Әкенің жақындығы
Таяуда бір қазақ әйелінің өз сәбиін шапалақтап ұрып, қорғансыз, бейкүнә періштені жазалаған видео жазбаны көріп, көз жасыма ерік бердім. Жұмыстан үйге барар жолда да сол баланың дауысы құлағымнан кетпей шырылдап тұрып алғандай… Есеңгіреп, өз ойыма өзім тұншығып келе жатқанымда көрші келіншекпен ұшырасып, екеуміз ұзақ әңгімелестік. Кейде сонша адамның арасында жүрсек те, жападан-жалғыз қалғандай құлазитынымыз бар ғой, дәл сондай күйде тұрғанымда әлгі құрбым менің ойымды ұққандай: «Шәй қоя бер, мен қазір саған барамын. Қалғанын сонда жалғастырармыз», – деді.
Үйге кірсем әлгі баланы теледидардан тағы көрсетіп жатыр екен. Сол сәтте көршім де келген еді. Ол мына сұмдықты естіген соң, өзінің өмірі туралы айта бастады. Біраз жылдан бері онымен араласып жүрсем де, жан дүниесіне бойламаған екенмін. Индираның анасы төрт жасында босана алмай қайтыс болып, жалғыз әкесінің тәрбиесінде өсіпті. Құрбым: «Қазақтың «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» дегенімен келіспеймін», – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
– Әке-шешеміз мал баққан кісілер ғой, біз төрт ағайындымыз. Ол кезде есім кіре қоймаған, үлкен ағамның айтуына қарағанда, сол күні анам қатты ауырыпты.
Әкем түннің ішінде шырылдап жылаған нәрестені шүберекке орап, құлақшынға салып, керегеге іліпті де, шешемізді ішікпен жақсылап орап, белін буып өзі атқа мініп аудан орталығына кетіпті. Әдетте ертеңгісін ыстық сүт беретін апамыз орнынан тұра қоймапты. Ағам әлгі шырылдаған балаға жаны ашығанымен, оны қолына алуға жүрексінген көрінеді. Інім екеуміз үнсіз жатқан анамды жұлқылап: «Апа, тұршы! Қарнымыз ашты» дей берген соң, қолымызға бір-бір тілім нан ұстатып, далаға ертіп шыққан екен. Оның «Оқжетпес» дейтін жетім құлыны болыпты. Соның төңірегінен шықпай айналсоқтап жүргенде, біз үйдің маңындағы өзеннің жағасына келіп, тас лақтырып ойнаппыз. Сол сәтте інімнің аяғындағы бәтеңкесі суға түсіп кетеді. Оны алып бермекші болып, мен суға ағыппын. Құдай оңдап, дәл сол уақытта әкем де қасында бір топ адамымен келген екен. Барлығыжабылып, мені құтқарып алыпты. Міне, содан бері әкем бізді жалғыз өзі тәрбиеледі. Ол совхозда еңбек етті. Балаларын ешкімнен кем қылған жоқ. Әрине, ер адамға төрт бірдей баланы асырап, бағу оңай емес. Қатты қиналғанда маңайындағылар мені және екі інімді арнаулы интернатқа өткіз деп кеңес беріпті. Балаларына жаны ашығандықтан солардың айтқанына көніп, өткізбекші де болады.Бірақ «Әке, әкешім» деп алдынан құлдыраңдап шыққан бізді көргенде, жүрегі шыдамай ол ойынан бас тартыпты.
Кішкене күнімізде күндіз әкемізді көрмейтінбіз. Өйткені, таң бозынан жұмысқа кеткеннен кешке бірақ келетін. Оны сағынғанда ауылдың шетіндегі қырман жақтан машинаның жарығы көрінсе, осымен әкем келе жатыр деп елеңдеп отыратынбыз. Кейде ол көліктен түспесе, отыра қалып жылайтынбыз. Бірақ әкемнің құшағына енген сәтте-ақ бағанағы мұңайғанымызды ұмытып қалатынбыз. Ол кісі үнемі екі қалтасына толтырып тәттілер салып жүретін. Түннің қай уағында келсе де, бізді жуындырып, сабаққа киетін киімдерімізді түгендеп қояр еді. Ертеңгісін мектепке барар кезде жұмысқа асығып тұрса да, шашымды өзі тарап беретін.Мен «түзу жасамадың, қисық боп тұр» деп қиқаңдасам, мұғаліміме өтініп өргізетін. Сонда біздің ауылдағы дүкенші апай да Құдайға қараған адам. Дүкенге жаңадан бір зат түсе қалса «әлгі Шәкірдің қызына алып қояйын» деп бізге жаны ашып тұратын. Үш ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болғандықтан мені ерекше аялап өсірді. Әкем бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бақты ғой, бірақ бәрібір бала үшін ананың орны бөлек екен. Ол кез тұрмақ, қазір де қазақтың әйелдері дүниеге бала әкелерде денсаулығына мұқият қарамайды, анам да өзінің дімкәстігіне қарамастан бала көтеріпті. Ақыры не болды? Өз өмірін құрбан етті. Дәрігерлер оған: «Ауруханаға жатып ем ал», – деп ескертіпті. Бірақ анам бізді бес-он күнге жылатпаймын деп өмір бойы жетім етті ғой… Неге өз денсаулығына үстірт қарады екен деп, шешемді сағынғанда іштей жазғырып та аламын. «Мен кішкене кезімде тек анасы жоқ балалар ғана жылайтын шығар деп ойлайтынмын. Енді балаларын қажеті жоқ зат құрлы санап, дәретханаға тастап, саудаға салып, нәрестеге зорлық көрсеткендерді көргенде, әкемнің өте мейірімді, үлкен жүректі жан екенін сезінемін», – деп көзінің жасын сүрте берді.
***
Құрбымның әңгімесін естігенде әкесіне қатты риза болдым. Өмірдің бар қиыншылығына қарсы тұрып, төзімділік танытқан асқар таудай әкенің әр ісінен ізгілікті, өрлікті байқайсың. Ол өзгелерден еш қайыр күтпестен әкелік парызын өтеді. Бүгінде біреуге жақсылық жасаса, ертең оның өтеуін тілеп
отыратын жандарға қарап, обал-сауапты ұмытқан ба деген ойға қалатынымыз да рас. Ал өмірдегі сәтсіздіктерге шыдамай, әлсіздік танытатындар мен өз қателігі үшін сәбиін жазғыратын қатыгез аналардың озбырлығын көргенде, тіпті шошынасың. Анасыз бала өзін панасыз әрі қорғансыз сезінетінін айтпаса да түсінуге болады. Ананың әлдиінің орнына тәрбиешінің қатқыл дауысын естіп, ана сүтінің орнына жасанды тамақ ішіп өскен бала жүрегінің тасқа айналмауы мүмкін бе?..
Перзенті сағынып, өксіп жылағанда кеудесі сыздамаған анадан не үміт, не қайыр күтуге болатынын да өздеріңіз бағамдаңыздар. Жастайынан тағдырдың тезіне түскен сәбидің өмірге деген өкпесі көкірегінде шер боп қатып, өмірі ерімейтін Мұзтауға айналады. «Жетімнің көз жасы ешқашан құрғамайды» дегенді қазақ тегін айтпаған. Осы мәселеге ойлы көзбен қарасақ, дүниеге келген әрбір нәресте жазылмаған ақ парақ секілді тап-таза. Оны қандай жолдармен толтырамын десек те өз қолымызда…
Қиын тағдыры бар адамдардың, жетім балалардың өмірін ойлағанда шарасыздықтан шарқ ұрамыз. Әттең, көкірек сайрағанмен қолдан келер қайран жоқ. Тым болмаса маңдайынан сипап, жылы сөз айтқың келеді.
Адам жанынан төгілген мейірім кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Өмірдің тосын сыйы көп қой, бүгін күліп отырып жыласаң, ертең жылап отырып уанасың. Кеше еңіретіп жылатқан «фейсбук» бүгін көңілімді жұбатқандай болды. Интернет желісін қарап отырып, Зайра есімді қазақ қызының мүгедек жандар мен бірнеше жетім балаларды асырап алғанын оқып, қуанып қалдым. Бұл кісінің өзі жасында жетім өсіпті. Өмірдің таршылығын көрсе де еш қиындыққа жасымай, қайсарлық таныта отырып, осы күнге жеткен екен. Ол: «Мен көмекке мұқтаж адамдарды ізгі ниетті жандардың арқасында асырап отырмын. Бізге көмек қолын созатындар көп. Қазір балаларымның жиырмасы өз алдына отау құрды. Мен осы ортада жүріп, адамдардың көптеген ізгі істеріне куә болдым. Бірде 23 жастағы он екі мүшесі сау, оқыған қыз келіп, көзі мүлдем көрмейтін зағип жігітпен бас қосты. Айналасындағы жұрт оған: «Сен оқығансың, болашағың бар қызсың, неге мүгедек жанға өз тағдырыңды байлайсың», – деп қарсы болды. Сонда әлгі қыз: «Мен бұл дүниеден ештеңе істемей өтсем де, осы жігіттің жанары болайын», – деді. Міне, осыдан артық қандай адамгершілік бар» деген екен.Осыған қарағанда нағыз адам болып қалыптасудың салмағы қара жерден де зіл батпан-ау деп ойлайсың.
Дүниені қара бұлт басқандай түнеріп жүргенде, осындай адамдардың жан жылуы әлемге жарық сәуле шашқандай әсерде боласың. Ал өмірге ғашық оптимистермен тілдескенде, кеудеңді қуаныш кернеп, өзіңді бақытты сезінесің. Айтпақшы, «Бақыт» дейміз-ау! Бақыт деген не өзі? Біреулер бақытты байлық, ақша, ал келесілері деннің саулығы, бастың амандығы деп түсінеді. Сол бақытқа жетеміз деп жүргенде Алла берген денсаулықтың да қадірін ұмытып кететін кездеріміз болады. Он екі мүшеміз сау отырып, өзгелерден көмек күтеміз. Біреуге өкпелейміз. Өмірдің өткінші қиындықтарына төзбей, өзімізді шыңырауға тастап жібереміз. Ал мүгедек жандардың өмірге деген құштарлығына қарап сүйсінесің. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі қоғамнан өз орнын тауып, игілікті істер атқаруда. Өз ағзасын ішкілікпен улап, маскүнемдікке салынған рухани мүгедектерді сауықтыру үшін арнайы орталықтарда олардың еміне қыруар қаражат жұмсалады. Ал шын мұқтаж жандарға қажетті нәрселерді табу қиынның қиыны. Жетімді ойлағанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ғана емес, қарттар үйінде екі көзі төрт болған әке мен ананың тағдыры да еске түседі. Қартайған шағында қараусыз, қорғансыз қалған қарияның көңілі жетім баладан да бетер. Оны ештеңемен қуанта да алмайсың. Ішіндегі шемен боп қатқан қайғыны көкірегін қарс айыра күрсінумен ғана шығарғандай болады. Олар өз-өзін асырай алмағанына, материалдық мұқтаж болғанына мүжілмейді. Тек өзі мәпелеп өсірген ұрпағының тасбауырлығынан жетімсірейді. Әкенің батасын алмай, өсіп-өнем деу бекер екенін жастайынан құлағына сіңіріп өскен кешегі аға ұрпақ қана сезінетіндей. Бүгінде ата-ананың пікірімен санаспай, өз қалауымен күйдім-сүйдім деп үйленіп, ертең екі жаққа кетіп жататындар қоғамда жетіп-артылады. Жетім бала туралы ойласақ, ана мен әкенің мейірімсіздігіне күйінесің, ал жетімнің күйін кешкен қартты көргенде, еріксіз қайырымсыз балаға лағынет айтасың. Біздің қазіргі жағдаймыз басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін кедейдің келте көрпесін елестететіндей. Кешегі «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» қазақтың бүгінгі ұрпағының тағдыры осындай.
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.