Алматыдағы Арқа үні
Биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Егемен ел ұрпақтары ұлы бабалар есімдерін өлмес шығармаларға арқау етіп, өнегелі іс тындырды. Соның бір мысалы, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шет елдердегі бәсі биік өнер бәсекелеріне тайсалмай түсіп, Алаштың атын аспандатып жүрген дарын иесі, дәулескер күйші Назымбек Молдахметовтің «Алтын дән даласының асқақ үні» атты концерті өтті. Кеш иесі дирижерлік еткен, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің қатысуымен өткен бұл концерттің тізгінін ҚР мәдениет қайраткері Тұрарбек Қайралиев ұстады.
Назымбек Молдабекұлы алғашында Арқалық музыка училищесінде күйші Тұрсынбек Әлмағамбетовтің домбыра класында тәлім алады. Өнер жолын қуған талапты жігіт 1985 жылы Құрманғазы атындағы конверваторияға қабылданады. Қасиетті ордада талантты бозбалаға дәулескер домбырашы, профессор, өнер зерттеушісі
Т.Мерғалиевтің шәкірті болу бақыты бұйырады. Оқи жүріп Құрманғазы оркестрінде қызмет етті, Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайым, Орынбай Дүйсендердің алдын көріп, шеберлігін шыңдады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дарынды домбырашы қазақ өнері тұншығып жатқан Қостанайға бет алды. Онда ұлт өнерінің жандануына үлес қосты. Көптеген музыкалық шығармаларды өзі жетекшілік ететін қазақ ұлт-аспаптары оркестріне лайықтады.
Концерт шымылдығы кеш иесі дирижерлік жасаған Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Бұдан кейін азат елімен сағындырып барып қайта қауышқан Алаш арыстарының рухына арналған Қайыржан Мақановтың «Сағыныш» атты туындысымен жалғасты. «Сағыныштың» авторы кеш иесі Назымбек Молдахметовтің ұстазы екенін айта кеткен жөн.
Қостанай оркестрінің шоқтықты шығармаларының қатарында «Шақшақ Жәнібек» туындысының орны ерекше. Кеш барысында Ермұрат Үсеновтің аталған туындысын Назымбек Молдахметов орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Өнер иесінің жетекшілік етуімен оркестр Айтқали Жайымовтың «Думанды Тобыл» шығармасын тарту етіп, туған жерге деген тағзымын әсерлі күймен жеткізді. Ахмет Жұбановтың туындысы «Көктем» де нақышына келтіріліп орындалды.
Кештің «Алтын дән даласының асқақ үні» деп аталуында ғажап үндестік бар. Құнарлы өлке тұлғалы ұлдарға да бай. Олардың әрқайсысын жырға қосып айту бүгінгі ұрпақ парызы. Ел ардақтылары туралы айтқанда қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановты айтпай кету мүмкін емес. Шоқанды жас күнінде жеңгелері «Кербезім» деп еркелеткен екен. Осы бір деректің өзі «Кербезім» атты керемет туындының дүниеге келуіне ықпал етті. Кезек Ш.Күмісбектің «Кербезім» шығармасына берілді.
«Өнердің тілі бір» демей ме, қазақтың домбырасын серік етіп, күйлерімен сусындап өскен дарын иесі шетел классикасын да терең меңгерген. Н.Молдахметовтің Римский Корсоковтың «Пляска Скоморохов», Л.Андерсеннің «Поездка на Санях» шығармаларын оркестрге лайықты етіп дайындауы сүйсіндірмей қоймайды.
Кештің ерекшелігі, қазақ даласының әр түпкірінен өнер иесін қолдауға өнерпаз достары, әріптестері қатысты. Мәселен, Қызылорда облыстық филармониясындағы ұлт-аспаптары оркестрінің бас домбырашысы Әлімжан Әбсадық «Бұғының күйі» туындысын орындаса, Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының қобызшысы Батырбек Байназаров Ықыластың «Қазан» күйін тарту етті. Кеш қонағы ретінде сексенінші-тоқсаныншы жылдары Торғай облысының өнерін асқақтатқан өнерпаз Сұлтанбек Молдахметов қатысып, Шал ақынның термесін орындады. Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Жанатбек Қадыров «Арқалықтың ақ таңы», композитор Бақытжан Сәуекеновтің «Даланың ару қызы» әндерін орындап, көпшілік көңілінен шықты.
Кеште Италия, Австрияда өткен халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлмира Үмбетова тамылжыта шырқаған Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған Ермұрат Үсеновтің «Арақарағай-Арман-ай» әні мен Кальманның «Ария Сильвы» шығармасын көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады.
Халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Еңкебаева, Елизавета Мызина кешті әсем әнмен әрлеп, өнерлерін ортаға салды. Қарағандыда өткен жас музыканттар фестивалінің лауреаты, Жазира Қалиева Е.Нұрымбетовтің «Балдырғанын» сазсырнайда сызылтты.
Өнер иесін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры-Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. «Қостанай облысынан келіп тұрған Назымбектің шығармашылық кеші өте жақсы деңгейде өтті. Бұлай болатынының да негізі бар. Өйткені, Торғай, Қостанай өңірінен кешегі өткен үлкен сазгерлер Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев ағаларымыз, Қайыржан Маханов, Қазыбек Әбенов, Айтбай Мұздаханов, Қалибек Дербісалин, Бақытжан Сәуекенов, Мейрамбек Қабышев, Ғазиза Жұмакенова, Болат Хамзин, Анар Мұздаханова секілді республикамызға танымал өнер тарландары болып шыққан. Қасиетті топырақтың киесі Назымбекке де дарыған» деп шығармашылығына табыстар тіледі. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің атынан арнайы диплом табыстап, сый-сияпат жасады. Белгілі композитор Ермұрат Үсенов те кеш иесіне жылы сөзін арнады.
Сонымен бірге, Зәмзәгүл Әбдіғапарова «KAZGOR» жобалау академиясының атынан құттықтауын жеткізді. Ал Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов мұндай кештер өңіралық мәдени-рухани байланысты нығайтатынын атап өтті.
Концерт соңында Назымбек Молдахметовтің жетекшілігімен «Сарыарқа» күйі орындалды. Кеш иесі жиналған өнерсүйер қауымға алғысын білдірді.
А.ИСЛӘМБЕК.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.