ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУБЕ ДЕЙІК
02.12.2016
1398
2

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, ақын


Қазақ атамыз «тобаңды ұмытпа» деп отырады. Ешнәрседен қысымшылық көрмей, түтінің түзу шығып отырсын дегенді меңзегені ғой. Біз де бүгінгі күнге шүкіршілік етуіміз керек. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған» дегенді құлағымыз шалатын. Оны ешкім дәл басып айта алмасы анық. Қай ханның кезінде, қай қоғамның тұсында сондай заман болғанын қазіргінің бірі де көрген жоқ. Ал біздің тұстың көргені: масақ терген кимешекті, күнқақты орамалдылар. Жылаған-сықтаған жесір әйелдер, зарлы өлең айтып, «аһ» ұрып күрсінгендер, қара қағаз келіп, отбасы «ойбайға» басқандар… бір-бірінен шайға қатық, сүт сұрап келіп, ыдыс-аяқтарын артына жасырып, жасқаншақтап, көңілі жасып тұрғандар… Бір-бірінің жалғыз атын сұрап мініп, жекжатшылап қайтқандар, қыста шана, жазда арба жеккендер…

Иә, иә, мұның бәрі қазақ ауы­лы­­­ның бір кездегі тұрмыс-тір­ші­лі­гі, бәрі де көз алдымызда, кө­кейі­міз­де көлбеңдейді, елес­­­­­т­ей­ді…
Бүгінді бағалау үшін кейінге көз салып: ауық-ауық «тоба-то­ба», «шүкір-шүкір» деу керек шы­ғар тегінде. Қазір, қит етсе, ел басшыларынан көретін «ауру» бар. «Неге өйтпейді, неге бүйт­пейді» деп көсемсу көбейді. Тіпті, хан сарайындай үйі бар, қос-қос­тан мәшине мінетіндер де бы­лай­ғы жұртқа мүләйім боп көріну үшін қутақым боп сөйлейтіні, жа­нашыр кісідей күмпілдейтіні қай сасқаны дегің келеді. Әл­де­кімдерге тісін қай­рап, тілін безеп, «өрт алды», «жау шаптылап» шап­қылай­тындар кездеседі.
Осындайда Мұхаммед Пай­ғам­бардың хадисіндегі: «Бір әу­лет­тің сыйлы адамы болса, ОНЫ сен­дер де сыйлаңдар!» деген қа­сиет­ті сөзі әркімнің ойында шуақ шашып тұрса ғой деп ті­лей­сің.
Ал бір әулет емес, бүкіл Қазақ елі­нің қам-қаракетін, жауап­кер­ші­лігін мойнына артып, күн демей, түн демей күш-қуатын, ақыл-ойын арнап жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын сыйлау, құрметтеу кім-кімге де болса па­рыз, міндет, адамшылық дер едік. Ел Тәуелсіздігі жолындағы жан­қиярлық еңбектерін қалам ұстаған зиялы қауым жан-тәні­мен түсінетіні ақиқат нәрсе. Ат­қа­рылған қыруар жұмыстар баяндалатын бұрын-соңғы кітап­­­тарына және бір соқталы дү­ние қосылғаны бүкіл жұрт­шылықтан қолдау тауып отыр. «ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТ­ТАРЫ» аталатын бүгінгі тандағы еңбек қандай өлшемге салсаң да аса салмақты дүние, Тәуелсіздік жыл­дарындағы бағалы жылнама, шежіре деуге толық негіз бар. Мемлекетті қалыптастырудағы қилы-қилы қиын соқпақтар, жанкешті заманауи іс-қимылдар толқын-толқын ой жүйелерімен жинақталған жинақ көркем шығармадай оқылады, бойға қуат, көңілге шуақ құяды. Елдің, жердің толғақты мәселелері қордаланған қомақты кітапта Елбасы өзі жиі айта беретін: «Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ», «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лессін» деген ұлтжандылық ұста­нымын, «Өнерлінің еңсесі биік, бәсі бағалы», «Оқуды қойған адам, ойлауды қояды» деген сияқты өрелі ой-пайымын алға тарту арқылы қазақстандық­тардың рухын көтеріп, пат­риот­тық сезімін оята түсуге қалам қарымын барынша жұмсаған.
Парламент Палаталарының біріккен отырысында да депутат­тардың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы қабылдаған  Декларация­сы да осынау Елбасының тұғырлы еңбегінен туындап жатқаны айдай анық нәрсе. Мұның әмбесі де Тәуелсіз ел мүддесіне қызмет ету­дің қам-қарекеті, алғышарт­тары. Қолына қалам ұстаған әрбір шығармашылық адамына шабыт шақыру, ой-қиялын өріс­тету жолында мәйекті заңнамалар деп білу керек. Қоғам өміріндегі «Үкімет – азаматтар үшін» бағ­дар­­ламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, тіпті, «Мәңгілік Ел» идеясы тікелей Президенттің тереңнен ойлай білетін парасат­тылығымен ұштасып жатқаны шындық.
Сынау оңай, ал ортақ іске бел шешіп араласу, үлес қосу миссия­сы мүлде бөлек нәрсе. Сон­дықтан қалам қуатын мүдделі іске, Тәуелсіз елімізге пайдасы тие­тіндей бірлесіп атсалысайық, ағайын. «Тәуелсіздік – Ұлт ру­хы­ның бастауы» атты бүгінгі Пленум тақырыбы дәл тауып қойыл­ған. Рухы мықты ел – Мәң­гілік Ел болуға лайық ел. Ендеше Ел ру­хын көтеретін  қалам­герлер қауымы табантасын мықтай түс­сін дейік! Қит еткеннен кемшілік іздеп, өнімсіз дау­дың  отын үр­леуден аулақ бола­йық! «Мәңгілік Елдің» отымен кіріп, күлімен шығуға жазсын Жаратқан Ием!
Осы ойды бекемдеу үшін мы­на­дай Батамды құлаққа құя кетейін:

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУБЕ ДЕЙІК
Бисмилләһи иррахман иррахим!

Тәуелсіздік тұғырлы болсын,
Қазақ Елі ғұмырлы болсын.
Білім-ғылым жұғымды болсын.
Үрім-бұтақ ұғымды болсын!

Көк байрақ желбіресін,
Көк аспан мөлдіресін.
Әлемдік ел білетін,
Картасын белгілесін!

Жер асты кенді болсын,
Төрт түлік төлді болсын.
Беталыс оңды болсын
Кең заман енді болсын!

Жер-жүзі танып-білсін,
Бақ-жұлдыз жанып тұрсын.
Ақ жолды анық қылсын,
Байлыққа қарық қылсын!

Жас ұрпақ кемел болсын,
Еңбегін емер болсын.
Аллаға сенер болсын,
Бесаспап шебер болсын!

Айнала көгал болсын,
Басуға обал болсын.
Құрандай бағам болсын,
Құқықты қоғам болсын!
Өмірін жарқын етсін,
Қазағым шалқып өтсін!
Баяғыда 20-шы жылдары Сұлт­анмахмұт Торайғыров:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, КҮН болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін! –
деп жар салған еді. Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне қайтсем үлес қосамын деп шырылдайды! Міне, бұл оптимистік мінез. Ел-жұр­тына жаны ашығандық. Ал бү­гінде Қазақ мемлекеттігі іргесі бекіп, өз алдына мықты Тәуелсіз Ел атанды. Өз Туы, өз Елтаңбасы, Астанасы бар мығым Ел. Дүние­жүзі санасады, бізге көз қадайды, сұқтанады. Енді осыны көрсе де көрмеген боп, өз елінің етегінен тартып сарыуайым сөз тарататын, бұлыңғыр өлең-жыр құрай­тын кейбір қыңыр-қисық мінезді адамдар да бар. Тіпті, «бесіктен белі шықпай» жатып «Көк бөрі боп Көкке ұлитын», «жарасын жалап жазатын» жазғыштар бой көрсетіп қалады. Шаттанудың, мақтанудың орнына қайдағы бір құдайдың жоғын соғып, жұрттың жүрегін ауыртып, діңкесін құр­тады. Көкжасық ойдың қазан­шұңқырына сүйрейді. Осы орайда «Зар заман» ақындары атанған кезеңнің өкілі Мұрат ақын Мөңке­ұлының (1843-1906 ж.ж.):
Заман азып не қылсын –
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Мұның бәрі адамнан, –
деген уәжі еске түседі. Иә, бәрі де адамның пиғылынан, ниетінен, көзқарасынан туындайды. Қан­дай аласапыран күн кешсе де Қасым ақын патриоттық сарыннан тайған жоқ. Небәрі 30 жас ғұмыр кешкен Төлеген Айбергенов жан жадырататын жырлар өрнектеді. Махаббатты қалай мөлдіретті. («Құм басқан меңіреу шөлдерде…»). Мұқағали ше? Тұ­манбай да «Қой сен айтпа қар­та­йып қалдық деп маған» деп шалқыды…
Жарандар! Жақсы өмірді жырлайық? Тәуелсіздік туындылары қоздасын! Жастар «жылаң­қы» жырлардан аулақ болсын!

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.11.2019 | 21:39

Оой

Аноним 12.11.2019 | 21:40

Фу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір