Армысың, Арқаның аспаны!
18.11.2016
1619
0

Қайырбек ШАҒЫР

Армысың, Астана!
Армысың, Арқаның аспаны!
Алаштың туындай көгерген.
Алтын күн шуағын шашты әне,
Астынан қыранды көрем мен.

Алыстан арбаған ақ сағым,
Емес бұл, жарандар, қараңдар.
Елдіктің, еңбектің дастанын
Жазуда крандар-қаламдар.

Аз жылда Алпамыс батырдай,
Алып боп өзгемен теңестің.
Кеңестің кешегі тоқымдай
Целинограды емессің.
Білетін шығарсың, Бас қала,
Қазақтың досы кім, жауы кім.
Жалтақтап жүр ме әлі басқаға,
Қызылжар, Кереку бауырың.

Арқаның мен де бір ұланы ем,
Көшеңнің кеңдігін ұнатам.
Жаныма жақын ғой мына жел,
Талайдан таныс қой мына таң.

Абылай, Бөгенбай, Қабанбай,
Хан Кене қорғаған даласың.
Есілдің өзені анаңдай,
Данасың, әйтсе де баласың.

Бүгінің көңілге қонса да,
Болашақ – бәріне сол сыншы.
Ақпаның аязды болса да,
Адамың аяулы болсыншы.

Жылы жақ тұрғыны көп келіп,
Жылынып кеттің бе әлде сен.
Басыңнан ғасырлар өткеріп,
Жасай бер, Астанам, мәңгі есен!

Ауыл суреттері
Талтүсте сары белді сағым буар,
Бұлаққа бала қойшы малын қуар.
Кенеттен бір шөкім бұлт қалқып шығып,
Жазықта жылқылардың жалын жуар.

Ауылдың күндеріндей қайда күндер,
Алаңсыз ойын-күлкі, жайдары үндер.
Бозбала бойжеткенге қалжың айтып:
«Бүлдірген тергің келсе сайға жүр» дер.

Қоқиқаз қанатындай қызыл іңір,
Іңірде естіледі қыз үні бір.
Боз үйде малдас құрған отағасы
Ұрттап ап күрең шайдан жүзі жылыр.

Қарт қонақ тіл күрмеуін шешеді де,
Ертеді хикаяның жетегіне.
Баланың қиялына қанат берген,
Ауылдың кештеріне жетеді не.

Түндіктер жабылады, түн келеді,
Тау тұрар қарауытып іргедегі.
Жас бала үңіледі түн қойнына,
Көретін секілді ме бірдеңені.

Ауылда мың бір түннің әр түні бар,
Түнгі жел сипағанда тән шынығар.
Самсаған жұлдыздарға қарап жатып,
Арбада ұйықтап кетсең жан тынығар.

Ерке ұл ерте тұрған анық мықты,
Басып жүр көк шалғынға барып шықты.
Шөжедей сары күннің үрпек басы,
Аспанның жұмыртқасын жарып шықты.

Шашатын шұғыласын барған жанға,
Ауылдың таңдарындай таңдар бар ма,
Ауылдың баласының арманы мен,
Мұңына жететін мұң, арман бар ма?!
Ауылдың баласы боп қала бермек,
Ауылдан кеткендер де, қалғандар да!

Жүрек үнсіз қалмасын
Жүрек деген не нәрсе, арым ба екен,
Тұла бойға тараған қаным ба екен.
Мен туғанда тәніме тұтқын болып,
Аш есікті деп тұрған жаным ба екен?

Дүңкілдейді, дүние-ай, соны ұға алсақ,
Елімді ойлап уайым торыған шақ.
Сақ, түркіден қанымда қалған жұғын,
Дабыл қағып жатыр ма жорық аңсап.

Дүрсілдейді, жырлайтын кезім келген.
Жылдар қалай жылыстап тез үлгерген.
Түкпірінде  кеудемнің ұста-шабыт,
Өлең соғып жатыр ма сезімдерден.

Атқақтайды, көмейге тіпті жетіп,
Ақын жанды арбауға мықты жетік.
Еніп келе жатыр ма жүрегіме,
Бір сұлу туфлиі тық-тық етіп.

Тербеледі көкірек күймесінде,
Түспеуші едім осындай күйге күнде.
Талып жетті алыстан таныс әуен,
Әлі жүр ме жастығым би кешінде.

Ойнақтайды, бейне бір ала құлын.
Десем де мен есейдім, саналымын.
Мәңгілікке алаңсыз жүрегімде
Доп тепкілеп жүр ме әлі балалығым.

Лүпілдейді бұлақтың көзі бардай,
Шөліңді бас, жолаушым, төгіп алмай.
Мөлдірлігін, жанымның тазалығын
Сендейлердің кетті ғой көбі ұға алмай.

Тықылдайды күн батты, таң атты деп,
Іс қылайық  сабыр мен тағат тілеп.
Сыртта емес, уақыт біздің ішімізде,
Өлшеміндей өмірдің –  сағат-жүрек.

Жүректердің шын сыры толық тылсым,
Ізгілікке әйтеуір жолықтырсын.
Барлығын да сыйғызған жұдырықтай,
Жүрек үнсіз қалмасын, соғып тұрсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір