ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛЫҚТАЛҒАН ЕКІ ҰЛЫ
Сабыр Шарипов «Бағаналы елінің жайы» атты очеркінде бұрын Бағаналының байлары келмейді десе, Мәскеудің көпестері жәрмеңкеге бармай қалатын болыпты дейді. Бай болғандары сонша, ауылдары бір-бірінен алыс болса да, малдары араласып, сыймай жататын көрінеді. Адамы да аз емес, 1916 жылғы Бұқара көтерілісіне дейін қырық мың жан болған. Сол қырық мың жанға шаққанда әрқайсына отыз төрт бас малдан келген, бас-аяғы қанша тұяқ болғанын оқырман өзі есептеп алар дейді автор.
Қазір сол бағаналы отырған Ұлытауда ресми дерек бойынша 16 мың адам бар деп айтылады. Жүз жыл бұрынғы межеге жетудің ауылы алыс. Жалғыз он алтыншы жыл емес, отыз екісі, отыз жетісі, қырық бірі бар, бірнеше дүркін қайталанған ажал маусымдары осы кепке түсірген.
«Ақсүйектік деген шешек ауруы сияқты, өзі жазылса да ізі бетіңде қалып қояды» дейтін еді ғой Горькийдің кейіпкері Лука. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген тағы бар. Осы сөздер Ұлытаудың қазіргі халқына жараса кететіндей. Қонақ күтуге, жомарттық көрсетуге қашан да пейілді. Былтырлары Қазақ хандығының 550 жылдығы, ауданның 75 жылдығы деп, одан сәл бұрын Елбасы ат басын бұрғанда да келген кісілерді абыроймен-ақ күтіп баққан. Енді биыл бір шоғыр зиялы қауымның басын қосып, Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың 100 жылдығына орай конференция өткізіп отыр. Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай бастап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұстазы Гүлжаһан Орда мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері Серікқазы Қорабаев, Астанадан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстазы Серік Негимов, Қарағандыдан «Болашақ» академиясының ұстазы Мәуен Хамзин келді.
Бұрынғы қаламгер жұртшылыққа жақсы таныс болған, қазір уақыт үкімімен көңілден көмескіленіп бара жатқан Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың 100 жылдығы… Өздері сол қырғын басталатын 1916 жылы туған. Баубектің ата-анасы 1932 жылы қайтыс болған делінеді, бірақ неден екені айтылмайды. Өзі содан соң Қарсақбайдағы Қаныш Сәтбаев ашқан мектепте білім алып, кейін Алматыға аттанады. Оқуға беріліп, жазушы болуды армандайды. Сол арманына соғыста, қан кешіп жүріп жетеді… Бір мақаласы шыққанда одақтың әр түкпірінен 300 хат алады. Сөзін шығыс ұлы деп бастап, қара сөзбен Махамбетше жырлайды. Елде жүрген Ғабит Мүсірепов, Әбу Сәрсенбаев бастаған зиялылар «жаңа бір талант жарқ етті, енді тек амандығын бере гөр, елге жаны тірі келсе, әдебиетіміз олжаға кенелер» деп отырғанда қаралы хабар ол үмітті бір-ақ кеспей ме… Әбу Сәрсенбаевқа жазған соңғы хатында «Менің «Ком.правданың» 12 нөмірінде басылған «Көнетоз карта үстіндегі ойлар» деген мақаламды кездестірмедіңіз бе, «Жауыздық пен махаббат» деген еңбегімнен үзінді еді. «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді» деген мақалаларым да өзімде сақталмапты. Тігінділерден кездестірсеңіз, жібере көріңіз» деп жазыпты. Сол кезде Баубек 28 жаста-тұғын…
Мұқанның тағдыры сәл басқашалау, бірақ бәрібір мұңлы. Әкесі Арқаға танымал Иманжан Жылқайдаров деген халық ақыны.Байдың тұқымы. Бірақ ұлы Мұқан Алматыда жүріп кедейшіліктің кесірінен өкпе ауруына шалдығады. Неге дерсіз. Өйткені, Мұқан әкесінің атастырып алып берген қызына қосылмай, Алматыға кетіп қалған. Әкесі екеуі сол күйі бір-біріне қайрылмай қойған деседі. Бұны Мұқан шәкірт інісі Әзілхан Нұршайықовқа сыр ғып айтады екен. Кейін Әзағаң қартайған шағында өзінің тәуір көретін інісі Қайсар Әлімге оңашада айтып беріпті. Өкпеге суық тигізуіне тағы бір себеп бар. Әйгілі бір классик жазушының кітабын талдағанда Мұқан қатты сынап жіберіп, бірнеше жыл пәтер ала алмай жүріп қалған сыңайлы. Сөйтіп, адамдардың ашуынан тапқан ауруы 41 жасында ажалына себеп болыпты… Бірақ сол 41 жасқа дейін Мұқан бірнеше жасты тәрбиелеп, кейіне ақыл айтып хат жазып, кейіннен алғашқы әңгіме-мақалаларын шығартып, біршоғыр әдебиетшіні қанаттандырып үлгеріпті.
Осындай тағдырлы адамдардың 100 жылдығын елі тойлап жатса, келген жұрт әрі қуанып, әлі көңілдерін әнтек-әнтек мұң кернейтіндей. Ұлытауды «ұлттың жасы кеппеген орамалына» теңеп, Ғалым Жайлыбай өлең оқығанда, Баубек пен Мұқан тағдыры, халықтың одан арғы-бергі тарихы көз алдыңнан бір жүріп өткендей болады екен.
Мәуен Хамзин баяндамасын жасаған соң, халықты биылғы Тәуелсіздік мерекесімен және ұлдарының тойымен құттықтап: «Ұлытауды қастерлі дейміз, бірақ солай айта бергенмен шаруа бітпейді, біз енді Ұлытаудың сол атына сай болуымыз керек», – деді. Бұл өзі Ұлытаудың ғана емес, ұранды сүйетін жалпы халыққа айтылар сөз бе дерсіз.
Баубек пен Мұқанның өмірі мен шығармашылығына қатысты баяндамалар жасалған соң, алдын ала әзірленген «Ұлытаудың екі ұлы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл кітапқа тұлғалар туралы бірнеше естелік-пен қатар бұрынғы кітаптарға енбеген, кейін жазылған ғылыми мақалалар мен эсселер енгізілген.
Жиын соңына қарай залда отырған халықтың ішінен Қарсақбай кентінің тұрғыны Тоңболат Мұқанұлы сөз алып, былай деді:
«Аса қадірлі зиялы қауым, жерлестер! Бүгінгі жиынның маңызын бағалап, Баубектің еліне келген ғалымдар мен әдебиетшілерге айрықша ықыласымды білдіргім келеді. Мұндай жиын күнде бола бермейді. Б.Бұлқышев пен М.Иманжановтың өмірі мен шығармашылық қызметіне ғылыми талдау жасау қолымыздан келмейді. Ол оқымыстылар, ғалымдардың еншісінде. Менде бір үрей бар. Биыл 100 жылдық өткен соң Баубекті де, Мұқанды да келесі мерейтойға дейін ұмытып, кітаптың бетін жауып, бір міндеттен құтылғандай болмасақ екен. Баубектің шығармалары өмір сүрудің дайын тұрған оқулығы ғой. Ұлытау ауданының елді мекендерінде, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында толып жатқан насихат-жарнамаларда Баубектің ең болмаса бір сөзін жазып қоюға болмас па еді. Тек қана Жезді кентінде Бұлқышев көшесіндегі бағанда 1939 жылы жазылған әдемі бір өлең жазулы тұр. Егер мен байқамаған басқа елді мекендер болса, кешірім сұраймын. Бүгінгі күні Баубекті тануымыздың деңгейі осындай болып тұр.
Осы жылдың басында Қарсақбай кентіндегі агротехникалық колледжге Б.Бұлқышевтің атын беру жөнінде бір топ ардагерлер ұсыныс білдірдік. 1932-1934 жылдары Баубек оқып, өмір сүрген Қарсақбай орнында тұр. Тек қана ол замандағы кәсіп үйрететін оқу жүйесі өзгеріп, қазір агротехникалық колледжге айналған. Заман өзгерді, жүйе өзгерді. Бірақ Б.Бұлқышевтың талабын шыңдап, Алматының әдебиет әлеміне даярлаған Қарсақбай және сол кездегі зиялы орта деп ойлаймын. Қарсақбайда шығып тұрған «Қызыл кеншіде» Әбділда Тәжібаевтан бастап, талай сөз шеберлері еңбек етті. Мұқан мен Баубек дәл сол кезеңде осы ортаның тәрбиесін көргені сөзсіз. Екеуі де Қарсақбай ФЗУ-ының түлегі.
Қоғамда орта кәсіптік білім жүйесіне сенімсіздік, кемсіту психологиясы қалыптасқан. Сабағы нашар баланы мұғалім де, ата-анасы да «училищеге жіберемін» деп қорқытады. Егінді егіп, астығыңды шауып, заводыңды салып, станогыңды жүргізіп, темір жолыңды төсеп жатқан сондай училище бітірген жұмысшылар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі орта кәсіптік білім жүйесін жетілдіру, жастардың жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне ықпал жасауды бірінші кезекке қойып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы кәсіп меңгерген, сол арқылы отбасын, ауылын, Отанын асырай алатын, еліне қауіп төнсе, ойланбай жанын беретін жастардың қолында. «Заман біздікі» дейді Баубек. Сол заман туды. Жастарға қазір Баубектің өжеттігі, тәуекелі, отансүйгіштігі, білімге құштарлығы, алапат рухы қажет. Мен оның майдан шығармаларының қуатын сөзбен жеткізе алмаймын. Дегенмен, әр оқыған сайын қуаттанасың, елің үшін бірдеңе істегің келеді. Агротехникалық колледжге Баубектің атын беру, жай ғана атау үшін емес, жастарды Шығысұлының көзқарасымен тәрбиелеу үшін керек.
Бүгін аудан орталығында мынадай мәртебелі жиын бекер өткізіліп отырған жоқ деп ойлаймын. Осындай маңызды конференция ұйымдастырған аудан әкімдігіне ардагер ретінде алғысымды білдіремін. Осы жиынның қорытындысы хатталып, қағазға түседі, айтылған мәселелер жинақталып, қаулы, шешім секілді бір міндеттер белгіленеді деп ойлаймын. Біздің ұсынысымыз бір мекеменің концеляриясынан екінші мекеменің концеляриясына тіркеліп, жай ғана іс қағазы болып қала беретін болса, Баубектің елі болғанымыздан не қайыр. Мен Б.Бұлқышевтың туысы емеспін, тұқым-зәузатына қатысым жоқ. «Мен кішкентай ғана статьяммен қыз-жігіттердің жүрегінде қобыз ойнатсам керек» дейді Баубек 1943 жылы жазған хаттарында. Майдандағы жүздеген ұлт жауынгерлерінің жүрегіне балалайка, гитара, скрипка, арфа, дауылпаздың үнін емес, қобыздың, яғни қазақтың үнін жеткіздім деп тұр ғой Баубек. Майдандағы ерлігі бір басқа, ұлтын дәріптеудің, асқақтатудың бұдан асқан қандай үлгісі болады.
Баубек бізге зәру емес, қазақ қоғамы Баубектей жастарға зәру».
Осылай деген ақсақал сөзінің жазбаша нұсқасын Ғалым Жайлыбайдың қолына тапсырды. Жиынның ресми бөлігі аяқталар шақта аудан әкімі Хамит Омаров конференцияның қарарын оқыды. Онда: «1.Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты алдағы уақытта шығатын барлық проза антологияларына, мемлекеттік бағдарламамен шығатын кітап серияларына Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов шығармаларының енуіне ықпал жасасын. 2. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, «Болашақ» академиясы өз студенттеріне Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановты таныту үшін әдеби кештер, ашық сабақтар өткізсін. 3. Ұлытау ауданындағы барлық мектептерде Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов апталықтары өткізілсін» делінген еді. Жиылған жұрт қарарды бір ауыздан қолдады.
Конференциядан бөлек, Ұлытау ауданы кітапханасы ұйымдастырған көрме болды. Содан бір күн бұрын Жезқазған қаласында Баубек пен Мұқанға арналған ғылыми конференция мен бірқатар шаралар өткен еді.
Бұрыннан осы тақырыпты қозғап жүрген ғалымдар жиналса, жергілікті зиялы қауым олармен қосылып бір қауқылдасып, мәз болысса, ел ішінен шыққан жас жігіттер қызмет көрсетуге жарап, ақсақалдар бата беріп, жиылған жұртшылық естігендерін әңгіме қылып тарасып жатса, шараның ұйымдастырғандағы мұратының орындалғаны сол болар. Ендіге жерде істің формасына қарап есеп беру емес, шаруаның мәніне қарап, пайдасын өлшеп бағалау әдет болып қалыптасса дегіміз келеді. Осы жолғы жиынды солай бағалап, ризалық білдіруге болады. Қазақ елінің Тәуелсіздігі мәңгілік болсын, сол елдің бір кірпіші – Ұлытау жұртының ырысы ортаймасын. Қос құлыны Баубек пен Мұқанның мерейтойы құтты болсын!
Арман ӘЛМЕНБЕТ.