КЕНЕННІҢ БАТАСЫНАН КЕЙІН
Тұрсын ӘБУОВТІ бір қарағанда қарапайым ғана жәй адам деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Ал жақынырақ танысып, әңгімелескен кезде бір дәуірді ішіне сыйдырған үлкен сыр сандықтың иесі екеніне көзіңіз жетеді. Ол сонау сұрапыл соғыс жылдарының ызғарын сезініп өскен ұрпақтың өкілі. Әкесі соғысқа аттанардан бұрын ескі шәйнектің қақпағын дөңгелек етіп, арба жасап беріпті. Әкенің көзіндей болған сол естелік қылқалам шеберінің сурет өнеріне деген құштарлығын оятады. Жастайынан-ақ зерек өскен Тұрсын Әбуовтің адам баласының жандүниесіне, мінез-құлқына, ой-өрісіне деген қызығушылығы портреттер галереясын жасауға негіз болады. Ол ел тарихының өткені мен бүгінін, табиғат пен адамзаттың өзара үндестігін, философиялық ойларын, шынайы өмірдің бейнесін өздігінше қалыптастырады. Бүгінде оның ұлттық тақырыптағы көркем туындыларының саны өте көп. Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі күнге дейін тоқтаусыз еңбек етуде, ізденіс үстінде. Таяуда қылқалам шеберімен сұхбаттасудың сәті түсіп, ол кісіні біраз әңгімеге тартқан едік.
– Әңгімені сіздің балалық шағыңыздан бастасақ…
– Мен Алматы мен Талғардың ортасындағы «Қызыл ту-3» деген шағын ауылда туып-өстім. Әкем соғыс жылдарының алдында етікші болып жұмыс жасады. Бес жасымда ол кісіні соғысқа алып кетті. Бірде әкем маған шәйнектің қақпағын дөңгелек етіп, арба ойыншық жасап берген еді. Оны әкемнен қалған естелік ретінде ұзақ сақтадым. Кейін үйдің төңірегіндегі сары балшықты илеп, адамдар мен түрлі жануарлардың мүсінінжасап, күнге кептіріп, ойыншықтың түр-түрін құрастырып, ауыл балаларына тарата бастадым. Міне, осыдан бастап мен суретші болуды, мүсінші болуды қатты армандадым. Мектепте жүргенде де түрлі көрмелер ұйымдастырып, қабырға газеттерін безендіру жұмыстарымен айналысатынмын. Сурет өнеріне деген қызығушылығым жылдар өткен сайын арта түсті. Алматы көркем училищесіне оқуға түсу үшін бірнеше рет бағымды сынап көрдім. Емтиханда сурет сабағынан бестік алғаныммен, диктанттан нашар баға қойып құлата берді. Себебі, ол кезде барлық оқу орындарында жазба жұмыстарын орыс тілінде алатын еді. Талғардағы қазақ мектебінде оқығандықтан орысшам кемдеу болды. Бірақ «қайтсем де суретші боламын» деген арман менің кейін шегінуіме жол бермеді. Ең ақырында он-шақты бала жиналып, министрдің қабылдауына бардық. Ол кісі бізге адамгершілік жасап, өтінішіміз бойынша оқуға қабылдауға ықпал жасады. Сөйтіп, студенттік өмірім басталып кетті. Онда оқитындардың көпшілігі орыс балалары болатын. Солардан қалмай, тырмысып жүріп оқуымды жақсы аяқтадым. Кейіннен КазПИ-дің сырттай бөлімінде жоғары білім алдым. Жиырма жылдай суретшіліктің қыр-сырын үйреніп, халықаралық дәрежедегі үлкен суретші болып қалыптастым. Кәсіби суретші болғаннан кейін мен ұлт тұлғаларының, ертегідегі батырлардың бейнесін қағазға түсіре бастадым. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, жасым ұлғайғанына қарамастан, әлі күнге дейін шығармашылықпен шұғылданудамын. Менің шеберханамнан шыққан көптеген туындылар халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, шетелдік өнертанушылардың қызығушылығын арттырды.
– 80 жасқа толған мерейтойыңызға орай қандай жоспарыңыз бар?
– Қазір «Суретшілер одағы» жетімнің күйін кешуде. Бұрынғыдай тақырыптық, шығармашылық көрмелерді ұймдастыру өте қиын шаруаға айналды. Соған қарамастан биылғы 80 жасқа толған мерейтойым мен шығармашылығымның 55 жылдығына орай Ә.Қастеев атындағы музейде «Ұлы жібек жолы» атты үлкен көрме ұйымдастырдым. Сол көрмеге көптеген шығармаларымның ішінен іріктеп, 80-ге жуық живопись және 10-нан аса мүсіндер қойылды. Жақында «Көшпенділер» деген жаңа композиция жасадым. «Өмір өзен» атты күрделі композициям ең үлкен туынды ретінде «Қазақстандық рекордтар кітабына» енді.
– Сіз бала кезімде үйдің ауласында сары балшықтан түрлі мүсіндер жасайтынмын деп қалдыңыз. Қазір өзіңіз тұратын ауданды да түрлі тақырыптағы мүсіндермен безендірген көрінесіз…
– Иә, оның рас. Әуелде ауылды жерде туып-өскендіктен болар, мен үйде тыныш отыра алмаймын. Үнемі бір шаруамен айналысқанды жақсы көретін адаммын. 1991 жылы «Суретшілер одағы» маған Алатау ауданының жанынан он сотық жер берген. Сол жерге өзім үй тұрғызып, оның айналасына жеміс ағаштарын отырғыздым. Сондай-ақ, аулаға әр түрлі тастардан құрастырып, түрлі мағынада мүсіндер жасадым. Оның ішінде қазақтың біртауар азаматы, ақын, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтің мүсіні де бар. Ол кісінің бейнесін жасауымның мәнісі үлкен. Соғыстан кейінгі жылдарда Кенен атамыз колхоздың қырманына келіп, ән шырқап, өлең айтатын. Сол кездерде біздің үйде қонақта болып, маған батасын берген еді. Халықтың ықыласына бөленген жыр дүлдүлінің батасы мені осы дәрежеге жеткізді деп санаймын. Оқуымды тәмамдап, кәсіби суретші болғаннан кейін ақсақалды арнайы іздеп барып суретін салғанмын. Ол уақытта өзі бірталай жасқа келсе де менің өтінішімді құп көріп, маған төрт-бес сағатын қиған еді. Сол шығармам сәтті шығып, Мәдениет министрлігі сатып алды. Бұл ескерткішті де ақынға жасаған тағзымым болсын деген ниетпен салдым. Содан кейін «Жемқорлықпен күрес» деген мағыналы туындыммен қоса, қазақтың ұлттық аспаптарының суретін, қазақтың көшпенді өмірінен үзінді ретінде түйені шөктіріп қойып, үстіне долана ағашын өсіріп, жеңістің көрінісін жасадым. Бұдан басқа да ағаштан, тастардан жасалған мүсіндерім өте көп. Келешекте үлкен музейге айналатын шығар бәлкім. Кім білсін? Мен тұрған жер мектепке жақын орналасқан. Одан басқа бұл аймақта мәдени ошақ жоқ. Сондықтан да осы ауданның тұрғындары мен балалар тамашаласын деп ойладым. Сол білім ордасының директоры арнайы шақырып, маған жастар түрлі сұрақтар қойып, әдемі кездесу кеш өткізді. Осы аймақтан музей ашу туралы ұсынысымды айтып, Елбасына хат та жолдағанмын.
– «Өмір өзен» атты қазақ халқының өткен тарихы мен бүгінгі өмірі бейнеленген күрделі туындыңызды «Қазақстандық рекордтар кітабына» енгізіпті. Осы суретті салу туралы идея қайдан келді? Жалпы, осыған қанша уақытыңыз кетті?
– Жазушылар роман, трилогия, поэзия сияқты көркем шығармаларды жазып мұра етіп қалдырады ғой, сол секілді суретші де өзінің өмір бойы көрген-білгенін, үйренгенін өнеге етіп, кейінгі ұрпаққа табыс етуі керек. Менің де бұл шығарманы салуыма осындай ой түрткі болды. Ол тоғыз бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде балалық шақта өзім тұрған тоқалтам, оның төңірегінде жүрген шешемнің бейнесі және сол кездегі өміріміздің көріністерінен үзінділер келтірдім. Соғыстан кейінгі халықтың тұрмысын өзімнің басымнан өткен іс-әрекеттер арқылы көрсетуге тырыстым. Одан кейінгі бөлімдерде қазақтың тарихында болған оқиғалар толықтай қамтылған. Қазақтың шежіресі деуге де болады. Оның ұзындығы 23 метрді құрайды. Осы туындымды жазу үшін он жылдан аса уақытымды сарп еттім. Бұл шығармам бірнеше ірі көрмелерде көрсетілді. Өкінішке қарай, Қазақстандағы ешбір музей сол шығармамды өз қамқорлығына алмады.
– Халықаралық көркемсурет симпозиумына дүниежүзінен жиналған суретшілердің арасында Кеңес Одағынан шақырылған жалғыз суретші өзіңіз екенсіз. Шетелдіктердің біздің қазақстандық суретшіге деген көзқарасы қандай? Сізді қалай қабылдады?
– Иә, сұрағыңыз орынды. Кеңес өкіметін аңсамаймын. Дегенмен, ол уақытта мәдениетке, өнерге көп көңіл бөлінетін. Қай жылдары екені есімде жоқ, мені 15 республика қатысқан суретшілер симпозиумына шақырып, солардың арасынан ең үздік шыққан адам ретінде Чехословакияға жалғыз өзімді жіберді. Сол жерде екі ай шамасында жұмыс жасағанымда, шығармашылық адамына қажетті барлық жағдай туғызды. Мен ол жақта керемет туындылар жазып, бірқатарын елге алып қайттым. Ал кейбіреулерін олар өз музей қорларына сатып алды. Бір таңқаларлығы, олар шығармаларымда асқан қызығушылықпен қарап, таң-тамаша болды.Кейін мәскеуліктер де бірнеше жұмысыма жоғары баға беріп, өз музейлерінің қорына алды.
– Кенен атадан басқа тағы қандай ұлт тұлғаларының бейнесін жасадыңыз?
– Мен А.Құнанбаевтың, Ж.Жабаевтың, Д.Нұрпейісованың, Совет Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, екі мәрте Совет Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдиновтың портреттерін жасадым. Т.Бигелдиновтың портреті мәскеуліктердің музей қорында сақтаулы. Оның көшірмесі Ә.Қастеев музейінде тұр. Көмейіне бұлбұл ұялаған халықтың сүйікті қызы Роза Бағланованың да суретін жазып қойғанмын. Қазақтың дарынды ұлдарының бірі Нұрғиса Тілендиевті бүкіл оркестріменен қосып үлкен композиция жасадым. Сол жұмысты бітіру үшін ол кісінің соңынан бір ай қалмай қойдым. Ол да музей қорында бар. Жалпы, ондай шығармаларым өте көп. Менің осы еңбектерімді ескеріп, 1998 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.
– Сіздің жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма?
– Мен училищені бітіргенде Ақрап Құдайбергенұлы деген азамат директор болған. Ол қазақ суретшілерінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Сол кісі мені Ленинград академиясына жібермекші болды. Ал мен ол уақытта үйленгенмін. Үш-төрт баламмен қоса кәрі шешем бар еді. Жағдайым келіспегендіктен бара алмайтынымды айттым. Онда: «Осында мұғалім болып қал», – деді. Содан бастап балаларға сурет өнері шеберлігінен дәріс бердім. Ауылды жерден келген балалармен айналысып, солардан тәп-тәуір суретші жасадым. Қазіргі кезде сол шәкіртерімнің біразы ел мойындаған, атағы бар қылқалам шебері болды. Олар көрген жерде алғыс айтып жатады. Өзімнің Сәуле деген қызым да сурет сабағынан мұғалім болып қызмет жасайды.
– Жастарға қандай тілегіңіз бар?
– Адам баласының бойында әрқашан да адамгершілік, шыдамдылық, төзімділік секілді ізгі қасиеттер басым болуы керек. Өзің сүйген кәсіппен шұғылданған дұрыс. Егер ұнамайтын іспен айналыссаң, уақытың текке өткен болып есептеледі. Сондықтан адам баласы жастайынан-ақ өзінің кім болатынын ойланғаны жөн. Қазіргі кезде көп жастар ешбір қиындықсыз-ақ «Суретшілер одағына» мүше атанып, өте жеңіл жолмен атақ-даңққа ие болуда. Ал нағыз суретші болу оңай емес. Ол қажырлы еңбекті, төзімділікті, ұқыптылықты қажет ететін өте нәзік мамандық. Суретшінің жандүниесі кең әрі бай болуы тиіс. Көкірегі таяз адамнан ештеңе де шықпайды ғой, сол үшін ең бірінші білімді жоғары қоя білгеніміз жөн. Жастарға әрқашан да ізденімпаз болыңдар дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.