Ақсудан ұшқан ақсұңқар!
Достықта өлім жоқ,
Қастықта өмір жоқ.
Қадыр Мырза Әли.
Қазақтың классик ақыны Қадыр ағамыздың «Достықта өлім жоқ» дегені – қалайша дәл айтылған дара сөз! Осы сөздің құдіреті ме, қадірлі де аяулы дос Нұртілеу Иманғалиұлының бейнесі көз алдымнан кеткен емес. Неге олай? Өйткені жақсы достың әр ісі мен бірге жүрген әр сәті елес болып, алдыңнан шығып тұратындай. Тіптен ортамыздан кетпегендей, әлі де бірге жүргендей әсерде болып тұратынын жасыра алмаймын. Себебі рухы мықты адамның ол жақта да өмірі жалғасып жататыны анық секілді. Айналып келгенде оның бәрі бір тәңірдің қолында екені даусыз.
Ардақты дос, Нұртілеу!
Бүгін мен сенің рухыңмен шынайы жүрегіммен сырласып отырмын. Сен өмірден озғалы да бір жылдың көлемі болыпты-ау! Сені мәңгілік қара жердің қойнына тапсырған сәтіміз де күні кеше ғана секілденіп тұрады. Әрине, сол күні езілмеген жүректер, жыламаған жандар болмаған шығар. Себебі сен қазақтың қайсар да ардақты ұлдарының бірі едің. Оны қалың қазақ жақсы біледі. Сенің қазақ ұлтына деген адал махаббатың мен ыстық ықыласыңның өзі қандай еді! Жанып тұрған от едің ғой, аяулы дос! Тік жүріп, тік кеттің. Майыспадың, мойымадың. Бойың қандай асқақ болса, ойың да сондай нық болатын. Сөзің де, өзің де өткір едің. Басыңнан сөз асырмайтын нағыз нар едің. Атқарған ісің мен жасаған адал еңбегіңнің өзі – бір төбе. Ол – жеке әңгіме.
Алғаш бізді табыстырған қасиетті қара шаңырақ ҚазМУ болатын. 1972 жылы еліміздің бар өңірінен арман қуып Алматыға келген қыз-жігіттер, осы университеттің журналистика факультетіне тапсырып, сол жылы оқуға 50 шақты үміткер қабылданған едік. Алматының (бұрынғы Киров көшесі) қазіргі Бөгенбей көшесіндегі ҚазМУ-дың бас ғимратында сол кездегі факультеттің деканы С.Дмитровскийдің бұйрығымен оқуға қабылданғандардың тізімі оқылды. Сол кездегі қуанышмызда шек жоқ еді. Одан кейін бәріміз Қорам совхозына темекі жинауға аттандық. Жігіттерді барах типтес үлкен үйге орналастырды да, қыздар бөлек кетті. Күнде кешке жұмыстан кейін жиналып алып ән тыңдаймыз. Ортада Қонысбай Әбілов гитарасымен ән салады, одан қалса сол жылы бізбен бірге оқуға түскен жаны нәзік, биязы жігіт Жәнібек Кәрменов домбырасымен дәстүрлі әндерді бірінен соң бірін шырқайды. Тамсана отырып құлақ түреміз. Сүйсінеміз, таң қаламыз, қол соғамыз. Сол бір кеште Нұртілеу де Қонысбайдың гитарасын сұрап алып, құлақ күйін сәл бұрап жіберіп, өзінің білетін әндерін нақышына келтіріп айтты. Осыдан кейін Қонысбай екеуінің өнерге деген құштарлықтары жалғасын тауып кетті. Алғаш рет үшінші курстса жүргенде екеуі бірге ән салып отырып Қонысбай:
– Нұртілеу, «Дос-Мұқасан» сияқты ансамбль құрсақ қайтеді? – деген еді, Нұрекең де бірден қолдай жөнелді. Сөйтіп, арада біраз күн өткенде Қонысбайдың ұсынысымен «Ләйлім-Шырақ» деген ансамбль құрылған болатын. Оның құрамына Бақберген Табылдиев пен Марат Нұрқалиев (марқұмдар), заң факультетінің дауылпазшысы Бақыт Ахмеров қосылды. Журналистика факультетінің тұңғыш вакалды-аспаптар ансамбілі осылай өмірге келді. Ондағы әндердің сөзін қазақтың сол кездегі танымал ақыны Ұлықбек Есдәулетов жазып, әнін Қонысбай шығарып көп жерлерде орындалып жүрді. Бірде олардың концертіне «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Бақытжан Жұмаділов келіп, өзінің жақсы бағасын беріп кетті. Міне, содан бастап «Ләйлім-Шырақ» бүкіл ҚазМУ-ды дүрілдетіп, жастардың арасында әйгілі топқа айналды.
Ортамызда алғаш отбасын құрған курстасымыз Марат Әбдіқалықов болды. Оның тарихы былай еді. Сол кездегі Торғай облысы Амангелді ауданының «Нахимов» деген совхозына біздің курсты егін жинауға жіберді. Бәрімізді бір курс жоғары оқитын Ержұман Смайлов (марқұм) деген азамат бастап барды. Біз барған совхозға Алматы Медицина институтының бір топ студент қыздары да практикадан өту үшін келге екен. Солардың арасында орта бойлы, аққуаша келген әдемі қызға Мәкеңнің көзі бірден түскен ғой. Күнде кешке қарай жаңағы қыздар бізге келіп қал-жағадайларымызды біліп, денсаулығымызға қамқор болып жүретін. Ақыры не керек, Марат сол танысқан қызымен күзде оқуға келгенде отбасын құрып, Алматыда үлкен тойын жасады. Нұртілеу өзінің ұйымдастырғыш қабілеті мен белсенділігін сол тойда да көрсете білді.
Мен 1974 жылы үшінші курста үйлендім де, ал Нұртілеу 1975 жылы төртінші курста оқып жүргенде, ҚазМУ-дың Заң факультетінің студенті Саламат Темірғалиқызымен (марқұм) отау құрды. Жанар, Гүлнар, Динара атты алтын асықтай қыздары дүниеге келді. Олардан жиен немерелерін де көріп кетті. Алматыда дүрілдетіп тойын жасады. Курс боп тойладық. Ол бір қызық заман еді. Одан кейін Нұртілеу туған жері Діңгекке барып әке-шешесі мен бауырларының алдынан өтіп, ол жақта да тойын өткізді. Сол тойға Ұлықбек күйеу жолдас болып барып, Нұртілеудің әкесі халық ақыны Иманғали ақсақалмен айтысқанын айтып жүретін.
Оқуды бітірісімен бізді Ош қаласына алып барып, жазғы әскери жаттығуға бір-ақ салды. Баста – панама, аяқта – керзі етік, белде – әскери белдік. Күн дегеніңіз төбеңнен түсіп, қайнап тұрған кез. Сапта тұрып, сапта жүрудің өзі оңай шаруа емес. Әр сенбі сайын ауылдан, үйленгендер жарларынан асыға хат күтеді. Сондай бір шақта сапта тұрған ақын Байбота Серікбаевқа Нұртілеу:
– Байбота, Когда придет суббота? – деп орысша өлеңмен сұрақ қойған еді, Байбота да саспастан:
– Нұртілеу, субботаға әлі ертелеу… – деп сапта тұрған бәрімізді бір күлдіргені бар.
Ош қаласында жүрген сәттен тағы бір оқиға есіме түсіп тр. Нұртілеу, мен, Марат Әбдіқалықов, Мақұлбек Малдарбеков төртеуміз сенбі күні командирімізден сұранып, Оштың өзіндегі моншаға бармаймыз ба… Моншаға рахаттанып түсіп жатыр едік, қасымызға бір жігіт келіп, ол да жуынды. Өзі қазақша судай екен. «Жігіттер қайдан келдіңдер?» – деп сұрады бізден. Ортамыздағы пысықтауымыз Нұртілеу мән -жайды түсіндіріп айтып берді. Ана жігіт: «О…о жақсы екен. Туған жерлерің қай жақтан болады?» – деді. Нұртілеу өзі мен менің Талдықорғаннан екенімізді, Мақұлбектің Тараздан, ал Мараттың Алматыдан екенін айтып берді. «Жақсы… жақсы», – деп, әлгі жігіт тез-тез жуынды да шығып кетті. Біз асықпай жуынып-шайынып, ойымызда еш нәрсе жоқ, моншадан сыртқа шықтық. Қарасақ, жаңағы жігітіміз он бес шақты жігітті жинап, біздің алдымызда тұр. Жұдырықтарын тас түйіп алған, бізге қарай төне бастағанда Нұртілеу: «Белдіктеріңді шешіңдер, қорқатын түк жоқ», – деп алдында тұрған ұзынтұраны белдігімен салып өтті де, алға қарай тап берді. Қалған үшеуміз де қарап қалмай, қолымыздағы белдікпен әлгілердің ортасын жарып өттік. Олар болса, аңтарылып тұрып қалды. Доң-айбаттарын жалғастыруға батылдары жете қоймады. Біз сытылып шыға келдік те, бөлімшемізге қарай жүгіре жөнелдік. Былай шығып алып, ал келіп күлеміз. «Әй, мына жігіттің дені сау ма? Танымайтын бізбен не үшін төбелескісі келіп, жігіттерін жиған?» деп ойланамыз әлгі жерде.
– Сендер қызықсыңдар! Соны да түсінбедіңдер ме? Ол жігіт, меніңше, біздің Талдықорғанның қасындағы Еркін ауылындағы әскери бөлімде борышын өтеген. Сонда ондағы қазақтар бұл жігітке күн көрсетпеген. Мен Талдықорғаннан екенімізді айтқан соң сонда кеткен кегін бізден алу үшін жігіттерін жинап алып келіп отыр, – деп Нұрекең дәл болжам жасады.
– Рас-ау, Әйтпесе бізде қандай кегі бар? Танымайтын айдаладаға қаймана қазақтармыз, – деп бір күліп алдық.
Қадірлі де аяулы дос, Нұртілеу!
Мен енді аттың басын өзіңнің кіндік қаның тамған,туған жеріңе қарай бұрайын. Ақсу өңірі өнер мен жырдың, батырлар мен билердің алтын ордасы. Ақын Сара Тастанбекқызы, қобызшы Молықбай Байсақалұлы, Ілияс Жансүгіров, Қуат Терібаев, 28 панфиловшылардың бірі, Кеңестер Одағының Батыры Нарсұтбай Есеболатов сияқты атақты адамдар шыққан қасиетті ел. Сен де сол өзіңнің туған ауылың Діңгекте дүниеге келіп, балалығың өткен жер. Әкеңнің әкесі -Қалиасқар, өз әкең – айтыскер халық ақыны Иманғали болса, анаңыз он төрт құрсақ көтерген -Күлжәмила Құйқабайқызы еді. – Мен осы он төрт құрсақтың сүткенжесімін, шала туғандықтан атам Қалиасқар мен әжем Күліштің қолында өсіппін,- деп есіне алып отырушы еді. Сондықтан мені шалдың баласы деп атап кеткен,-дейтін. Әкесі Ұлы Отан соғысының бел ортасында жүріп, қолынан өзінің қалақтай домбырасын тастамаған екен. Сол домбыра Нұртілеудің шаңырағында әлі күнге дейін сақтаулы. Ара-тұра қалақтай әке домбырасын қолына алып, Нұрекең де толғана шертіп, әніне салатын. Тіптен әкеден дарыған дарындылық ақындығында байқатушы еді. Өлеңдері ешкімге ұқсамайтын, өзіндік үні бар, өзіндік таңбасы бар жырлар болатын. Мысал келтіре кетейін, мына бір «Тұрақтылық» деп аталатын өлеңіне назар аударыңыздаршы:
Махаббатты мәңгілік шырақ қылып,
Қиындыққа қасқайып шыдап тұрып,
Қызығына мастанбай бұлақ қылып,
Ой жүгіртсең егер де ұзақ тұрып,
Тіршіліктің діңгегі – тұрақтылық!
Өмір-өзен толқынға лақтырып,
Байқайды екен әдейі құлаққа ұрып,
Елегінен өткізген сынап тұрып,
Байлауыңды қояды сұрақ қылып,
Тіршіліктің тізгіні – тұрақтылық!
Қыл бұрауға салса да бұрап тұрып,
Жер басып жүргеніңді ұнаттырып,
Ұрпақтардың саулығын сұраттырып,
Бақыттылық тілерсің жылап тұрып,
Тіршіліктің діңгегі – тұрақтылық!
Мынау фәни жалғанды жұмақ қылып,
Жіберетін неткен күш – тұрақтылық! – деп осы бір тұрақтылықтың өлшемін дәлме-дәл беруінің өзі ерекшелік емес пе. Нұртілеудің осы тәріздес өлеңдері бір жинаққа татырлық. Бір де мен: — Нұреке, сенің өлеңдеріңде ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бар, неге кітап қып шығрмасқа,-дегенім де Нұрекеңнің айтқаны: — Әй, Сәке-ай, қазіргі ақындардың жалпылама жаза салып, жеңіл сөйлеуін өз басым ұнатпаймын. Әрине, барлық ақындарға топырақ шашпаймын, мықты ақындар бар. Солардың деңгейінде жазу үшін де жүрек керек қой,- дегені бар еді. Оған дәлел мына бір шумақ:
Көңілден күдік кеткенде,
Өлеңнен үміт еткем мен.
Өлермен өлең жазуға,
Ұялам Ұлықбектен мен… – дейді. Ақындықтың кредосына бас ию деген осылай-ақ болар.
Қайран, Нұртілеу-ай! Сенің өзіңнің туған жеріңе жасаған жақсылықтарың қаншама? Соның бір парасы Ақсу ауданының 80- жылдық мерей тойы. Алматыдан бір топ ақын-жазушыларды шақырып, Ақсудың төрінде қонақ еттің. Тойдың жақсы өтуіне белсене кірісіп, сценарийін де жазып, бастан аяқ жүгіргенің біздің әлі есімізде. Одан қалса қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгровтің ескерткішін Ақсудың дәл орталығында тұрғызуға бір азаматтай ат салысып, соған мұрындық болдың. Марқұмдар ақын Сараның , Сәкен Иманасовтың, Әнуар Әлімжановтардың ғылыми-конференцияларын Талдықорғанда өткізуге ат салыстың. Айта берсе елің үшін, Ақсулықтар үшін еңбегің өте зор. Туған жерге деген махббатың мен ыстық ықыласыңның кереметтігін осындай істеріңмен-ақ дәлелдегенің анық. Осы жерде тағы бір еске түсетін оқиға жайлы айта кетейін. Нұртілеу туған жеріне барған сайын өмірден өткен ата-бабаларына, туған бауыры Ізтөлеудің басына барып, құран бағыштап қайтуды әдетке айналдырған. Бірде маған: — Сәке, менімен елге жүрші, бабымыз Мысық болыстың басына бір белгі қойып қайтайық, деген соң көңілін қимай бірге өз машинасымен елге тартық. – Тіптен , кейнгі кезде жолым болмай жүр, Мысық бабамның әруағы риза болсын деген ниетін де айтып қалды. Сонымен Ақсуға барып, аржағындағы Діңгек аулына аттың басын тіредік. Сол жердегі қариялардың басын жинап, Мысық болыстың жатқан қорымын іздеуге кірістік. Ескі Ақсу деген төменгі ауыл бар екен, сол жердің кең жазығын жаяулап аралап жүріп үлкен қорымды таптық. Бізбен бірге еріп жүрген ауыл ақсақалдары да біздің алдымызға түсіп алып, әлгі жерді білетіндер осы жер деп көрсетті. Сөйтсем Нұрекеңнің мықтылығы ғой , Алматыдан үлкен гранит тасқа Мысық бабасының ат-жөнін, руына дейін жаздырып, ертесіне Камаз машинасына тапсырыс беріп, түйеп алып келе жатқанын айтты. Соның бәрін алдын-ала ойлап, істеудің өзіне қаншама күш керек. Үшінші күні Мысық бабасының басына әлгі тасты орнатып, басына құран бағыштап, Ақсудың орталығындағы мейрамханада бабасына арнап ас берілді. Халық көп болды. Бәрі Нұртілеудің Мысық бабасының рухына арнайы жасаған осы шараларына Ақсулықтар дән риза болды. Бабасы Мысық болыс Ілияс Жансүгіровтың «Жолдастар» романының кейіпкері болғанын біреу білсе , біреу білмеуі мүмкін.
Ардақты дос, Нұртілеу!
Сенің Қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесің мен сіңірген еңбегің ұшан теңіз. Оны көзі қарақты қазақ елі жақсы біледі. Сен сонау студент кезіңнен-ақ осы саланы таңдап, белсене кірістің. Оқуды бітіре салып «Қазақстан» телеарнасынан «Хабар» арнасына қызметке ауыстың. Ақпараттық хабарларды күн сайын эфирге шығарып, қалың көрерменнің ілтипатына бөлендің. Бұл да болса сенің сұңғыла азамттығың болатын. Ол жүргізге «Бетпе-бет» хабарын ел асыға күтетін. Хабарға шығарда өзінің тап-тұйнақтай, үлгілі киіміне аса мән беретін. Эфирдегі әр сұрағын ойланып- толғанып қоятын , тез және жоқ жерден сөз тауып кететін шеберлік ирімдерін қалай айтпасқа.
Кейін «Қазақстан» арнасында өзі жүргізіп, өзі дайындаған «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер» ток-шоуы да Нұртілеудің өз қолтаңбасы болғанын білеміз. «Көкпар», «Ой-көкпар» хабарларының өзі ұлттық дәстүріміздің бір парасын айқындайтын хабарлар болғанын жасыра алмаймыз. Одан кейінгі өмірінің соңғы жылдарында жасап кеткен айтулы хабарларының бірі де бірегейі Алматы облыстық «Жетісу» арнасында жүргізген «Бай, қуатты болайық!», «Қазақстан» арнасындағы «Nur-Tiley» атты хабары барша қазақ жұртының сүйсініп көретін хабарына айналғаны белгілі. Онда да қазақ салт-дәстүрінің нышанын көрсететін асықтар мен қамшыны пайдалануы Нұртілеудің ешкімге ұқсамайтын ерекшелгін танытты. Ол хабарында қаншама қазақтың майталман ардагер азаматтарынан сұхбат ала отырып, бүгінгі еліміздегі проблемалардың бетін ашуға мүмкіндік туғызды. Ол кейіпкерлердің өзін саралап, іріктеп алатын. Бүгінде бұл хабарлары жас тележурналистер үшін үлгі, өнегі екені сөзсіз. Экран алдында өзін қалай ұстауды, отырысы, жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, тіптен сұрақ қоюдағы тапқырлығы кез келген адамды ойландыра түсетін. Өзінің ерен еңбегінің арқасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Президенті лауазымына дейін көтерілгенін жақсы білеміз. Өзінің іс-тәжрібиесін осы басшылықта жүріп те таныта білді және дәлелдеп кетті.
Нұртілеу 60 жасын дүрлдетіп өткізді. Ешкімге ұқсмайтын шоу жасағанын да білеміз. Көптеген ақындар арнау өлеңдерін арнады. Тұрсынзада Есімжанов, Сәкен Иманасов (марқұмдар), ағларынан бастап бір топ ақын достары да қалыспады. Солардың ішінде Ғалым Жайлыбайдың «Тарланбоз» өлеңінен бір-екі шумақты оқи отырыңыздар:
Көсем сөз тартқызғанда көне көшін,
Көктейсің,
Көктем болып көгересің.
Жұртыңның жүрегіне жатталғандай-
Нұртілеу Иманғали деген есім.
Дүбірі дүниенің
дүрмектері,
Әкеңнің сен ұшырған жыр кептері.
Кеңжыра, Қарасуда кіндік кесіп,
Бесігі тербетілген Діңгектегі.
Жорғасың қара сөзде қазанатсың,
Жаныңмен жалғандықты жазалапсың.
Тұлпардан тұлпар шыққан тарланбозым,
асылдан асыл туған азаматсың! – деп ағынан жарылады.
Нұрекеңнің тағы бір асыл қасиеті. Спортты бала кезінен сүйген сұңғылалығы. Ақсуда мектепті бітіргенен кейін аудандық комсомол ұймында қызымет жасап жүріп, волейбол командасын құрып, соның белді ойыншысы болғанын талай айтып берген. Одан кейін бала кезінен бокспен айналысып, жоғарғы оқу орындарының арасындағы жарыста, біз екеуміз (ол өз салмағында, мен өз салмағымда) КазГУ-дің намысын қорғап жеңімпаз атанған кезіміз де болған. Кейінен биллиярьдқа (тастаяқ) көңілі ауып, талай ойындардың жеңіпазы атанғаны баршаға аян. Оны бірге жүрген достары мен інілері жақсы біледі. Өзі өмірден өтседе сол інілері волейбол мен биллиярьдтан Нұртілеу Иманғали атындағы жарыстарды ұйымдастырып өткізіп жүр. Бұл да болса Нұрекеңнің ерекше бір қыры десек те болады. Бүгінде шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған Қарлығаштай жары бар.
Жалпы, Нұртілеу сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт. Бір көрген адамға тәкәппарлу көрінгенімен, ішкі жан дүниесіне жол таба білсең одан асқан ақ пейілді, аңқылдаған ақ жарқын азаматты таппайсың. Досқа берік. Екі жүзділікті жаны сүймейді, шындықты сырттан емес бетке айтатын, тіптен тік айтатын кездері де жоқ емес. Кейде сонысына өзі өкініп те қалатын.
Нұртілеу өзінің шежіресін өлеңмен жазып кеткен ақын. Сенбесеңіз «Менің шежірем» деген өлеңінің үш шумағын ұсынайын:
Жүз жасаған атамның арнасымын,
Дөңгелегі сияқты арбасының.
Манарбек, Жүсіпбекпен Ақмешітте,
Ән салған ақын Имаш жалғасымын.
Егесте ерте иленген елтірімін,
Жігіттің жүрегі ашық кең түрімін.
Бухгалтер қарт ақынның кенжесімін,
Он төрт құрсақ көтерге кемпірінің.
Тегім – Найман, Матайдың Шоқанымын,
Бір ұлымын сөз терген Отанымның.
Шөбересі боламын ел билеген,
Мысық болыс атанған жоталының,- деп жырлайды жүрегімен.Ал енді осы өлеңнің соңғы шумағы Нұртілеудің Кеңсайдағы зиратының басындағы көк тасқа да ойлып жазылған екен. Міні,керемет!
Иә, сен ортамыздан кеткелі де бір жыл толыпты! Зұмырап өткен уақыт. Тірі адамдар тіршілігін жасап, өмір ағысымен жүріп жатыр. Бірақ, сен елі сүйген ел азаматысың, аяулы да ардақты ұлдарының бірісің. Ол үшін Ақсу өңірінің қалың жұрты, Нұртілеу Иманғалидай азаматтың атын өшірмеу үшін, Ақсу ауданының орталығынан бір көшеге есімін берсе де артық болмас еді.
Қайран, досым-ай! Ақсудан ұшқан ақсұңқар едің!
Бақұл бол!
Сайлаубай Тойлыбаев, ақын.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.