Алакөл
«Дитя, я пленился твоей красотой:
Неволей иль волей, а будешь ты мой!» –
«Родимый, лесной царь нас хочет догнать;
Уж вот он: мне душно, мне тяжко дышать!».
Ездок оробелый не скачет – летит…
Младенец тоскует, младенец кричит…
Ездок погоняет, ездок доскакал…
В руках его мертвый младенец лежал.
Гете. «Лесной царь»*
Көкті бу көтерген, Жерді су көтерген тым көне уақытта бұл ойпат Қап тауынан Байкөлге дейін шет-шегі жоқ телегей-теңіз болған. Қар теңіздің жұқана-жұрнағы, алыптың тостағаны, қазақтың ұсақ шоқылығының қазан шұңқыры Алакөл көкжиекпен тұтасады. Қарағай басын шортан шалған топанның таза суынан соң уыз тіршілік қайта жанданып, көкте сүйіншіге кемпірқосақ шықты. Жұмыртқадан жарылған құстардың қауырсынына кемпірқосақтан жұққан реңкті бу көтеріп әкеліп, суға түсіргендей. Үркердің батуымен аңызақта жерге түсетін шоқжұлдыздар балық пішінді. Алтын қабыршақтың баласы балықтар судың құты тереңде жүзеді. Көкбастаудан құлай ағатын айна бұлақтар жеті судың қормалы, мұз теңізге жол таппаған кей өзендер Алакөлге құяды.
Су атасы бұлақ, бұлақтар ақса көлдер тоқ, басында бұлағы бар балықты өзендер кең даламен ұзақ ағады. Сасықкөлдің тұнық көкшіл суына жеткенше шағын көлдерге құятын Тентек өзені арындап, үш айырық ашалана, тармақ сулары арқырай тасиды, тау-тасты бұза-жара, көбік шашып өтеді.
Төменде бар нәрсе жоғарыда бармен тең, жоғарыдағы төмендегімен тең әрі сәйкес келеді. Көктің айнасы жердің айнасына шағылған соң аспан мен теңіздің түсі көк. Жер мен Көктің шексіз-шетсіз байланысы жеті қараңғы түнде ағараңдаған Құс жолымен нышан беріп, Ай астында Жер-судың тірі құбылысын тұтас уысында ұстайды.Тау шыңында көкқұстың қанат қағуын, орманда бұланның мүйізі түсуін, суда балықтың уылдырық шашуын, жерде шөптің ақ сүтін реттейді.
Тәңірі миллиард-миллион жұлдызды құс жолына жаратқан соң жер үстінде тулаған көк те- ңіздер, ұлы мұхиттар, ақ бұлақтар тегіс Айдың тартылыс күшіне бағынады. Айдың тегі су. Соның үшін бұлақ суын теңізге сүйрейді. Су иесі шақырады. Албасты қабаққа қарап басады. Тәңірдің бұйрығымен судың пірі, жердің киесі бар.Теңіздер жер астымен құпия, жер үстімен ашық жалғаса келе әлемдік мұхитты құрайды. Су екі дүние – фәни мен бақидың арасын жалғайтын өтпелі көпір.
Көлдің төбесінде шоғырмақ бұлттар ілініп, сол жағында жатаған тау сұлбасы көлбей сұлап жатыр. Жағаның көбіктеніп жататын бозғылт суы қырық метрден соң көгілдір ақық түске ауысып, көл ойылып, иірім түпсіз тұңғиыққа тартқан сайын жал-жал ойнаған перілі толқындар жасылдана береді. Көл өзіне жұлқа тартады. Алакөл деп айнытпай атаған. Бұрынғылар ащы көлді Ит кешу, бірде Итішпес деуші еді. Алтай таудың айнасы Алтынкөлдей суы тұщы емес, Итішпестің Алакөлі теңіз екенін ащылығы әбден айғақтайды.
Қара күзден қыс ортасына шейін Ебі желі азынай соққанда Тарбағатай сауырында суырлар бүрсең қағып інге тығылады. Жер астында суыр елі өлі ұйқыға батқан үскірік боранда жалаңаш Алакөлді сірескен мұз құрсап тастайды. Жылымық ілестіре оралған жыл құстарымен күн ұзарады. Көктемгі аласапыранда жер-су тоң мен жұттан қабат шығады. Қара жерден қар кетіп, айнала көксу-ақсулар күркірей тасып, тұйық көлге адуын Үштентек, Ұрыжар, Еміл, Қатынсу өзендері құяды. Алакөл көкек айда ала-құладан тез арылмайды. Сең бұзылып, сөгілген мұз тұзды суда ұзақ жатып ериді. Көл сарғыш, ортасы қаракөк, ақшыл, көк жалқын, жасыл түспен алуан құбылатыны содан. Айдың өлі жарығында сүт іриді. Алакөлдің бір сабасы Сасықкөлдің қалың қамысында туып өскен қорсылдақ жабайы шошқаның жас төлі арқасы ақ жолақ болып әлеміш туады.
Көл ішінде шоқиып жатаған тау тұр. Сырт көзге кішірек көрінетіні арал жағадан он жеті шақырым алыс. Айнала суы мөп-мөлдір, көкпеңбек, бір тұсы жылы ағыс, бір тұсы салқын. Таз тақыр шоқыда ажалды киік, жанды қарға жоқтай жым-жылас сезіледі. Аралтөбені жылан ордасы деседі. Алтынды шоқыны ордалы жылан күзетеді. Қарабас шағала тұқымы жоғалған.
Үркер жерге, сиыр суға түскен қырық күн шілдеде жағалауда ине шаншар жер қалмайды. Майтабанға батпайтын жұмыршақ малтатастар мен шайыртаста жоңғармен соғысып өлген шейіт ерлердің кесік бас сүйегі, ерлер шайқаста мінген қазанат жылқының қу басы, иттің сырттаны, құлан бас, киік бас, бақа сияқты құпия таңбалар көп. Бірқазан, тырна құстың сипаты тасқа сіңген. Судың құдіреті күшті. Су жады сыр сақтайды.
Алакөлден ары қорымдар көп. Тау сілемі Жоңғар Алатауымен шектеседі. Қаракерей Қабанбай батырдың жасағы ойсыраған жоңғар-қалмақтың қалдығын қазақ жерінен асыра қуып тастап, Итішпестің жағасына оралған соң қансыраған ерлердің жарасы шипалы судан тез жазылған деседі.
Жаңа туған айдың сызығы әлі көзге көрінбеген өліарада Алакөлге келушілер мен кетушілерде есеп жоқ. Катамаран, қайықтар жағалаудан тым алшақ жүзбейді. Алакөлдің суы адамзаттан ластанбайды.
Биылғы жаз аса нөсерлі. Аспан түнеріп, жарқ-жұрқ найзағай ойнады. Көк күмбезін алтын сызат қақ жарып жіберердей. Түске дейін кербез көл тұнық еді. Кеште көл беті абыржи қатты толқыды. Сол жақ тау сілемі қара бұлтпен тұтасып көрінбей кетті. Алакөл долданып, кесек-кесек толқындарын жағаға лақтырады. Жалғыз шағала төменге шарқ ұрып ұшып жүрді. Біреу жағаға құлаштай жүзіп келеді. Дауыл тұрғанша жетіп үлгермесе көл араны жұтып жіберерін кеш ұққан сияқты. Алай-түлей долы жел көтеріліп, қаз-қатар тізілген қымбат демалыс коттедждері мен арзан барақтардан бөлек-салақ тігілген бірер киіз үйді жығып кетті. Арқадан сабалап ұрған қап-қара құм жағадан алшақ безіп бара жатқан жалаңаш балтырларға жабысты. Қою шаңнан ештеңе көрінбей кетті. Ізінше бұрқасын қара топырақтың уытын сейілтіп нөсер жаңбыр құйды.
Теңіз беті тымырсық. Кешегі мықты жүзгіш елден ерек қияндай дара озды. Кенет су астынан оқыс атылған таудай толқындар иіріліп кеп соққанда судан ақ бас, арқа тұсы көк жон, дудар шашы тарғыл, жартас қабақ, қошқар мұрын, күміс сақал, шүңірек көз ұясы бір жалт еткен кісі кейіпті анық көргенде оның иманы ұшып, тұншығып кете жаздағаны сол еді, ышқынып, есін жия сала кері салды.
Сол күні көлге қаладан қара джиппен жас қазақ отбасы демалуға келді. Уыздай жұбайлар аэропорттан түсе сала джипке мініп, құмды жағажайдан бір-ақ шыққан сияқты. Олар әлі қырқынан шықпаған, қарын шашы алынбаған емшектегі нәрестесін қоса ала келіпті. Шомылуға киетін лыпа үстінен желбегей жібек жамылғы жас босанған мүсінін жасырмаған көрікті келіншегі үшін сымбатты күйеу әдемі шатыр құрды. Ерлі-зайыпты бейқам екеудің күннен қорғайтын қара көзілдірігі көз жауын алады.
Жас жігіт басына ақ шыт қалпақша, бұтына памперс кигізген жалаңаш бөпені көтеріп алып, бұйығы көлге белуардан енді.
Су да көз, көз де су. Судың да көзі бар, көрсе көзақы алады. Маңдайы торсықтай жас нәрестенің сүт иісіне елтіген Алакөлдің қарашығы ұлғайды. Со замат шөкім бұлт бүркеген күн шығып еді, тұнжыр су беті айнадай жарқырап кетті. Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. Қасықтай нәресте бармақтай аяғымен тұнық суға әлсіз тебінген. Нәресте күн сәулесі жалт-жұлт ойнаған су айнадан өз жүзін көргенде, ықылық ата тітіркеніп, көзін тарс жұма қойды. Әкесі шабақтай бұлқынған ұлын қос қолымен жоғары көтеріп, алақанына салып күн шуаққа тосты. Жаз дидарында күндей балқыған бейбіт көлде жоқ жерден өркештеніп толқындар пайда бола кетті. Көзді ашып жұмғанша Алакөл жас нәрестені әкесінің қолынан жұлып әкетті. Жаңа туған баланы бауырына басқан асау толқындар лезде сейілген.
Ащы айқай құлақ тұндырды. Жас әке есі шыға зар қақты, жанталаса жанын қармана берді. Жас ана өз көзіне өзі сенбей, шыңғырып жылады. Жағалау толы халықтың кейбірі байқап, кейбірі мүлде аңдамай қалған. Сүңгуірлер тобы шарқ ұрып теңізден жас нәрестені көп іздеген. Мұңлық-зарлық екеу түк жұбаныш таппай, түнімен қан жұтып, өкси-өкси жылай берді.
Суда белгі жоқ, көкте із жоқ.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА