Жетісу жерінен жеткен жаңалық
Егемендіктің 25 жылдығы еліміздің әр аумағында орындалып жатқан игі іс-шараларға негіз болып жатқаны мәлім. Атаулы мереке қарсаңында ұлт болашағы мен тұрмысына қажетті бірталай жоспарлар іске асуын Елбасымыздың сындарлы саясатының көрінісі деп білеміз. Жетісу жерінің тарихында бұрын жазылмаған оқиға тіркелді. Қараша айының соңғы күні Алматы облысы халқының риясыз қуанышына, жүрекжарды тілегі мен мол алғысына толы болды. Атап айтсақ, 30 қарашада облыс аудандарында төрт бірдей жобаның тұсауы кесіліп, халық игілігіне берілді. «Қуанышты бөліссең, көбейеді» демекші, облыс жұртшылығының осынау шаттығына біз де куә болып қайтқан болатынбыз.

25 жылдыққа – 25 балабақша
Тұсауы кесілген төрт бірдей жобаның ішіндегі көптің көңілін аулаған, әрі сауапты, әрі болашақ ұрпақ үшін тиімдісі бір күнде бірдей есігін ашқан 25 балабақша болды. Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын жұмысбасты ата-ана мен асық ойнаған бала ерекше қуанды. Қазіргі таңда балабақша мәселесі қай ауданды алып қарасаңыз да шешімін таппай тұр. Қай жерге бас сұқпаңыз, кезегін зарыға күткен бала жетектеген ананы көресіз. Балабақша тапшылығы белең алған бүгінгі уақытта мынандай елеулі жаңалыққа таңғалмасымызға болмады. Бір емес, жиырма бес дегеніңіз бүткіл Қазақстан бойынша сирек кездесетін сан. Бұл уақиғаның елімізге екі түрлі басты пайдасы бар: біріншісі, бүтін бір халықтың әлеуметтік ахуалын түзетіп отыр. Екіншісі, «Мәңгілік Елдің» болашақ мұрагерлерін тәрбиелейтін алғашқы баспалдағы қаланды. Балабақшалардың салтанатты ашылуынан бар көріп-білгеніміз бір-ақ нәрсе: бейбіт күннің бақытты балалары.
Өскелең ұрпақтың келешегі жолында ашылған балабақшалардың артықшылығын атап өтпеске болмас. Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында бой көтерген 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы сөзімізге толығымен дәлел болып отыр. Аталмыш балабақшаның ашылуында өңір басшысы Елбасымыздың балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында атқарылып жатқанын атап өтіп:
– Бүгінгі ашылып отырған балабақшалардың барлығы да жаңа талаптарға сай, балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Кішкентай балдырғандардың болашақта ақылды, алғыр болып өсуіне ықпал ететініне сенемін. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Толайым табыстар мен отбасыларыңызға береке тілеймін, – деп жүрекжарды тілегін білдірді. Үштөбе қаласындағы бұл балабақшаның ерекшелігіне таңданысымызды жасыра алмадық. Себебі, мұнда бір топ инклюзивті, яғни тілінде мүкісі бар балалармен жұмыс істесе, екіншісі денсаулығы әлсіз, жиі ауыратын бүлдіршіндерді тәулік бойы тәрбиелеп, сауығуына үлестерін қоспақ. Тіпті, сол балаларға арналған жедел сатыны да байқадық. Басқа да балабақшаларды күнде көріп жүрміз ғой. Бірақ нақ денсаулығы нашар бүлдіршіндерге жағдай жасайтын балабақшаны жиі жолықтыра бермейміз. Бұл бір отбасыға ғана емес, барша қоғамға пайдалы іс. Біз көрген ойын залы, жатын бөлме, медициналық кабинет, психолог, логопед бөлмелері мен физиотерапия кабинеті көңіл жадырататындай. Екі қабатты ғимараттағы музыкалық және гимнастика залдары ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған екен.
25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын тілге тиек ету керек. Мәселен, Талғар ауданында жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында 2, Талдықорған қаласында және Панфилов, Қаратал аудандарында бір-бір балабақшадан бой түзеді.
25 жылдыққа берілген 25 балабақшаның ахуалын байқап, бағамдағандай болдық. Кейінгі ұрпақтың тәрбие алар орны ойдағыдай болса, нақ орындалған мақсат сол болмай ма?!
Жетісу жаңалығы: жаңа ГЭС
Мереке қарсаңында Сарқан ауданының Лепсі өзенінде қуаттылығы 17 МВт болатын шағын ГЭС-2 іске қосылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі А.Баталов қатысып, Қазақстандағы тау суларының гидроэнергетикалық қорының 65 % Алматы облысында екенін айта келе, өңірде су және жел энергетикасын дамытудың арнайы бағдарламасы әзірленгенін, соның аясында жаңа ГЭС ашылып отырғанын атап өтті.
– Осы ГЭС-ті іске қосудың нәтижесінде өңірдегі электр энергиясының дефициті сағатына
68 миллион кВт-қа азайды. Бұл өте маңызды жетістік, дегенмен меже емес. Қазіргі кезде Қора өзенінде қуаттылығы 26-дан 29 МВт-қа дейінгі тағы 3 ГЭС-тің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса тағы бірнеше нысанның құрылысы жоспарланған. Мұның барлығы өзіміз өндіретін электр энергиясының тапшылығын азайтып, облыстың электр қуаты үшін сыртқа тәуелді болмауына және жаңартылған энергия көздерін дамытуға ықпал етпек. Сонымен қатар, компаниялар жоспарлап, салған ГЭС-тар ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі «Қазақстан» павильонынан көрнекті орын алатын болады, – деді өңір басшысы сөз соңында.
Нысанның салтанатты ашылуынан кейін қатысушылар жаңа ГЭС ғимаратының ішін аралап көріп, жаңа үлгідегі нысанның жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысты. Атап өтсек, Сарқан ауданы Лепсі өзеніндегі шағын ГЭС-2 жылына орта есеппен 67,78 миллион кВт/сағ. электр энергиясын өндіреді. Құрылыстың сметалық құны 4,2 миллиард теңгені құраған. Құрылыс жұмыстары 2014 жылдың тамыз айында басталды. Жобаның авторы және бас мердігері – 500 кВ-қа дейінгі электр желілері мен подстанцияларды жобалау, салу, жаңғырту мен жөндеу саласында еліміздің нарығында алдыңғы қатарда саналатын «АСПМК-519» ЖШС холдингі. Тұрғылықты халыққа жағымдысы сол, жаңа нысан іске қосылғаннан кейін 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мерейтойлық мүсін
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын арқау етіп, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мүсінінің ашылуы өтті. Өткенге оралсақ, осыдан біршама уақыт бұрын Елбасы мүсінін орнату туралы бастаманы жетісулық ардагерлер көтеріп, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған болатын. Игі бастама жүзеге асырылып, Президент мүсіні Талдықорған қаласының орталық алаңындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің скверіне орнатылды.
Көптің басын қосқан жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, мүсін бейнесі көрсетілген соң, құттықтау сөздермен жалғасты. Шаһар басшысы А.Баталов сөз алып, ізгі тілегін былайша жеткізді:
– Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы – қандай құрметке болсын лайық тұлға. Президентке деген халқының алғысы, елінің ақ тілегі шексіз. Бүгінгі шара – ел ризашылығының айқын көрінісі. Бірлігі мен берекесі жарасқан, ырысы мен ынтымағы тасыған, Мәңгілік ел болуды мұрат еткен,
көпұлтты халқымыздың айбыны арта берсін!
Айта кетейік, аталмыш мүсінді тұрғызуда ҚР құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің кавалері, 40-тан астам ескерткіштің авторы Қазбек Жарылғапов және танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Мирлан Азмағанбетовтың еңбегі көп. Ескерткіштің биіктігі 4,2 метр, қоладан жасалынған. Ал тұғырының биіктігі 4,5 метр, ол қоңыр граниттен тұрғызылған екен. Ескерткіштің жан-жағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің аллеясымен толығады деп жоспарлануда.
Бүгінгінің қуанышы – бес жұлдызды қонақ үй
Мерейтой қарсаңында Талдықорған қаласында жаңа талапқа сай қонақ үй кешені пайдалануға берілді. Қаланың оңтүстік-батыс ауданында орналасқан 16 қабатты «Көктем Гранд» көпсалалы қонақ үй кешені жеке инвестордың қаржысына салынған. Тұсауын кескен облыс әкімі А.Баталов:
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ашылып отырған Талдықорған қаласындағы «Көктем Гранд» қонақ үй кешені қаладағы ең заманауи, соңғы үлгідегі, жоғары класты кешен болғалы тұр. Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты жоғары деңгейдегі қолайлы жағдай қарастырылған қонақ үйлерге деген қажеттілік өсіп отыр. Шетелдік туристерге ұсынылған нысандар тізімінде Алматы облысының да көрнекті орындары енгізілген. Туристік сала өңірдегі ең маңызды салаға айналып келеді. Сол себепті де облыс орталығы Талдықорған қаласын көркейте түсу – біздің басты мақсатымыз. «Көктем Гранд» қонақ үй кешені жеке инвестицияға салынған, ортақ іске өз үлесін қосып, Талдықорғанның тартымды қала болуына атсалысады деп сенемін, – деп атап көрсетті.
М.ӘБІШ.