Алыптар тобының айбыны мен ажары
18.11.2016
772
0

Әдебиетте жаңалыққа толы жарылыс жасаған
Феликс Кузнецовпен  қоштасу

Тарих ұзақ толғатып сирек туа­тын алыптар бір халықтың ғана емес, берісі бар халықтың, әрі­сі адамзаттың ортақ перзенті. Олардың қайталанбас хас талантының же­місі –  баршаға ортақ жеңіс. Ұлылар ұлтқа бөл­інбейді. Орыстың Толстой, Достоевский, Пушкин, Лермонтов дәуіріндегі алтын ғасырынан кейін айтарлықтай әлсіреп, әлжуаз тартқан әдебиеттің жаңа биікке көтерген қуатты шоқ жұлдыздар шоғыры Николай Тихонов, Юрий Бондарев, Сергей Михалков, Виктор Астафьев, Василий Белов, Федор Абрамов, Николай Рубцов, т.б. қатарында Феликс Кузнецовтың орыны ерекше. Осы алыптар тобының ажары мен айбыны, пассионер тұлғаның әдеби өмірге белсене араласуымен орыс әдеби сыны жаңа биікке көтеріліп, кеңістігін кеңейтті. Феликс Кузнецов Мәскеу Жазушылар одағының хатшысы, Әлем әдебиеті институтының директоры болып жұмыс істеген жылдары әдеби процесте жанартаудай жарылыстар жасады. Оның «Ең тамырлы «Қазіргі қарасөздегі деревня тағдыры», «Отандық классика дүниесінде» атты тамаша терең фи­ло­софиялық еңбек­терінде әдебиетке деген шексіз сүйіс­пеншілігі, уайымдауы мен мазасыздануы айқын көрініп тұрды.
Феликс Кузнецовтың: «Тынық Дон»: ұлы романның тағдыры мен ақиқаты» атты кітабы орыс әдебиеті үшін ғана емес, әлем әдебиетіндегі жаңалыққа толы жарылыс болды. Бұл Ұлы еңбекте ешкім, ешқашан жоққа шығара алмайтын негізгі ақиқат дәлелденді» – ұлы роман жазушы Михаил Александрович Шолохов қаламынан туған!
Әлемдік деңгейдегі талант Феликс Кузнецов қазақ әдебиетінің жанашыры, қазақ халқының айнымас досы еді. Ол қазақ әдебиеті туралы мақалалар жазып, биік баға берді. Қазақстанда бұрын сан мәрте болған ол Қазақстан Жазушылар одағының
70 жылдық мерейтойына Ресей әдебиетшілерін бастап келді: 2005 жылы мамыр айының
30 жұлдызында ол Абай атындағы Опера және балет театрында өткен мерекелік кеште М.Шолоховтың сонау бір жылдары Қазақстан жазушы­ларының съезінде сөйлеген, бұған дейін еш жерде жарияланбаған сөзін архивтен тауып, оның бірінші жариялану құқығын «Казахстанская правда» газетіне берді. Сол күні кешкісін ол алыс, жақын шетелдерден келген мәртебелі меймандарды бастап, менің үйіме келіп еді. Ақ дастархан басында айтылған салиқалы әңгіме, салмақты ой ешкімді бейжай қалдырған жоқ.
Феликс Кузнецов бұрынғы КСРО Жазушылар одағының мұрагері – Жазушылар одақтарының Халықаралық Атқару комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде қазақ қаламгеріне көп қамқорлық жасады. 2000 жылы «Жиыр­­масыншы ғасыр» атты роман жайлы Мәскеуде баяндама жасап, менің көп жылдық еңбегіме аса жоғары баға беріп еді.
Ол Сөзі Ресей мен Қазақстанда БАҚ-та жарияланды.
Феликс Кузнецовпен шығармашылық қарым-қатынас жасай жүріп, оның шексіз жұмыс істеу қабілетіне таң қалумен болдым. Оның  «Тынық Дон» жайлы жазған жетпіс екі баспа табақ кітабы көлемімен ғана емес, көтерген жүгімен – бүкіл бір академияның еңбегіне тең!
Міне, сол аса аяулы Феликс Кузнецов та озды өмірден, 85 жасында.
Қош бол, қоштасуға қимайтын асыл Азамат!

Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
 М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың  иегері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір