Бұл өлеңнің қарапайым ырғағы…
***
Мақсат етпей-ақ мойындалу дегенді,
Жәй жаза салу керек өлеңді.
Алмай-ақ та қойсын жыр жаттап,
Болмай-ақ та қойсын көлемді.
Өзінен артылып жүріп өз соры
Кім күтеді дейсің сөз соңын?
Ойдан жалыққан кезеңге
Онша қажеті де жоқ соның…
***
Адалдығына сенерім,
Алдағанына да көнерім.
Пәндауи тілде теңеуі
Табылмай қойған өлеңім.
Жалғыз мұңайған сәттердің,
Тағдырға жүрмес өкпеңнің
Сағынышыңнан ауыр салмағын
Тек маған артсаң деп едім!..
***
Мазаңды алса да мұң небір,
Үн-түнсіз тынбағын.
Көңілді көрінсе кімге өмір,
Сол саған ғашық деп біл жаным…
Жетпейді-ау бір нөсер жерге де лайсаң,
Жұртқа да жетпейді бірдеңе.
Көктемді аңсаған көңілмен мұңайсаң,
Аңғармай жүр деме…
Жолдарға таңылған тағдырмын, не дейін?
Ай – алыс қалса да,
Күн – жырақ.
Шашыңның әр талын шаттықпен өбейін,
Қалмашы тұнжырап.
Мезгілмен түрленген мазалы бақтарда
Сағыныш күліп тұр күз-келбет.
Өзің деп қаламды қарманған шақтарда –
Көзімде сыз, кермек.
Басқалар –
Басқа ғой түсінсең,
Ақылдым, ұлғайтпа өкпені.
Бір сәтке көңілді болуың үшін сен,
Бақытсыз ет мені…
***
Ақжұлдыздай анығым,
Жалғандағы жарығым!..
Жанарыңның нұрынан тағдырымды таныдым.
Ақмұнарда қалғандай аласұрып жүрмін мен,
Айналамның бәрі мұң.
Өңгелігі өлеңнің –
Өмірімнің серті еді.
Қай әуенге тербеліп,
Кімнің күйін шертемін?
Жалғыздардың қаласын жалғыз кезе беремін
Өз-өзімнен жиіркеніп,
Өз отыма өртеніп…
Ымыртында Өмірдің
Ызғарынан түңілсең
Сол отыма жылын сен!
Тәубелігім – Сағыныш.
Сағынышым, тек менің
жүрегімді тыңдасаң,
жүрегіме үңілсең…
Аспаныңа қарашы,
Ажарыңдай Айпара!..
Аспан саған ақкеуіл ақын жайлы айта ма?
Алдағанда сенімің,
Қалмағанда амалың
Ылайытса көңілің
Ырғағымды қайтала…
***
Бұл өлеңнің
Қарапайым ырғағы –
Жүрегімнің
Баяу соғып тұрғаны.
Қаперіне алмаса да басқалар,
Тек ырғақта болмаса да жыр мәні.
Мін іздесең –
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.
Есім түзу, тым ақылды емеспін,
Айтпайды ғой ақымақпын деп ешкім.
Сен де мендей Жалғыздықтың мұңысың,
Мен де сендей бір-ақ сәттік елеспін.
Бар еді ғой бәрімізге тең өлшем,
Бірақ маған жат көріндің неден сен?
Мұңыңды айтшы, мұңдасуға қайлымын,
Шыныңды айтшы, жылайсың ба мен өлсем?..
Сырып тастап перделерін қайғының,
Сырласайық, сырым ғана байлығым!
Байқар дейсің тек біз білген жайды кім?
Айтар дейсің тек бізде бар ойды кім?
Сыртымыздан айтылса да көп кесім,
Бұл ойымнан бар ма басқа нақ шешім?
Сырымыз жат, мұңымыз жат боп жүріп,
Бостан-босқа өмір өтіп кетпесін.
Жаман өлең
Жалғыздық орнаған бақтардан,
Тылсым бір қарардан.
Жабыққан шақтардан,
Мөлт еткен жанардан.
Ұрладым!
Ұрладым мен сені.
Мөлдіреп тұрғаның –
Мендегі сезімнің өлшемі.
Маған жат тағдырдың көгінен жыр сауып,
Самайдан тарамдап сор ағып.
Үстелде күлсауыт.
Бос қалған шылымның қорабы.
Шағыр көз сыйдырған шартарап,
Қаламның ұшында.
Өзгенің Күнәсін арқалап,
Дем тартар қайғыдан ұшынған
Жүректің тұсында.
Амалым – басқаша шығады,
Қалауым – теріске.
Өмірде сайтанды құп алып,
Өлеңде – күнәсіз періште.
Лаң салған түнімнен
Кофемен бас жазғам.
Таң шағы аумайды іңірден,
Ал өмір ұқсайды пассажға.
Сол қала,
Сүдіні қашып тұр.
Секемім түзге ауып.
Оңаза күй сені басып бір,
Қаперде жүз қауіп.
Қаперде қайғының салмағы,
Әдемі өлімнен мән көру.
Ескісі есімде қалмады,
Жаңасы – рандеву.
Аянсыз келешек,
Алаңсыз ажалға бой ұрсын.
Бұл ақын – маклер!..
(Немесе мақсатсыз қайыршы).
Биболат Сәтжан