БІРКӨЛІККЕ БАРДЫҢ БА?
БҰҰ жанындағы Халықаралық туризм ұйымы дүниежүзінде туристер саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2015 жылы 1, 184 млрд. адам дүниежүзіне саяхат жасапты. «Осылайша 2014 жылмен салыстырғанда дүниежүзіндегі туристер саны 50 млн. адамға өскен», – дейді орталықтың мамандары. 2015 жылы Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Мұхиттар аумағына саяхаттайтындардың саны 5 пайызға өссе, Таяу Шығыс елдерін көргісі келетіндердің қатары 3 пайызға ұлғайған екен. Африкаға саяхаттайтындардың қатары да 3 пайызға көбейген. БҰҰ жанындағы Халықаралық туризм ұйымы 2016 жылы да саяхатшылардың қатары дүниежүзі бойынша 4 пайызға артқанын мысалға алады. Биылғы туристердің көп бөлігі Азия елдеріне, Мұхиттар аумағына, қос Америка құрлығына ағылған екен.
Қазақстан да – өзінің туризм саласындағы әлеуетімен біраз жұртты таңқалдыра алатын деңгейде. Еліміздің қай өңірінің табиғатын мысалға алсақ та, оның тауының, тасының, суының, нуының ерекшелігін жыр қылып айта жөнелеміз. Халықаралық туризм саласын былай қойғанда, ішкі туризмді дамытуды қолға алсақ, біздің республикамыздың түкпір-түкпірінде ғажайып табиғаты бар ерекше өңірлерді қаншалықты білеміз деген сауалдың шыға келетіні рас. Осы орайда еліміздің ғажап табиғатымен таныстыру мақсатында «Жерұйық» айдарымыздың аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, «Біркөлік» шипажайы маңындағы табиғат пен шипажайдың қандай дерттерге дауа болатыны жайлы айтып өтуді жөн санадық.
«Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында» Оңтүстік Қазақстан кластері «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталған. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге мәдени туризм мен турне жататынынан көпшілік хабардар.
Біз сөз етіп отырған Біркөлік шатқалы кез келген саяхатшыны бейжай қалдыра қоймасы анық.
Біркөлік шатқалы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында, Шымкент қаласынан 50 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 1100 м. биіктікте Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан. Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын және т.б. дәрілік шөптер өседі. Шатқал бойынан, тасты жырақтардан, тау бұлақтарынан басталған Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза, мөлдір, салқын суы шатқалдың жасыл алқабын суландырып, ауаны аэроиондап, айналаға салқын жел алып келеді. Таудың жасыл желегі ауаға бактеростатикалық әсер етіп, фитонцидтермен тазартады. Жалпы, жергілікті ауа дем алу органдарына, жүрек-тамыр жүйелеріне әсер етіп, орталық жүйке жүйесін сергітеді. Біркөліктің таулы аймақта орналасуы, жылы ауа-райы, қоңыржай ылғалдылық, ауаның жоғары аэроионизациясы – шипажайдың жеке ерекшелігі болып табылады.
Біркөлік шатқалының маңында орналасқан «Біркөлік» шипажайының суы дертке дауа. Бұл жерді тау ауасымен емдейтін орталық деуге де келеді. Осы күні бұл шипажайда дүниежүзі халықтарының әлемнің жартысына жуығының мазасын алатын жүйке жүйесін емдеу, жүрек-қан тамырларын емдеу, т.б. ем шаралары жүргізіледі.
«Тыныс алу жүйесіне, орталық жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатысты сырқаттарға дауа жасалады. Біркөлік өзенінің суын адам жанын да, тәнін де жасартатын қасиетке ие деп айтуға болады», – дейді шипажай директоры Ералы Мыңбаев.
Бір аңыздарда шатқалдың атауы өзінің аумағына, нақтырақ айтсақ, көлеміне байланысты бір ғана көлік сиятын болғандықтан «Біркөлік» деп аталған деседі. Кеңес Одағы кезінде мұнда Қазақстандағы балалардың жалғыз ғана туристік лагері орналасқан еді.
Біркөлік тек табиғатымен ғана емес тарихи-мәдени ерекшелігімен де көпшілікке жақсы таныс.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экспедициясы 1970 жылдары ауыл-аймақтарды археологиялық зерттеулері кезінде Біркөлік шатқалынан 2 қорым тапқан болатын. Қорымдар классикалық сұлба бойымен (шығыстан батысқа қарай) орналасқан 30 обадан тұрады. Бұл қорымдар ғалымдардың зерттеуінше қаңлы қағанатының кезеңіне тиесілі. Демек, Біркөлікті тек табиғи демалыс орны деп қана емес, тарихи-мәдени жәдігерімізді қойнауында алып жатқан орын деп те құрметтеуге болар.
ПІКІРЛЕР3