ЖАС КИНЕМАТОГРАФИСТЕРДІҢ «ҮМІТІ»
Әр жылдың күзгі айларын Орталық Азия елдері кеңістігінде кинематографиялық іс-шаралардың қыз-қыз қайнайтын тамаша кезеңі деуге болады. Биыл да бұл үрдіс жалғасты. Қыркүйектің соңғы аптасында Алматы қаласында «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі өтсе, қазан айындағы үш бірдей шараның – «Байқоңыр» Республикалық қысқаметражды фильмдер (17-18 қыркүйек, Алматы), «Бастау» (24-28 қазан, Алматы), «Дидор» (16-20 қазан, Душанбе) Халықаралық кинофестивальдің соңын ала Бішкек қаласында ТМД елдері жас кинемато-графистерінің «Үміт» атты Форумы (27 қазан-01 қараша) өтті.
Назира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы,
Қазақ Ұлттық Өнер
университетінің доценті,
өнертану кандидаты
Соңғы төрт фестиваль де жастардың шығармашылығына арналған екен. Осындай кинофестивальдер мен форумдар бағдарламасында көрсетілетін жас кинематографистердің фильмдері арқылы сол елдің киносының болашағын, бүгінгі ахуалын бағамдауға болады. Қырғыз елі ұйымдастырған «Үміт» форумы кинотанушылар мен көрерменге осындай мүмкіндік берді.
Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі жанындағы кинематография Департаменті ұйымдастырған «Үміт» Форумы биыл төртінші рет өтті. Бұған дейінгі үш Форумға тек қырғыз фильмдері ғана қатысса, осы жолы халықаралық деңгейде ТМД елдерінің жас кинематографистерінің фильмдері көрсетілді. Форумның конкурстық бағдарламасына іріктеліп алынған 49 фильм «Қысқаметражды көркемсуретті фильмдердің ұлттық конкурсы», «Қысқаметражды көркемсуретті фильмдердің халықаралық конкурсы», «Деректі фильмдердің ұлттық конкурсы» және «Деректі фильмдердің халықаралық конкурсы» болып жүйеленген. Бұл өте ұтымды формат екен. Себебі, әрбір өтетін шара ең алдымен сол елдің мәдениеті мен өнеріне қызмет етуі тиіс екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, «Үміт» форумы өзге елдердің ғана емес, өз еліндегі жастар шығармашылығына баса назар аударған. Бұл тек ТМД аумағына енетін елдердің ғана емес, қырғыз елінің жас киносының да тыныс-тіршілігімен, бағыт-бағдарымен танысуға мүмкіндік берді.
Форумның конкурстық бағдарламасына қазылық ету жағы да ұтымды ойластырылған: ұлттық конкурсқа қатысқан фильмдерді шетелдік, ал халықаралық конкурстың фильмдерін қырғыз кинематографистері бағалады. Атап айтқанда, қысқаметражды көркемсуретті фильмдер мен деректі фильмдердің ұлттық конкурсының Қазылар алқасының құрамында Кирилл Разлогов, Сергей Кудрявцев, Гүлнар Әбікеева, Владимир Тюлькин, Артур Взебер, Ульви Мехти, Максим Царьков сияқты шеттен келген белгілі кинотанушылар мен продюсерлер, кинодраматургтер мен кинорежиссерлер, ал халықаралық конкурстың Қазылар алқасының құрамында Ақтан Арым Құбат, Артықпай Суюндуков, Шамиль Жапаров, Эрнест Абдыжапаров, Хасан Қыдыралиев, Тынай Ибрагимов, Бақытбек Турубаев, Әсель Жураева сияқты қырғыз елінің белгілі кинематографистері жұмыс істеді. Бұлардан өзге киносыншылар мен ТМД елдерінде өтетін кинофестивальдер өкілдерінің және Қырғызстан жастарының Қазылар алқасы жұмыс істеді. Осы аталып өткен барлық Қазылар алқасының құрамы үздік фильмдерді анықтауға атсалысты.
Ең алдымен, қырғыз жастары түсірген деректі және қысқаметражды көркемсуретті фильмдерге тоқталсам, қырғыз деректі киносының тамаша мектебі сонау 1960 жылдардан бастау алатыны әмбеге аян. Әлемнің әр түрлі деңгейдегі кинофестивальдеріне қатысып жүрген деректі фильмдерден бұл мектептің үрдісі үзілмей келе жатқанын көріп жүрміз. Бұл үрдісті бүгінгі қырғыз жастарының деректі киносынан да байқауға болады. Бірақ алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір өзгергенін аңғардық. Тоғыз деректі фильмнің әрқайсысының тақырыбы, көтеріп отырған мәселесі, кейіпкерлері, т.б. қырғыз елінің бүгінгі әлеуметтік өмірімен, тарихымен тығыз байланысты әрі қызықты болғанымен, экрандық бейнесін ұсынуда шығармашылық ізденістің кемшін түсіп жатқаны байқалды. Фильмдердің көпшілігі сыртқы көрініс арқылы баяндаумен ғана шектеліп, кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшелігін назардан тыс қалдырған. Қырғыз жастарының бүгінгі деректі киносы бұрынғы жылдармен салыстырғанда өткірлігі мен батылдығынан алшақтаған сияқты әсер қалдырды. Алайда, бүкіл ғұмырын медицинаға арнаған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан және оның соңғы жиырма бес жылында өзі қызмет ететін ауруханада тұрып жатқан атақты хирург Эрнест Акрамов туралы түсірілген «Рахмет, дәрігер!» («Спасибо, доктор!», 2016, реж. Адилет Қаржоуев), Ақматжан атты қарапайым шаруаның отбасы туралы түсірілген «Тұяқ» (2016, реж. Самара Сағынбаева), алыс ауылдағы су тапшылығы туралы өзекті мәселені – бірі алты, екіншісі жеті жастағы ағалы-інілі Намысбек пен Бексұлтанның қыстың аяз қарыған күндерінің бірінде көрші ауылдан су тасуы арқылы бейнелеген «Цена одной ошибки» (2016, реж. Жекшенбай уулу Тоқтомуш) сияқты тағдырлы кейіпкерлерімен назар аудартқан фильмдер де болды.
Қысқаметражды көркемсуретті фильмдердің ұлттық конкурсына қатысқан қырғыз жастарының жұмыстарынан да көптеген өзгерістерді байқадық. Олардың жұмысынан жанрлық киноға басымдық бере бастағаны аңғарылады. Шын мәнінде бұдан бұрын мұндай тенденция байқалмаған еді. Жас режиссерлер жанрлық үлгіні мейлінше жақсы меңгерген екен. Мысалы, мистика жанрындағы «Сақина» («Кольцо», 2015, реж. Бакай Усеналиев) және «Таксист» (2015, реж. Қымбат Адылбекова) фильмдерін өте шебер түсірілген жұмыс ретінде атап өтуге болады. Немесе бірнеше жүлдені иеленген «Олжо» (2016, реж. Болсунбек Таалайбек уулу) фильмін айтуға болады. Әзілі астарлы бұл фильм қырғыз халқының ұлттық мінез-құлқының ерекшеліктерін жақсы жеткізген. Осындай фильмдердің қатарында «Қалпақ» («Шляпа», 2016, реж. Дастан Мадалбеков), «Дубурт» («Топот», 2016, реж. Бектұрған Құндызбеков) туындыларын да атап өтуге болады. Қала өмірі мен ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дала мәдениеті арасындағы теке-тірес жас режиссер Салтанат Зарнаеваның «Үй» («Дом», 2016) атты фильмінде жақсы көрсетілген. Жанрлық киноға басым назар аудару тенденциясы өз нәтижесін бере бастағанына «Мелдеш» («Заплыв», 2016, реж. Акыйкат Асқаров) фильмі дәлел бола алады. Фильмнің режиссері Акыйкат Асқаров – қырғыз киносының белгілі өкілдерінің бірі Марат Сарулу мектебінің өкілі.
Қысқаметражды көркемсуретті фильмдердің ұлттық конкурсына қатысқан 13 фильмнің арасынан бұл жұмыс аса ерекшеленіп тұрды. Туысқандарының қолында тұрып жатқан Темір атты жасөспірім жетім баланың мектептегі өмірі өзіне және қатарластарына үнемі күш көрсететін топпен байланысты. Осы топтың лидерімен Ыстықкөлдің бір жағалауынан екінші жағалауына жүзіп өтуге бәсекелесіп, оның ішкі рухы, қайсар мінезінің арқасында жеңіске жетеді. Қай жағынан алып қарасаңыз да, өте шебер түсірілген «Мелдеш» фильмінің Гран-при жүлдесін иеленгені кездейсоқ емес.
Қысқаметражды көркемсуретті және деректі фильмдер конкурсына қатысқан жұмыстардан тағы бір байқағанымыз – фильмдердің басым бөлігінің титрында «Қырғызфильм» студиясы» деген жазу кездеседі. Бұл дегеніміз қырғыз жастарының киносы мемлекеттік деңгейде жақсы қолдауға ие болып отыр деген сөз. Ұйымдастырушылар «бөлінетін қаражат мардымсыз болса да, сол аз қаражат пен техникалық көмектің өзі жастарымыздың кино түсіруге деген құлшынысын арттыруға ықпал етері сөзсіз», – дейді. Сондай-ақ, Қырғызстандағы аты белгілі жеке студиялардың да жастар киносына қолдау көрсетіп отырғаны байқалады. Әрине, мұның барлығы ертелі-кеш өз жемісін берері сөзсіз.
Ал қысқаметражды көркемсуретті фильмдердің халықаралық конкурсына Қазақстан, Ресей, Грузия, Белоруссия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінен келген 15 жұмыс қатысты. Қазақстаннан Шерхан Қуанәлінің (Қазақ Ұлттық Өнер университетінің биылғы жылғы түлегі) «Фотограф» атты фильмі ғана бар. Конкурсқа қатысқан фильмдердің басым көпшілігінен кәсіби шеберлік анық байқалады. Олардың қатарында көптеген халықаралық кинофестивальдерде жүлдегер атанып үлгерген «Возвращение Эркина» (2015, реж. Мария Гуськова, Ресей), «Качели гробовщика» (2012, реж. Эльмар Иманов, Әзербайжан/ФРГ), «Антигона» (2015, реж. Олег Хамоков, Ресей/Кабардино-Балкария), «Наверху и внизу» (2015, реж. Тимур Исмаилов, Әзербайжан) фильмдерін айтуға болады.
Деректі фильмдердің халықаралық конкурсына 12 фильм, оның ішінде Қазақстаннан «Ауыл тынысы» (2016, реж. Қымбат Тойшы, Қазақ Ұлттық Өнер университеті), «Заика» (2015, реж. Аян Бұғыбаев, «Тұран» университеті), «О, счастливчик» (2015, реж. Серік Сәрсенбаев, «Тұран» университеті), «Продавец ностальгии» (2016, реж. Аруан Анартаев, Дәрежан Өмірбаевтың шеберханасы) және «Ведать» (2015, реж. Константин Сурков, «Тұран» университеті) атты бес деректі фильм қатысты. Бұл – еліміздегі жас кинематографистердің деректі киноға назар аудара бастағанының дәлелі.
Сондай-ақ, Форумның қатысушылары мен қонақтары белгілі деректі кинорежиссер Владимир Тюлькин (Алматы), белгілі кинотанушы Кирилл Разлогов (Москва) өткізген шебер-сыныптарға қатысты. Осы шара аясында белгілі кинотанушы Сергей Кудрявцевтің «Почти сорок четыре тысячи» атты екі томдық киноэнциклопедиясының тұсаукесері мен жаңа фильмдерінің («Нават», «Сулайман-Тоо») таныстырылымы өтті.