Ескен Елубаев
Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға душар болды. 75 жасқа қараған шағында белгілі ақын, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Ескен Елубаев дүниеден озды.
Ескен Елубаев 1942 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Отар стансасында туған. 1958 жылы Отар стансасындағы №29 теміржол орта мектебін бітірген. ҚазМУ-дің филология факультетін тәмамдаған.
1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, «Балдырған» журналында жауапты қызметтер атқарған.
Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналында жарияланған. Ол шығармаларының денін балаларға арнап жазды. Оның «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ театрында қойылған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ұлттық «Астана — Бәйтерек» конкурсының екі дүркін бірінші жүлдегері, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері болды. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды иеленді.
«Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың деген», «Өжет», «Кто сильнее?», тағы да басқа қырықтан астам кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. «Балабек», «Асар» пьесалары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Саған күшік керек пе?» кинофильмі автордың пьесасы бойынша түсірілген. Шығармалары қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енген.
Саналы ғұмырын әдебиетке арнап, жарты ғасырдан астам уақыт бойы талмай еңбектеніп, өмірінің соңына дейін қалам құрғатпай жазып, балалар әдебиеті жанрын байытқан Ескен Елубаевтың жарқын бейнесі халқымызбен бірге жасай береді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.
ЕРЖҮРЕК АҚЫН
Ескен Елубаев кітап дүкендерін жиі аралайтын. Ондағы мақсаты – ғалымдардың балаларға шығарма жазғанда пайдалануға болатын деректері бар кітаптар мен әріптестерінің жаңа дүниелерін сатып алу және өзінің дүкенге жаңадан түскен кітабының жағдайын біліп қайту болатын.
Екінші рет барғанда өз кітабының тез өтіп кеткенін біліп, әріптестері бас қоса қалғанда, ол жайындағы қуанышын айта жүретін.
Есағаңның қуанатындай жағдайы бар еді. Кітаптардың сатып алушысын күтіп, ұзақ уақыт сарсылып жатқаны қайбір жақсы дейсің. Яғни кітап алуға келген жұртшылыққа ұнай бермегені де. Ал тез өтіп кеткені жұртшылықтың талабын қанағаттандырып, балаларын қуантуға алып кеткені.
Ескен шығармалары кім-кімді де қуантуға лайық. Балалар поэзиясының өте шебер жазылған алуан түрлі үлгілерінің бәрі табылады. Ескен өлеңдер, санамақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, ертегілер, пьесалар, метаграммалар, танымдық өлеңдер, юморлар, әліппедегі әріптердің бәріне құрылған атқояр дейсің бе, толып жатыр. Өлеңнің құрылысы жағынан да, мазмұны жағынан да балалар поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген өзіндік жаңалықтары да толып жатыр.
Бірсыпырасы орыс тіліне аударылып, Мәскеу баспаларынан жарық көрген. Орыс ақыны Юрий Кушак аударған, Ескеннің қазақ балалар поэзиясына өзі енгізген жаңалықтары да орыс оқырмандарына жаңалық болып көрінген болар-ау деген ойға жетелейді.
Бірқатар пьесалары республикамыздың көптеген театрларында қойылып жүруі де автордың пьесасы бойынша түсірілген «Саған күшік керек пе?» кинофильмі де – үлкен жетістік.
Ескен Жамбыл облысының Қордай ауданында Отар станциясында дүниеге келген. Ол әрбір шәкірт бала кезінен өзінің туған жері, туған облысы, туған елі туралы там-тұмдап біле беруі керек. Сонда әрбір шәкірт есейгенде туған елінің нағыз патриоты болады деп есептеген. Бұл тақырып Ескеннің басты тақырыбы еді. Мысалы: өзінің туған ауданының атауы қайдан шыққан? Оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Болмысы ізденгіш ақын іздене келе, көнекөз қарттардан сұрастыра келе ол атаудың қалай туғаны жайлы анықтап, өлең жазады. Ертеде ержүрек Қордай деген батыр болады. Елін шапқысы келген жауды қынадай қырып жүреді. Сөйтіп жүргенде жаудан батырға ем қонбас ауру жұғып қалады. Жұқтырып алам ба деп, тәуіпке де бармай, ауру елге тарап кетпесін деп, сүйегім сонда қалсын деп, жалғыз өзі тауға аттанады. Сөйтіп, елі үшін ең соңғы ерлігін жасайды.
Ескен өлеңінің соңын:
Қордайдың бізбіз ұрпағы, –
деп аяқтайды.
Ескен сөйтіп, қордайлық бүлдіршіндер мен жеткіншектердің рухын асқақтатады.
Еліміздің, халқымыздың бүлдіршіндері мен жеткіншектері шеттерінен елімізді сүйген ержүрек батыр, өнерлі, тәрбиелі білімді болып өссін деп солар үшін небір ғажайып дүниелер тудырған Ескен Елубаевты ержүрек ақын демей, кім дейміз.
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ.
БАҚҰЛ БОЛ, БАЛАЖАН АҚЫН!
Ескен Қазақстанның әр түкпірінен бір кездегі астанамыз, гүлге оранған әсем қала Алматыға білім іздеп келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ университетіне оқуға түсу үшін 1961 жылы емтихан тапсырған түлектердің ішінен ерекше көзге түскені есімде. Ол кезде мен университеттің екінші курсында оқитынмын әрі университеттің комсомол комитетінің мүшесі едім. Деканымыз сол жылы мені оқуға түсетін түлектерден емтихан алатындардың тізіміне кіргізген. Міне, сол кезде оқуға қабылданған Ескеннің жүріс-тұрысынан, газеттерге жарияланып тұратын өлеңдерінен оның болашағы жарқын екенін аңғаруға болатын еді.
Ол 1966 жылы университетті тәмамдаған бойда еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастады. Сол кезден бастап көбінесе балаларға арнап өлеңдер жазумен болды. Мұны оның алғашқы шыққан «Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың деген», «Кемпірқосақ», «Балабақша», т.б. жыр жинақтарының атауларынан-ақ байқауға болады. Ескен бұдан кейінгі жыр жинақтарында да өз тақырыбынан ауытқыған емес. Кейінірек жазған пьесалары да балалар өміріне арналды. Сөйтіп, ол балалар тақырыбына қалам тартқан Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды классик ағаларының жолын қуды.
Ескен спортқа жақын еді. Бұл тақырыпқа да қалам тербеп, бірнеше өлеңдер жазды. Әсіресе, қазақтың қайсар ұлдарының бірі, 1980 жылғы Мәскеуде өткен Жазғы олимпиада ойындарында қарсыластарын бірінен соң бірін жеңіп, бетқаратпай келе жатқан Серік Қонақбаев бауырымызды советтік солақай саясатты ұстанушылар көпе-көрінеу сүріндіріп, алтын медальдан қаққанда жаны күйзелген Ескен ақын боксшы Серікке екі өлең арнады. Соның бірінде ол «Сенің атың бұл күнде Серік емес, қазақ болып тұрған шақ» деп тебіренгені есімізде.
***
Бір өкініш өзегімізді өртейді. жүзге келген жыр алыбы Жамбылдың шәкірті болып:
Келдім, міне, сексенге,
Тай үйретем тепсеңде.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, –
деп жырлап, өзі тоқсаннан асып дүние салған, асыл сүйекті кешегі Кенекең (Кенен Әзірбайұлы) өскен өңірдің топырағында туған Ескен ақын өзінің 75 жылдық тойын атап өтуге бір апта қалғанда көз жұмды. Алланың ісіне шара бар ма?! Жаның жәннатта болсын, пейіште нұрың шалқысын, балажанды ақын Ескен Еркешұлы!
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.
Абзал адам еді…
Ескен ағаның балалар әдебиетінің бағбаны екені баспасөзде жиі жазылған, енді тіпті молырақ айтылады. Оны іздей бастаймыз.
Балаларға арнап жазған өлең кітаптарым «Балқаймақ», «Отырартөбе» баспадан («Жалын») шығарда редакторым болып шексіз қамқорлық жасаған еді. Жай редактор емес, кемшілігіңді сыпайы айтып, тәрбиелеп тұратын бауырмал Ағаға мен де үйіршек іні болдым. Жүрегі кең, алды ашық, мейірбан жақсы Адам еді.
Біздің оқушы кезімізде көптеген танымдық қазақша кітаптар жетіспейтін. Барының өзі орысша еді. Осы оқулықтың орнын толтырып, танымдық әдебиетті көркем дәрежеге жеткізіп, қазіргі мектеп шәкірттеріне «Тілге жеңіл, жүрекке жылы» және юморға толы әдемі шығармаларын қалдырған Ескен ағаның аты өшпейді. Себебі, балалар әдебиеті адал қайраткер, қаламгерлер сиреген заманда Ескендей асыл ақынның, абзал адамның орны ойсырап тұрады. Амал қанша?!
Ұстамы жақсы Ұстазым, әруағыңызға басымды иемін!..
Мылтықбай Ерімбетов.
ПІКІРЛЕР9