«Тарлан еді Сығайдың Әшірбегі»
Қазақ даласында есімін адам ұмытса да тарих ұмытпайтын, қайталанбас тұлға бар. Бар өлшеулі ғұмырын қазақ мәдениетіне арнап, театр өнерін ерекше сүйіп, бағалаған. Ондай адам қазақтың маңдайына енді бұйырар, бәлкім, бұйырмас. Бір білетініміз, қазақтың өнеріне ол кісідей еңбек еткен жан кемде-кем. Бүгінгі кейіпкеріміздің алдында барша қазақ мәдениеті мен өнері қарыздар десек, артық айтқандығымыз емес.
Өткен аптада Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінде белгілі театр сыншысы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Әшірбек Төребайұлы Сығайдың 70 жылдық мерейтойына байланысты «Сұңқардай саңқылдаған Сығай еді…» атты еске алу кеші және «Сені іздейміз біз енді мінбелерден…» тақырыбындағы жеке қор құжаттарынан алынған фото және құжаттық көрме өтті.
Аталмыш кешке театр сыншысының көзкөрген замандастары, әріптестері мен шәкірттері қатысты. Бірге жүрген іні-дос кеш барысында ақтарыла сөйлеп, естеліктерімен бөліскенде, арамызға Әшірбек Сығайдың өзі оралғандай күй кештік. Қазақ өнерінің жанашыры жайлы айтылған орамды ойлар кімнің де болса жүрегіне жеткені анық. Естелік айтудың әлқиссасын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин бастап, терең толғана сөйледі:
– Әшірбектің ерекше қасиеті – өзінің жолдастары жолында жанын беретін. Достарының бойынан кішкентай бір кемшілік көре қалса, оны айтпай тұра алмайтын. Әрқашан қалжыңы қатар жүретін. Әдебиет пен өнерді енді қайталанбайтын биікке көтерген топтың ішінде біздің Әшірбектің алар орны бөлек еді.
Театрдың көзі мен құлағы һәм тіліне айналған Әшірбек Сығайдың тағы бір қырын Сейдолла Бәйтерековтың әніне жазылған «Кентауым» атты әнінен байқағандай болдық. Ал арнайы ұйымдастырылған көрмедегі суреттер мен құжаттардың санында шек жоқ. Театр сыншысының бар өмірінің хронологиясын тізіп қойған ба дерсіз. Бірақ мұндай игі іс-шара ұлт алдындағы перзенттік борышын артығымен орындап кеткен Әшірбек Сығайға арналмаса, артында қалған зиялы ұрпақ бізге сын емес пе?! Сөзіміздің соңын Ғалым Жайлыбайдың мына бір жүректің қылын шертер өлең шумағымен түйіндейік:
Таңғы шықтай шырайлы,
шынайы адам,
Біздің жетім жүректі
кім аяған?..
Қарашаның қазындай
қанат қағып
Сен де кеттің,
Әшірбек Сығай ағам.
Маржан ӘБІШ.