйене отырып, халықтың рухани тарихындағы елеулі тұлға Асанқайғы туралы ол 1456 жылы Шу алқабында Қазақ Ордасы құрылғанда жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды деп, ойға қонымды соны тоқтам жасаған.
Елді сүю, Отанды сүю, кісілік, тектілік қол бастайтын ерлерге тән асыл қасиет екенін жырлап өткен дәстүрлі рухты поэзия өкілдерінің ұлағаты туралы Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Махамбет сынды жыраулар өнегесінде ой қозғалады. Сол негізде дәстүрі бай, рухты отансүйгіш сезім, елжандылық аңсарлардың теориялық және практикалық аспектілерінің зерттелу проблемасына ден қояды.
Патриотизм ұғымының мәнін ашуда, оның Қазақстан тарихынан алар орнын зерттеп, зерделеудегі қазақстандық ғалымдар А.Айталы, Р.Айтқали, Л.Ахметова, Б.Әбдіғалиев, Р.Әбсаттаров, А.Бижанов, Б.Берлібаев, К.Ғабдуллина, А.Қалмырзаев, С.Қозыбаев, Ғ.Меңлібаев, Д.Раев, т.б. еңбектерін атап өтеді. Патриоттық сезімнің түп қайнарлары туралы тоқтамдарында автор қазақ қауымы үшін қашан да өзекті, өткір мәселесі болып отырған ана тілінің тарихи миссиясын ең басты фактордың бірі есебінде алған.
Автор қазіргі қоғамның ұлт-
аралық қатынастар өзегіндегі «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Айқын», т.б. БАҚ-та жарияланған материалдар, ондағы ұстанымдар туралы кең шолып, талқыға салады. Автордың ұлттық патриотизм ұғымын Қазақстан халқының тәуелсіздік алған жылдар тарихымен сабақтастыра жүйелеу ұстанымдары қазіргі саясаттану ғылымының жаңа бағыттарын айқындаумен өзектес өміршең мәселелер болып отырғандығы даусыз.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үдерісінде БАҚ – ықпалды күштердің бірі. Алматы қаласы тұрғындары арасында сауалнама жүргізе отырып алынған деректері арқылы автор осындай жалпы бағалап сөйлеудің нақтылы негіздері бар екендігін айғақтай түседі. «Баспасөз қазақстандық патриотизмнің, отаншылдық пен ұлтжандылық рухтың тұғырлы болуына үлес қоса алды ма?» деген сауалға респонденттердің 80 %-ы «иә» деп жауап беріпті. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы елжандылық ұстанымдардың қоғам өміріндегі қозғаушы күш мәніндегі әлеуетін саралаған ғалымдардың ой-тоқтамдарының маңызы, патриоттық сезім қалыптастырудағы алғышарттар тұрғысында түйін болжамдар жасау мүмкіндігі туып отырғанын атап өтеді. Автор қоғамтанушы ғалымдар жасаған маңызды ғылыми тоқтамдарға жүгіне отырып, проблеманың ғылыми негіздемесіне арқау болған, қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның даму ерекшеліктерінен туындап отырған нақтылы құбылыстарды айқындай түседі.
Белгілі ғалым Т.Омарбековтің «Қазіргі кезде бізге ұлттық жаңару, қайта өрлеу және жалпықазақстандық бірігу идеясы айрықша қажет, мұндай идеяның басты принципі: «көптүрліліктің бірлігі», – деп жазғанына мән береді.
Ж.Кейкиннің «Отаншылдық – қоғамдағы үздік сана», Л.Ахметованың «Жетекші тұлға мен отаншылдық проблемалары»,
К.Аймаханның «Отан қайдан басталады?», Ибрагим Шамшатұлының «Еркіндік – ұлттық намыс пен отаншылдық сезімді күшейтті» мақалаларында қозғалған өзекті ой, ықтимал болжам, ұтымды байламдары байыпты саралауға тартылған. Сол тұрғыда бұл жарияланымдардағы негізгі ерекшеліктер түйінделген.
Қазақ басылымдары қазақстандық патриотизм деген ұғымның мән-жайын түсіндіріп берген; оның алғышарттары неде деген сауалға жауап тапқан; қарапайым оқырман қауымға қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың қажеттілігін, тарихи миссиясын саралап берген; тұлға бойындағы отаншылдық сезім мәселесіндегі негізгі факторларға мән беріп отырған.
Ж.Кенжалин Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде азаматтық белсенділік пен ел мұратын ту етіп көтерген қарымды-қаламды журналистер С.Байжанов, Ш.Мұртаза, Б.Қыдырбекұлы, Қ.Мұхамеджанов, С.Ақтаев, Н.Оразбек, С.Абдрахманов, М.Тоқашбаев,
А.Әлім, Ж.Аупбаев, Ж.Шаштайұлы, С.Ибраим, М.Ақдәулетұлы,
М.Төлепбергенов, Ж.Сабыржанұлы, С.Шүкірұлы, Қ.Олжай, Қ.Сәрсенбайдың тарихи тұлғалар, мемлекеттілік, тіл тағдыры бағытындағы толғаныс-тоқтамдарының елеулі маңызы болғандығын тарқата баяндаған.
Марат Қабанбайдың «Ана тілі» газетінде жарияланған өзекті де өткір толғамдарының рухани-саяси әлеуеті, қаламгердің ұлтжанды болмысы, жазу қарымындағы нақтылық пен әлеуметтік әлеует лайықты бағаланады. Жаңа уақыттың БАҚ-қа жазу еркіндігін бергендігі, сонымен бірге қаржылық-экономикалық тығырықтарға тірелген шақтар да зерттеуші назарында.
ХХ ғасыр басындағы «ел қамын жеген Едіге» тұлғалардың нақтылы қайраткерлік еңбегі, оның ұлттық рухты жаңғыртудағы тарихи миссиясы, баспасөздің ықпалды бағыты нақтылы тарихи, әлеуметтік саралаулар арқауында тақырып аясына тартылады. «Серке», «Қазақ», «Қазақстан», «Айқап» басылымдарының ұлтжандылық бағыттағы сантарап еңбегі сараланады. Сол ізгі дәстүрдің қазіргі кезеңмен сабақтастығы жалғастығы жөнінде пайымдаулар жасалады. БАҚ-тағы ұлттық мүдде, ұлт болмысы дәріптелу ұстанымдарының елеулі фактілері егжей-тегжейлі сараланады.
Отансүйгіш аңсар, ұлтжанды болмыс, елдік рух – қазіргі Қазақ мемлекеттілігінің мызғымас тарихи арқаулары. Қазіргі қазақ баспасөзі сандаған ғасырлардың сарқылмайтын құндылығы – елдік мұраттарды ұрпақ санасына сіңірудің абыройлы жауапкершілігіне мызғымас адалдық дәстүрінде дамып келеді. Олай болса, осы мәселе ғылыми жүйеде зерделенген «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» монографиясында қазақ газеттерінің бар шаруасының басы-қасында жүрген белгілі тұлға Жұмабек Кенжалин БАҚ-тың арнайы зерттеу нысаны есебіндегі өзекті ғылыми ұстанымдарын, өзіндік концепциясын қисындау бағытында зәрулігі даусыз еңбек жазған деп түйіндеуімізге болады.
Шаридияр ВАЛИХАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымының кандидаты.
ПІКІРЛЕР1