ШЫН ҚҰРМЕТКЕ КІМ ЛАЙЫҚ?
13.01.2017
1591
0

немесе қошеметтің жолы мен жөні

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында жаппай марапаттау науқаны жүрді. Сонда байқағаным, құрметке ие болғандардың қатарында шынымен ерен еңбегі еленген ел ағаларымен бірге өнерге кеше ғана келген «жұлдыздар» мен халқына қай еңбегі сіңгенін өзі де онша түсінбейтін шала дүбәралар бар екен. Әлеуметтік желілерде жаппай суреттерін жаудырған, омырауына орден таққан көпшілікті көріп, «осының барлығы құрметке шын лайық па екен?» деген ой туғанын несіне жасырайын. Бұнымыз «байдың асын қызғанған байғұстығымыздан» емес, әрине. Бұрынғыдай желдің өтінде, малдың соңында жүрген шопанынан бастап, егістік даласындағы диханына дейін назардан тыс қалдырмай ісін елге үлгі етіп, өзін құрметке бөлейтін  заман келмеске кеткен. Алайда, шын мәнінде құрметке лайық іс атқарып, нардың жүгін көтеріп жүрген азаматтар ел арасында жетерлік. Оларды кім ескеріп, еңбегін кім елеп жатыр?  Төредей төбемізге көтеріп, сый-сияпатты аямай төгетін спортшыларымызға көрсетілетін құрметті жетістікке жеткен өзге сала мамандарынан аяп қалатынымыз неліктен? Осы біз кімдерді құрметтеп жүрміз, анығында шын қошеметке кімдер лайық? Бүгін осы сауалдарды тақырыбымызға өзек етіп көрдік.


Алтай Тайжанов,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор

МАРАПАТ ЖАСЫ МЕН ІСІНЕ САЙ БЕРІЛСЕ

Қашаннан мұсылман қауымда, оның ішінде қазақта да құрмет-қо­шемет өзінің болмысымен, аза­мат­тығымен әр түрлі салада ерен іс­керлік көрсеткен, еңбегін сіңір­ген, үлгі-өнеге болған адамдарға лайық. Оларды марапаттаудың жол­дары да әрқалай. Алайда, құр­мет иесіне берілетін атақтар мен марапаттар адамның жасы мен еткен еңбегінің көлеміне бай­ла­ныс­ты төменнен жоғары қарай та­ғаланып отырғаны жөн болар еді. Бұл адамның өсуіне де, ынталануына да, азамат ретінде қа­лып­тасуына да зор әсер етері хақ. Ал енді шын лайықтылар емес, кө­л­денең көк аттылар Бәкеңнің, Сәкеңнің арқасында медаль, ордендерге ие болып жататын болса, бұл марапаттар мен құрметтер көп­тің алдында өзінің мәнін жо­ғал­тып алмақ. Әсіресе, жас ұрпақ­тың әділдікке деген сенімі азаяды. Бара-бара көпшілік «ой бұл нағыз иесін табатын нәрсе емес қой» деп қолын бір-ақ сілтейтін болады. Қа­зірдің өзінде «бәленше түген­ше­нің туысы екен, ана атақ сатылады екен» деген секілді қаңқу сөздер көп айтылатыны жасырын емес. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, осы көрсетілген құрмет­тер­ге лайық нәрсенің бірі атақ, ор­ден беру ғана емес, халықтың қа­лаулысына айналдыру. Яғни әр ­түрлі деңгейде депутаттыққа сай­лау. Себебі, біздің түсінігімізде де­путат халықтың қалаулысы. Ал бү­гінгі күнгі сол депутат корпус­тары­мызға қарайықшы. Шетінен бай­лар, байшыкештер, жеке биз­несі бар азаматтар. Олар депутат бола жүріп, қара бастарының қа­мын күйттейді. Шаруаларын біраз дөң­гелетіп алғаннан кейін орден, ме­даль алғылары келе бастайды. Адам баласы өзі қанағатсыз келеді ғой. Қарап отырсаңыз, біздің Пар­ла­менттегі депутаттардың орден ал­мағаны жоқ. Ал негізінде орден кім­дерге берілуі тиіс? Оған мәде­ние­тіміз бен әдебиетімізге, өнері­міз­ге, ғылымымызға, әлеуметтік-эко­номикалық салаларымызға ерен еңбегі арқылы ықпал етіп, дамытқан адамдар лайық емес пе?! Сонда біздің Парламентте отырған депутаттар трактор айдап, жер қа­зып жатыр ма? Әлеуметтік-эко­но­миканы еселеуге білек түре кі­рі­сіп жүр ме? Әйтпесе олар қа­лай орден алып жүр? Олардың міндеті заңды жетілдіру, заңды қорғау, заңды қабылдау еді ғой. Ендеше олар қабылдаған заңдар неге бі­ріне-бірі қарсы шығуда? Айталық, кейін әлеуметтік қақтығыстарға әке­ліп соққан «Жер туралы Заң­ды» да қабылдаған депутаттар. Ал сол заңды қабылдауға қатысқан­дар­дың бірқатары орден алды. Менің ойымша, осындай әре­кет­тер шын құрметке лайықты адам­дар­дың көзден тысқары, елеусіз қалуына әкеліп соғады. Ал ол адам­ды, әсіресе жас ұрпақты ең­бекке, адамгершілікке үйретпейді. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырмайды. Керісінше оларда бәрібір еңбегіңді ешкімді елемейді дейтін немқұрайлылық пен нем­кеттілік пайда болады.
1999 жылы біздегі берілетін құр­метті атақтардың көпшілігі қы­с­қарып қалды. Нақтырақ ай­т­сақ, «Қазақстанның ғарыш-ұш­қышы» деген атақтан басқасының бар­лығы алынып тасталды да, оның орнына «Қазақстанға еңбегі сің­ген қайраткер» деген атақ ен­гізді. Менің ойымша, біздің осыдан ұтқанымыз шамалы. Бұрынғы уа­қыттарда білім саласының үз­дігі, мәдениет саласының қай­рат­кері, халық әртісі, еңбек сіңірген әр­тіс, т.б. болатын. Ал қазір жасы отыз­ға келмеген немесе жаңа келген, ыңырсып ән салып, секеңдеп би­леп жүргендердің бірталайы «Қа­зақстанға еңбегі сіңген қай­рат­кер» атанып үлгерді. Қате­лес­пе­сем, Қайрат Нұртаста да осы атақ бар-ау. Қай уақытта адам отыз жасына дейін халқына ең­бегін сіңіріп үлгереді? Әлде се­кіріп-бақыра бергеннен халқыңа еңбегің сіңе ме? Қалай айтсақ та біздің бүгінгі жағдайымыз осындай. Сондықтан жас ерекшелігіне қа­рай берілетін бұрынғы құрмет, ма­рапат, атақтарды қайтару керек де­ген ойым бар. Бұл нәрсеге біз өте жауап­кершілікпен қарап, атақтың кімдерге берілетінін қада­ға­лауы­мыз керек. Ал бүгінгі күні атақ пен даңқты негізінен әртістер, ара-тұра журналистер мен жазушылар алып жүр. Ғылым саласын­дағы­лар­ға берілуі өте сирек. Тағы бір ай­та кететін нәрсе, құрмет пен ма­рапат тек Алматы мен Аста­на­да­ғыларға ғана тиесілідей көрінеді кей­де. Яғни нағыз құрметке лайық адамдардың еңбегін бағалап, жетістігін ұрпаққа үлгі етудің орнына, мұны бір науқанға айналды­рып жіберген жайымыз бар. Тағы бір мәселе, бізде барлық атақ-ма­ра­пат жылына бір-ақ рет, тәуел­сіз­дік мерекесі қарсаңында беріледі. Адам ерен еңбекті жазда немесе қыс мезгілінде көрсетті ме, ол өз ісінің нәтижесі бойынша белгілі бір марапатқа ұсынылуы тиіс. Адам­ға айтылатын алғыс пен бері­летін атақ-даңқ та дер кезінде бол­ғаны жақсы. Әрбір атақ өзінің лайықты егесін табуы керек. Бізде қазір алды үш-төрттен орден ал­ған әкімдер бар. Тіпті кей шенеу­нік­тердің атын көшелерге, елді ме­кендерге, өндіріс орындарына беріп жатқаны жасырын емес. Мә­селен, біздің әкелеріміз, олар­дың қа­тарлары ерен еңбек етті. Олар­дың арасында Ленин орденін, Социалистік Еңбек Ері атағын, Еңбек Қызыл Ту ордендерін алған­­дары бар. Ал солардың көбі­нің аты ұмыт болды. Мүмкін із­деушісі, сұ­раушысы, болмаса артында қал­дырып кеткен бай­­шы­кеш ұрпағы жоқ шығар. Ал осындай әр салада­ғы еңбегі ерен адамдарды жас ұр­пақ­қа үлгі ету, есі­мін естен шығар­мау мемлекеттің міндеті емес пе еді.
Бүгінгі күні ғалымнан бұрын спортшының қошеметке бөленуі қалыпты жағдайға айналды. Қа­зақ халқы о баста спортты ойын деп түсінген. Қазақтың ұлттық ойын­­дары жиын-тойлар мен ас­тар­да адамды сергіту үшін ұйым­­дастырылған. Алайда, хал­қы­мыз ондай ойындарды еңбекпен са­лыстырғанда төмен қойған. Еңбек қашан да бірінші кезекте тұрған. Мәселен, қазақтар сәбиді «ең­бек­тейді» десе, орыстар «ползает» дей­­ді. Яғни сәбидің алғашқы қоз­­ғалысы да ең­бек. Ба­ба­ла­ры­­мыздың қа­­шаннан «асық ой­на­ған азар, доп ойна­ған тозар, бәрінен де қой ба­ғып, кө­тен, мойын жеген озар» деп ең­бекті дәріп­те­ген. Бірақ ел да­­мыған сайын адамның па­йым-тү­сі­ні­гі өз­гере­ді. Осы тұр­ғы­дан қа­­ра­­­ғанда бү­гін­гі күні спорт мем­­ле­кеттің атын­ шы­ға­ра­тын, қай тұс­­та оның даң­­қын көкке өрле­те­тін, әлем­­ге танытатын біздің бір ат­рибу­ты­мыз болып қалды. Ендеше біз спортқа да жеңіл-желпі қа­­ра­мауымыз керек. Олимпиада чем­пиондарын Елбасы­ның өзі қарсы алып, марапаттап, алғысын біл­діруі де сондықтан. Дегенмен, спортшы­ларға бөлінген қаржы мен жасалатын қамқорлық біз­дегі басқа еңбек адамдарынан, ғы­лым мен өнер, техника мен өнер­­кәсіп, ауыл­шаруашылығы са­лалары ма­ман­дарынан әлде­қай­да жоғары болуын дұрыс деп ойла­май­мын. Құрмет­тесін, марапаттасын, бірақ оларды өзге сала ма­­ман­дарынан бөле-жарып, ерекше ілтипатқа бө­леу меніңше дұрыс емес. Бізде қа­зір ғылымға жөнді көңіл бөлін­бей жүргені көпшілікке мәлім. Сондықтан сахнада секіріп, ән салып жүрген бала-шаға ғылым адамынан әлдеқайда сыйлы, дә­ре­­жесі жоғары. Басының санасы ғалымдардың балағына келмейтін көп адамдар осы күні зор құрметке ие болып, «не ішем, не жейм» демей шалқып жүр. Бұл өте қауіпті тен­­денция. Өйткені, ғылымы да­мы­­маған, оқуы жетілмеген ел ешуа­­қытта, ешқашан әлемдік кеңіс­­тіктен өз орнын ала алмайды. Осыны терең түсінген Иосиф Сталин кезінде «ғылымға бөлі­нетін қаржыны жүз есе көбей­тің­дер» деген екен. Сол тұстағы ға­лым­дар кеңес үкіметін космостық державаға айналдырғаны да соның нәтижесі болса керек. Ендеше өмір ән салып, би билеп жүре беретін жеңіл нәрсе емес. Өмір – қуаныш пен қайғының қат-қабат келуі. Соның ішінде мұңды сейіл­тіп, қайғыны  азайтатын қуаныш­ты күндердің көп болғаны жақсы, әри­не. Ал өміріміздің жайлы бол­уы табысымыздың молдығы мен ең­бегіміздің дұрыс бағаланып, дер уа­ғында еленуіне байланысты.


Өміржан Әбдіхалық,
журналист

ЕҢБЕК ЕТКЕН ӘР АДАМ ЕЛЕУСІЗ
ҚАЛМАСА ИГІ

Үлкен жақтан алсақ, әрбір адам құрметке лайық қой.
Ел іші әлі де болса шын құрметке лайық азаматтарды біледі деп ойлаймын. Ал шен-шекпендінің алдында құрақ ұшу қай заманда да бар әдет. Мұндай әдет жалпы жұртқа ортақ деу­ге келмес. Жетістік жеке адам­ның ісі ғой. Адамның өз қажыр-қай­раты, еңбегі, табандылығы, ар­ман-үмітіне байланысты деп ой­лаймын. Маған салсаңыз, қара­пайым еңбек адамына көп көңіл бөлініп, сол адамдардың еңбегі еленіп отыруы керек. Мәселен, кө­ше тазалаушы адамдар Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығы медалімен ма­рапатталса болар еді. Олар қо­ғам­ға, адамдарға нақты әрі нә­ти­же­лі қызмет көрсетіп келеді ғой. Сол сияқты еңбегі көзге көріне бер­мейтін, елеусіздеу болғанымен та­за әрі қарапайым еңбек адамдарының табан ет, маңдай тері бағалануы тиіс. Мемлекет сондай миллиондаған қарапайым еңбеккерлердің арқасында өсіп-өркендеп жатады. Екінші жағынан мұндай адамдарға құрмет еңбек құнын арттырып, жұмыстың жақсы я жаманы болмайтынын, еңбек еткен әр адам елеусіз қалмайтынын қоғамға жеткізетін идеологиялық дүние болар еді. Кез келген ел қарапайым еңбек адамын бағалау арқылы ғана қоғамды тұтастырып, адам капиталын арттыра алады деп ойлаймын. Әр адам өз қызметінің маманы болса, бәсекеге қабілеттілік деген сол шығар.
Ал спортшыларға деген зор қошеметке келсек, бұл теңсіздік мәселесі ғой. Меніңше, құрмет, назар бәріне бірдей болуы шарт. Әрі ол нақты, даусыз жетістік жасаған адамдарға жасалуы керек-ақ. Қазір билік өзіне жақсы ұпай, бедел беретін салаларға басымдық беріп, соны қоғам назарына көп ұсынады. Әйтпесе, түрлі салада өз еңбегімен үлкен көрсеткіштер көрсетіп жатқан жастар көп. Сондай дарынды жастардың еңбегі қажетті дәрежеде еленбеген соң көптеген жақсы мамандар шетелге кетіп, өзінің білімін, талантын сол жақта жұмсап жатыр. Сондықтан мемлекет бұл мәселені мықтап ойланып барып, қолға алғаны жөн. Бір күндік жеңістің емес, бүгіннен басталып, болашаққа апаратын түпкілікті мәні мен түбірлі маңызы, нәтижелі көрсеткіші мен жалғастығы болатын дүниелерді көтермелеп, серпін беруі қажет-ақ.

ПІКІР ҚОСУ