Алыстағы ағайынның қадірі
Ауыт Мұқибек
Қазақ қазақ болғалы пешенесіне жазылған ауыр күндердің қаншасын зармен өткізді екен. Жылай беруге себеп жоқ десек те, өткен күнді ойға алған кезде Жер-Ананың алып құшағына тарыдай шашылып кеткен қазақ бауырың есіңе түсіп, жүрегіңе қобыз ойнатасың…
Тәуелсіздікке ширек ғасыр толғанда атажұртқа қайтып, қазан көтерген ағайынның оты өшпегей деп тілейсің. Осы уақыт аралығында қанша бауыр таптық, қанша дос тұттық. Ағайынымыз көбейсін, іргеміз кеңісін.
Ақын Ауыт Мұқибек неше жылдан бері көші-қонға байланысты мәселелердің басы-қасында жүр. Алыстағы ағайынның атажұртқа ат басын бұрғанына жиырма бес жыл толуына орай ақынмен сұхбаттасқан едік.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары атажұртқа оралған қандастарымыз жергілікті ағайынмен тез туысқандық қарым-қатынасқа түсіп, ағайынды адамдардай аралас-құралас боп кетті. Кейінгі келіп жатқан бауырларымызда бір жатырқау бардай көрінеді. Осының себебі бар ма?
– Уақыттың, заманның өзгеруі ме, сол алыстан келген ағайынға деген бауырмалдық пен ілтипат сезім бұл жақтан да азайып бара жатқан секілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шеттегі ағайынның оралуы Еліміз үшін бір зор жаңалық болды. Ұзақ жылдар бойы бір-бірін сағынған, көрсем деп зарыққан, бодандықтың текпісін әбден көрген ондағы ағайын бейне тоспадағы су секілді еді. Мұндағы халық та оларды тандыры кепкен қағыр даладай күтіп жатты. Тоспаны ағытып кеп жібергенде, жұрт атажұртқа бірден лап қойды. Сосын, еркіндігін енді ғана алған жас мемлекеттің алдында істеуге тиісті уақыт күттірмейтін бірнеше ірі істер тұрды. Ол – жоспарлы шаруашылықтан нарықтық экономикаға көшу.
Ол – көрші елдермен шекараны бекіту. Ол – тажал қарудан құтылу. Ол – БҰҰ-на мүше болу. Ол – Ел астанасын Арқа төсіне көшіру. Ол – 37 пайыз ғана қазақтың үлес салмағын көбейту. Ол – шеттегі қандастарды шақыру… Міне, ширек ғасыр өте шықты. Осының бәрі қазір орындалды. Шетпен қарым-қатынас жиіледі. Мен айтар едім, сол шешуге тиісті мәселелердің ең басында Көші-қон тұрды. Ең маңыздысы да – шеттегі қандастарымызды оралтуға арналған саясат болды. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен «Басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары» туралы 1991 жылы 18 қарашада КСР Министрлер Кеңесіне №711-ші арнайы Қаулы қабылдатты. Тәуелсіздікті жарияламай тұрып. Демек, осының бәрі бұрын тосын оқиға болса, әзір адамдар көп мән бере бермейтін өткен күннің оқиғасына айналды. Тәуелсіздіктің тумалары үшін бұл – бұрыннан бар нәрсе секілді сезіледі. Көші-қон да бүгін өз арнасын тапқан, бір ізге түскен қалыпты үрдіске айналды. Сізге қызық емес. Алғашқы келген кісілерді қызық көріп сөзге тартатынсыз, олардан жаңалықтар естігіңіз келетін. Біз келгенде солай болатын. Кіммен кезіксең де саған сұрақтарын жаудырып жататын. Жылы сөздерін айтып, арқамыздан қағатын. Бір көмегін жасап жібергісі келіп тұратын. Қазір «Келдің бе, бауырым!» деп құшақ ашып тұрмайсыз. Бір қарайсыз да, бас изеп өте шығасыз. Өйткені, Сізге бәрі түсінікті! Содан барып енді ғана келіп тұрған ағайын именшіктеп тұрады. «Жатырқаудың» себебі осы шығар. Бірақ бір нәрсені баса айтқым келеді, мемлекетіміз үшін Көші-қон саясатының стратегиялық маңызы, тарихи мәні сол деңгейінен бір елі төмендеген жоқ. Бір күн де ақсатуға, аялдатуға болмайды бұл үрдісті. Күн сайын еске салып, дәріптеп отыруға міндеттіміз. Көшті көлікті ету әрбір басшының мемлекет алдындағы парызы.
– Тұтасып кетуіміз неге ұзаққа созылып жатыр?
– Арғы беттен келген бірінші буынның «шеттен келді» деген күміс қоңырауы бар. Оның сылдырлағаны сылдырлаған. Сылдырламай қалса, өзіміз сылдырлатып қоямыз. Ал тұтасу үшін буын алмасу керек. Бізді тұтастыратын сол жас буын. Тіпті, туа салып келіп, мектепті осында оқыған балалар өзін шеттен келген адам ретінде сезінбейді. Сондықтан бұл мәселеге түсіністікпен қарау керек. Сосын осы жерде анықтап алуға тиісті бір сұрақ туады. Кім кімге бейімделу керек?! «Шеттен келген ағайында қазақылық сақталған. Әсіресе, Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыздың салт-санасы мен тілі бұзылмаған» деп өздеріңіз көп айтасыздар. Ол – рас енді. Біз үшін жергілікті халықтан алғанымыз, аларымыз да көп. Бір қарасаң, екеуі тауық пен жұмыртқа секілді. Бірінсіз бірі болмайтын дүние. Түбін қусаң, бәріміз бір атаның баласымыз. Сондықтан екі жақ та өзінікін ғана дұрыс санамай, бірін-бірі жазғырмай, ортақ ұлттық құндылыққа қарай қол созғаны, қадам басқаны, мемлекеттік мүддені бірінші орынға қойғаны жөн.
– Өзіңіз көш мәселесінің басы-қасында жүрсіз. Көпке белгісіз, құжаттық мәселелерде оңтайлы шешім тапқан қандай тұстары бар?
– Көші-қон туралы Заңның Қытайдан келетін қазақтар үшін сотталғанының бар не жоқ екенін дәлелдейтін «Анықтама» талап етілетін бап біздің жерлестеріміздің тұрақты тіркеуге тұруына әлі қиындық тудырып келеді. Ал қалған тұсы ауыз толтырып айтуға тұрарлық жақсы. Жеңілдіктер де көп қарастырылған. Мәжілістегі біраз қолайлы баптардың енуіне өзіміз көмектестік. Көп кедергінің жолы кесілді. Депутат ағайындарға алғыс айтуымыз керек. Елбасымыздың үлкен саясаты дұрыс. Көштің көліктірек болып кетуіне қарсы топтардың да жоқ емес екенін көрдік. Ең бастысы, қандастарымызға деген биліктің көзқарасы өзгеріп келеді. Қазір «Олар бірдеме алу үшін келеді, сұраншақ…» деген теріс пікірлер айтылмайтын болды. Қандастарымызды мұндай жаладан олардың өздері нақты ісімен ақтап шықты. Мысалы, Үкімет 1259 отбасыдан тұратын оралмандарды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекітті. Ал алғашқы тоғыз айда көшіп келген қандастарымыздың соңы одан тоғыз есе көп. 11488 отбасы. Соған қарамастан сол қазақтар өз бетімен көшіп келіп жатыр. Үкіметке маған квота бермедің деп өкпелеген біреуі жоқ.
Көшіп келіп, «Оралман» мәртебесін алған қандастарымызға Заң бойынша шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi. Ол жер учаскелерi оралмандарға конкурссыз, аукционсыз беріледі. Бұл туралы мен үнемі айтып келем. Бірақ біздің ағайындар өздерінің сол құқықтарын біле бермейді. Астанаға жақын маңдағы бір ауданға арнайы барып, әкімімен осы мәселе туралы сөйлестім, қандастарымызды қойып, бұл Заңды атқарушы биліктің өзі – аудан әкімдері де білмейді екен. Қазір сол әкім өз ауданына көшіп келген ағайынға жер телімдерін бергелі жатыр.
– Неге көп ағайындар қазіргі кезде атажұртқа көшіп келгісі келмейді? О жақтан әлеуметтік жағдай жақсы болғандықтан ба? Әлде, өзге себептері бар ма?
– Бәрін бір шыбықпен айдауға келмес, дегенмен көшіп келгісі келетіндердің саны көп. Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышевтың жақында ғана берген мәліметіне қарағанда, Қытайдан өзге мемлекетке шығуға құжаттары толық 800 мыңнан астам қандасымыз бар екен. Мен жақсы білем, Қытайдағы қазақтар өзге шетелдерге емес, тек Қазақстанға келу үшін құжат рәсімдейді. Демек, тең жарымы келуге ниетті деген сөз. Әлеуметтік жағдайға келсек, қандастарымыздың өмір сүруіне, шаруашылық ашуына, әрине, Қазақстан тиімді. Көп елмен, әсіресе Қытаймен салыстырғанда, біздің елде ішіп-жем товарлары әлдеқайда арзан және таза. Жанармай да солай. Жер де кең… Бір нәрсені ашып айтайын, шеттегі қазақтарға «Қазақстан деген тәуелсіз Отаның бар екен, соған көшіп бара ғой, мә құжатың, мә көлігің!» деп отырған ешбір мемлекет жоқ! «Бармайсың, осында мәңгі қаласың!» деп отырған ешбір ел тағы жоқ! Меніңше, келем деген қазаққа жол ашық. Бәрі олардың өз ниетіне байланысты. Өзіңіз де жақсы білесіз, кеше ғана дүниеден озған И.Кәрімов тұсында Өзбекстан Солтүстік Кореядай оқшау болмағанымен, соған жетеғабыл жабық болды. Соған қарамастан, ондағы қазақтар ебін тауып атажұртқа ең көп оралды. Мәселе шеттегі қазақтардың өзінде. Мынау Түркиядағы, Еуропадағы қазақтарды ешкім байлап отырған жоқ. Жағдайлары да жақсы. Бірақ көшіп келгісі келмейді. Екінші бір себеп, 2013 жылы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп қабылданған Заң жобасы көшіп келген ағайынды әбден сарсаңға салды. Шеттегі ел содан шошып қалды…
– Визаның үш жыл көп мәртеге созылғанының қандай тиімді тұстары бар?
– Бұл енді айтпаса да түсінікті жағдай. Жоғарыда айттым ғой, Қытайда өзге мемлекетке шығуға құжаттары толық 800 мыңнан астам қандасымыз бар деп. Қытайдан Қазақстанға шығатын тек қазақтар ғана емес, ханзулар тіпті көп. Басқа ұлттар да бар. Виза алу үшін кезекке тұруың керек. Ол, әсіресе, оқуға келетін жастар үшін басты кедергі болып келді. Саудабаев Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде қазақтарға виза үш айға үш-ақ мәртелі етіп берілетін күйге түскен. Оны Е.Ыдырысов қайта қалпына келтіріп, бір жылға көп мәртеге көбейткен. Өткен жылы Мәжілісте Көші-қон заңы талқыланған кезде, біз оқуға келетін жастарға кезексіз виза беруді заңдастыруға ұсыныс жасағанбыз. Бұл ұсыныс депутат Нұртай Сабильянов жағынан көтеріліп, үш отырыста талқыға түскен. Төртінші отырыста Сыртқы істер министрлігінің өкілі Керім Қожамбердиев мырза үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібін жолға қоюға уәде берген болатын. Міне, Сыртқы істер министрлігі сол уәдесінде тұрды. Ендігі жерде Қытайда тұратын қазақтар Қазақстанға келуге виза аштыру үшін Үрімжіге үш жылда бір-ақ рет барады. Керемет жетістік! Қапы қалмау керек қандастарымыз!
Ерлан Ыдырысов ұлтымыз үшін Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық, өте биік деңгейдегі шешім жасады. Өз кезегінде, бұл шешім – Қазақ көшінің
25 жылдық тойына жасаған баға жетпес СЫЙЛЫҚ болды деп бағалаймын мен. Егер әр министр, әрбір шенеунік Елбасымыздың Көші-қон саясаты үшін Ерлан Әбілфайызұлының деңгейінде жұмыс істесе, біздің Үкімет айқындаған жеті өңір бір-екі жылға қалмай қазаққа толып кетер еді.
Өзіңіз де байқап отырған боларсыз, Көші-қон саласындағы соңғы оң өзгерістердің бәрі Ұлт Көшбасшысының тікелей пәрменімен болды десек, екінші жағынан өзіміздің де соңына түсіп сұрауымыздың нәтижесінен болды дер едім.
– Руды білу, текті, тарихты білу жақсы. Бірақ о жақтағы бауырларымыз да алтайлық, құлжалық болып бөлінеді. Осының себебі не? Оспан батырға байланысты оқиғаны көп айтады…
– Атажұртқа қазақ тек Қытайдан ғана оралып жатқан жоқ. Әлемнің көптеген елдерінен көшіп келіп жатыр. Кезіндегі кеңестік республикаларда қалып қалған қазақтар басым орынды ұстайды. Әсіресе, Өзбекстаннан келетіндер. Ресей мен Қырғыздан да там-тұмдап. Оларды тәрбиелеген жүйе ортақ. Тілді жақсы біледі, құжат жию, толтыру қиынға соқпайды. Келеді де, тез сіңіп кетеді. Ал Қытай мен Моңғолиядан келетіндердің жағдайы басқашалау. Содан болу керек, олар көзге көбірек көрініп қалып жатады. Сөзге де көп ілінетіндер – солар. Дұрыс айтасыз, Руды білу, текті, тарихты білу жақсы. Қазақтың осы жақсы қасиетін кезінде бізді билеген империялар өңін аударып, өз мүддесіне өте жақсы пайдаланды. Ұйып отырған ұлтты ыдыратудың таптырмас құралына айналды бұл менталитетіміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек еді. Бірақ біздің аз санды ағайындар сол жаман індетті атажұртқа ала келгені жүрек ауыртады. Кейде соның салқыны үлкен істерге, ұлттық деңгейде ортақ ұйысып шешетін жұмыстарға тиіп кетіп жатады. Өте өкінішті жағдай бұл. Бұл туралы сәл кейінірек тағы тоқталатын боламыз.
Ал Оспан батырға келсек, Оспан Исламұлы – Өр Алтайдың тумасы. Біздің ұлттық мақтанышымыз. Оны бүкіл дүниежүзі таныды. Ерлігін мойындады. Тарихтан өз бағасын алды. Есімі Ұлт-азаттық көтерілістің басында аты аталатын батырлардың сапында тұр. Бір сөзбен айтқанда, жұлдызы мәңгі сөнбейтін тұлға. Моңғол тілінен Ақеділ Тойшан аударған бір мақаладан оқығаным бар. АҚШ Орталық барлау басқармасының қызметшісі, Совет атом жобасы туралы Шыңжаңда мәліметтер жинаумен айналысқан Дуглас Маккиернан «Байтаг тауындағы қазақ иісті жұрт Оспанды адал, сайыпқыран қолбасшы деп санайды. Оның себебі, Оспан өз жерлестерін өр Алтайдағы байырғы қонысына орналастырады деп үміттенеді» деп қорытынды жасаған екен. Бұл – 1947 жылдардағы дерек.
Мен Сізге бір-ақ оқиғаны айтайын, 1944 жылы 7 қазанда Акпар мен Сейіт бастаған бес жүздей атты қосын өз мекені Нылқы ауданын басып алып,
7 қарашада Құлжаға лап қойды. Құлжаның барлық ауданы атқа мінеді. 12 қарашада Құлжа қаласы маңы түгелдей партизандар қолына өтті. Төңкерісшілердің екпінінің, қуатының күштілігі соншалық, Гоминдаң билігіндегі Шыңжаңның әскери әкімшілік істерінің қолбасшысы Жу Шаулияңның Үрімжіде шұғыл әскери істер мәжілісін ашып, бес бағытқа бөлініп Құлжаға көмекке баруды, Құлжаның солтүстік қала маңындағы үш орында бекініп жатқан Гоминдаң әскери бөлімдерімен тізе қоса отырып, Құлжаны қайтарып алуды бұ-
йырды. Дивизия командирі Лию Ишияңға запас 7-дивизия штабын және төте қарасты әскери бөлімді, жаңа 45-дивизияның 3-полкін (бір батальон кем) бастап, оған және соғыс автомобиль атреті мен екі зеңбірек қосып беріп, Үрімжіден Құлжаға көмекке баруға тапсырма берді. Қысқасы, Гоминдаң үкіметі Шыңжаңдағы ең негізгі әскери күшін Құлжаға жіберді. Немерелес екі батыр осы шайқаста арт-артынан оққа ұшты.
Дәл осы сәтте, нақтылап айтсам, 1944 жылы 12 қарашада Әлихан төре басшылығымен «Құлжа азаттық ұйымы» ұйғыр, қазақ, қырғыз клубында жиналыс ашып, «Шығыс Түркістан Республикасын» құрып үлгерді. Ондағы бүкіл түркі тектес халық ортасына сары Ай, жұлдыз орнатылған жасыл түсті Мемлекет туы астына топтаса кетті. Республика үш аймақта, жүйеден бүкіл Шығыс Түркістанда өз әкімшілік мекемелерін орнату жұмысына кірісті. 1945 жылы 12 қаңтарда ШТР Уақыттық үкіметінің Әскери істер меңгермесін құруды бекітті. Ұлттық армия жасақталды. Ұлттық армия жорық жасап Манас өзенінің батыс жағасына келді. Үрімжіге 150 км. ғана қалады. Жол бойындағы елді мекеннің бәрі жаудан тазартылады. Төңкерісшілердің екпінінің, қуатының күштілігі соншалық, Жу Шаулияң Орталыққа – Жаң Жиешіге сегіз сағат ішінде үш рет жедел телеграмма жіберіп, «Қолда жұмсарлық әскер тапшы, сыртқы жақтан келер көмек жоқ. Үрімжі қауіп астында қалды. Мен міндетімді адал атқарып, ақтық деміме дейін алысып, партия мен мемлекет алдындағы борышымды ақтаймын. Сіздің тезірек ақыл көрсетуіңізді сұраймын!», – дейді.
Оспанның ерлігі төрткүл дүниеге аңыз болып қалғанымен, оның бүкіл Шығыс Түркістан халқын артынан ертуге мүмкіндігі болған жоқ. ШТР үкіметімен байланыс жасамақ болып, Ілеге жіберген 12 кісі Гоминдаң армиясы мен сақшыларының тосқауылына ұшырап, Шиху маңынан кері қайтады. Есесіне, Оспан батырмен замандас әр өңірдің өз батыры, өз қолбасшысы болғанын айтуымыз керек. Мысалы, Еренқабырғада Қалибек Райымбекұлы, Нұрпай, Тәкіман. Іледе, жоғарыда айтқан, Әкпар Есбосынұлы (1911-1944) мен Сейіт Көрпебайұлы (1916-1944). Тіпті, Оспанмен жерлес Сұлубай, Ақтеке, Рысхан, Нұрғожай батырлардың ешқайсысының ерлігін бір-бірінен кем бағалауға болмайды. 1944 жылы сәуір айының бас шенінде Шіңгіл ауданының Бұлғын өзені алабында Алтай партизандар қосыны құрылғанда Сұлубай бас қолбасшы болып тағайындалған. Осы тұлғалар түгелге жуығы азаттық жолында мерт болды. Ал аты аталмай келе жатқан батырлар тіпті көп. Қалибек хакім туралы баласы Хасен Оралтай өшпес еңбек жазды. Нұрғожай батырдың естелік кітабын оқыған боларсыз, «Азаттықтың өшпес рухы» деп аталады. Әкпар мен Сейіт туралы сіздер көп біле бермейсіздер.
Алтай аймағын «Шығыс Түркістан Республикасының» құрамдас бөлігі етіп бекітіп, Алтай аймағын және оның қол астындағы басқарма, мекемелерді құрып, Оспан Исламұлын Алтайдың уәлилігіне тағайындаған осы Шығыс Түркістан Республикасы, оның жетекшісі Әлихан Төре. Бұл – тасқа басылған тарихи шындық. Неге екені түсініксіз, Оспан батыр жайлы сөз болғанда осы жағы көп айтыла бермейді. Алауыздық неден тарайды? Осындай «ала қойды бөле қырқудан»! Біз тарих алдында, ата-баба аруағы алдында қиянат жасамағанымыз жөн.
Бірақ Оспан Исламұлы өзінің сол ұстанымын өзгертпеген күйі, ештеңеден, ешкімнен тайынбастан туған халқы мен өлкесі үшін барын салды. Қиын сәттерде бір кездегі жауымен де ымыраға барды. Керек болса, қасқайып тұрып алтын басын да қиды.
Ол – бәрібір Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің батыры болып қалды…
Оспан туралы тегін сұрамаған шығарсыз. Мен тарихшы емеспін. Бірақ өзіңіз айтқандай, тарихты біле жүрген жақсы. Бөліп-жаратын дәнеңесі жоқ, Оспан – менің де бабам. Идеалым. Сол дәуірде жасасам, менің де сол Оспандардың қасында жүруім әбден мүмкін. Артық көрмесеңіз, осы жерде бір екі-ауыз әңгіме айта кетейін. Батыр бабалардың ерлігін дәріптеген дұрыс. Рухын жас ұрпаққа сіңірген жөн. Ол – ру-руға, жер-жерге бөлініп алып, жалаң той жасап, ас берумен бітпейді. Біз осы батырлардың арманын орындауға күш жұмсауымыз керек. Құдайға шүкір, қазаққа азаттық таңы атты. Шығыс Түркістанда емес, үлкен қара шаңырақ – Қазақстан даласында атты ол таң. Уақыт, тарих солай ұйғарды. Көшке жол ашылып, шекара сыртында қалған қазаққа осында келуге зор мүмкіндік туды. Келдік. Міне, 25 жыл болды, сол көштің басталғанына. Енді артымызға бір бұрылып қарайықшы: Тәуелсіздік алғалы 981743 қазақ оралыпты. Бұл – жалпы Қазақстан халқының 5,5 пайызын ұстайды екен. Соның ішінде Оспан атам ауылы жақтан келгеніміз 12 пайыз ғана! Небары 120 мыңға жетпейтін мөлшердегі қазақ. Ал Қытайда әлі 1,5 миллион қазақтың мұрты бұзылмай отырғанын ойласам, арқамнан суық тер бұрқ ете түседі. Жасыратын түгі жоқ, осы қазақтар өзімізді ең отаншыл, патриот санаймыз. Шетімізден зиялымыз. Алды АҚШ, Жапониядан оқып, докторлық атақ қорғап келді. Кәсіпкерлікпен айналысып, табысқа жеткендеріміз де жетерлік. Бірақ соның бірде-бірінен аудан әкімі, Парламент депутаты, министр шыққан жоқ. Оны қойып, Үш аймақтан келген ағайынды бір дастарқан басына шақырып, ортақ мақсатқа ұйыстыратын бір тұлға шықпады. Тек той-томалақ, ас-нәзір ұйымдастырудан арыға аса алмады. Өте өкінішті, ұят жағдай! Ұлттық деңгейдегі маңызды шараларды бірлесіп жұмыс істейтін кез жетті бізге!
– Биыл Қазақ көшінің басталғанына да 25 жыл толды. Осы күнді «Ұлттық көші-қон күні» етіп белгілеуді көтергеніңізді білем. Нәтиже бар ма?
– Көшке қарсы болып жүргендер мойындасын-мойындамасын, 25 жылда атажұртқа бір миллион қазақ шеттен келіп үлгерді. Ол көштің жолын ашқан – манағы 1991 жылғы 18 қарашада КСР Министрлер Кеңесі шығарған №711-ші Қаулы. Алматыдағы Президенттің мұрағатынан сол Қаулының түпнұсқасын тауып, көшірмесін алдық.
Демек, Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ел тәуелсіздігін алмай жатып аса көрегендікпен жолға қойған Тұңғыш һәм Ұлы саясаты! Елбасы бұл салаға үнемі мән беріп, қолдап келеді. Қандастарымыздың көбейгені – көбейген! Бүкіл қоғам соның стратегиялық маңызын, тарихи мәнін толық түсінуі керек! Тұңғыш Президенттің осынау Ұлы еңбегінің тарих бетіне алтын әріппен жазылары шындық. «Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін»-депті Елбасымыз. Біз оны жас ұрпақтың зердесіне уақ-уақ салып, дәріптеп отыруға міндеттіміз. Сол үшін «18 қарашаны» «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеп қойсақ, артық болмайды. Бұл мәселені бірінші болып, 29 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетінде көтердік. БАҚ іліп әкетті. Халық та қолдап отыр. Мексикада «Өлілер күні» деген күн бар екен. Қарашаның 1-і мен 2-сі күндері халық ол «мерекені» үлкен салтанатпен атап өтеді. Оған қарағанда, Қара шаңыраққа миллион тірі қазақ қосуға негіз болған Қаулы шыққан күнді неге заңды мереке етіп белгілемеске, тойламасқа.
Бірақ біз Үкіметтің ол күнді мерекелер тізбегіне кіргізуіне қарап отырмай-ақ, тойлауды биыл бастап кетуді ұйғардық. «Қамшы» порталы мен «Қазақ-
стан» ұлттық телеарнасы Ел тәуелсіздігі мен «Қазақ көшінің» 25 жылдығына орай біріккен жоба дайындап, 18 қараша күні Алматыдағы «Студенттер сарайында» «Көш және Көшбасшы» деген атпен мерекелік концерті өткізеді. Концертті ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп ашып береді.
Бұл шараны биыл Қытайдан келген қандастар бас болып ұйымдастырып, бастадық. Ал, келесі жылдан бастап, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден, Түркиядан және Еуропадан оралған қандастарымыз кезек-кезегімен бас болып өткізбек. Өйткені, жекелер жағынан өткізіліп отырған шара болған соң, оған керек қаражатты жекелеген қалталы азаматтардан жиюға тура келеді. Жылда бір өңірден келгендерге бұл оңай салмақ емес. Айналдырған елу-алпыс шақты азаматтың қалтасына түсе беру ыңғайсыз. Оның үстіне, үнемі бір адам не ұйым ұйымдастыра берсе, оның да сүйкімі кетеді. Бара-бара бұл шара ақша табудың көзіне айналып кетуі де мүмкін ғой. Кем дегенде, бес-алты жылда бір айналып келгені дұрыс. Жоғарыдағы аталған елдерден келген азаматтардың қай-қайсысы да өтікізуге қауқары жетеді. Әсіресе, жылда Қауымдастықпен бірлесіп, Кіші құрылтай мен басқа да мерейтойлар өткізіп жүрген Еуропадан келген қазақтардың тәжірибесі мол. Сосын, биыл Алматыда өтсе, келесі жылы Астанада, одан арғы жылы Атырауда… өткені дұрыс. Оған дейін, Үкімет те ойланып, толғанып, бір шешім жасап қалар.
Сұхбаттасқан
Бағашар Тұрсынбайұлы.