БАҚЫТТЫҢ ҚАДІРІ…
Алтай ТАЙЖАНОВ,
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы,
профессор
Ең алдымен біз Тәуелсіздіктің ұлтымыз үшін қандай құндылық екенін терең пайымдай білуіміз керек. Егер Тәуелсіз Ел болмасақ, жеке саяси-әлеуметтік, экономикалық, құқықтық тұрғыдан дербестігіміз де, азаматтығымыз да, ұлттық болмысымыз да болмас еді. Тәуелсіз Ел болғандықтан, әлемдік қауымдастықта өзіндік орнымыз бар.
Ал ҰЛТ-этностың мемлекет болып қалыптасқан ең жоғарғы формасы. Біз өзімізді ұлт ретінде Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасқан уақытынан бастап сезіндік. Уақыт өте келе бұл тәуелсіздігімізден айырылып, оны 25 жыл бұрын қайта жаңғырттық. Демек, этностың ең жоғарғы формасына айналдық. Әлемде мемлекеті жоқ ұлттар көп. Біз бұл тұрғыдан алғанда бақыттымыз.
Қазақ халқына келер болсақ, ол әлемдік тәжірибеде қалыптасқан құқықтық норма бойынша елімізде бірнеше артықшылықтарға ие болуы тиіс: біріншіден, ол – мемлекет құраушы ұлт, яғни мемлекетті қалыптастырушы – қазақтар; екіншіден, ол – титулды, мемлекетке атау берген ұлт; үшіншіден, ол – келімсек емес, осы территорияны баяғыдан мекендеуші автохтонды ұлт. Демек, болмыс та осыны сезіне отырып өзгеруі тиіс. Ол біздің халқымызда өзгерді де. Тіпті, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де шет мемлекеттерге шыққан кезде, мәселен, спортшыларымыз түрлі ұлт өкілдері болғандықтарына қарамастан, жеңіс тұғырына көтерілгенде, біздің Еліміздің Әнұраны ойналып, Туымыз көтеріледі.
«Бақыттың дәмін татқан біледі» дейді халық. Шын мәнінде, отарлық құрсауда болған, тоталитарлық жүйенің қыспағын көрген жандар мұны шынайы сезінетін болар. Ал кейбір жандар Кеңес дәуірінде де жағынып, билікті мақтап өмір сүрді, қазір де мақтаудан алдына жан салмайды. Олар – ұлт тәуелсіздігі мен сана тәуелсіздігінің диалектикасын, олардың ажырамас бірлікте екендігін түсінбейтіндер. Сондықтан, даңғой, демагогиялық лепірумен жүрген жарамсақтар, жандайшаптар, жағымпаздар Ұлттың, Халықтың, Мемлекеттің шынайы Тәуелсіздігін түсінбейді. Алайда, осындай ұрандатушылар жалаң айқаймен бұл ұғымның қадірін кетіріп қана қоймайды, билікке жағыну арқылы «екі жеп, биге шығып», біраз уақыт «жақсылардың» қатарында жүруі де мүмкін. Ал мұны шын ұғынғандар «Мен елім үшін, оның Тәуелсіздігін баянды ету үшін не жасаймын» деп үнсіз ойланып, нақты әрекет жасауы тиіс. Халық та осындай жандарды сыйлайды, құрметтейді, парасатты адамдар қатарына қосып жақсы көреді. Ал мақтаншақтықтың зияны туралы, бүгін бітіргені жоқтардың бұрынғысын қайта-қайта алға тартатынын, бір сөзбен айтқанда, ондай ұлт өкілдерінің болмысының қандай екендігін дана Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Сондықтан, Абайды оқыңыздар дер едім.
Біз құқықтық тұрғыдан отарлаудан құтылғанымызбен, санадағы салғырттықтан, іштегі үрейден, құлдық психологиядан көбіміз әлі құтыла қойған жоқпыз. Жоғарыда айтылған «жағымсыз жандардың» бұдан құтылулары қиын, құтылғылары келмеуі де мүмкін. Өйткені, бұл – олардың өмір салты. Ал осындай адамдар билік басында, әртүрлі деңгейдегі салаларды басқарып отырса, ұлттың ұлттық санасы мен рухының биіктеуі, намысының тіктелуі қиынға түседі. Бұл Сіз айтып отырған әлеуметтік саланың жанды тұстары: тіл, дін, діл және ұлт мүддесіне де қатысты. Өмірде көргенін талғамай қайталай беретін көбіне сәбилер, жас балалар. Ал кәмелетке толған адам да, жетілген ұлт та өзгенің «қаңсығын» «таңсық» көрмейді, керегін екшеп, таңдап алады. Бұны білмеу – біздің бүгінгі кемшін тұсымыз.
«Ширек ғасыр тәуелсіз даму жылдарында еліміздегі өзге ұлт өкілдері Қазақстанды Отаны ртінде сезіне алды ма? Олардың бойынан елге, жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген құрмет байқала ма?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын, өйткені, олардың жетістігіне біз жоғарыда аталған әлеуметтік салаларға қатысына қарай, тіл, дәстүр, т.б.сияқты салаларды меңгерулеріне және құрметтеулеріне қарай баға бергеніміз жөн.
Өзге ұлт өкілдерінің ішінде, әрине, оны сезінетіндері, мәселен, Асылы Осман сияқты қазақ тілінің де, дәстүрі мен салтының да жанашырлары бар, бірақ, олар көп емес. Керісінше, біздің кейбір Солтүстік облыстардағы басқа ұлттың өкілдері Қазақстан азаматтары бола тұрып, біздің ұлттық құндылықтарымызды бағаламау, немесе, әлі күнге шейін империялық санадан ажырамай, қоқан-лоққы жасау сияқты шовинистік көңіл-күй танытуда.
Ал ұлттық сезімі жоқтар біздің орысқол, тілден, ділден, салт-дәстүрден мақұрым қазақтар ішінде де кездеседі. Сондықтан, оларды ұлтына байланысты бөлектеп қарау дұрыс болмайды. Қазақтың жанын қазақ түсініп алмай, билік қазақтанбай, оны өзге ұлт өкілдерінен талап етуіміздің өзі – қате. Сол себепті, ұлт мүддесін, тіл, дін, діл мәселелерін, оның ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты саяси-биліктік тетіктердің (рычагтардың) көмегімен көтеруіміз қажет.
Жалпы адам бақыттың қадірін бірден ұға қоймайды. Мәселен, өзге елдерге, өздерінің тарихи Отандарына қоныс аударған орыстар, немістер, украиндар және т.б. біздің бұрынғы жерлестеріміз Қазақстанның қадірін енді біліп жатқанға ұқсайды. Ал өз еліміздің Тәуелсіздігінің қадірін біздің кейбір қандастарымыз өз елінде жүріп, сезінбей жүргенде, оны өзге ұлт өкілдерінен талап ете аламыз ба?!
Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөз бар. Жалпы халқымыз – шыдамды, төзімді, азды қанағат тұтатын, барын бөлісетін, қонағын Құдайдай сыйлайтын ұлт. Бірақ біз бұрынғы ұстаныммен мәңгі жүре алмаймыз. Өйкені, заманына қарай – адамы, заңы, талабы, ұстанымы. Біз бүкіләлемдік жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Бәз-біреулердің біздің сабырлылығымызды, төзімділігімізді, шыдамдылығымызды – шарасыздық, жалтақтық, қорқақтық деп түсінулері, сөйтіп басынулары бек мүмкін ғой. Ал қонақжайлығымызды дарақылық, шашпалық, тіпті мәдениетсіздік деп түсінсе қайтеміз?! Ендеше, Абай айтқан біз де «заманға қарай өзгеруіміз» керек. Заманға қарай өзгеру үшін бізге білім мен білік, пайым мен парасат қажет. Сонда ғана ұлттық рухымыз, ұлттық мінезіміз қалпына келіп, ұлттық намысымыз тіктеледі. Әзірге Сіз айтқандай бұл салада күмәнді жайттар мен сұрақтар көп…
Ақтөбе қаласы.