Іле Алатауы бөктеріндегі Қайыңды орман
25.11.2016
2340
0

Ақ қайың орманы да осы жерде орналас­қандықтан кешен «Аққайың» деп аталған. Ми қайнатар шілденің кезінде мұнда қоңыр салқын. Қарағайы мен қайыңы жарасқан бұл жерде алма, өрік, бүлдірген, қара өрік сияқты мәуелі жеміс ағаштары  да сыңсып тұр.

Ақын Сырбай Мәуленовтің:
Тұр ақ қайың түнде де,
Сұңғақ бойын сақтап тік.
Құйылады гүлдерге
Айдан саулап аппақ сүт, –
деп келетін өлең жолдары Іле Ала­тауы­ның бөктеріндегі қа­йыңды ал­қапқа келген жанның біразының жү­регін тербейтіні анық. Себебі, мұн­дағы қайыңды орман ақын жыр­лағандай, тіп-тік, сұңғақ. Әри­не, мың бұрала билей жөнелуге даяр тұрғандай, иіле түскен қайың­дар да ара-тұра көзге ілігеді. Бастысы, мұндағы алқап – талай жанның жү­регін тербеп, талайдың көзін ар­байды.
Іле Алатауының бөктерінде теңіз деңгейінен 1450 метр биік­тіктегі әсем шатқалда орналасқан «Ақ­қайың» медициналық-сауық­тыру кешенінде қысы-жазы жасыл шыршаның исі танауыңды жарып, тынысыңды ашады.
Жетісу табиғатының көз қы­зық­тырар көркі осы маңнан да бай­қалады. Қысы-жазы табиғат құ­был­ғанымен, мұндағы сұлулық мәң­гілік іспетті. Еш өзгеріссіз, сол ға­жап, көрікті қалпын бір жоғалт­қан емес.
Қайыңды орман, әсіресе, күзде ерек­ше түске боялады. Қызғылт-сары жапырақтар мен, мәңгі жасыл ағаштардың қанық жасыл түсі бұл маңдағы қою қызыл, қошқыл, мөл­дір қызыл жемістердің түсімен жа­раса көз тартып, айналаға ерекше көрік сыйлайды. Алматының күзi өте берекелi. Кешен маңындағы бү­кiл жемiс атаулы пiседі. Дем­алу­шылар бос уақытында жемiс-жи­дек терiп, табиғатта демалып қай­та­ды.
Аппақ қары күн көзіне ша­ғы­лысатын бұл маңның қысы да ерек­ше. Сауықтыру кешенінің маңында қыс мезгілінде шаңғы тебуге қо­лай­лы жағдай да жасалған. Салқын суға түсіп үйренгендер үшін ке­шен­нің жанында тау бұлағы ағып жа­тыр. Бұл бұлақтың суының дертке шипа болар дәруі барын айтпа­ған­ның өзінде, суының өзі бал татитыны бөлек әңгіме.
Салқын түсіп, күн күрт суыт­қан­да мұрын, тамақтағы аурулар­дың қозатыны белгілі. Тыныс жо­лы ауруларының барлығының емі осы  «Аққайыңнан» табылады.
Көктеммен Іле Алатауы бөк­те­рін­де туған жеріне қайтқан құс үні ес­тіле бастайды. Көктемде қайта тү­леген тіршілікпен қатар, «Ақ­қайың» сауықтыру кешенінің маңын­да да ұсақ аң-құстар, құс атау­лы жандана түседі.
Іле Алатауының бойындағы  қо­рықтар да демалушылар баратын жердің тізіміне кіреді.
Иә, бұл маңға демалушылар та­биғаттың сұлу көркін тамашалау­мен қатар, ем-сауықтыру шаралары үшін де келеді.
«Арамен онкологиялық сырқат түр­лерінен өзге барлық ауруды ем­деуге болады. Араның емімен құяң, буын, асқазан, бас, омыртқа ауру­ларынан құлан-таза айығуға мүм­кіндік бар», – дейді инемен жә­не арамен емдейтін дәрігер Мэлс Ер­батыр­ұлы. Ал сүлікпен емдейтін дәрігер Гүлмира Зульярова сүліктің көптеген ауру түріне, соның ішінде, гинекологиялық ауру­ларға мың да бір ем екенін айтса, массаж жасаушы буын ауруына шалдыққан нау­қас массаж алған соң, ұйқысы қал­пына келіп, жүйкесі тынышталып, буын ауруы жазылатынын тіл­ге тиек етеді.
Сұлу табиғатымен, емге дәру іс-шараларымен танымал «Ақ­қайың» кешеніне келушілер «таяқ тастам» жердегі Медеуге, Шым­бұлақ­қа, жазғы уақыттары Шарын шат­қалына саяхатқа шығады. Қыс­та шаңғы тебуге жақсы мүм­кiндiк бар.


Досжан Кенетайұлы,
«Аққайың» медициналық сауықтыру кешенінің президенті:

– «Біздің орталық сонау 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жыл бойына жұ­мыс істейтіндіктен, бізге демалуға келетін адамдардың қарасы еш үзілмейді. Біз, негізінен, созылмалы бронхит, тонзиллит сияқты өкпенің бейспецификалық аурулары мен қол-аяқ, омыртқа және жүйке  аурулары, гинекологиялық ауру­ларға ем-шара жасаймыз. Бүгінгі таңда біздің орталықта жиырмадан аса емдік шаралар жүргізіледі. Мұнда жүргізілетін ем-шаралар асқынып кеткен әр түрлі тамақ ауруларының жеңілдеуіне, жүрек-қан тамыр­ларының жақсаруына, қан қысымының қалыпқа келуіне көмектеседі.
Біз тек ем-шараларды жүргізбейміз. Адамның рухани тынығуына да жағдай жасаймыз. Мәселен, Алматы қаласында орналасқандықтан, шет ай­мақтардан келетін демалу­шы­ларымыздың көп­шілігі Алматыны аралағысы, ондағы мәдени орындарға барғысы келеді. Театрға, концерттерге барғылары келiп, ұсыныс айтып жататындар бар. Бiз оларды қалаған жерлерiне қыдыртамыз. Кешеннiң iшiндегi клубқа белгiлi әртiстер келiп, концерт қояды. Өз тарапымыздан «Танысу кешi», «Қоштасу кешi», «Бiз таланттыларды iздеймiз» деген сияқты түрлi кештерді ұйымдастырамыз. Біздің мақсат – дертіне дауа іздеп келген жан дәрігерлердің, таби­ғаттың, Алматы қаласының мәдени орындарының себебінен де жаны мен тәні дерттен арылса деген ой».


Әзірлеген Қарагөз Серікқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір