ҰСТА
Қуаныш ЖИЕНБАЙ
Тақтай таситын мәшинесі түскір кісіні алаң қылмай, таң атар-атпаста осы төңіректен табылса Тоғанас та ойда жүрген біраз шаруасын тындырған боп, көңілі жайланып, ертеңгі шайын асықпай-аптықпай ішер еді-ау. Мына тірлігін өзі де түсіне алмады; атшаптырым ауланың ана басына бір, мына басына екі барып, сенделіп жүрді де қойды. Темір қақпаның электр қоңырауы жаңбыр суынан зақымданып, істен шыққаннан сау ма, әлде қаңғыр-гүңгірді кейде естімейтін мүкіс құлағынан бір кінәрат келді ме. Сыртқа шығып, қалтарыстағы ақ кнопканы быртиған бармағымен екі-үш мәрте батылдана басып-басып жіберді. Жо-жоқ, жұмыс істеп тұр зыңғырлап. Айнала өлі тыныштық құшағында. Іргедегі тас жолдың үстімен бірді-екілі кезекші таксилердің жүйткіп өткені болмаса, жүк тиеген ауыр КамАЗ-дардың әзірге қарасы көрінбейді. Көрінбегені жөн-ақ. Осы түстан Кеңсайдың қырқасы біртіндеп биіктей түседі де, өрге тырмысқан мәшине атаулы асудан қиналмай өткісі келетін арғымақ секілді соңғы күшін бойға жинап, сәл-пәл кідіреді де, сосын осы араның ауа-райында өші бардай, қап-қара қою түтінді үсті-үстіне бұрқылдатып, ілгері қарай әрең жылжиды. Әрине, олардың қайда бара жатқаны, бүгін-ертең қандай іс тындыратыны Тоғанас үшін жұмбақ, білуге де қызықпайды. Оның қызығатын да түгі жоқ, Кеңсайдың ұшар басындағы бірінен-бірі өтетін зәулім бейіттер аспаннан топырлап түсе қалатын құрылыс материалдарынан тұрғызылды деймісіз, қаладан тасымалданады барлығы.
Кеңсайдың бергі құламасынан мықтаса қырық қадамдай шеткері қоныстанған дені бір қабатты жатаған үйлерден тұратын бұл мөлтек аудандағы соңғы өзгерістерді сұрамаңыз. Биік-биік қыш дуалмен қоршалған коттедждер құдды маңайдағы топырлаған қитабан шаруаларды менсінбеген өркөкірек кісілерше жан-жақтарына сұқтана қарайды. Тоғанас көшіп келген жылдары бәрінің тірлігі бір-біріне ұқсас, мұраттас, бірінен-бірінің айырмасы шамалы-тын, бір үйден түтін шықса бәрі қораланып сол жерден табылатын, турасын айтқанда, бірге туған ағайындылар секілді-тін. Кейін дүниенің ту талақайы шықты. Оның себебін әркім өзінше топшылайды, өздерінше ой қорытады. Қалай дегенде де, тірі жанды кінәға тарта алмайсың. Әркім өз тіршілігімен әуре. Айналайын бостандық күллі болмысыңды бүтіндей өзгертіп жіберген әп-сәтте. Жақсы жағына, әрине. Қолыңнан келсе қонышыңнан бас. Коттедж тұрғызасың ба, іші-сырты алтынмен апталып, күміспен күптелген хан сарайында тұрғыңыз келе ме, еркіңіз. Қоғамның қатал талабы – ұрлама, қиянатқа барма, маңдай теріңмен тапқан табыстың түбіртігін көрсет те, ойыңа келгенді істей бер. Сол сол-ақ екен, баяғы бірге туғандай мидай араласып жүретін көршілер көзбе-көз екі топқа бөлінген. Бірі – ескі қоныстағы ежелгі күн көрісіне шүкірлік айтып, ара-тұра екі-үш студент-пәтерші ұстағандарына мәз болып, солардан түсетін болмашы тиын-тебенді керемет олжа көріп, есік алдына он-он бес метр асфальт төсесе төсеп, төсемесе одан басқа түк өзгеріс енгізбестен сол күйлерінше қала берді. Тоғанас та осылардың тобында. Екіншілері ертеңді-кеш ұяларына дамылсыз жем тасыған қыпша бел құмырсқаша бірден іске кірісті: ескі үйлерді бір-ақ күнде трактордың тұмсығымен сүргізіп тастады, орнына жаңа жайдың іргесін қалады. Арзан қол жұмысшы күші де оп-оңай табыла кетті. Оларды еркелететін баяғы қожайын жоқ-ты. Қожайын – бір кездері мына Кеңсайдың іргесіндегі жатаған үйде тұрғандығын, осында ұрпақ өсіріп, сол жатаған үйлердің еркектерінше кешкілік бастары қосыла қалғанда бір ағаштың көлеңкесінде емін-еркін карта соғып, ұтқандары әлдекімдерді дүкенге жүгіртіп, қызыл шараптың буы түннің бір уағына дейін дене қыздырып, содан аш бүйірлерін таянып, жүздері сұрланып, ақиланып, әйелдері келіп сүйрелеп әкетпейінше жылы орыннан қозғалмайтын қайран күндерді бүгінде басы бүтін ұмытқан. Керек десеңіз, оларды еске түсіруге де мұрша жоқ. Еңселі жайды бір жазда өліп-тіріліп салып бітіреді, төңірегіне жайнатып жасанды көшет отырғызады, ескі мәшинені жаңасымен ауыстырады, шатырдың үстіне әңкитіп антенна орнатады. Тайыншадай неміс овчаркасының арпылдаған дауысы үй іргесімен өткендердің зәре-құтын алады. Жә, ары қарай ежіктейтін несі бар, көпке белгілі, осы күнгінің өтімді ертегісі-дағы ит жегір! Бұл жағдаяттан жұрт түгел құлағдар. Және бір жаңалығы, үйін жаңалағандар баяғыша көршілерімен емен-жарқын араласып, қауқылдасып, амандық-саулық сұрасып жатпайды. Егер жазатайым биік дуалдан кіріп-шығып жүргенде біреулерімен ұшыраса қалсаңыз, немкеттілеу ғана қолын көтереді. Сәлем-сауқаты соның ішінде.
Тоғанастың тағы бір байқағаны, Кеңсайдың ұшар басындағы зираттар да дәл төмендегі ала-құла үйлерге тән өзгерістерді бастан кешкен. Бірінен бірі асады. О дүниелік марқұмдарға зәулім сарайдың қажеті қанша деген сауалға тірілердің әлі күнге дейін тұшымды жауап бергендері шамалы. Ал тауға қарай ақ кірпіш, қызыл кірпіш тиеген КамАЗ-дарға бір тыным болсайшы. Оларға тыйым салу Тоғанастың қолынан қайдан келсін. Мұныкі пенделік кәкір-шүкір, қолқаны қабатын қорғасындай көк түтіннен құтылатын күн туа ма бұларға?! Әлде өстіп, ащы түтінге тыныс мүшелерін ыстап, қақалып-шашалып қала бере ме ескі жұртта?! Әкімшілікке арыз жазайын десең, мұсылманшылыққа жат қылық жасағандай, қарадай-қарап жаның түршігеді. Тыныш жатқан аруақтарды мазалағандай, өзіңнен-өзің қуыстанасың. «Ертең, не арғы күні сол жерге өзің де бармаймысың, ұрпағың саған да әңкитіп там тұрғызбай ма?» десе не дейді, қандай уәж айтады. Әлде құдайдан безгендердің күлкілі әрекеттеріне көше ме? «Біз өлгенше Кеңсайдың басында ұлтарақтай жер қалмас. Қалғандарын қалталылар күні бұрын сатып алып, брондап қояр. Сондықтан біз крематорийдың қып-қызыл шоғына түсеміз. Бір банкі күлімізді балаларымыз сақтаса сақтар, сақтамаса бір түп тораңғының түбіне шаша салар!». Қандай жұпыны тұжырым. Мұны естігенде Тоғанастың тұла бойы ине сұққандай дір ете түсер еді. Бірақ артынша өз-өзіне келіп, әлгі запырандай ащы шындықты мойындағандығын, не мойындамағандығын біле алмай, басы мойынға құлап, екіұдай күй кешеді. Ара-тұра шіркін, аңқыған Арал жағалауы болар ма еді деп, өткен шақты бір аңсайды. Ұйытқып соғатын долы жел көк түтінді бұйым құрлы көрместен, ылдым-жылдым жұта салар еді-ау. Ал бұл арадағы тымырсық ауа оны біразға дейін бойға сіңіре алмайды.
Тоғанастардың несі кетсін. Бүгін сенбі, осы қалада тұратын екі қызының кішкентайлары қазір-ақ «жер үйдің ауласында емін-еркін ойнаймыз» деп алқын-жұлқын жетіп келер. Содан жексенбінің кешіне дейін осында. Оу, адам-ау дағарадай жер үйдің ауласын жиен немерелерінен қызғана ма? Тек көкейіндегі көк түтін мәселесі жуық маңда есінен шыға қоймайды. Көк шыбықтай булығып өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге кесел боп жабыспаса сол-ақ.
Тоғанас өкшесін көтеріп-көтеріп төменгі көшенің ұзына бойына жітіленіп тағы қарады. «Ант ұрғандар-ай!» деді ішінен. Көршілері керіліп-созылып, ұйқыларынан тұрамын дегенше тақтай тиеген мәшинені ың-шыңсыз аулаға кіргізіп ала қоймақшы еді. Бүгінде кімнің кімде не шаруасы бар, әйтсе де безбүйректенген бөгде сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Кімнің ішіне кім кіріп шықты дейсің. Тоғанастың кәсібі турасына көшкенде көп пенденің көкейінен шыға бермейді. Тәтті дәмді ашқарақтана жұтып келе жатып, кенет бір тастүйін тамағыңнан не ары, не бері өте алмай кептеліп қалғандай күй кешесің ақыр соңында. Несін жасырады, теңіздің тартылуына байланысты Арал жағалауынан ана жылы Алматыға қоныс аударған Бөген балық зауытының бұрынғы қайықшы-ұстасы Тоғанас Күнбергенов бүгінде осындағы жерлеу бюросының тапсырысы бойынша табыт соғады. Кәдімгі тақтайтан соғатын табыт. Қай жағынан болсын; әдемілігі, ықшамдығы, тақтайлардың сүрленіп, бір-бірімен жымдасуы жағынан дейсіз бе, қалай десең олай де, қабылдаушылардың сынағынан сүрінбей өтеді. Тендерден де Тоғанастың аты ылғи алдымен келіп жүр. Себебі, әр табытқа мынадай үстеме ақы төлейсіз деп, жерлеу бюросындағылардың мазасын алып жатқан Тоғанас жоқ. Бергендеріне риза, тіпті екі-үш ай айлық алмаса да үйреншікті шаруасын дөңгелете береді. Өз есебі өзінде. Қайда болсын, шын ниетімен істеген шаруаның аяқсыз, нәтижесіз қалғанын кім көрген. Тоғанас та соған сенеді. Осы күнге дейін бірде-бір табыты кері қайтқан емес. Керісінше, әрбір мереке тұсында жерлеу бюросындағылар Тоғанастың ерен еңбегін де елеп-ескеріп, бірнеше тұсына мөр басылған мақтау қағазын беріп жібереді. Рақмет дейді Тоғанас, одан әріге тереңдеп барғысы келмейді. Сол қатырма қағаздарды мақтанышпен біреуге көрсетсе не дейсіз, бір түрлі жүрегі қаламағандай үйге апаруды да артық санап, қамыс сарайдың бір бұрышына тыға салады.
Енді болмағанда бригадирге қоңырау шалуға сәл-ақ қалған. Бері бұрылған қоңыр қорапты мәшинені көргенде уһ деп бір дем алды. Дереу қақпаны аңқитып ашып тастады.
– Сендер кісіні қарадай қарап өлтірерсіңдер! – деді сәлем-сауқат жоқ, ыржалақтап қағаз ұсынып жатқан татар жігітіне суық қарап, – қол қою ма… қай жерге?! Мұнан басқа не білуші едіңдер!
«Алдым» деп бір бет қағаздың шекесіне сойдақтатып қол қоя салды.
– Тыныштық па?!
– Тыныштық. Менің уәдеге тұрмаған кезім болса айтыңдар. Оқтай барлығы. Ал қолымнан келмейтін іске басымды кессеңдер де жоламаймын. Әрі күтемін, бері күтемін. Міне, түс болды, жоқсыңдар!
– Ау, көкесі, қайдағы түс? Сіз немене, а, сіз немене… Кеңсайдың іргесінде тұрасыз, бір нәрсе иектегеннен сау ма?!
– Түнімен аруақтармен тілдесіп шығатын шығар, – деді қораптан тақтай суырып жатқан екінші жұмысшы, – әйтпесе, таңның атқаны жаңа ғой.
– Сіздікі бұл неткен асығыстық?! Қай жұмыстан қалып барасыз?
– Асығамын ба, асықпаймын ба, онда шаруаларың болмасын! Бұл – бір, екінші – аруақтарды араластырмаңдар бұл араға! Кеңсай туралы ендігәрі естімейтін болайын.
– Сізді түсіне алмадық бұл жолы. Ұйқыңыз қанбаған, не жеңгеммен ұрысып қалғансыз-ау, асылы. Ең құрыса, мына тақтайларды санап алмайсыз ба? – деді татар жігіті ренжігендей ыңғай танытып.
– Санамаймын, артық шықса қосымша хабарлармын, ал кем шықса әркімнің құдайы бар.
Он-он бес минуттың ішінде апыл-ғұпыл сусіңді тақтайларды қораптан түсірді де, жүкшілермен қоштаспастан қақпаны ішінен тарс бекітіп алды.
***
Ертеңгі асты да көңілсіздеу ішті.
– Аманшылық па?! – Жанкүмістің сұрағы да әлгілердікіне ұқсас-ты.
–Аманшылық, немене мен жайында жаманатты хабар естіп пе ең?
– Жо-ға.
– Жоқ болса, дұрыстап шайыңды құй! – Соңғы кесені ерінге тигізе беріп, орнынан ұшып түрегелді. Ауызғы бөлмедегі жұмыс киімдерін үн-түнсіз иығына ілді. Бұрындары: «етігім қайда, сарайдың кілтін қайда қойдың? Мені іздегендерге қалаға кетті дегейсің» деп әйеліне төтенше тапсырмалар беріп жататын Тоғанас бүгін жұмған аузын ашқан жоқ. Қабағында кірбің. Оу, ертеңгі шай үстінде үлкен үйде екеуден-екеу тұрып жатса да, біраз шаруаны пысықтап алатындары өтірік пе еді; кіші қызының күйеуі жақында отызға толады. Тоғанас өмірі туған күнін тойламаған екен деп, жұрт осының аузына қарап отыра ма. Оның да жора-жолдастары бар, артынан артынып-тартынып ағайындары келер. Арыдан сілтегенде олар бұларға құда-жекжат. Рабайда бір көріседі. Оу, есті кісі осындайда үй көрсетіп, үйден шай-су ішкізіп жібермес пе, алқа-қотан отырып, шер тарқатысып армансыз әңгімелеспес пе?! Оның артында қызының абыройы тұр. Әке-шешелері көргенді кісілер екен дейді ғой ең болмаса. Ал Тоғанасқа салсаңыз, тірі жанмен дидарласқысы жоқ. Оның сыры әрине, Жанкүміске белгілі. Дидарласпақ түгілі үйге қарай шыбын жорғалағанды ұнатпайды. Табыт соғатындығын ешкім білмесе, көрмесе – Тоғанастың жүзі жарқын. Ондайда арқа-басы кеңіп, кепкен тақтайларды аса бір сүйіспеншілікпен сүргілейді. Сүргілегенде де қимыл-қозғалысына көз ілеспейді. Қолы-қолына жұқпайды. Самайынан жылтыраған тер тамшылары көрінді ме, онда тіпті рақат. Жалаң бешпетін шешіп тастайды да, көптен бері арам терін шығара алмай жүрген құса көңіл кісіше, осы сәтті бекер өлтірмейін дегендей, ағаш сүргілеудің әкесін танытады-ай келіп. Тіпті әйелінің түстікке шақырған дауысын да естімейді. Ондай да Жанкүміс те үнсіз. Қоңырау соғылған телефонға да жауап берместен, аяғының ұшымен жүреді. Айнадай сүргіленген тақтайларға аса бір сүйіспеншілікпен қарап тұрған Тоғанасты көрсеңіз. Сүрленген тақтайлар әдеттегідей сарайдың түпкі бұрышына жиналады. Оған дейін де Тоғанас оны сан түрлі «экспертизадан» өткізеді. Ағаштың кедір-бұдыры болса табанда кесіп тастайды, мүйізгек басқан алақанымен жылтырақ тақтайды әлденеше мәрте сипайды, бір көзін сығырайтып түзу-қисықтығын бақылайды. Оу, қыздың жасауына қосатын әшекейлі сандық соғып жатқан жоқ, сондағысы кәдімгі табыт. Табыттың барар жері белгілі. Беті шегеленіп, метр жарым тереңдікке түскен соң сызды топырақпен көміледі де саудасы бітеді. Көр қазушыларға да, марқұммен қоштасуға келген бейіт басындағы қарақұрым халыққа да бәрібір. Мына табытты кім соққан деп сұрау салып жатпайды.
Ал соны Тоғанас білмейді емес, біледі ғой. Сонда да тырнақтай кемшілік жібермеуге тырысады. Соққан табыты осы күйінде бірден сатылымға қойыла ма, әлде сырты қоңыр түсті әшекейлі бояумен сырланып, ерекше сұранысқа ие бола ма, ол жағынан оның да хабары шамалы. Тоғанастікі аптасына бір мәрте дайын «тауарды» межелі жеріне жеткізіп беру. Жеткізіп бермейді, әлгі сумаңдаған татар жігіті екі кештің арасында жау қуғандай жетіп келеді де, төрт-бес табытты мәшиненің қорабына атып-атып жіберіп, кері қарай тайып отырады. «Жау қуып бара ма, жайлап тиеуге болмай ма, түгелер!». Сырттай қарап тұрған Тоғанастың да табытпен бірге жаны шығып кететіндей, мазасыздау күй кешеді.
Мазасыздау күй кешудің көкесі Тоғанас үшін соңғы кезде пайда болған. Баяғы сақтығы сақтық па, жазатайым есік сырт ете қалса да сіркесі су көтермейді. Дәу төбет үй іргесін дүңкілдетіп жүгіріп өткен әлдекімге үрсе де, алмас сүргі қолынан сусып түсіп кете жаздайды. Орман ішінде жалғыз отырмаған соң көрші-қолаңның әлдене сұрап, не той-томалаққа шақырып дегендей, есік қоңырауын қағуы заңды ғой. Міне, сондайда Тоғанастың ақ тер-көк терге түсіп, ағашпен алысып жатпауын тілеңіз. Жанкүмістің жанында терлеп-тепшіп шай ішіп отырса бір емес, мың қонақ келсін, бәрібір. Осы күндері Тоғанас ұрлық жасағандай екі құлағы елеңдеп, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Жә-жә, Тоғанастың қас-қабағын бағам деп ағайыннан айырыла ма, тура жолдан адаса ма. Сарайға жақындаған Жанкүміс алдын ала жөткерініп, дыбыс береді.
– Алдағы демалыста ешнәрсе пландама!
– Оңбағандар! – дейді Тоғанас әйелінің жанына не үшін келгендігін елемегендей, – тақтайлардың суын сорғалатып әкелгендерін қарашы! От жағып кептіріп алмайынша сүргі салуға болмайды. Ылғалы бар ағаш бірікпейді, ертең-ақ тақтайлардың арасы иттің тісіндей ырсиып-ырсиып шыға келеді. Оларға айттың не, айтпадың не, Тоғанасқа тақтай әкеп тастап, міндеттерінен құтылды… А..а, не, не дедің?
– Алдағы демалыста Жарқынбектің туған күні, отызға келеді.
– Иә, келсін, отызға емес, тоқсанға келсін… маған десе.
– Бұл не, бүйректен сирақ шығармақшымысың тағы да…
– Жоға, көсегелері көгерсін, көрпелері ұлғайсын дегенім-дағы.
– Ескертіп жатқаным алдын ала, қайдан білсін Тоғанас деген қайын атасы тіреп тұр дейді ғой білмеген жұрт. Той мейрамханада өтеді. Жан-жақтан адамдар жиналады. Елдің көзінше бейшара секілді болмай, дұрыстап киініп бар. Қай көстөміңді тазалайын? Қызың марқайып қалсын да…
– Жоқ-ау, мен олардың тапсырмаларын орындамай жүрсем бір сәрі ғой. Бәрі тап-тұйнақтай. Міне, екі-үш жыл сырт айналды, бірде-бір графиктен кешіккен емеспін. Кісіні сыйлау деген болады ғой құрып кеткенде. Маған олардың жаттанды сөздер жазылған қатырма қағаздары неме керек. Тұр әнекей, ит жемей! Бұл ағамның еңбегі бар ғой деп, вагон-вагон тақтайдың кепкендерін беріп жібермей ме, а?! Ағаш кептіру артық күш мен үшін. Сарайдың ішіне от жағып булайын…
Орамалының бір шетін аузына қыстырған Жанкүміс үн-түнсіз кері бұрылды, жолай дәу төбеттің қарғы бауын шешіп, алдындағы қалайы табақшаны қолына іле кетті.
***
Бұ жолы да Тоғанас графикке толықтай үлгерді. Сусіңді тақтайлардан көздің жауын алатындай төрт табыт соғып, жерлеу бюросының жүк мәшинесіне тиетіп жіберді. «Тақтайларды таңдап әкеліңдер ендігі жолы, екі жұмыс істейтін жағдайым жоқ!» деп зілдене ескертті келгендерге. Сөйтті де өзі дереу моншаға түсті, сүйек-сүйегін балқытып, ыстық буда сағаттап отырды. Жіптіктей боп киінді. Қатырма жағалы ақ жейде құйып қойғандай денесіне жарасып тұрса да, кісі бойы айна алдына барып, біраз кідірді.
– Екі кештің арасында қайда барасыз-ау?! – деді Жанкүміс әлдебір жұмбақтау таңданыспен.
– Кеңсай жаққа, аруақтармен тілдеспегелі көп болды. Егер мені біреулер іздеп жатса…
– Иә, оларға не дейін.
– Оларға не дейтінің белгілі емес пе. Мені өліп-өшіп сағынатындар шамалы ғой. Бастары ауырып, қарыз сұрай келгендерді құрқол кері қайтарма. Қырықтың бірі – қыдыр. Олардан қайтпаса құдайдан қайтар. Бұл маңайдың шіріген байы мен болып тұрмын әзірге. Бірер жартылықтың ақшасынан дәулетіміз ортайып қалмас. Ұрыспа, о бейшаралардың ішуге ненің итермелегендігін қайдан білеміз. Сауап, әрі-беріден соң садақа. Қашан қайтарасың деп те тықақтама. Бәрібір қайтармайды. Тиын-тебен сарайдағы қоңыр костөмнің төс қалтасында… Бөтен сұрақ бар ма?
– Жоқ.
– Жоқ болса, бәрекелді. Сосын маған қарайламай, кешкі асыңды іше бер.
– О жақта қонып қалмайтын шығарсың?
– Кім біледі…
Арғы жағын айта алмады. Кеңсай зиратын аралағанда әлдебір жақсы әсерге бөленетіндігін, бойының жеңілденіп, кәдімгідей тыңайып, жасарып қалатындығын, өлі аруақтармен өзінше тіл табысып, іштей сөйлесетіндігін… тағы нелерді үстемелете жөнелмекші еді; үйде жалғыз қалып бара жатқан әйеліне бір жағынан аяушылық білдіргендей, екінші жағынан мына опасыз жалғанда Жанкүмістен басқа өзін шын ниетімен іздейтін, жоқтайтын тірі жанның табылмайтындығын сезе тұра… жә-жә, көрген-білгенімді келген соң айтармын деді де, қақпадан шығып жүре берді.
…Ертең бе, одан арғы күні ме, туған күнін тойлағалы жүрген кіші күйеу баласының еті тірі, пысық. Теңіз жағалауынан көшіп келген бетте Кеңсайдың бергі құламасындағы өңшең жатаған үйлерден тұратын осы мөлтек ауданға қоныстандырып жүрген де сол батырың. Жиған-терген азын-аулақ қаражаты бір орыстың ескілеу үйін сатып алуға әзер жетті. Балық зауытының бір кездегі балташы-ұстасы Тоғанас «өліп-тіріліп жұмақ өлкеге көшіп келдік қой» деп дымнан-дымсыз қайтіп қарап отырсын. Және ағаш шеберіне үйдің кем-құтығы баттиып көрініп-ақ тұрған-ды. Бір-екі айда ескілеу шатырды қайта жаңалады, есік-терезесін айырбастады, ауланы кеңейтті. Басы артық қоқыстан арылды. Келістіріп сарай тұрғызды. Сарайдың ішін ұсталық құрал-жабдықтармен толтырды. Әлдекімдердің ағаштан жасалатын бұйымтайларын мен орындамағанда кім орындайды деп, содан үміттенген-ді. Сүйтсе үлкен шаһардың тұрмыс-дәрежесі көкке қарай шығандап кеткен екен біржола. Анау-мынауға мойын бұрғызбайтын қалде. Әлемдік масштабпен теңеседі, солармен тілдеседі. Тоғанастың Арал жағалауындағы ағаштан қайық соғатын абырой-беделі түкке жарамады. Дүние-мүлік дүкендерде толып тұр. Және дүние болғанда қандай! Пұлын төле де, мәшинеге тиеп әкете бер. Ал шетелден тасымалдауға да мүмкіндік мол. Бағасы қымбат демесең, шетелден жасалғандары да сарылтып көп күттірмейді. Уақыты келгенде әкеліп үйіп тастайды есігіңнің алдына.
Тоғанастың теңіз жағалауындағы «мен секілді ұста кез келген жерден табыла қоймас» дейтін аспандаған көңілі су сепкендей басылды. Аяғын тартты. Іргеңде шалқып жатқан теңіз жоқ, теңіз болмаған соң қайыққа сұраныс қайдан табылсын. Талайдан бері тыным бермей, ішкі әлемін адуынды теңіз толқынындай аударып-төңкеретін асқақ арманы да маңдайын тасқа тигізгендей мүсәпір күй кешті. Соның әсерімен де біраз қиындықты елемей, дәп бір мұз жарғыш кеме іспетті іркіліссіз алға тарта беретін Тоғанас. Кеудесі көтеріліп-басылып, кәкір-шүкірге пысқырып та қарамайтын. Ой-хой, ой-хой-ау, өзім соққан қайыққа шалқамнан жатып жан тапсырсам, сосын теңіз толқындары қайда айдап әкетсе де бәрібір. Бәлкім, теңіз түбіне шым батып, балдырлардың арасынан мәңгілік мекенімді тауып, балықтарға жем болармын. Бәлкім… одан арғысы быды-быды, балдыр батпақ. Енді қайтіп қайық соға алмайтындығына сонда барып анық көзі жетті.
Күш-қуаты сарқылмаған ер адам үйде жұмыссыз отыра ала ма. Қайық соғатын ұсталығы кіші күйеу баланың есінде жатталып қалған білем, қайық соқтың не, табыт соқтың не. Ұстаға бәрібір емес пе?! Кеңсайдың төңірегінен де анау-мынау қара жұмыс табылған. Екеуі қаланың иін ортасындағы ескі зират маңынан бір-ақ шықты бір күні. Жерлеу бюросындағылар Тоғанастың өмірбаянына шұқшиып жатпастан, бірден қабылдады. Мәселе бірден шешілді. Содан сол…
Кеңсайға көтерілер алдында Тоғанастың әбден жуынып-шайынып, мұнтаздай тазарып, сыланып-сипанып, сосын ғана тәуекел ететін қашанғы дағдысы. Алдымен аруақтарға құран бағыштайды. Өрге қарай асықпай аяңдайды. Иін тірескен құлпытастардың тұсынан зу етіп өте шықпайды. Әрбірінің жанына келіп, аз-кем аялдайды, айшықты жазуларды асықпай оқиды. Бір шымшым топырақ алып мүрденің үстіне себезгілейді. Бір шумақ өлеңмен жазылғандарды жаттап алуға тырысады. Тырыспайды, әлгі жолдар Тоғанастың көкірегіне ақ кептер секілді өздері-ақ қона-қона кетеді. Екі қайталағанда есінде қалады. Ой, дәурен-ай, асылдар мен ардақтылардың бәрі осында! «Ойпыр-ай, сол кісілердің қолын алып, дидарласып, пікірлесіп, тіпті орайы келгенде бір қажетіне жарап, қолғабыс тигізгендерде арман бола ма екен?!» деп теңіз жағалауында жүргенде қиял құшағына берілетін Тоғанас енді мінекей, тағдырдың жазуымен қалың зиратты емін-еркін аралап келе жатыр. Сірә, теңіз жағалауында туғандардың ішкі әлемі ылғи асқаралы армандар мен тосын толғаныстардан тұрады. Соқпа толқынның әсері ересен, қызуқанды. Бір жерде бір сағат тыныш отыру дегенді атамаңыз. Тоғанастың көкірегіндегі үнемі қыз-қыз қайнап жататын тоғы күші аккумулятор – сол. Содан айырмасын деп жаратқанға жалбарынады. Теңіз жағалауында туғандарды мына мөлтек ауданның байырғы тұрғындарымен салыстыра көрмеңіз. Күнә ғой, күнә! Ертеңді-кеш бір бөтелке қызыл шараптың қызуымен жан сақтау деген не сұмдық!
Жаңбыр, не қар суымен бір бүйіріне қисайған құлпытастарды ерінбей-жалықпай қайта тіктейді. Темір шартақтарының есігін қайта бекітеді. Тауға қарай өрмелеген сайын мына бір тұтам тірлікте жүздерін көрмесе де, атақ-абыройларынан ат үркетін өңшең жақсылар мен жайсаңдардың бейіттері әлдебір тылсым құпия күшімен Тоғанастың да кеудесін жерден тік көтеріп әкетеді. Өзін солай сезінеді. Бұған келгенде Тоғанастың да «құдай сүйер қылығы жоқ». Мына жақсылар мен жайсаңдарды кезінде үйіне шақырып, шаңырағынан дәм таттырса, иықтарына шапан жауып, жұрт жасап жатқан сый-құрмет көрсетсе, бір нәрсесі кетер ме еді. Ондайда есепшіл қазаққа тән жеңілтек мінезбен шай-су үстінде: «көрген күніміз осы ғой, ағасы, баламның оқуға түсуіне көмектесіңіз» деп күмілжіді бар-ау, тілі кесілсін. Титімдей жағдай айтпайды. Турасына көшкенде, мына кісілердің алым-берімсіз табалдырығынан аттағандарының өзі неге тұрады. Айтқаны орындалып, төңірегі толайым нұрға бөленіп, шаруашылығы дөңгеленіп жүре бермес пе содан кейін. Аты-жөндері елдің есінде жүретін құрметті кісілерге қолы жетті ме Тоғанастың. Тартылған теңіздің қиян шетіндегі бұйығы балықшылар ауылына бұлардың табандары тиген болса, Тоғанас сөз жоқ, сол ойындағысын мінсіз атқарар еді ғой; сөйтіп бір міндеттен құтылар еді ғой. Бір қарағанда, мына жайсаңдардың алдында Тоғанастың да бәлендей кінәсі жоқ. Теңіз жағалауына жоламаған өздерінен көрсін алдымен. Ағаш ұстасының үлкен қалаға жолы қайдан түсе қойсын. Ана жылы тура балықшылар тойы қарсаңында бір кәделі жиналысқа шақырылған. Екі күнге. Жиналыстың жаттанды сөзінен жалықты. Ауылдан сәті түссе қадірлі кісілерді сыйлармын деп, бір дорба кепкен балық ала шыққан-ды. Соларын тиісті әдрестеріне тапсырмақшы еді. Жол бастаушы ал кеп шала бүлінсін, мұндай қожанасырлығыңды енді көрмейтін болайын, абыройымызды айрандай төгуге шақ қалдың деп, жатып кеп ұрыссын. «Сенің дәрігерлік сараптамадан өтпеген сасық балығыңды қайтсін ол кісілер! Ол тұрмақ қабылдауына да кіре алмайсың, үлкен үйдің маңайынан да жүре алмайсың!» деп қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп-төккен.
Бұл Тоғанас сол Тоғанас қой. Өзгерген түгі жоқ. Сол Тоғанас мына жайсаңдардың алдын ала қабылдауларына жазылмай-ақ емін-еркін тілдесіп, «әңгімелесіп» келе жатыр, мінекей!
«Сіздердің елге сіңірген еңбектеріңізді кім санап тауыса алар. Бәрін істедіңіздер, бәрін жасадыңыздар. Ал біз – қарапайым қазақтар тұтынушылық мүддеден әрі аса алмадық. «Бере бер, бере бер, алғаным аз, тағы-тағы…». Бұлай болмайды ғой. Мына мен, ағаш ұстасы – Тоғанас Күнбергенов сіздерге кәдімгідей қарыздар. Тірлікте қолұшын бере алмадық, жәрдемімізді тигізе алмадық. Енді бізге құран бағыштаудан басқа түктің де қажеті жоқ дейтін шығарсыздар. Десе де ойланыңыздаршы бір уақ…».
«Не айтып тұрғаныңды білемісің, Тоғанас?! Сен де шама-шарқыңша елге бір адамдай көмектестің. Қаншама қайық соқтың. Сен соққан қайықтар Кіші Арал төсінде әлі күнге дейін жүзіп жүр. Бүгінде қарап жатқан жоқсың…».
«Не?!».
«Бүгінде қарап жатқан жоқсың…».
«Иә, тоқтамай арғы жағын жалғастырсаңыздаршы. Неге, неге үнсіз қалдыңыздар?! Жә-жә, білем-білем, сеземін бір нәрсені. Қайық соққан дәурен өтті-кетті. Табыт соққанымды жақтырмайсыздар-ау, әсілі! Сол арқылы отбасымды асырап жүрмін ғой деп ақталғаныммен… түсінемін, түсінемін! Қазақы ұғымға кірікпейді дейсіздер ғой… Солайы – солай…».
***
Екі аптадан соң ауладағы қамыс сарай дүние-мүлкімен түгел өртеніп кетті. Обалы нешік, өрт сөндірушілер заматында жетіп келіп, жалынды әп-сәтте ауыздықтаған. Бірақ өрттің шығу себебі анықталмады. Тоғанастың көршілері ылғи ішіп жүруші еді, ішіп жүрсе де шаруасына мығым, тіршілігі тап-тұйнақтай осы кісіні аса ұната қоймаушы еді, сол қызғаныштың әсері болмағай десті білгіштер. Екіншілері – ойға кірмейтін тіпті, мүлдем тосын долбар жасады: «Өзге емес, сарайды өртеген Тоғанастың өзі!..».
Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Бәлкім рас, бәлкім өтірік…