Күй ұран
(Соңы. Басы өткен нөмірде).
Есболат Айдабосын
Өкше ізді Қордай мен Қоңыртөбеге тастап, Қозыбасының шығыс қапталына асып түскен бетте Байсерке түндегі түсінің тегін еместігін түсінді. Оқыған намазының әсерінен арылып болам дегенше қырат басына тігілген қараша үйге жолықты. Байсерке бірден таныды, қарашекпендер. Бақсының моласындай болып жапанда жалғыз отырысына қарағанда осы жерге егін салмақ.
– Қозыбасыға да қол салдыңдар ма?! – деді Байсерке тістене сөйлеп. Үйден шыққан екі адам бейсауыт жолаушыға қарап, даурыға сөйлеп жатыр. Үйдің шығыс жағынан жер тырмалап жүрген тағы бірінің сұлбасы көзге шалынды. Қозыбасының күнгей бетіне соқа салып жүр екен. Келгендеріне біраз болғанға ұқсайды, ауыл орнындай жерді тырналап, шаңын шығарып тастапты. Алыстан қарағанда таудың бетіне түскен таңбаға ұқсап қап-қара боп көрінеді екен. Тауға емес өзінің денесіне таңба ұрғандай Байсерке тітіркеніп кетті. Ақтанауды оқыс шаужайлап шаба жөнелген. Сол шапқаннан мол шапты. Ақтанаудың шатынан аққан ақ көбік шашасынан асып ақсүйекке құйылғанда ғана тізгінді тежеді. Қымызға масайған адамша атын бұлғақтатып арлы-берлі жүрді де, жалынан ұстай бере сусып түсті. Шағыр жусанның үстінде шалқалап жатқан күйі зеңгір көкке зер салған. Көз ұшында қыран қалықтап жүр. Суықтөбенің сұңқары. Басынан қар, бауырынан ел кетпеген әйгілі Суықтөбенің тұсына келіп жығылғанын шамалап білді. Енді біраз жүрсе Тайторы* батыр ауылының үстінен шығар еді. Жетпей құлағаным қандай жақсы болған деді Байсерке іштей үн қатып. Әйтпесе жын соққандай шапқылағанын көрген жұрт: «Байсерке қартайғанда салдық танытып жүр» деп келемеждер ме еді, кім білсін?! Құдай бір жолға сақтады.
Байсерке шынтақтап жатып айналасына көз тікті. Сонадай жерде желге төсін бере Ақтанау солығын басып тұр. Ыстығы тарқағанша шөптің басын шалмайтын тектілігін танытып, жайылуға асығар емес. Ал аспанда әлгі қыраннан өзге тіршілік иесі жоқ. Ол да жалғыздықтан жалыққандай Қопа беттегі бұдырсыз жазықты бір шолып, Суықтөбенің басына барды да, қора күзеткен қойшыдай шыр айналып жүріп алды. Ұшқан құсы мен жыбырлаған аңына пана болған алып тау төбеден ауған алтын күнге төсін сүйгізіп сұлық жатыр.
– Қайран, Суықтөбе, – деді Байсерке күбірлеп. Атың суық болғанмен, затың ыстық, қойнауың құтты еді. Сенің де есіл кеудеңді тырнатып қойдық-ау… Бүгін етегіңе егін салғандар, ертең қойныңды ақтарар, қазынаңды қопарар. Көгіңді күзеткен қыран құрлы қайрат көрсете алсақ, қанекей…
Байсерке көзін жүгірте, көктегі серігі көбік бұлтты іздеді. Шағын ғана шоғыры шапқан атқа ілесіпті, қалғаны өрістен қайтқан қойдай шуатылып келеді.
– Жұртыңның түрі анау, – деді Суықтөбеге айтар арызын жалғап. Жел тураған бұлттай бетімен кеткен.
Көзі жасаурап, көмейіне өксік тығылды. Аспандағы ақша бұлттар да барар жер, басар тауы қалмағандай Байсеркенің нақ төбесіне ұйлығысып жатты.
***
Ақтанау жол жорғасынан жаңылмай тайпалып келеді. Байсерке Тайторы ауылынан аттанғанда құранды ерге қалай отырды, сонысынан танбады. Бір жағына қисайыңқырап алған, жамбасы жабысып қалғандай қозғалмайды. Қозғалып кетсе лықсып келіп тұрған күй толқыны кейін тебетіндей. Дүрс-дүрс басқан ат дүбірімен жарысып көңілі күйлеп, күйзеліп келеді. Түнгі қонақасы үстінде ауыл адамдарынан естіген жайсыз хабар онсыз да асқынып тұрған көңіл дертін қоздырып кетіп еді. «Дәурен сал* істі болып, абақтыға қамалыпты» дегенді мес қарын саудагер «бәленшенің қойына қасқыр шауыпты» дегендей елеусіз ғана айта салған. Қымыз ішіп отырған Байсерке шашалып қала жаздады. Өз құлағына өзі сенбей қайыра сұрады. Бұл жолы мес қарын: «абақтыдан әрі итжеккенге жер аударылады-мыс», – деген дүдәмал деректі қоса жеткізді. Өне бойын ызғар буып, шынтақтап жата кеткен Байсерке содан кейін ешкіммен тілдеспеді. Күйшіден өнер дәметкен көпшілік те құлақ құрышын қандыра алмай түлкіқұрсақ тарқасқан. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Құрсаулаған қалың ой төсектен өзімен бірге ілесе тұрған, әлі де еңсесін көтертпей, сай-сүйегін сырқыратып мүжіп келеді.
Ұл туса асық жиып, қыз туса моншақ тізген бұл қазақтың ұлы мұраты – ел қору емес пе еді. Осы мұратқа адал жанның бірі – ту ұстаған батыры болса, екіншісі – сөз ұстаған ақыны. Оның қаруы – қолындағы қара домбыра, аузындағы қызыл тіл. Сонымен жауға да, дауға да жүреді, ел қорғайды. Бұқара жұрт батырын «ерім» деп арқадан қақса, ақынын «серім» деп еркелеткен. Бас кеспек болғанмен тіл кеспек жоқ деген халықтың ханы тақтан түсіп, батыры аттан ұшқанмен, ақыны қашан тілін тартыпты. Енді міне, сол тілге тұсау салынды. Арқыраған асау мінез абақтыға қамалды. Іледен өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада қалатын атақты Дәурен салдың дәурені қапаста аяқталады деп кім ойлапты?! Салдың басына салынған ноқта ертең күйшіге киілмесіне кім кепіл?! Әйтеуір ұлықтардың домбыра тілін түсінбес дүмшелігі дәтке қуат, көңілге медеу. Әйтпесе Байсеркенің де өрісін шектеп, өнерін күндейтіндер жоқ емес, жетерлік. Бұл қазақтың ақыны ғана емес, күйшісі де күйікке туады. Күйікке тумаса кешегі Қожеке* қайда?! Есіктен кіріп, төрге ұмтылғандардың төсінен итерген, азуын білеп айбат шеккен көкжалдың бірі Қарқарадағы Саурық* болса, оған рух берген Қожеке емес пе еді?! Өнерін де өмірін де күреске арнады.Бұлқынды, бағынбаймын деп жұлқынды. Шамасы келмесін сезген соң, азғантай албанын бастап құлдықтан қашты, Қытай асты. Басқаға бас имейтін батыр олардың да көзіне шыққан сүйелдей болыпты, оншақты жылда «Қожеке қайтты» деген хабар жеткен. Жалалы болып түрмеге қамалды, қытайлар көкірегіне көмір басып өлтірді дегенге Байсерке бастапқыда сенбеген. Шынжырда отырып шығарған «Түрмедегі қинау» мен «Тас көмір шоғына қақталу» күйін естігенде ғана ұстазындай болған ұлы күйшіні апта бойы азалап еді. Ақырған аюдан қашам деп, аждаһаның аузына кірген күйші тағдыры көпке дейін есінен кетпей жүрді. Байсерке тіршілігінде арқа мен жетісулық дәулескердің талайын көріпті, бірақ тап Қожекедей күрескерін кездестірмеген. Кіші жүзде Құрманғазы қандай болса, ұлы жүзде Қожеке сондай деп білетін. Бірақ қос тарланның көмейінен өксік, көзінен кек кетпеді. Тағдырлары да ұқсастау жазылыпты жарықтықтардың.
Осындай ұлы тұлғаның біріне замандас шәкірт, бірімен дастархандассерік қылған құдайға Байсеркенің айтар өкпесі жоқ. Тек от пен жалынға толы тағдырларына налиды. Қожекені жоқтаған көңіл соқпағы әдетте Құрманғазыға барып тіреліп, байыз табатын. Бүгін де жастық шағында жолықтырған жұмбақ күйшіні тағы есіне алды.
Шу бойындағы Ботбайлар берген бір аста Жалайырдан келген домбырашымен күй тартысқа түскені бар. Көп ішінен өзіне тесіле қараған отты жанар еріксіз назарын арбаған. Байсерке ырғағынан жаңылып қала жаздап барып, әзер түзелді. Сақалы алқымын жапқан, қыран қабақ кісі екен, киімі жұпыны, шидем күпісі мен жарғақ шалбарының рәңі тозған. Ұзақ жолды бастан өткерген жолаушыға ұқсайды. Бірақ өзіне ешбір жанды шақ көрместей паң, кеудесін асқақ ұстайды. Күйдің әрбір секірісіне қосылып сергек отырды. Байсерке де бұрын-соңды мұндай тыңдаушы көрмепті, күй түсінемін дегендердің өзі тұңғиыққа бойламай, сиқырлы саздың саяздау жерінен қайтатын. Тойшыл қауым тарқар тұста беймәлім қазақтың қасына өзі барды. Бір түн мәслихаттас болған. Бірақ аты-жөнін айтып, сыр алдырмады. Тек домбырасын сөйлетті де отырды. Кетбұға, Асан қайғыдан тартып, Махамбет, Соқыр Есжан, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң, Құрманғазының күйлері еді, – деп бірнеше күйді шалдықпастан тартты. Шертісі бөлек, салалы саусақтар қос ішекке термелеген бойда ыза мен кек, айбат пен айбар қатар есетін күйлерді Байсерке алғаш естіді. Қарсы алдында отырған қапсағай күйшінің алысқа шабатын алқымы кең арғымақ екенін аңғарған. Кетерінде бата сұрады. Қыран қабақ күйші тереңнен тартпай, сұйықтау бата берген, есесіне «Алатау» деп аталатын жаңа бір күйді үйретіп кетті. Байсерке Қордайға барған бетте көрген-білгенін Есім мен Саршаға айтып, «Алатауды» ортаға салды. Екі күйші мүлги тыңдап, басқаша шертіс, өзгеше өріс деп бағалады. Ертеңіне үшеуі Шудың төменгі ағысында отырған ел-жұртты аралап, құлақасқа атқа мінген күйшіге іздеу салды. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Арада төрт-бес жыл өткенде ғана Қараөткел жәрмеңкесіне барған қазақтың бірі Құрманғазының Сібірдегі Үркіт* түрмесінен қашқанын айтып келген. Осы сапарында Есілдің бойы мен Жетісуға соғыпты деген дақпыртты қоса жеткізді. Сол дақпыртты таратушылар дәлел ретінде, «Сарыарқа» мен «Алатау» күйін тартады екен. «Алатауды» естігенде Байсеркенің көкейіндегі жұмбақ өздігінен шешіле кетті. Содан бері Есім мен Сарша, Қожекедей ұстаздарының қатарына Құрманғазыны да қосатын.
***
Байсерке Дәурен салды алғаш осы Суықтөбенің баурайында жолықтырған. Ол кезде Есім мен Саршаға атқосшылыққа жүретін құйтақандай бала еді. Сұлутөрден аттанған Есім бастаған өнерпаздар тобы Суықтөбеге дейін суыт жүрді. Ақшам жамырай жасау-жабдығы келісті алты қанат ақ боз үйге түскен. Таңертең дабырлаған дауыстан оянды. Тегене толы қымызды бір топ адам ортаға алып, суатқа түскен жылқыдай шұрқырасып отыр екен. Есім мен Сарша әлденеге абыржығандай күй танытып, түйіліп алған. Ал олардың сол қапталындағы қияқ мұртты ақсары жігіттің жағасы жайлауда. Үкілі бөркін бұлғаңдатып найқалып отырғанына қарағанда сал мен серінің бірі секілді. Қалған кісілердің де түр-тұрпаты шаруа баққан адамдарға ұқсамады, бекзадалықтың нышаны бар. Байсерке қаны кеуіп шөлдеп тұрса да дастарханға ентелеп баруды ар санап, шақыртуды күтіп жата берді. Осы кезде даладан ат тұяғының дүбірі естілген, артынша қылышы салаңдаған сарбаз кірді де, есікке таяу отырған шегір көзді кісінің құлағына сыбырлады. Ол мезетте:
– Батыр келсін деп жатыр, – деді дастархан басында отырғандарға шегір көзін төңкере қарап. Жұрт жауап қатпастан қопарыла түрегелді. Есімнің етегіне оратыла Байсерке де ілесе беріп еді, «шырағым, сен осында бола тұр, керек болсаң алдырармыз», – деп Сарша күйші басынан сипады. Байсерке тосылып қалғанмен, далаға бірге шыққан. Оты қашпаған отар жерге жағалата сегіз үй тігіліпті. Барлығы жұмыртқадай әппақ. Сал-серілер тобы соның ең ортасындағы үлкен үйге барды. Олардың артынан астау толы ет, саба толы қымыз кірді. Байсерке жақын маңдағы бұлақ суына жуынып келгенде әлгі астаулардың алды кейін қайтып, босаған сабалар сыртқа шыққан. Үлкен үйден домбыра үні естілді. Байсерке Сарша күйшінің қағысын жазбай таныды. Әдеттегідей баппен, баяу басталған шертіс бірте-бірте күш алып биіктеді, қалықтады, соңыра құлдилап барып, көлге қонған аққудай жеңіл тоқтады. Саршаның әдеті бұл, домбырасын да теріс бұрайды. Әлден уақытта әнге кезек тиді. Әуелеген ән ақ боз үйдің түңлігінен шығып, ақша бұлтқа алқынбай жетті. Дауыс тұнық әрі әуезді. Байсерке дәу де болса әлгі үкілі жігіт болар деп шамалады. Өздеріне тігілген үйге бір өзі иелік етіп, мол дастархан басына жалғыз жайғасқан Байсерке ән мен күйді тыңдап жатып ұйықтап кетіпті. Қойнына қоңыз кіргендей жыбырлағанда, шошып оянған. Әлгі әнші екен, басындағы бөркін шешіп үкісімен Байсеркенің бет-аузын, қойны-қоншын қытықтап, балаша мәз болып тұр. Дәурен сал мен Байсерке осылайша танысқан еді. Сол күні Дәурен бұларға ілесіп Қордайға жүрді. Жеткенше Байсеркенің езуі жиылған жоқ. Сарша мен Есімді оздырып жіберіп Дәурен сал қысыр әңгіменің тиегін ағытады. Небір күлдіргі өлең, бәдік жырларды бет-ауызы мен даусын мың құбылтып салғанда Байсерке атының жалын құшып, ішін басып тырқылдайды. Дәурен салдың арқасында жол қысқарып, ауылға қалай жеткенін аңғармай қалған. Сарша мен Есімнің Суықтөбеге не үшін барғанын да сұрамапты, ертеңіне елден естіп-білді.
«Кенесары Қордайға келе жатыр, Саурық батыр Суықтөбенің етегіне сегіз үй тігіп қарсы алыпты» деген хабарды Сұлутөрдің адамы түгіл, сона-шыбынына дейін таң атпастан ызыңдап шартарапқа таратқан. Ақсақалдардың бір парасы:
– Саурық сұңғыла ғой. Өз туғаны мен Арқаның жуандары сырт айналған төре баласына жонын көрсетпеді, құшағын ашты. Елдігімізді танытты деген ризашылығын білдірсе, енді бірі Кенесарының жүрісіне күдіктене қараған. Түрлі болжам айтып, сан-саққа жүгіртті. Соның ішінде Байсеркенің құлағына жағып, көңіліне қонғаны, тоқсанға тақаған Әжібай қарттың жорамалы.
– Жетісуға келісі жай келіс емес-ау, – деп еді қария қамшысымен етігінің қонышын сабалап тұрып. –Бұл қашқан, сасқан адамның ісі емес, тұманды күні жол тапқан адамның ісі. Біздің Қозыбасыда қазақ хандығының рухы жатыр. Жаралы жолбарыс сол рухпен жарасын жазбақ. Бабалар ұранын шақырып үш жүздің баласын Қозыбасыда қайта жимақ. Бұйыртса, қазақ хандығы Қозыбасыда екінші мәрте құрылады. Тек соған мұрса берсе, – деп, сөз соңын күмәнмен түйіндеген.
Сол күмән көп ұзамай расталды.
***
Байсерке Кенесарыны сырттай ғана білді. Алдына барып, домбыра шертпепті. Ызалы төренің қаһарынан жасқанды ма, Есім мен Сарша да хан ордасына ат байлауға онша ықыласты емес-ті. Оның да жөні бар секілді, алауыздық жайлаған төре тұқымы тақтан бір, абыройдан екі айрылып шатқаяқтап тұрған шағында қара халықтан да ел билеуге талапты тұлғалар суырылып шыққан. Баянауылдағы Шоң мен Шорманның, Шыңғыстаудағы Құнанбайдың билікке араласуы Жетісудағы Дулаттарды да желпінтіп тастаған еді. Төресіз де ел, төбесіз де жер болады, – деп көкірек ұратындар әр атадан төбе көрсететін. Сарыарқадан сая таппай келген Кенесары да көпшіліктің көзінен, сөйлеген сөзінен осы жәйтті аңғарған. Кене сондықтан ашулы еді, ерлік даңқынан бұрын қаталдық дақпырты Жетісуға келгелі желдей есіп, өрттей лаулап кетті. «Кенесары өйтіпті», «Кенесары бүйтіпті» деген жел сөз қазанат мінген батырдың да, қазан қайнатқан қатынның да құлағын шулатып болған. Әсіресе, Ботпайдан шыққан Сыпатай* бимен жиі ұстасты. Дүрдараздық соңы ақыры жақсы болмады.
– Ботпай руы тұрыңдар, ат құйрығын түйіңдер, – деп Сыпатай жорық даласынан жігіттерін алып кетіпті дегенді естігенде, ел екіұдай күй кешкен. Есім ұстазы қобызын құшақтап, ұзақ күңіреніпті.
– Кенесары мен Сыпатай кетісті дегенше, бұл өлкеден береке де кетті десеңші депті көзінен сорғалаған жасымен сақалын суарып. Жарықтықтың сол күдігін жаратқан аузына салған екен. Айна-қатесіз орындалды. Кенесары қырғызға шауып, мерт болды. Артынша Қоқан билеушілерінің қолынан Сыпатай да қаза тапты. Бітісе алмаған қос серкенің бағлан басы осылайша басқаның қанжығасына байланды.
Сол бір аласапыран кезең, қасіретті жылдар Қордай жұртын тұралатып тастады. Көктемді аңсаған көтерем малдай елдің еңсе тіктеуі ұзаққа созылды. Бұрынғыдай ас беріп ат шаптыратын, жиын-той жасап салтанат асыратындар сап тиылған. Пристав* деген шығып, басшысыз елдің билігін қолға алды. Қарашекпендердің қатары артып, қалалары көбейді. Елең-алаң шақта Байсерке де ержетіп, жігіт болды. Дәурен салмен үзеңгі жолдас атанғаны, қазақ пен қырғызға атағы шыққаны да сол тұс. Салдың сауықшыл тобына ілесіп, бірлесе салдық құрды. Сал десе сал, сері десе сері еді. Әйгілі Қырмызы қызбен айтысы күні кешегідей Байсеркенің көз алдында. Жеңген мен жеңілген болған жоқ. Аға мен қарындастың арасындағы ерекше ілтипатқа мейір қандырып, масайрап еді көпшілік. Сол айтыстан соң-ақ Дәуреннің абыройы Жетісудан асып, Арқа мен Сыр өңіріне дейін таралды. «Қош-сау бол, сал қарындас, Қырмызым-ай», Жаһанның таң шолпаны жұлдызым-ай» деп басталатын арнау-жыры қыз-бозбаланың алтыбақан мен бастаңғыда айтар басты әніне айналды.
– Жеңгелеріме сенсем, өмірге күліп келіппін, бесікте де жылаудың орнына тырқылдап жатқан екенмін, ендігі арманым – өмірден күліп өту,– дегенді Дәурен сал жиі айтатын. Бірақ, соны айтқан сайын Байсерке салдың тұнық көзінен тұнып тұрған мұңды байқаушы еді. Салдық құрып, сауық қуып жүргенмен, жүрегі жаралы екенін сезетін, оның себебін де ептеп білетін. Жас күнінде Шапыраштының сұлуына ғашық болып, отау құрғаны бар. Бірақ, жар қызығын көрмей жатып келіншегі дүние салды. «Қойным құтты болмады мен бейбақтың», – деп Дәурен сал ендігәрі үйленбеске серт етіпті. Сөзінде тұрды. Ел қыдырған есер шақта келіншек аңдып, қыз оятпақ түгіл, әйел баласына көз салғанын көрген емес. Әндерін айтып, сайранын салып Шу мен Іленің ортасын думанға бөлеуді ғана білді. Елі де оны еркелетіп, салулы төсек, жаюлы дастарханмен қарсы алды. Енді міне, бұлғаңдаған тарпаң басына бұғау түсті. Бұл бұғаудан босанар-босанбасы неғайбыл. Босанған күнде де періштедей пәк, бала көңілді салдың қайтадан бабын табуы екіталай. Адам болып жер басып жүргенмен өнерпаз ретінде өлгені ақиқат. «Көкала атты берсем де, Дәуренді шығарып алам», – деп Тәкен сал* артынан кісі салып, қуынып жатыр деседі. Неде болса сол шәкірті бір қайрат көрсетер, Байсеркенің дәтіне қуат берер жалғыз үміті осы.
***
Ақтанау кібіртіктеп тоқтауға ыңғайланды. Байсерке Қозыбасыға жеткенін жан-жағына қарамай-ақ сезген. Атынан сүйретіле түсіп, тартпасын босатып қоя берді. Бұл күні ауа-райы да күйшінің қабағындай түнеріп тұрған. Кешелі-бері көлеңкесін беріп, төңіректеген ақша бұлт ағайындарын шақырып, жарты аспанды жабулапты. Күйшінің Қозыбасыға келгенін күткендей, қарасұр бұлттардың бір шоғыры қаптаған қолдай Қоңыртөбеге қарай жөңкілген. Биік таудың ақбас шыңдарын қиналмай алған соң, құбылаға соқпақ салған күннің көзін көлегейлеуге жанталасты. Дегеніне көп ұзамай жетті, қас-қағым сәтте күн тұтылғандай айнала қарауытып кетті. Сол-ақ екен зеңгір көк қаһарланып найзағай ойнатты. Жасын оты жарқ-жұрқ етіп түнерген бұлттарға дүре соғып, қамшылап қуалады. Артынша тау-тасты жаңғыртып үш рет күн күркіреп нөсер жаңбырдан хабар келген. Суыр, борсық ініне тығылды, құмырсқа илеуіне жүгіріп, құдығына түсті, шөліркеген шөп атаулы «я сәт, бере гөр» деп тамшы күтіп аспанға телміре, тербеле биледі. Күллі тіршілік атаулы табиғаттағы осынау құбылыстарды сезіп-біліп, қамданып жатқанда Байсерке ғана селт етпеді, қабақ керіп қараған да жоқ. Екі күннен бері төңіректеп жүрген күйтолғақтың уақыты келген, енді жаңбыр жаумақ түгіл топан су басса да күйші үшін бәрібір, толғағы жеткен күй туу керек! Тумаса күй өледі немесе күйшіні өлтіреді. Шекпенін шешіп, ер-тоқымның үстіне жайды да, қара домбырасын қолға алды. Тізе бүккен жоқ. Өкпек желге кеудесін бере тікесінен-тік тұрған күйі бастап кетті. Шанақтан әуен шығып үлгергенше алғашқы жаңбыр тамшысы күйшінің денесіне қадалды.
Байсерке Қозыбасыға қасқая қарап тұрғанмен ештеңені көре алар емес. Тау басы бұлыңғыр тұман, жарықтық жаңбыр жақындап келеді. Тезірек күйіңді төгіп ал, одан кейін мен суымды төгемін дейтіндей. Ұрыншақ тамшыларын желге қосып жібергенмен шелектеп құймай, түйіліп тұр. Күйге балқығанда көз алды тұманданып, өзге түгіл өзін ұмытатын Байсеркенің сол қолы домбыраның мойнын қытықтап зыр жүгірсе, оң қолы қос ішекте өші бардай өршелене сабалайды. Самайдан аққан тер мойнын қуалап қойнына кіреді, қойнынан шығып қонышқа құйылады. Шылқыған жалаң жейдесі шау тарта бастаған тарамыс денесіне жабысып қалған. Сонда да ерен санамайды. Арада ет пісірім уақыт өткенде күйдің соңғы қағысын салған. Сиқырлы әуен домбыра шанағынан шағаладай шаңқылдап ұшқан сәтте Байсеркенің бойынан дәрмен қашып тәлтіректеп кетті. Қарақұстан біреу сойылмен салып қалғандай сылқ етіп тізерледі. Шалдығып қалған екен, күй ләззатын сезінгісі келгендей көзін жұмып, рахаттана тыныстады. Қанша уақыт қимылсыз тұрғанын шамалаған жоқ, құлағына гүрілдеген үн естілгенде ғана жан-жағына манаурап көз тастады. Ат құлағы көрінбес соқыр тұманның тұтқынында қалыпты. Ақтанаудың да қарасы батыпты. Әлгі дауыс адамның үні секілді жақыннан естілді.
– Оу, қалқам, көтер басты,– деп жұмсақ әмір етті әлдекім. Байсерке қалай атып тұрғанын сезбей қалды. Жан-жағына алақтап, дауыс иесін іздеп табамын дегенше, қалың тұманға оранған тау жақ беткейден қайыра үн қатты.
– Домбыраңның шанағы күйге, өзіңнің кеудең шерге толы неткен жансың?
– Байсерке деген күйші боламын, елімнен береке қашты. Жоқ іздеп жүрмін. Бас көтерген ерімнің басы кеткелі қотанына ғана қодыраңдайтын құр кеуделер қаптады. Батырым найзасын қойып, қарына сойыл ілді, барымташыға айналды. Билерден әділдік, ақыннан ақиқат алыстады. Сөзұстарлар қапасқа қамалып, жатжұрттың абақтысына айдалды.
– Тоқтат!
Байсерке селк ете қалды.
– Тоқтат, күйшім, тоқтат! Жасанған жаудың бұл далаға келгені бүгін емес, талайлар сенің атажұртыңа ат шалдырған. Кежеге* қойған ұлды құл ету, бұрымды қызды күң етуді армандап, жер түбінен желпініп жеткен. Менің де баурайыма талай кәпір дәрет сындырып, мақпал шөбімді ластап, қайнар суымды лайлаған. Бірақ қарт Алатау бауырын жайлаған қос ұлына қашан да қамқор. Сондықтан оның кеудесін ешкім басқан емес, қарлы шыңынан асқан емес. Тепсініп келгендер күндердің күні тентіреп кетеді. Қиратар, қырар-жояр, сайранын салар, соңыра сүйектері сай-салада көмусіз қалар. Қазақ пен қырғызға осыны жеткіз, көкірегіңнен күй ақтар. Саған қайқы қылыш емес, қара домбыра нәсіп болған. Домбыра тілімен ұран сал. Сен күй шалғанда тау теңселіп, бұлт көшіп, қанатты қонып, тұяқты тоқтап тыңдасын… Күйің күйзелген елді күңірентпесін, керісінше рухын көтеріп, еңсесін тіктесін!
–Мақұл баба… мақұл… мақұл…Байсерке кіммен сөйлескенін білмеді. Тек шыбындаған аттай бас изеп, мақұлдай берді. Дауыс иесінен тағы да пәтуәлі сөз күтіп сүт пісірім уақыт үнсіз тұрды. Қайыра тіл қату болмаған соң, көзін ашпастан қолымен қарманып домбырасын ілді. Әлгінде туған күйді тізерлеген қалпында қайта тартты. Бұл жолы жадыраңқы көңіл-күймен тартты. Күйдің де үні жыламсырамай, жарқылдап шыққан секілді. Басын көтергенде көргені – төңірек буалдыр тартып тұман сейіле бастапты. Қоңыртөбенің тура басынан бұлт ыдырады да, киіз үйдің түрілген түңлігіндей саңылау пайда болып, күн сығалады. Лезде кемпірқосақ шығып Суықтөбе мен Қоңыртөбенің арасына түрлі-түсті көпір салды. Әлгінде қоршауға алған қалың тұман көшкен қардай терістікке қарай ағып бара жатты.
***
Асау үйретіп жүрген Бердібектің құлағына алыстан талып жеткен күй сарыны естілді. Тұра қалып тың тыңдағанда ұстазы Байсеркенің мақамын жазбай таныған. Бірақ бұрын-соңды естімеген күйі. Борша-борша болып терлеген шу асауды қос өкпеден тебініп Майбұлақты өрлей шапты. Байсерке Ақтанаудың үстіне нығызданып отырған күйі домбырасын безілдетіп барады екен:
– Ассалаумағалейкум, аға, – деп Бердібек алыстан қолын ала жүгіргенмен сәлемі жауапсыз қалды. Күйші іркілмеді, сырдескі Ақтанау да жүрісін баяулатпастан жөнеле берген. Бердібек өзінің борбайлап жеткен ұшқалақтығына ұялған сыңай танытып, соңынан салпақтап ілесіп отырды. Байсерке Майбұлақтың басына жеткенде ғана тізгін қағып, тіл қатқан:
– Қарағым, «Ұран» күйдің басында кез болдың, қазір аяқтадым деді Бердібекке күлімсірей қарап.
– «Жетпіс бұтақты» қызыл іңірде бастап, сақар таңда аяқтаушы едіңіз, мынауда сәскелік жерге дейін созылған тізбекті күй болды ғой, аға…
Байсерке балуан денелі, қыран көзді жігітке күлімсірей қарап, құптағандай бас изеді. Бердібек күй- дастанды ауылға жеткенше үйреніп алды. Ертеңіне-ақ Байсеркенің «Ұраны» Қордайдан соққан қоңыр желмен қырғыз, қазаққа таралып кете барды.
*Тайторы – Қоқан, Қырғыз шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Саурық батыр Ыстамбекұлының сенімді серігі болған. «Қойторының тоқтығы ай, Тайторының жоқтығы-ай» (Саурықтың жау қолына түскендегі сөзінен).
*Дәурен сал Құдабайұлы (1827 – 1899) – ақын, әнші. Жетісу сал-серілік мектебінің белді өкілі. Дәурен сал Іленің арғы жағына өткенде, белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады деседі. Сондықтан ел ішінде «Дәурен салдың белбеуіндей ұзын» деген нақыл қалған. Оның «Керуен дүние», «Әуелеп ұшқан бозторғай», «Угәй-ай», т.б. әндері бар.
*Қожеке Назарұлы (1828 – 1881) – күйші-сазгер. Қарқара жайлауында дүниеге келген. Ресейдің отаршыл саясатына көнбей 1862 жылы 25 үйлі ағайынын бастап, Қытай асады. Алғашқыда Қытай билігі Қожекеге шен-шекпен беріп көтермелейді. Бірақ тәкаппар күйшіні көре алмағандар керуен тонады деген жаламен түрмеге отырғызады. Қытай жендеттері абақтыда азаптап өлтіреді. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.
*Саурық батыр – Жетісу жерінде екі Саурық батыр жасаған. Әуелгісі Шапырашты Саурық Ыстамбекұлы. Екіншісі Албанның Құрман атасынан тарайтын Саурық Алпарұлы. Шығарманың бұл тұсында сөз болған Албан Саурық. Ол жоңғар шапқыншылығы мен патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен. 1863 жылдың тамыз айында Іленің төменгі ағысы мен Текес өзенінің жоғарғы аңғарындағы халықтың патшалық Ресей үкіметіне қарулы қарсылық көрсеткені белгілі. Бұлардың ішінде Саурық пен мен Қожеке батыр бастаған жасақ ерекше көзге түседі. 1916 жылғы әйгілі Қарқара көтерілісін бастаушы Ұзақ батыр осы Саурық Алпарұлының баласы.
*Үркіт – қазіргі РФ Иркутск қаласы
*Сыпатай Әлібекұлы (1781/82 – 1867/68) – Ұлы жүз, Дулат, Ботпай руынан шыққан батыр, би.
*Пристав – 1948 жылы Ұлы жүздің қосылған аудандарын басқару үшін Батыс-Сібір генерал-губернаторына бағынатын үлкен Орданың приставы лауазымы бекітілді.
*Тәкен Сал Байғұттыұлы (1860 – 1908) – белгілі ақын, сазгер, әнші. Қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тәкен сал жүйрік баптап, бәйгеге қосуға құмар болған. Кезінде оның Көкала сәйгүлігінің даңқы өз атағынан кем тарамаған.
*Кежеге – Түркілердің желкесіне түсіп тұратын жуан бір өрім шашы. Тілімізде сақталған «кежегесі кері кету», «кежегесін кері тарту» деген сыңайдағы сөз тіркестері осыған меңзейді. Кежегемен мағыналас сөздер өзге де көршілес ұлттар тілінде ұшырасады. Мәселен, алтай тілінде «кәде», қырғыз тілінде «кежи», орыс тілінде «коса» деген сөздер бар.
ПІКІРЛЕР2