ЖАСТЫҚ
10.02.2017
1320
0

Көктем бақшам, арман тауым жас шағым,
Зор үмітпен алға қадам тастадым.
Арманымды қанат етіп ойыма,
Шабыт сазды асқақ әнді бастадым.

Көркем кезім, майырылмас жастығым,
Ғашық болып сүйдім сені тастүйін.
Болғандықтан жастық жалын, қайратым,
Дәмін білем аштының да, тәттінің!..

Махаббатым, құштарлығым, жас шағым,
Жүрегіммен сүйген сәулем аспаным.
Достарыммен жайнап өстім асыр сап,
Келмес сені орта жолда тастағым.

Көрікті жаз өктем дауыс жастығым,
Білім алдым, ауыртпайды басты мұң.
Ағартса да өмір өтіп басымды,
Жүрегімде қалсын солай жас күнім.

МЕКТЕПТЕГІ МАХАББАТ
Мен сені мектептен-ақ жақсы көргем,
Көз салып, көңіл сөзін қатты бөлгем.
Жолымыз бір болған соң жолықсам деп,
Азанғы кеңірдекке ас тірелген.

Ұялып сөз бастауға батына алмай,
Жол бойы дегбірімді қашырардай.
Алдынан сыныбыңның өтетін ем,
Көзіммен көңілімнің хатын арнай…

Түстен кейін қайтқанда түртінектеп,
Әр нені күбірлейтін тіл тілек деп…
Көзіңнің қиығымен қараушы едің,
Соққандай сол нажағай күркіреп кеп.

Қуана кітап сұрап үйіңе кеп,
Кездессем толқитынмын күйіме кеп.
Сырт барып сыр ашушы ек тасаланып,
Жүрегім ғашықтықтан күйіп ерек.

Деуші едік өшпейді деп от сезімдер,
Жалғасып жатар деп ек өткен іздер.
Мен келдім ұстаз болып мектебіме,
Сен жоқсың, көз алдымда көктемім дер!

ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ ТҮНІ
Жаздың сол бір соңғы түні,
Ойран болған бақытымдай.
Қара бұлттар қаптап қалың,
Жасты төккен уақытымдай.

Жаздың соңғы түні түнек,
Ай да мүлде тасаланған.
Мендік жүрек сен деп соғып,
Аумай тұрдым мас адамнан.

Жаздың соңғы түні есімде,
Жұлдыздар да бұғыныпты.
Басымдағы бар байлығым,
Шексіздікке тығылыпты.

Жаздың соңғы түні шерлі,
Жел соғады ұлып бөрі.
Жазмышыма шара бар ма?
Күн келер ме күліп бері?!

СҰЛУЫМ
Әй, сұлуым,
Сүйгім келді ерніңнен бал татыған,
Ғашықтықпен баурасам аңсатып ән.
Ішегіндей дудтардың қатарласып,
Әуен етіп әніме алсамшы дәл!

Әй, сұлуым,
Бір тоймаймын қарасам құштарлықтан,
Сәлем айтам соққан жел, ұшқан құстан.
Қос аққудай зеңгірде қалықтайық,
Көре алмастар өртенсін іштарлықтан.

Әй, сұлуым,
Қадіріңе жететін қауқарым бар,
Шырын ләззат тартады ауса құмар.
Жат көзінен өзгенің сақтап сені,
Тигізбеймін бөгденің саусағын да…

Әй, сұлуым,
Өткізейін сенімен таңдарымды,
Құя берме алыстап жанға мұңды!
Аңсауларды қиял деп қиыс кетпе,
Мен келгенше өлтірме арманымды!

СЕНСІЗ ЖАСАУ МҮМКІН ЕМЕС
Сан жұлдыз жанарыңдай телміреді,
Соққан жел шашымды кеп тарағандай.
Сағыныш сені бар деп сендіреді,
Сәулелі Ай дәл өзің боп қарағандай.

Гүл көрсем иісіңнен мас боламын,
Бұлбұлдай тұрады ылғи сайрағым кеп.
Жағыңды жылы сөзбен аш қарағым,
Мен Мәжнүн сен жүресің Ләйләмін деп…

Ғашықтық сезімдерге толған жүрек,
Жарым боп жаратылған болсаң еді!
Күндерді тудырмаңыз солған жүдеп,
Үмітім тек өзіңе жол сап еді!

 

ДОҚТЫРҒА ӨТІНІШ
Ақ халатты мейірлі дәрігерім,
Ауруды ал, жанымды таны менің!
Сәлеметтік бәрінен маңызды сол,
Жасағым бар жалғанда тағы менің.

Солдырмағын гүлімді, қуартпағын,
Алып таста дертімді, құлақтағын.
Бірақ тиме жүректе ғашықтыққа,
Сезім деген сөнбесін шырақтарым!

 

ДҮКЕНДЕ
Дүкенге кірдім көрші қыстақта,
Көңілім ауды сатушы қызға.
Ақша ұсындым, қолын ұстатса,
Шыққандай болар ем биікке, құзға.

Қайтарып берді артық ақшаны,
Сезілді маған қысылшаң өмір.
Үйірілді оған жігіттің жас жаны,
Қайтармаса екен ұсынсам көңіл.

Абдулжан Азнабақиев,
ұйғыр шайыры

Қазақ тіліне аударған
Дәулетбек Байтұрсынұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір