Алакөлден ұшқан түлек
Қалам ұстағанға қуанып, жазу деген дүниенің жалына жармасқан жас кезіміз. Бірді-екілі шығармаларымыз жарыққа шықса, тылсым дүниенің тетігін тапқандай өрекпіген көңіл өрши түсетін албырт шақ қой ол. Аудандық, облыстық басылымдардан көріне бастағасын республикалық басылымдарда бақ сынауға құштарлық артады. Осындай талаптанып жүрген жастардың үмітін үкілейтін, талантын таразылайтын журнал – Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының екі айда бір шығатын әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналы – «Жалын». Қарымды қаламгерлердің талқысынан сүрінбей өтіп, бұған іліну – ақындық, жазушылық әлеміне қадам басудың алғашқы баспалдағы іспетті әсер қалдыратын.
Асыға күткен 1986-ның Жаңа жылы келіп, сүйікті журналымның бірінші нөмірін қолға алғанмын. Бетін парақтай бастағаным сол еді, бұйра шашты қараторы жігіттің жырларына көзім түсті. 1956 жылы дүниеге келіп, ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітіріпті. Талдықорған облысы, Алакөл аудандық «Жаңа өмір» газеті редакторының орынбасары екен. Мен облыстың «Октябрь туы» газетінде қызмет істейтінмін. Жасыратыны жоқ, жершілдігім қозып, жыр жолдарын ынталана оқыдым.
Көкпар
Суырылып шықты көк дөнен,
Ат емес, кейде бап шабар.
Көкпарға мен де төнген ем,
Жалт беріп кетті-ау, бәтшағар!
Көзімнің алдын жас қаптап,
Тамаққа өксік бөгелді.
Қайыра салсам қашқақтап,
Сал қара ат, саған не болды!
Үргедектене үркеді,
Тәңір-ау, неткен сорлылық.
Дом неме құртты діңкені,
Додаға кірмей болдырып.
Келдім мен сонда тоқтамға:
Адамдар бар-ау, досым-ай.
Түскенде өмір – көкпарға,
Жалт беріп кетер осылай.
«Көкпар» десе, делебесі қозбайтын қазақ бар ма?.. Қайталап оқыдым. «Бәрекелді! Мынау бір жалындап тұрған жігіт екен!» деп шынайы қуандым да, сол қарқынмен «Алабағанына» үңілдім.
Сүттей таң уызы әлі тарамаған,
Тыныштық таңғы ұйқыны паналаған.
Көкжиек ақ пердесін сырғытқанда,
Көрінеді анадайдан алабаған.
Сағымы сай-саланы аралаған,
Қымбат қой қашаннан да дала маған.
Екі елдің, екі өмірдің ортасында,
Тұрады көзін ілмей алабаған.
Cуық сөз адам жанын жаралаған,
Сол кезде бір ой келді, аға, маған.
Өмір бұл ақ пен қара майдандасқан,
Ал адам ортадағы алабаған.
Бір алабаған арқылы ел мен елдің арасындағы байланысты, адам өміріндегі тайталас тағдырды таразылай білген жас ақынның айтпақ ойының астары терең. Тұңғиық тұжырымның тоғысар тұсындағы көздеген мақсаты орындалған. Өлеңге талдау жасаған қазақ поэзиясының абызы – Әбу Сәрсенбаев: «Ауылда тұратын Ахметтің «Көкпар» атты өлеңі ә дегеннен-ақ елең еткізеді. Талапкердің алғашқы топтамасынан оның өлеңдегі мінез ерекшелігі аңғарылып тұр…
Көзімнің алдын жас қаптап,
Тамаққа өксік бөгелді.
Қайыра салсам қашқақтап,
Сал қара ат, саған не болды?
Бұл – қазақы мінезді аңғартатын шумақтар. Бала кезімізде аламан бәйгеде мәреге ең соңғы болып іліккен атының ері мен жүгенін сыпырып алып, сауырға көк алақан дойырмен бір осып қоя бергенін талай көргенбіз. Сонда олардың жүрегін намыс тырнап жататынын біз қайдан білейік. Сол намыс бізді ұлы істерге бастады, айдай әлемге мәшһүр етті. Өлеңнің ой түйіні де көңілге қонымды.
Ахметтің жырларына шынайы поэтикалық бояу, биік пафос тән, адамгершілік («Алабаған» атты өлеңді қараңыз ), адалдық туралы толғаныстарымен дараланады. «Тізгін» атты өлеңінен де осы айқын байқалып тұр…» деп, ағынан жарылады.
Ақын атамыздың отызға тола қоймаған ойшыл жасқа берген бағасын келе-келе әдебиет пен ғылымның төңірегіндегі ағаларымыз жарыса жалғастырды.
«…Алакөлде туған ол сауыншы әйел үйінде,
Дүниені сүйеді жасыл көктем күйінде.
Ол қасыңда жүргенде бәрі де оңай сияқты,
Ойламайсың және де дүниеде қиын не.
Жаны қандай кінәсіз, өзі қандай елгезек,
О уақыт, сен енді осыларға бер кезек.
Абылайдай ақылды айтсам артық
айтқам жоқ,
Десем бе екен өзін бір
Қабанбайдай әлде өжет…», –
дейді қазақтың бір туар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы – Тұманбай Молдағалиев. Филология ғылымының докторы, профессор – Тұрсын Сыдықов: «Пернесінен от шашып, шанағында найзағай ойнатқан шешен домбырадай, Ебінің желіндей тасты балқытып, суық көңілге мамыражай жылылықты әкеліп, кейде Сайқандай тауды мұжып, көлді сапыратын мінезді ақын – Ахмет поэзиясымен қауышу бір ғанибет. Ақынның поэзиясы, стилі де өзіне тартқан мінезді поэзия. Оның өлеңдерінің өзегінде ұлттық рух, ұлттық мүдде терең тамырланып жатады…», – деп тебіренеді.
Қаршадайынан қазақтың қара өлеңін қастерлеген, қадірін түсінген, суын сығып, майын қалқыған Ахметті поэзия алыптары, сыншы, зерттеушілері осылай бағалады. «Жазушы», «Арыс», «Елорда» сияқты беделді баспалардан жарық көрген «Ойтұмар», «Көкпар», «Зер», «Өмір, өмір…», «Жылдар сөйлейді» атты жыр, эссе кітаптары жыр құмар қауымды қуантты. Ол кітап құрастырып шығаруға да уақыт тапты. «Аққулы айдын», «Армысың, ата тарих – Аңырақай», «Жетісу жауқазындары», «Жаңарған Жетісу атаулары», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Мұқаметбай Мыңбайұлы» жинақтары оқырмандарының төрінде тұр.
Оқырман дегеннен шығады-ау, Ахмет поэзиясы қалтарыста қалмайтын, еріксіз іздеттіретін, жырлары жүрекке ұялайтын, одан қалса әуенге айналып, аспанда қалықтайтын дүниелер. Жақынырақ араласқан кезде де, жүрекжарды жырларын жаныма жақын тартқан тұстарда да өзі жайлы мақтауды сүймейтін, біреу туралы ғайбат сөз айтуға бара бермейтін арлы азаматтың айқын позициясына сүйсіндім. Біз қасымыздағыға қырын қарайтын, сырттағылардың сауырынан сипауға бейім тұратын халықпыз, жасыратыны жоқ. Жақындағы Жанартауымызды байқамай, алыстағы белгісіз белестерді, сүреңсіз сай-саланы суреттеуге үйірміз. Жыр Құлагері Ілияс атамыздың: «Өз ұлы, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!» деп күңіренуі осыдан шығар…
Бірге жүрген Ахметтің адами жаратылысының үлгі аларлық қырлары көп. Сөзінен де, жырынан да адамгершіліктің хош иісі аңқып тұрады. Шамасы келсе сүрінгендерді сүйеуге, жетім-жесірлердің көз жасын құрғатуға, өзім деген адамдарға бүтін дәнінің жартысын бөліп беруге дайын. Осыдан болар, жыр жолдарынан да қайырымдылық, мейірімділік жылуының төгіліп тұратындығы.
Ақынды асқан байлық, тұрақсыз билік қызықтырмайды. Бірінші – Құдайдан өлең, екінші – Тәңірінен ой, үшінші – Жасағаннан күлкі-шаттық тілеп, соңында:
«Төртіншіден, қанағат бер,
риза болар барға адам,
Бердің бәрін. Басымды идім!
Өмірімді арнағам.
Төрт асыл бар.
Бесіншісін және қишы пендеңе,
Бір денсаулық тілеп жүрмін
күндіз-түні Алладан!» –
дейді.
Үш жасында әкеден айрылған Ахмет жалғыздықтың ащы дәмін татып өсті. Алладан денсаулық сұраса, жалғыз анасынан (Дұғагөй) дұға тіледі:
«…Десең де маған кіріспе,
Тәуекел дедім бір іске.
Тәуеп қыл, анам, тәуеп қыл,
Ұлыңның жолы жіңішке.
Түсінсе қатар құрбым-ай,
Айтыла бермес сыр бұлай.
Дұғагөй анам, демей бер,
Жалғыздың жары – бір құдай».
Өмірге деген құштарлық – айтары бар, адуынды ақынды алға сүйреп келеді.
«Өмір деген бір қуаныш, бір қайғы,
Тағдыр – қайрақ шалғыдай-ақ шыңдайды.
Қуаныш ол қасыңдағы серігің,
Серіксіз ән естілмейді сырнайлы.
Өмір деген ілгерінді, кейінді,
Тағдыр – қалып талап етер бейімді.
Қуаныш ол жалғастырар ұрпағың,
Ұрпақ деген іздерің ғой кейінгі», –
деп, өмірдің өткелінен, өңменіңнен өтер өкпек желінен қорғайтын серігі мен ұрпағына үміт артады. Дүйім жұртты елеңдетіп, исі қазақтың игілігіне айналған, жыр болып өрілген, ән болып төгілген «Немересін» оқиықшы…
«Еле мейілі, кейде тіпті, елеме,
Қызу қайрат дарытатын денеге.
От та ыстық, Күн де ыстық дегенмен,
Одан да ыстық көрінеді немере.
Біреу саған жақсылауын бере ме?
Өз балаңа көп айтасың өнеге.
Ұлың жақын, қызың жақын дегенмен,
Одан жақын көрінеді немере.
Теңе мейлі басқа дәмге теңеме,
Дастарханның онсыз сәні келе ме?
Қант та тәтті, бал да тәтті дегенмен,
Одан тәтті көрінеді немере.
Басында жоқ біреуге айтсаң сене ме?
Байлық деген керсін, мейлі, кереге.
Алтын қымбат, күміс қымбат дегенмен,
Одан қымбат көрінеді немере.
Ыстық, жақын, тәтті, қымбат немере,
Шіркін, қандай болады екен шөбере?».
Бәрімізде немере бар. Аялаймыз, аймалаймыз. Бірақ Ахметше айта алдық па? Әй, білмеймін… «Ақылы асқақ атаның мейірімі осындай-ақ болар…» деп, еріксіз бас шұлғисың да қоясың… «Тәттінің» не екенін таңдайыңа татырған ақынның құдіретіне тәнті екендігіңді мойындамасқа амалың жоқ. Ақынның бақыты осында.
«Кейде осы менен де,
Күтетіндей Ел екпін.
Іздеп жатса егер де,
Көпшілікке керекпін…», –
дейді ақын.
Иә… керексің… Алакөлдің Ақиығы, Көктұманың Көксеңгірі, құшағыңды кеңге жайып, көсіле шабатын, атой салып, арындай алға басатын 60 жасқа енді келдің… Үнемі жаныңнан табылатын жан жарың – Раушаның, өміріңнің жалғасы – ұрпақтарың, қадіріңді ұғынар халқың аман болсын! Алла ұзақ ғұмыр берсін саған!
Тұрлыхан КӘРІМ,
сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.