КҮЙ ҰРАН
Бір бейтаныс жас жігіт телефон шалып: «Аға, сіздің Байсерке күйші туралы мақалаңызды оқып, бір әңгіме жазып едім, қарап бересіз бе?» деді. «Электрондық поштама жібере ғой», – дедім. Оқып шығып едім, жаңа талап жігіттің «үйреншік» туындысы сияқты емес, кәдімгі төселген жазушының қаламынан туған сәтті әңгімені көріп, қуанып қалдым. Сұрастырсам, Талдықорғанда журналист болып істейді екен. Туып-өскен өңірі Сұлутөр аумағы болған соң, Байсерке бабамыздың өмірі қатты қызықтырса керек, қиялына от тұтатып, шабытын оятыпты. Мақаладағы нақты деректерден көркем туындыға арқау болатын әдемі сюжет құрап, ширақ алып шыққан. Сүйсіндім. Қаламына сәт тілеп, «Қазақ әдебиетіне» ұсынуды жөн көрдім. Бір ғана айтарым: «Әдебиет деген киелі өнер. Үйретілмеген асау аттай тарпаң мінезі бар. Оған шындап беріліп, соңына шындап түспесең, жарым жолға да жеткізбей, лақтырып тастап кете береді. Анық ерттеп мінген болсаң, тақымың берік болсын, бір жалт бергенде түсіп қалма!» деймін. Алар асуларың мол болғай!..
Марал Ысқақбай.
Есболат АЙДАБОСЫН
Бұл шығарма қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің
100 жылдығына арналады.
Түн түңлігі түрілді. Ұлы дала ұйқыдан оянды.
Таң намазын оқи сала, атқа қонған Байсерке Қордайдан асып түскенде Қопа мен Қозыбасының аралығынан күн сығалады. Шапағына ат кекілін аймалатып қарсы жүрді. Жолай отырған Қасқараудың қабырғалы ауылдарынан қиыстай өткен.
Баяғыдай Шу мен Іленің арасына тоғыз түнеп, әрбір таңды той-томалақпен қарсы алатын кез емес, бүгінде елдің көңілі алаң. Ақеділ ағайынның пейілі тарылып, ақ дастарханы жиылған жоқ-ау, қай ауылға барсаң да еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құмғанға қарай жүгіреді. Құдды жиені келген нағашыдай қамсыз, бейқам көрінер. Бірақ сол бейқам қазақтың көзі мұңлы, көкірегі зарлы. Сөзге тартсаң күдігін сезесің, жүзінен үрей көресің. Атқа мінген азамат деп арызын айтады, бәтуә күтіп аузыңды бағады. Ал жапан дүзде жалғыз жортқан күйші кімге тірек, кімге пана?! Бұл шерткен күй шерменде жұрттың шерін тарқата алар ма?! Қарашекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемінің болсын қарымтасы қайта ма?! Кесілген бас, төгілген қан мен жастың құнын кім даулар? Жылағанды жұбататын, күйзелгенді қуантатын күн қашан туады?
Байсерке көптен бері қыр соңынан қалмаған осы бір жауапсыз сауалдардан жасқанады. Топ ішінде сөйлей қалса тағасыз тұлпардай тасырқап, ойы жүйесінен жаңылып, сөзі соқпағынан адасады. Көңілді күпті қылған уайым-қайғының дойыр қолы қысырақтың үйірін көрген айғырдай арқыраған сауықшыл кеуденің талабын тұсап, тақымдап алғалы қашан. Соңғы кездері ел аралауды сиретіп, үйкүшіктеніп кетті. Қарақияның басына шығып күй тартқанда Қасқажол мен Көкқаптал тіпті Ойжайлауда отырған қалың елді оятатын Байсеркенің бұлайша тұйықталуын ағайын-туыс сан-саққа жорып, аузы жеңіл қатындар сыпсыңдап сөз тарататын. Бірақ Байсерке ешбіріне мән бермеді. Бердібек пен Қожабек секілді шәкірттері келгенде ғана шешіліп сөйлеседі, одан басқа жұртпен қарым-қатынасқа құлықсыз, әңгімеге сараң. Бүгін де қасына жолдас ертпей жалғыз шықты, әрі ешбір ауылға соқпай төтесінен тартып келеді.
Ақтанаудың жол жорғасы жайлы, Байсеркені бесіктегі баладай тербетеді. Бөркін көтеріп, тершіген маңдайын таңғы самалға тосты. Шекеден ұрған салқын жел тамыр қуалап барып табаннан шықты, жан әлемі рахатқа бөленді. Аспан шайдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбіктей болып жалғыз бұлт қалқып жүр. Адасқан бұлт емес, Байсеркенің өз бұлты. Көңілін мұң шалып, көп ішінде жалғызсыраған тұста немесе әруақтанып атқа қонған заматта көгіне шығып бірге жортатын. Тәшкеннің ұлы базарында қырғыз бен қоқанның қос күйшісі тайталасқа шақырғанда қасындағы қалың ағайыннан көрі төбесіндегі осы жалғыз бұлт медет беріп еді.
– Байсеркемен бақ таластырдық, – деген атақ үшін желпініп жеткен екеуіне:
– «Жетпіс бұтақ»* деген күйім бар, басқасына бармаймын, соны ғана тартамын. Таң намазын оқи сала отырғаннан, ақшам ауғанда тұрамын, тек бесін мен намаздігерде құлшылық қылуға мұрсат беріңдер деп шарт қойды. Бұл сөзді естіген жәрмеңкедегі үш атаның баласы араның ұясындай дуылдасып кетті. Қазақтың үлкендері «райыңнан қайтарсың» дегендей Байсеркеге жалтақтай қараса, қырғыздар дарақылыққа балады, ал әр нәрседен ұпайы түгел шығатын өзбектер қауымы дереу ақша тігіп, бәстесе кеткен. Ертеңіне Байсерке сақар таңнан базардың тап ортасына жайылған текемет үстіне жайғасты. Жалаңаш денесіне түйе жүн шекпенін ғана киіп, белін шарт буынған. Тәшкеннің шыжыған жазында күні бойы күй тартқан домбырашы қазақты базаршыл қауым, бақалшы-саудагерлерден бастап, қаланың әміріне дейін келіп көрді. Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен шілденің күні құйтақандай күйшіні құлата алмағанына қапаланғандай қызара барып, құбыла бетке сіңгенде Байсерке де «Жетпіс бұтақтың» соңғы бұтағын сомдап шығарған. Тер басқан маңдайын жеңімен сүрте бергенде, Бақтиярлап* әруақ шақырған ұлы жүз қазақтары көтеріп әкетті. Қаумалаған жұрттың қолында кетіп бара жатып, көк жүзіндегі көбік бұлтты көзі шалды. «Күні бойы ешкімге көрінбестен көлеңке болдым, разы шығарсың, енді мен де кеттім» дегенді айтып қарауытқан аспанда түтілген жүндей ыдырап барады екен. Байсерке кеберсіген ернін икемге әрең келтіріп, «Жасаған Ием жар болғай» деді ешкімге естіртпестен.
Бүгін де сол ақша бұлт төбесіне қайта қоныпты. Ақтанаумен жорға салыстырғандай батыстан шығысқа қарай баяу қозғалады. Жылжыған сайын шоғыры бірде ұйлығысып, бірде шашырап мың құбылады. Аспандағы бұлттың қайнауы күйшінің де қанын қыздырып жібергендей жан дүниесі буырқанып толқып кетті.
– Жүрісің суыт, жосықсыз жортып қайда барасың деп кінәлама! – деді бұлтқа қарата қамшысын шошайтып… – Біле білсең мен де сен секілді бүгін бармын, ертең жоқпын. Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгем. Сен қара жерге нәр бересің, мен қарайған жұртыма ән берем. Бірақ менен көрі сен бақыттысың! Сені толғайтын желің бар, ал мені қорғайтын ерім, қолдайтын елім қане? Сен үйіріңді табарсың-ау, ал мен өз үйімде бөтен болған бейбақпын. Төр иесі төрем жоқ, ел тізгіні басқада. Артыма қарасам бабаларым қамшысын білеулеп аттандап жатыр, алдыма қарасам балаларым есіктен кіргенді төрге оздырған. Қарашаңырағын қонағына билетіп, өздері құлша құлдыраңдаған. Ойым адасты, төңірегімді тұман басты. Ішім жалын, сыртым от. Мұнымды біліп жатқан, мұңымды тыңдап отқан ешкім жоқ. Домбырам жырламайды, бүгінде тек жылайды. Домбырамның зарлы үнін естідің бе, ақша бұлт?! Сен естімесең тау естиді, тау естімесе тас естиді. Жазы даламның жыңғылы мен тобылғысы ұғар. Өзені өкіріп ағар, бетеге мен жусаны шайқалақтап, тербелер. Шанақтан шыққан әуенмен бірге олар да шулап шерленер. Менің күйімді іздегендер даладан табады. Сол даланың кәріқұлақ данасы, зерделі баласы барда менің өнерім өлмейді. Өнерімнің өлмегені менің де өлмегенім. Мен тірі болсам, ұлтым да аман болар! Бұл даланың да таңы атып, күні шығар. Оны мен көрмеспін, күйім көрер, сен көрерсің! Естідің бе ақша бұлт, менің күйім сенің суың секілді… Аңқасы кепкен жұртымның аузына тамған тамшы. Бәйгеге түсер ердің қолындағы қамшы. Тек сауырға салынар сол қамшыны басқа сілтемесе болғаны… Мұнан басқа арман жоқ. Арманым осы ақша бұлт! Арманым осы! Арманым…
«Арманым» дегенді Байсерке әлденеше мәрте қайталады. Ышқынып қатты айқайлап жіберген болу керек, Ақтанау иесінің дауысына елеңдеп құлақ қайшылады да, жауап қата пысқырынды. Ал Байсерке аттың басын оқыс тартқан. Көлқамыс тұсындағы Қараш батырдың* зиратынан өтіп бара жатқанын жаңа аңғарды. Тіріден қашқанмен өліден аттап кету шариғатқа қайшы, салтқа қиянат. Атынан түсіп қабірге бет алды.
Жарықтық жорықтан қайтып келе жатып, жан тапсырған екен. Қай жерге барып жығылам, сонда қойыңдар деген өсиеті бойынша қандыкөйлек жолдастары найзамен шұқып, қылышпен шауып қабірін тура көлдің қасынан қазыпты. Қазуын, қазғанмен көңілдеріне күдік байланған. «Есіл ердің сүйегі су астында қалатын болды-ау», – деп алаңдаған. Құданың құдіреті, сол заманнан беріде Көлқамыстың суы көтерілмепті. Керісінше желінін тартып, іргесін аулақ салған. Көктем сайын таудан ағатын тасқын да Қараштың зиратына келгенде қақ жарылады деседі. Сарышұнақ пен қосаяқтар мекен қылған қопалы жердің қамысы да қашып, жайдақтана бастапты. Бүгінде көкжал батыр жапан түзде дөңкиіп жалғыз жатыр.
Байсерке зираттың алқымына жүрелей отырғанда құбыла беттен соққан Қордайдың желі сақалын саумалай жөнелген. Төрт құлақты көне моланың қуыс-тесіктері мен айналадағы қурай-шөптерге де тіл біткендей… Жел улеп, жарыса ысқырады. Бұқар мақамына салып құран оқып отырған күйшінің де көңілі тербеліп кетті. Өз дауысын дедектетіп әлдеқайда әкетіп жатқан таудың желі құлағына әлдене деп сыбырлайтын секілді. Бірде сыбырлайды, бірде күбірлейді, ызылдап ысқырады. Енді бірде гүрілдеген-дүбірлеген үн шығарады, аттан салып ышқынады. Күйші әруаққа бата жасағанда даусына діріл жүгіріп, қолының қалтырағанын сезді…
Келер сәтте қара домбырасын жалма-жан өңгеріп, құлақ күйін келтіріп жатты.
***
Байсеркенің әкесі Қылыштың көкірегі даңғыл, қолы епті еді. Қамшы өріп, ер шабатын, етік тігетін, әшекей жасап, қанжар соғатын. Сонымен бірге, сөйлей кетсе шешен, өткен-кеткенді көкейге тоқыған ділмарлығы тағы бар. Бала бойындағы бұлқынысты да алғаш байқаған әкенің көреген көзі. Ырғайтының* бойынан әкелген бөренені шотпен шауып, шанағы бұлтиған шағын домбыра жасап берген. Бұл домбыраның керегеде ілулі тұрған кезі болмапты, қашан көрсең бала Байсеркенің жотасында жауынгердің садағындай салақтап жүретін. Ойыннан қолы босаған сәтте әкесі үйреткен қағыстарды қайталайды. Әрбір күйдің басталуы мен шарықтау тұстарын тез жаттайтын. Балалар күй тартшы деп қолқалағанда бастапқыда соларды ғана шертіп жүрді. Арқандаулы аттай айналшықтағанға асау көңіл тояттамай кей кездері жанынан тармақ қосып, ауа жайылып кететін. Күй соқпағын танымас достары Байсеркенің ұзаққа сілтесіне таңдай қағып таңырқайды, ал өзі мұрын шүйіріп масаттанатын.
Бір күні киіз үйдің көлеңкесіне «дымбілмес көрермендерін» үйіріп қойып, азынатып отырғанда ешкінің аш ішегінен есілген домбыра ішегі үзіліп кетті. Жалма-жан етік жамап отырған әкесіне жүгіріп жетті. Баласының меселін қайтаруды білмейтін Қылыш тарамысы мен ілмек бізін қоя салып, домбыраға ішек тағуға кірісті. Ішек тағып жатып, Байсеркеден қандай күйді шерткенін сұраған. Байсерке жауап таба алмай күмілжіп қалды. Қылыш домбыраның құлақ күйін келтіріп болған соң, дегбірі кеткен ұлын арқасынан қағып дем берді. Жаутаңдай қараған Байсеркеге оқтаулы жанарын бір қадаған. Әкенің осы бір үнсіз жазасы, сөзбен айтпай көзбен атқаны Байсеркенің есінен кетпейді. Содан беріде күйді бұзып тартуды доғарды. Әкесінен қалмай жүріп екі-үш күйді толықтай меңгерді. Артынша алқа топқа түсіп күйші бала атанған.
Сол бір сәт күні кешегідей әлі санасында сайрап тұр. Байсеркенің беске аяқ басқан кезі-тұғын. Сұлутөрдің бойында отырған Сырымбет ауылына сиыр сәскеде жарау атқа мінген, жақсы киім киген оншақты кісі сау ете қалды. Сыйлы қонақтар көрінеді, жігіт-желең байдың қонақ үйінің қонысын жаңартып, көгалдау жерге апарып тікті. Баланың тақымы тимеген, ауыздық ноқта кимеген асау жабағы сойылды. Күллі ауыл аяғынан тік тұрып, қызмет етті. Қазанның оты қайтқан кезде, жылқы етінің бұрқыраған иісі атырапқа жайылған. Сол иіс тау бөктерінде тобылғы садақпен торғай атып жүрген Байсерке мен оның достарын да тамаққа шақыра келді. Ойынның қызығына берілген қараборбайлардың сілекейі шұбырып, қарындары шұрқырап сала берген. Жамыраған қозыдай барлығы етектегі ауылға жарыса жетті. Астау толы етті тасып, қонақ үй мен қазан-ошақ арасында жасауылдай жосылған табақшылар балаларды алыстан жасқап, жанына жолатпайды.
– Әй, мыртық ары тұр, – дейді бірі кекетіп.
– Ей, қу мойын кеңірдегіңді созба, бұл бас табақ, – деп екіншісі ұзын бойлы бақыр басты баланың тақырайған шекесінен шертіп өтеді.
– Қайт, қайт, – деп мал қайырып жүргендей әкіреңдейді кейбірі. Даяшылықты өздеріне дардай қызмет көретін секілді. Кеуделерін кереді, бөденеше жорғалап, кекілікше желеді. Тек ет жасаған қатындар* ғана балалардың әрқайсысына бір-бір кесек ұстатып шығарып салған. Бірақ бұған қарын тойып, көңіл жұбанбасы анық. Сіңірін малжаңдай шәйнап, сүйекті тамсана кемірген кетік тістер мен қозықарындар босаға аңдыды. Қонақтар да көп күттірмеді, жылтыңдап есіктен қарағыштап тұрған бұларды кезек-кезек шақырып алып, алақандарын толтыра ет асатты. Үлкендердің сарқыты мен пейілдеріне разы болған балалар ымырт үйіріле шанақтарын бір-бір сипап, үйді-үйіне қайтқан. Тек Байсерке төңіректеді де жүрді. Әлгінде төрде отырған қарасақалдының қолынан ет асарға бара жатып сандыққа сүйеулі тұрған екі домбыраны көрген. Киім-киісі, бітім-тұлғалары бөлекше бұл топтың ас ішіп, аяқ босатуды ғана білетін қыдырымпаз мырзалар еместігін бала түйсігі аңғарған. Күткеніндей-ақ дастарханға бата жасалып бола бергенде қонақ үйде отырғандар әлденені қолқалағандай кеу-кеулеп кетті. Мезетте домбыраның қоңыр үні ілесе шықты.
– Бас, бас… шаңтимесім шап…төкші бір… тарқатшы шерді деп көтермелеп, қолдаған жұрт ырду-дырду болып жатқан сәтті пайдаланып Байсерке де есіктен еніп үлгерді. Әлгінде ет асатқан қара сақалды кісі қақ төрде кереқарыс маңдайын жарқыратып жайнаң қағып отыр. Дабырласқан жұрт даусын естіртпеді. Шамасы әлдеқандай күйдің шығу тарихын баяндаған болу керек, күй шертілгенде ғана киіз үйдің іші тынышталған. Ел ұйып тыңдады. Әлеумет алғашқы күйдің әсерінен арылып болам дегенше қарасақалдының оң қапталында отырған қырықтан жаңа асқан жігіт ағасы домбырасын күңірентіп кетті. Адам түгіл, сегіз қанат еңселі үйдің сай-сүйегі сырқырағандай күрсініп, керегелер жиырылып, уықтар шаңыраққа сұғына түскендей болды. Бір кезде күйші кілт тоқтаған, бірақ күй үзілмеді. Қарасақалды іліп әкеткен екен. Екеуі домбыраны кезек шертеді. Бірі тоқтаған тұстан екіншісі килігеді. Кейде үзеңгі қағыстырған қос арғымақтай қатарласа шабады. Табалдырық тұстағы керегеге сүйеніп тұрған Байсерке құлаққа жеткен алғашқы сарыннан-ақ жыланға арбалған торғайдың күйін кешкен. Сиқырлы әуен баланың қанын ойнатып, жүрегін бұлқынтып енді бірде көкке самғатып, тұңғиыққа құлатып әбден билеп-төстеп алған. Қос домбырашының өнері баурағаны сонша, елді кимелей жылжып алға озып кетіпті. Бір есін жиғанда екі күйшінің қасына барып қалыпты. Жұрт жамырай әлденені сөз қылып жатыр. Сол кезде ғана Байсерке әңгіменің өзі туралы екенін шамалаған.
– Қылыштың жалғызы ғой, өзіміздің Қылыштың, – дейді ауылдағы баскөтерер азаматтың бірі мұны елге таныстырып.
– Есімжан аузына түкіріп кетші, біздің ауылдан бір күйші шығар ма екен, – деп кемсеңдеді тоқсанға таянған Әбдез қарт. – Бабасы жаһанды шарлаған мүйізді Өтеген, батырлық пен бектік қонған әулет. Әруақты жердің баласы, – деп көтермелеп қойды артынша…
– Әкесі шауып берген домбырасын сабалап отырғанын көргенмін, осыдан бірдеме шығады, – деп тағы бірі араласты сөзге.
Байсеркенің буын-буыны босап кетті. Өңі өрттей лаулап, албырап барады. Кейін шегініп көп арасынан сытылып шыққысы келіп еді, аяғы еркіне көнер емес. Қозғалса құлайын деп тұр. Сол уақытта қарасақалды кісі қасына шақырды. Кішкене домбырасын асынып алған тығыншықтай қара баланың бітіміне ризашылықпен көз тастаған.
– Атың кім айналайын? – деді.
– Байсерке..
– Әкеңнің аты кім?
– Қылыш.
– Домбыра тарта аласың ба?
– Аздап шертем… Әкем «Ақсақ құлан» мен «Ел айрылғанды» үйреткен.
– Кәне, шап!
Қарасақалдының ілтипаты дәтке қуат берді. Байсерке шарт жүгініп, отыра кетті. Арқасындағы қара домбырасын алдына алып, Кетбұғадан қалған сарынды білгенінше дыңғырлатты. Өзінің шамалауынша бір-екі жерінде оңбай сүрінді. Соңғы қағысын жасаған бетте ұялғанынан құнжиып отырып қалған. Тым-тырыс. Әлгінде бәйге көргендей қиқулап отырған жұрттың да үні өшкен. Тек Байсеркенің кішкене жүрегі, төсін тоқпақтап тулап жатыр. Ақырын ғана басын көтеріп, айналасына жасқана қарады. Қарасақалды күйші қол орамалымен тершіген мойнын сүртіп, арқасы қызған бақсыдай қопалақтап отыр екен. Байсеркеге төніп келіп тікесінен көтеріп, тізесіне мінгізген. Мейірленіп, маңдайынан иіскеді.
– Әу, жәмиғат! – деген дабырласқан жұртқа қарата. – Мына Саршаны білесіздер, – деп қасындағы серігінің тізесінен басты. – Алакөлдің арғы бетін жайлаған найман баласы болғанмен, екеуміздің өрісіміз бір, жан дүниеміз жақын. Кәсібіміз ұқсас, арман-мұратымыз ортақ. Мен елуді еңсердім, Сарша да қырыққа кеп қалды. Екеуміз оңаша қалғанда артымыздан бір қара ермеді деп алаңдаушы едік. Ел іші – өнер кеніші деген. Бар екен. Жал құйрықтан кенде емес екенбіз Сарша! Тәуба! Баланың бойынан ұшқын байқадым. Оны өшіріп алсақ бықсыған түтінге айналады, жандырып жіберсек күл боп кетеді. Сондықтан оны шоқ қылып, маздата білсек қана қызуына жылынып, қызығын көреміз… Баланың бағы жаратқанның қолында, ал бабы Сарша екеуміздің мойында. Көңілім ауды, бердім батамды.
Жұрт жамырай әумин десті. Қарасақалды кісі ашық даусымен түнгі даланың туырлығын тілгілеп бата жасады. Ойын-сауық ары қарай жалғасты. Байсерке сол түні таңға дейін көз ілместен күй тыңдаған. Бала болып келіп, үйіне күйші болып қайтқан.
***
Қараш батырдың басында тап болған сарын Байсеркені қозыкөш жерге дейін төңіректеп жүрді. Күй туатын секілді. Төпелеп төге салатын бұрыннан әдетінде жоқ, көңіл толғағы ақ жауын секілді, кемі екі күнге созылады. Шалық қысқанда, шақшадай басына шартараптан ештеңені шақ көрмей шапқылап кететін сал-сері емес, күйшінің бабы күйгелектікті көтермейді. Жемсауы балға толғанша әр гүлдің басын бір шалатын арадай, айналадағы әрбір құбылыстан үн іздеп, саз аулайды. Әлгінде зират басында сарнап берген сарын қолына домбыра алғанда қожырап кетіп еді. Әрі-бері қол жүгіртіп көрген, көңіл пернесі қырсық биедей желінін тартқан күйі иімей қойған. Бастапқы бірер қағысты ғана жадыға тоқыды да жабырқау күйде атқа қонды. Содан Ақтанаудың басын тартқан жоқ. Иесінің ширығып отырғанын білгендей-ақ жануар жол жорғасынан жаңылмай келеді. Тастақ жерден мысықша жортып шашасын ұрғызбай өтеді, сай-салаға келгенде қапталдай салып жол іздейді. Жалпы, жөн-жосықсыз үркіп, жалт бергіш ұшқалақтық Ақтанаудың бойында жоқ. Тебінсең жүреді, тежесең тоқтайды, бас бермей кетіп арандамайды. Ал шабысқа келгенде ауыздығымен алысып аласұрған талай тентек жылқыға тезегін иіскетерлік қарымы бар. Осы бір бекзат мінезі үшін Байсерке Ақтанауды өзге қылқұйрығынан бөлектеу көреді. Кей кездері мұңын шағып, адамша сырласатыны бар.Қарашекпендердің қалашығына барып жүріп, казак-орыстардың ат ойынын да үйретіп қойған. Сұлутөрдің бойында Ақтанау секілді ауыздық қаққанда аспанға секіретін, кісі бойындай бөренеден қарғып өтетін, жалдан тартса жата кететін, шаужайлап жіберсе биге салатын ақылды жылқы жоқ. Үйде ақ бәйбішем бабымды тапса, түзде Ақтанауым жанымды сақтайды дейтін Байсерке ат туралы әңгіме бола қалғанда…Ақтанауға арнап күй де шығарды. «Ат ойнатқан» деп аталатын ойнақы күйді әсіресе желігі басылмаған жастар жақсы көреді.
Ақтанау жүрісін бәсеңдетіп, тоқтауға ыңғайланды. Сонда ғана Байсерке төңірекке көз қыдыртты. Қоңыртөбеден өтіп, Қозыбасыға* жетіпті. Ақылды жануар жер танып тұр екен. Байсерке аттан түсті. Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұлы ұстазы Есімнен калған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсеркенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты. Есім де айтайын демеген. Тек бақұлдасар сәтте тілі күрмеліп жатып арман қып шерткен.
– Бүгіндікке Байсерке күзетсін, – деп көңілін сұрап барған жұрттың бәрін қайтарып жіберген Есім етқашты саусақтарымен шәкіртінің оң қолын қаусыра қысып едәуір отырған. Жасаураған жанарымен тұла бойын тергеп болған соң ризашылықпен бас изеді. «Жақында» деген ишараны түсіне қойған Байсерке ұстазының кеберсіген ерніне құлағын тосты.
– Бұл қазақтың алғаш ұран көтерген жері – Қозыбасы, – деген қыстыға үн қатып. Артынша жөтел қысқанына қарамастан жеделдете сыбырлады.
– Қозыбасының алдына қобызымды арқалап, домбырамды көтеріп сан мәрте бардым. Құрбандық шалып, қонай-түней жаттым. Бірақ бабалар мекені менімен сөйлеспей қойды. Қозыбасыға тіл бітірсем, күллі қазақ күңіренер күй туар еді, шіркін! Арманыма жете алмадым деп барып тоқтады. Ауру меңдеген әлжуаз көкірегін әзер көтеріп ауыр күрсінді. Сол күрсіністен соң Есім қайтып тіл қатқан жоқ. Таңға жуық бала-шағасымен де үнсіз қоштасып, үзіліп кете барды. Елінің еркесі атанған Есім күйші өтті жалғаннан. Ал көкейіндегі арманы көрге бірге көмілген жоқ, Байсеркенің кеудесіне қонақтады.
Есім дүние салғалы биыл бір мүшелден асты. Байсерке содан бері Қозыбасының етегіне қанша мәрте намаз оқығаны, қанша мәрте бұл жерге ат шалдырғаны белгісіз. Әрбір өткен сайын Есімнің арманы есіне түсіп,ұстаз аманатын орындай алмағанына қапаланатын. Өткен түнде түсінде көрді. Есім бұның қолына қара домбырасын ұстатып:
– Байсерке бар! Бара ғой, қарағым! – деп елжіреді. Дауысы өңіндегідей саңқылдап тұр.
– Қайда барамын, ата?
– Қозыбасыға бар, бабалар ұран салып жатыр, – деді де ғайып болған. Байсерке түн баласы көз ілген жоқ. Таң қылаң бере ешкімге жөнін айтпастан атқа қонған. Көңілі бастапқыда бәйгеге шабар баладай алабұртып тұр еді, Қараш батырдың басына келгенде сабасына түсіп, сабырын тапты. Бірақ жүрегінің қағысы бүгін басқаша. Ат жүрісімен жарыса соғып, әлдебір ұлы дүрмектің дүбірін сездіретіндей.
Түндегі түсі мен тұла бойындағы құбылыстардың неден аян беріп, қайда жетелеп тұрғанын Байсерке біле алмады.
– А-а-а, Жаратқан Ием! Абырой бер! – деп күбірледі күй тартар кездегі әдетіне басып. Күн салып көкке бір, көлеңкесіне бір қарап уақыт шамалады. Бесін намазы кірмепті. Қордайдан аттанғанда Қозыбасыға қатын бесіннің әлетінде жетемін деп шамалап еді, аты жүрдек болып сәл-пәл ертерек келгенге ұқсайды. Ақтанаудың тізгінін жалына түйіп қоя берді де, шекпенін бір сілкіп жерге жайды. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алып «қайсысын тартсам екен» дегендей сәл-пәл ойланып тұрды да, «Жекпе-жекті» жүйткіте жөнелген. Күймен бірге өткен күндердің қойнауына сүңгіді.
Құтмалдыда* құрылтай шақырып Орман манаптың қалың қырғызға хан сайланған шағы… Ақ киізге мініп, айтұяқтың* қанына қолын малып тұрып, қырғызды ел етемін, іргесін кеңейтемін, – деп серт берген деседі. Қоқан билігінен Бішкекті қайтара сала Қордайға қарап көзінен зәр шашып, аузынан от бүркіген. Алатауды бөліскен ағайында да алашағым бар деген Орман ханның тепсінуі Жетісу жұртын орыс отаршылдарының от қаруынан бетер тітіренткен. Әсіресе, Кекілік-сеңгір* маңындағы Қаракемерді* көрген сайын қырғыз манабының көзі қанталап, әруағы қозатын. Байсерке ол кезде жүгіріп жүрген бала еді. Орман хан екі мәрте қол бастап келіп меселі қайтты дегенді ауыл ақсақалдарынан ара-тұра естіген. Екеуінде де ағайынды Шыңғысбай мен Бекеней дейтін Қыбырайдың* жігіттері қырғыз қолын қапыда қалдырыпты. Жандарын шүберекке түйген қос батыр шепті бұзып барып, Орман ханның жайқалып тұрған туын жығыпты деседі. Дала заңы бойынша тудың жығылғаны – қолдың жеңілгені. Оқыранған Орман хан ат басын кейін бұрған. Бірақ көксеген ниетінен қайтқан емес. Арада жыл аунамай Кекілік-сеңгірге кәрі бурадай селкілдеп тағы келеді. Бұл жолы найзасы шошаңдаған нөкерін емес, балтыры жуан жалғыз балуанын ерткен. Дойырлығымен танылған Қабан балуанын ортаға шығарып:
– Бозарып таң атып, қызарып күн батқанға дейін мұрсат беремін дейді. Қабанның жауырынын жерге тигізе алсаңдар қара жерге кіргенімше Қаракемерге көз алартпаймын деп ант-су ішіпті. Уәде – құдай аты. Бағлан жігіттер бірінен кейін бірі барғанмен қырғыздың түйе палуанынан айласын асыра алмай, қайраты жетпей қайтып жатады. Ақыры, ымырт үйіріле Шыңғысбайдың ағасы Жанжігіттің Күреңкей дейтін ұлы жекпе-жекке сұраныпты. Құдайдың өзі қарасқаны болар, құлжаның сақасындай кесек бітімді бозбала шөккен бурадай Қабанды мойнынан қылғындырып құлатқан екен. Күреңкейді Байсеркенің көзі көрді. Қара-торы нығыз адам болатын. Көп сөйлемейтін. Талай мәрте табақтас, сапарлас болғанда ұшқалақтық танытып, атқажеңілдік көрсетпепті. Осы жекпе-жектің мәнісін сұрағандарға: «мен емес, оны жеңген әруақ қой», – деп қысқа қайырушы еді, жарықтық. Қабан балуан да: «Адам емес, қара қабыланмен айқастым, тамақтан бүріп ұстағанда кеңірдегімді жұлып ала жаздады», – деп еңкілдепті деседі ел-жұрт. Қалай болғанда да, осы бір ұлт намысы сыналған алапат күрес туралы аңыз қазақ пен қырғызға кең тараған. Байсерке бертінде домбыраға салып, күй тілімен сөйлетті. «Жекпе-жек» күйі осылайша туып еді.
*Жетпіс бұтақ – Байсерке шығармаларының ішіндегі ең ұзақ, тізбекті күй.
*Бақтияр – Ұлы жүз ұраны.
*Қараш батыр (1715-1813 ж.ш.) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Қараштың өкесі Жарылғап — Қарасай батырдың немересі. Қараштың батырлығымен қоса, қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қатынас орнатып, ел бірлігін сақтаудағы әділеттілігімен де аты шыққан. Зираты Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде.
Ырғайты – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы өзен аты.
*Қордай аймағын мекендеген Дулат руында қонаққа тартылар табақты әйелдер жасайтын аймақтық дәстүр қалыптасқан.
Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.
Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.
(Жалғасы келесі санда).
ПІКІРЛЕР1