Өткенге борыш, келерге қарыз
«Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат!». Расул Ғамзатов осынау кестелі сөзімен нақ бүгінгі қоғамды болжағандай. «Ақын» деген ардақты есімді өлеңді жазған емес, оқыған адамға берсек, әдеби оқуда озат емес екендігіміздің айғағы іспеттес. ХХІ ғасыр қазақ руханиятына «кітап оқымау» деген мазалы тақырыппен аяқ басты. Жас пен жасамыстың бойына бірдей сіңген жаман әдет көбеймесе, азаяр емес. Әсіресе, дүйім халықтың үмітін арқалаған жасөспірім балалардың кітаппен достасуын ара-тұра көрмесек, көп кезіктіре бермейміз. Өмірінің алғашқы баспалдағында кітап ұстамаған баладан ертеңгі аузы дуалы қария шығады дегенге сену қиын екен.
1. Шартарапқа шолу
Өлшемге сыймайтын өмірде әр пенде, әр жүрек өз қалауымен жүргенді құп көреді. Біреу Сталин сияқты күніне төрт жүз бет кітапты парақтаса, ендігісі Бальзакқа еріп жарты сағатта екі жүз бетіңіздің шаңын шығарады; Кейінгісі Рубакиннің ізімен екі жүз елу мың кітапты оқып әлек. Аталған қауымнан бірнеше есеге көп адамдар тобын айтпай кеттік-ау. Бар ғұмырында есте қалған бір-ақ кітабы бар: оның өзі мектеп кезінде арқасына жүк болып, бірде ашып, бірде ашпаған көзқимас кітаптары. Бұл типтегілерге қандай том-том кітапты көрсетсеңіз де басын шайқайды. Олардікі біз үшін зая кеткен есіл өмір болса, өздеріне бақыт пен шаттыққа толы тәтті ғұмыр. Бәлкім, бәрі Шекспирше ойламайтын да болар: «кітап маған тақтан да қымбат».
Адамдардың рухы әлсіреп, құлқыны жеңіп жатқан қоғамда күллі адамзат жылдам һәм жеңіл дүниеге әуес болғанын еріксіз мойындаймыз. Түрлі техника мен жаңалыққа рухымызбен берілгеніміз соншалық, бұрынғы оқушылық кейпімізден айырылып қалдық. Әдеби шығармаға шұқшиып отырған бала көрсек, бата беріп, бет сипайтын дәрежеге жеттік. Әлқисса… Қазақ оқушысының келбетіне кейін оралармыз. Әлемдік мәселеге айналған «кітап оқымау» өзге шет мемлекеттерде қалай шешілуде? Орыс оқушысы Достоевскийді дәріптеп, Чеховқа еліктей ме? Барлап, бағамдап көрейікші…
Орыс әлеуметтанушыларының зерттеуінше әрбір оныншы қыз классиканы оқу керек деп есептесе, әрбір алтыншы бала классиканы оқудың қажеті жоғын алға тартады. Аталған пікірлер оқушының физиологиялық ерекшелігіне байланысты болар. Неге десеңіз, Толстойды түсіну үшін де қылдай нәзіктік керек. Ал мүлдем кітап оқымайтындардың саны алпыс бес пайызды құрапты. Аз көрсеткіш емес. Жалпы, орыс әдебиетінің негізін ұстап тұрған көбіне классиктер. Оқырманды өмір туралы көп толғандыратын да солар. Мысалы, орыс классигі А.П.Чеховтың мына бір сөйлемі жасқа да, кәріге де ой салары анық: «Өмірді түсінгің келсе, біреудің айтқаны мен жазғанына сенгенді доғар. Бақыла. Сезін». Орыс әдебиеттанушыларының көкейінде жүрген тағы бір мәселе бар: оқушылардың көркемдік шындық пен тарихи шындықты ажырата алмауы. Тура осы жағдай қазақ оқырмандарының арасында да белең алуда. Меніңше, бұл білімнің аздығынан. Тарихи шығармаға бармас бұрын кез келген оқырман тарихтан хабардар болуы міндетті. Ондай болмаған жағдайда оқушының қай шындыққа сенерін білмей, шатасатыны хақ. Айтылған зерттеулерден орыс оқушыларының кітапқа деген құмарлығының деңгейін байқағандай болдық. Бірақ осы көрсеткіштің соңы неге апарып соғарын олар аңдамай отыр. Сан мен пайызға сеніп, алаңсыз жүргендей. Орыс амалын табар. Еуропаға көз салайықшы…
Әлемнің ең озық дамыған мемлекеттерінің бірі саналатын Америкада әрбір оқушы партасының қасындағы шағын кітап сөресінен небір жанрдағы шығармаларды байқайсыз. Ағылшын балаларының алдыңғы елге қарағанда кітап оқу мәдениеті жоғары. Мектеп мұғалімдері балаларға үй тапсырмасын бермей, есесіне 20 минут кітап оқуды міндеттеп, оны ата-анасының бақылауында ұстауды тапсырады екен. Ал «кітап оқитын ел» атанған Жапонияда балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған. Оны жылдан-жылға саны артып келе жатқан кітапхана орындарынан көре аламыз.
Өзіміз жәйлі бір ауыз бірдеңе деу үшін өзге елмен салыстыруымыз әдетке айналғандай. Оқушы мен кітап арасындағы байланыстың шамасын біліп, шартарапқа шолу жасағандай болдық. Қазақ кітабын құшақтаған оқушыға оралайықшы…
2. Оралу
Еліміздегі оқушылардың кітап оқу деңгейін пайызбен көрсетіп, санмен санамалаудың қажеті шамалы. Әдеби шығармалардың қаншалықты оқылып жатқаны бәрімізге мәлім болса да даурыға беруден жалыққан емеспіз. Неге себебін айтып, салдарына үңіліп көрмеске? ХХ ғасырдың 70-80 жылдары «ең көп оқыған ел» атандық. Ол кезде бүгінгідей емес қаптаған техниканың миға шабуылы аз. Оқушылар шын мәніндегі оқушылық келбетке сай болуға тырысатын. «Махаббат қызық мол жылдарды» ата-анасынан ұялып, бәрі жатып қалған соң тығылып оқитын. Осы дүниені қазіргі партада отырғандарға айтсаң, ертегі тыңдағандай күй кешеді. Үй тапсырмасынан бөлек әдеби кітап оқып жүрген баламен жолығу өте сирек кездесетін құбылыс. Баяғы шектеулі оқушылық қалыптан аса алмай келеміз. Мектеп бағдарламасындағы авторларды ғана танимыз. Кей балалар «қазақ әдебиеті кітаптағы ақын-жазушылармен ғана шектеледі» деп өмір бойы ойлап өтуі әбден мүмкін. Оқушыларға оқыған шығармалары хақында сұрақ қоя қалсаңыз, еститініңіз сол баяғы үздік бестік: Ыбырай әңгімелері, «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Жусан иісі» және әлем әдебиетінен Робинзон Крузоның күнделігі. Ауылға барып жатсам, әдейі көше аралауға шығамын. «Жусан иісіндегі» Аянның образын кезіктіріп қалам ба деген алдамшы үмітпен. Мая үстіне топырлаған балалардың «Ертеде бір жетім бала болыпты…» деп ертегі айтып отырғанын бір көрсем ше…Тіпті, асық ойнаған баланың өзі бірді-екілі ғана. Үмітіңді қолтықтап кері қайтасың.
Қоғамдағы оқу мен оқушының арасы біраз шақырымға алыстап кеткен. Неге алаңсызбыз? Алаңдамаудың кесірінен балалар оқушылық контингенттен ажырап бара жатқандай. Автор мен шығармаға деген талғам жоқ. Классиканы ұнатамыз ба, әлде фантастиканы ма? Кітап оқымаудың арты дұрыс сөйлемеуге алып баратынын сезбей отырмыз. Бұл алдыңғы буынның кейінгі буынға көңілі толмайды деген концепцияға жат дүние. Келер ұрпақтың бір сөйлемнің басын қазақша, ортасын орысшаға ұластырып, аяғын ағылшыншамен түйіндемесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Міне, Қазақстан халқының басты мәселесі (проблемасы).
Бүгінгі тақырыптың жүгі бір адамға ауыр болары хақ. «Оқу. Оқушы. Кітап» жайындағы қоғамдық мәселемізді түрлі маман иелеріне сұрақ қылып жолдаған едік. Былай деп толғанды…
– Азат елдің озық ойлы балаларының өз еркімен ізденіп кітап оқуы қаншалықты жиі кездеседі және оқымауына әсер етуші қандай факторларды атай аламыз?
Ғазиза Құдайберген,
Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі:
– Кітапты ізденіп оқымайтын бала бұрын да болған. Мысалы, бір сыныпта жиырма бес оқушы оқыдық. Соның төрт-бесеуі ғана кітапқа құмартатын. Идеология мықты кездің өзінде осылай болды. Қазір де сондай жағдай. Кітапты қызығып, іздеп, талғаммен оқитын оқырман жастар жоқ емес. Кітапханада ұзын-сонар кезекте тұрмаса да күнделікті келеді. Кітап оқымауға ең бірінші «жау» әлеуметтік желілердегі жеңіл дүниелер. Отбасында қалыптаспаған әдет. Сосын насихат жоқ. Ғаламтордың жақсы да жаман да жағы бар: жақсысы – кітап оқуға насихат жүргізесің. Жаманы – онда «қоқыс» көп. Редакцияланбайды. Ақпараттың көптігі де кітаптың оқылуына кері әсерін тигізеді.
Сәуле Бектемірова, филология ғылымының кандидаты:
– Кітап – өткеннің рухы, келешектің кілті. Жақсы мен жаманның парқы. Мәдениеттің биік шыңы. «Қазіргі таңда жастар кітап оқымайды» деген аға буын өкілдерінің өкпесі бары екені рас. Алайда, бұл пікірлерге толық келісе алмаймыз. Заман өзгеше қазір. Кітап оқымайтын жас талапкерді бұрын көптеп кездестіруші едік, қазір кітап оқу, бұл – сән. Заманның озық үлгісі, зиялы, жаңа заман жеткіншектерінің айналысатын бір ісі де дәл осы – кітаппен достасу. Себебі, өз бетімен ізденіп, әдебиеттің қай саласы болсын қызығушылық танытып жүрген жастардың талабын да ескермеске болмас. Әйтсе де заман талабына сай, смартфоннан айырылмайтын қазіргі қоғам адамдарының іздейтін дүниесі мүлде басқа ма деп те қаласың… Иә, ғаламтордың да өзіндік тигізер пайдасы бар, бірақ әр кезде емес. Жаһандану заманында бұқаралық ақпараттар тасқыны толассыз ағылуда. Иә, қазіргі таңда барлығының қолында ұялы телефондар, планшеттер. Бүкіл әлем сенің қолыңда секілді. Өйткені соның ішінде электронды кітап та, жаңалық та бар. Сол әлеуметтік желілерде белең алған түрлі жаңалықтар жалпы жастардың уақытын ұрлап, басқа нәрселерге көңілдерін аулап, ойларын бұзуда. Соған қарамастан кітапты қолына алып оқимын деген адам – оқиды. Кітапты қолыңа алып, парақтап отырып оқығандай ләззат алмайтыны сөзсіз.
Кітап оқуға қызығушылық болу үшін ең алдымен бала кішкентайынан ата-анасының тәрбиесімен санасына өз елінің ертегілері мен қисса-дастандарын, аңыз-әңгімелерін бойына сіңіріп, солармен сусындап өсуі тиіс. Сонда баланың көңіліндегі қызығушылық ізденімпаздыққа ұласады. Себебі, ұлт діңгегінің мықты болуы біздің ұлттық рухани байлығымызда жатыр. Өзімнің жеке кітап қорымнан Х.Хоссейнидің мелодрамаларын, Пауло Коэльоның «Алхимик» романын оқуға кеңес берер едім.
Данияр Жігітбек,
ІТ маманы:
–Өзім мектеп қабырғасында жүргенде ондай құбылыс өте сирек кездесетін, жоқтың қасы десем де болады. Оқыған күннің өзінде тек мектеп бағдарламасымен ғана шектелетін. Қазіргі кезде көңілді арбайтын заманауи гаджеттердің балалар арасында кеңінен таралуы кітап оқуға деген қызығушылықты кемітпесе, арттыра қойған жоқ деп ойлаймын. Балалардың кітап оқымауына әсер ететін бірнеше фактор бар: электрондық құрылғылардың кеңінен қолданысқа енуі; әлеуметтік желілер; ата-аналардың кітап оқымауы; заманауи қызықтыратындай дизайнда жасалған кітаптардың аздығы немесе жоқтығы; кітап оқудың озық тренд ретінде қоғамда насихатталмауы; қазіргі балаларға қызық болатын, таным-түйсігіне сәйкес тақырыптарда жазылған кітаптардың аздығы немесе жоқтығы. Пол Тайгердің «Делай то, для чего рожден» деген кітабын оқуға кеңес берер едім. Кітап 7-11 сыныптағы оқушыларға пайдалы болар еді. Өз-өзіңді тануға, осал және мықты тұстарыңды білуге, болашақ мамандығыңды қателеспей таңдауға көмек беретін таптырмас кітап.
Ләйла Байқұлова,
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылына қарасты
М.Әуезов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Қазіргі оқушы өзінің уақытын қайда жұмсарын білмейді. Үйіндегі ата-анасы қадағаламаудың әсерінен оқушы сабақтан тыс уақытын, әрине, кітап оқуға арнамайды. Екінші жағынан алып қарасақ, кінә бағыт-бағдар беруші мұғалімдерден де бар. Баланы автор шығармашылығына қызықтыра алмауы. Баланың кітап оқуына өзіндік ынта және талап пен қадағалау керек. Ғаламторға әбден берілген бала өзінің тіл байлығын жетілдіре алмауда. Осы ретте мысалға мектебімізде оқушылардың сөздік қорын байыту, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында үнемі «Бір аптада – бір кітап» деген іс-шара өткізіледі. Мұнда балалар өз ойларын ортаға салып, шығарманы талқылауды үйренбек. Осы тектес шаралар өзге мектептерде де орын алса, балалардың кітап оқуына титтей де болсын септігі тиер ме еді?! Оқырмандарға А.Рыбаковтың «Дети Арбата», А.Приставкиннің «Ночевала тучка золотая» атты шығармаларын оқуға кеңес беремін.
Мейірхан Амангелді,
блогер:
– Меніңше, жастар кітап оқымайды деген бүгінгі күннің ең басты өтіріктерінің бірі. Психологтардың айтуынша, адамдар қай заманда өмір сүрсе де өзінен кейінгі ұрпаққа көңілі толмайды екен. «Жастар кітап оқымайды» деген сөз сол ағаларымыз бен апаларымыздың бізге көңілі толмағандығынан шыққан болуы керек. Жастар кітап оқиды. Мүмкін классиктерді жиі оқымайтын шығармыз. Бірақ бизнес, психология, өзін-өзі тану секілді бағыттағы кітаптар замандастарымның арасында сұранысқа ие. Сосын қазір жаңа технологиялар заманы екенін де ұмытпайық. Кітапханалардың қаңырап тұрғанына қарап «Жастар кітап оқымайды» деу де негізсіз. Себебі, шаң басқан кітап сөрелерінен әдебиет іздегенше, интернетте қолжетімді, сондай-ақ, кез келген жерде оқуға ыңғайлы электронды кітаптарды құп көреміз. ХХІ ғасыр адамзат тарихындағы ең сауатты адамдар заманы. Сондықтан да жастар кітап оқиды деп сеніммен айтуға болады.
Шекия Абдуллаеваның «Интеллектуальный инсульт» деген кітабы бар. Осы кітапты өз замандастарыма ұсынамын. Себебі, бұл кітап арқылы смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелді болып қалудың алдын алуға болады. Ал телефоннан тәуелді адам міндетті түрде кітап оқиды.
P.S. Жапон мен қытай, орыс пен ағылшын балалары кітап оқымаса, тау құлап, дауыл тұрмасы анық. Ал қазақ баласына оқымауға расында да болмайды. Неге десеңіз, өткен ата-баба алдында кітап оқудан өтелмеген борышымыз бар. Келер ұрпаққа да қарыз болғымыз келмейді…
Маржан ӘБІШ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.