БАЙЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІ
28.10.2016
8685
0

book-and-forex-trainingБұрынғы дәулетті адамдардың шапағаты айналасына көп тиетін. Қазіргі қазақ байлары қандай? Жалпы қазақтың байлық туралы түсінігін бүгінгі ұрпақ қаншалықты зерттеді? «Байлық – бір жұттық» дегеннің астарына тереңірек үңілсек, байқайтынымыз адамгершілік, ар-ождан мәселесін бәрінен жоғары қоятындай. Ал бүгін ақшаның жолында ұят пен кісілікті аяққа таптап қана қоймай, байлыққа қол жеткізудің жолын талмай іздейтіндер жеткілікті. Білімі мен еңбегіне иек артудағы адал өлшем өзгенің ақысын жемеуге саяды. «Әкенің малы балаға мал болмайды» тәмсіліне сүйенуден қалып, «Әкесі байдың баласы бай» деген түсінікке кәміл сенетінді шығардық. Келешекке байлықтан гөрі білімді мұра етуге ден қойсақ. Сіз қалай ойлайсыз?

 

15717-3Алтай ТАЙЖАНОВ,
академик

БІЛІМІ МЕН БІЛІГІ БАР АДАМ – ЫРЫСТЫ БОЛАДЫ

Қазақта «Жемесең де май жақ­сы, бермесе де бай жақсы» деген сөз бар. Әрқайсымыз дәулетті өмір сүре­тін болсақ, мемлекетіміз де бай, көңіліміз де жай болады. Қазір «бай», «байлық» деген сөздердің маз­мұны өзгерді, қадірі кетті.

Тынымсыз еңбектің, іскер­лік­тің нәтижесінде бітетін бай­лық­тар­дан бөлек осы айтылғандардан тыс келетіндері бар. Халықтың ара­сында әр түрлі қитұрқы жол­дар­­мен (алдау, арбау, кісінің ақы­сын жеу, түкке тұрғысыз нәрселерін сату арқылы баю) байлыққа қол жет­кізуге ұмтылатындар көп. Біз­дің қоғамда құндылықтар өзгеруіне бай­ланысты қарапайым халықтың са­насында бүгінгі байлар мен бай­лық туралы жағымсыз пікір қа­лып­тасқан. Бұрынғының байларын халық «дәулетті адам» дейтін. Ол кездегі байлар бар дәулетін өз ба­сына ғана жимай, айналасындағы жоқ-жітіктер мен жетім-жесірлерге үлестіріп отырған. Қазақ «Құзғын жем­тігін басып жейді, ал сұңқар ша­шып жейді» деген. Демек, дә­у­лет­ті адамдар сұңқардың қау­қа­рын­дай қауқары бар басқадан ой оз­дырған ерек адамдар болған. Бү­гінгінің байлары сауаттылық, әдеп­­ті­лік, мейірімділік, адамгер­ші­лік, мә­дениеттілік деген секілді ізгі қа­сиет­терден ажырап қалғандай кө­рі­неді. Қазақ «бай болсаң, бақырып бо­ласың ба» дегенді осындай адам­дарға қаратып айтса керек. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйле­сін» деген жағдайлар да бізде көп кез­деседі.

Қазір дәулетті адамдар жетім­дер үйіне, мұқтаж жандарға, т.б де­меушілік жасауын жасайды. Бі­рақ сонысын бүкіл елге жар салып, теледидардан, баспасөз беттерінде та­ғы басқа да ақпарат құралдары ар­қылы жарнамалауға әуес. Осындай әдеттер олардың ақыл-пара­са­тын, адамгершілігін емес, кері­сін­ше әдепсіздігін көрсететін секілді. Мұн­дай істер бұрынғы байлардың дәс­түріне сай емес. Біз байлық ту­ралы түсінігімізді руханият жағына қа­рай бұруымыз керек. Рухани бай, ұстанымды, тәрбиелі, адамдар ырыс­ты келеді. Өзінің еңбегінің, бі­лімділігінің нәтижесінде біткен бай­лық берекелі болады. Бай болу – барлық адамдар үшін қажеттілік. Бізде байлыққа жетуге жол көр­сететін тұтас идеология жоқ. Елі­міз­дің байлығын толықтыруы­мыз­ға, еселеуімізге кері әсерін тигізіп отыр­ған мәселелер көп. Қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсариннің «Біз болмасақ сіз барсыз, сіздерге бер­дім батамды» деген сөзі бар ғой, сондықтан біз жіберген қате­лік­­терді келер ұрпақ түзетуге жазсын демекпін. Ал аға буын өкілдері жастарды кінәратты істерден аулақ ұстап, дұрыс бағыт беруге тиіс.

 

542244fce33b4Ахмет ТОҚТАБАЙ,
этнограф

БАЙ БОЛСАҢ ХАЛҚЫҢА ПАЙДАҢ ТИСІН

Қазақта бай деп материалдық, заттық игіліктердің, малдың, дүниенің иесін емес, рухани толысқан, жан-жақты адамдарды айтқан. «У ішсең, өз руыңмен» дегенді тегін айтпаған. Бұрынғының байлары өз руының ішіндегі кедей-кепшік, кембағал адамдарға, туған-туысына қыста соғымын, көктемде сауын сиырын, мінер атын беріп асырайтын болған. Ертедегі қазақтың байлары халықты жиып, «шүлен тарату», «байдың тасуы» деген дәстүр бойынша мал үлестіретін болған. Зайсанда өте білімді орысшаға судай Д.Бәбікенов  деген  саудагер кісі Ресейдің ірі байларының бірі Савва Морозовпен байланыс жасаған. Сол адамның фабрикасынан маталарды сатып алып, халыққа метрлеп тегін таратқан. Бұл адамдар байлыққа өзінің ақыл-парасатының, қажырлы еңбегінің нәтижесінде қол жеткізген. Жалпы, қазақ байлары қандай дегенге келсек, олар өте жомарт болған. Қазір де ондай байлар ішінара бар. Мәселен, Болат Әбілов деген азамат Алматы қаласының тұрғындарын бір күн бойы тегін жүргізіп, бірнеше ауруханаларды заманауи жабдықтармен толықтырды. Сонымен қатар, өнер адамдарына берілетін «Тарлан» сыйлығын беруге демеушілік жасады. Қытайда орта бизнеспен айна­лысатын бір қазақ азаматы 1 километр, 111 метр қазыны жасап, Гиннес кітабына енгізді. Малабек Көпжасарұлы деген 35 жастағы жігіт қазақтың тұқымы  құрып  кеткен «төбетін» өсірумен айналысуда. Сол азаматтың демеушілігінің арқасында дүниежүзіндегі  ең ірі иттердің төрт жүздей түрі болса, соның оныншы орнында біздің қазақ төбеттері тұр. Бір таңқаларлығы, қытай жерінде қазақтардың қаңғырып қайыр сұрағанын көрмейсің. Ол жақтағы қандастарымыз өте намысшыл келеді. Еш туысы жоқ, үйсіз қалған дуана адамды бір кәсіпкер жігіт асырап отырғанын өз көзіммен көрдім. Осындай игілікті іс атқарып жүрген азаматтар сол баяғының байларының дәстүрін жалғастырып келе жатыр деуге болады. Қазір бұрынғы замандағыдай алба-жұлба киінген, сіңірі шыққан кедейлер болмағанымен, мәдениетті кедейлер көп. Біздің қоғам бай мен кедей деген екі топқа бөлініп кетті. Біреулердің аузынан ақ май ағып, шалқып отырады. Ал екіншілері үйсіз, күйсіз ештеңеге жарымай өмір сүруде. Бұның соңы жақсылыққа апармайды. Ел-елді  аралағанда байқағаным, қазіргі жастар өте агрессивті көзқараста. Олардың психологиясы әлсіз. Сондықтан да жастар басқа діндердің, түрлі ұйымдардың жетегінде кетіп жатыр. Менің ойымша оларға мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Қазақ кәсіпкерлері де жастарға жұмыс беріп, еңбекқорлыққа баулуға атсалысулары тиіс. Елімізде Өзбекстаннан, Қытайдан, Қарақалпақстан­нан келіп нәпақасын тауып жүргендер жетіп-артылады. Солардың орнына ауыл мен қалаларда жұмыссыз жүрген өзіміздің қаракөздерді шақырғаны дұрыс емес пе?

Қазақ «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң найзаңның ұшы жауға тисін» дегенді тегін айтпаған. Қазіргі дәулетті адамдар байлығын өзінің бас пайдасы үшін ғана жұмсайды. Бірімен бірі жарысып той жасайды да шетелден әншілер, шоумендер шақырады. Демалу үшін де басқа елдерге кетеді. Сол қаражатты өзгелерге шашқанша өз еліміздегі мұқтаж жандарға үлестіріп берсе қайырлы болар еді. Өкінішке қарай біздегі байлардың көпшілігінің ішкі мәдениеті әлі қалыптаспаған секілді.

 

9021Тұрсын ҒАБИТОВ,
философ

ДӘСТҮРЛI МӘДЕНИЕТТIҢ ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАУЫ

Алдымен байлықты жағымды феномен ретінде сипаттау дұрыс. Байлық  адамдардың  экономика­лық ұмтылыстарының соңғы мақ­сатын білдіреді. Бұл, әсіресе, ұзақ жылдар бойы теңестірілуі мен аскетизм ру­хында тәрбиеленген, байлық, ләз­зат алу, табыс туралы ойлаудың өзі әдеттен тыс саналған кешегі пост­тоталитарлық қоғам мүшелері үшін маңызды. Қайы­рымдылық пен байлықты қарсы қоюдың бұ­рыннан келе жатқан дәстүрі бар. Алайда, «қайырым­ды­лықты» да, бай­лықты да біріктіретін нәрсе бар. Егер қайырымдылық адамның мақ­сатымен көбірек байланысты бол­са, ал пайда – бұл белгілі бір мақ­сатқа жету үшін жа­рамды құралдардың сипаттамасы. «Пайда», «табыс», «тиімділік» – бұлар зор мақсаттарға шағын құрал­дар­мен жетуді білдіретін негізгі ұғым­дар. Ізгілік пайдаға қарсы тұр­май­ды, өйткені, мүдделер әр түрлі, із­гі­лік үлкен мүдде үшін кіші мүд­дені құрбан етуді білдіреді деп са­най­ды. Утилитаризмнің негізгі құн­дылықтарын мынадай қанатты сөз­дер арқылы аңғаруға болады: «Та­бысқа ұмтыл, өз мүд­дең­нен шыға отырып, барлығынан пайда тап», «Мақсатқа жетуде тиімді құ­рал­дарды қолдан». Адам­ның бойында мынадай тартымды қасиеттер болады: мақсаткерлік және тәуе­кел­шілдік, тәуелсіздік, батылдық, үнем­шілдік және т.б. Егер пайданы өзім­шілдікпен араластырмаса, он­да пайда қағидасы жеке мүдделер үйлесімділігінің маңызды тетігі ре­тінде көрінеді, оның үстіне мұн­дай синэнергетикаландыру жалпы игі­лікке жақын келеді.

Әрине, пайдалылық қағидасын аб­солюттендіріп, оны жоғарғы із­гі­лік ретінде мұрат тұтуға болмайды. Пайдалылық қағидасы, сөз жоқ, жоғары гуманизмнің абсолют­тік мораліне қайшы келеді. Мысалы, алкоголь, темекі өнімдері, эко­­ло­гияға  зиянды техника өнді­рісі сияқ­ты бизнес түрлері тұрғын­дар­дың бір бөлігі үшін пайдалы. Қыз­мет көрсету мен тауардың кейбір түр­лерінің нарыққа тартылуы олар­ды экономикалық тұрғыда ақ­тағанымен, адамдарда жаман әдет­тер туғызады, қоғамның адам­гершілік денсаулығына зиян кел­тіреді. Мұны Б.Мандевиль  аң­ға­рып, өзінің «Аралар туралы аңы­­зында» былай дейді: «Жеке адамдардың жаман қылықтары – қоғам үшін із­гілік».

Кейде пайда мен табыс табуға бағ­дар ұстанған сананың типiн «реа­листiк» сана деп атайды. Мұн­дай адамда белсендiлiк, баста­ма­шыл­дық, шешiм қабылдаушылық сияқ­ты маңызды қасиеттер болады. Кәсiпкерлiк пен бәсекелестiкте осы қасиеттермен қоса тұлға авто­но­миясы, мақсаттылық пен еркiн­дiк орын алады. «Басқа үшiн емес, өзiм үшiн өмiр сүргiм келедi» деген фор­мула прагматикалық дүние­та­нымның өзегiн құрайды. Алайда, эгоистiк сананың манифестациясына жақындау бұл ойды былайша тү­зетуге болар едi: «Бағынышты бо­лып қызмет еткiм келмейдi, өз-өзi­ме қожа болғым келедi».

Егер Шығыс данышпанының тәуелсiздiгi өзiн тыю мен шектеуге не­гiзделсе, ал бизнесменнiң тәуел­сiз­дiгi иемденуге, байлықты көбей­ту­ге негiзделедi. Бұл капиталдың (ақ­шаның) барлық нәрсеге айналу қабiлетiнiң арқасында орындалады.

Соңғы онжылдықтарда «тұл­ға­лық нары» деген құбылыс айқын байқалады, ондағы бағалаудың принциптерi тауарлы нарық­та­ғы­мен бiрдей: сатудың алдыңғы қа­та­рына тұлға, онан кейiн тауар шы­ғарылады. Табыс адамның өзiн ры­н­окта қанша жақсыға сата бiлу қа­бiлетiне бағынышты: оның сырт­қы «қорап» қаншалықты тар­тым­ды, мықты, сенiмдi, бел­сендi, оның отбасы жағдайы қалай, ол қан­­дай клубқа тиесiлi, тиiмдi адам­­дармен таныстығы бар ма. Адам өзiнiң өмiрi мен бақыты туралы бас қатырмайды, тек өтiмдi тауарға айналуын ғана ойлайды. Сапалы тауарға ұқсас адам да тұлға базарындағы сәнге сәйкес болуы керек. Ол үшiн, әрине, тұлғаның қай түрiнiң сұранысы жоғары екен­дiгiн бiлуi тиiс. Мұндай үлгiлердiң кар­ти­насын күнделiктi жарнама, га­зет-журнал, кино, теледидар жә­не радио секілді  ақпарат  құ­ралда­ры­нан  берiп отырады. Қазiргi адам өзiн сатушы және сатуға шы­ғарыл­ған тауар ретiнде қабыл­да­ғандық­тан оның өзiн-өзi бағалауы оған ба­ғынышты емес жағдайларға тә­уел­­дi болады. Егер адам  экономи­каны жақсы білсе байлыққа тез же­теді.

Нарық заманында өнер туы­н­ды­сы сатылатын немесе сатып алы­натын тауарға айналды. Сон­дық­тан еркiн шығармашылық пен ком­мерциялық бағыныштылық ара­сында дилемма пайда болды. Көркемдiк мәдениеттiң әр алуан түрлерiнiң дамуында өз бастауын ан­тикалық заманнан алатын меце­наттық (қамқорлық) ерекше орын алады. Өнер туындыларын ерекше бағалайтын бай дәулеттi адамдар оның  дамуына өлшеусiз үлес қос­ты. Ғылым, әдебиет пен өнер сала­ла­рындағы айрықша жаңалықтары мен еңбектерi үшiн жыл сайын бе­рi­лiп отыратын сыйлықтар қоры­ның негiзiн қалаушы швед фабриканты Альфред Нобель осы әре­­ке­­тiмен өзiнiң атын әлемге әй­гi­леп кеттi. Орыстарда өнердiң қам­қоршылары ретiнде П.Тре­тья­ковтың С.Морозовтың есiмдерi бел­гiлi болса, қазақтарда ХХ ғасыр басында өз қаражатына мешiт, мед­ресе («Мамания») ашып, шет жерде оқып жүрген жастарға сти­пен­дия тағайындаған Маман Есен­құловтың сiңiрген еңбегi ерекше. Ал қазiргi заманда филантропия­ның үлгiсi ретiнде мәдениеттiң өр­кен­деуiне көрнектi үлесiн қосып, ағар­тушылықты насихаттауда «Зерде» қоғамдық қорын ашып, әде­биет пен өнерде ерекше еңбек сiңiр­гендерге арнап «Тарлан» сый­лығын тағайындаған отандық бiр­қатар бизнесмендердiң, Ә.­ Бәй­меновтiң, Б. Әбiлев­тiң, О.Жан­досовтың, Н.­Суб­­хан­бер­диннiң және т.б. қыз­меттерiн атап айтуға тұрарлық.

Дәстүрлi мәдениеттiң эрозияға ұшырауы барысындағы құн­ды­лық­тар жүйесiндегi өзгерiстердi Абай да жырлаған едi. Ол осы құн­ды­лықтар  қақтығысы  барысын­дағы хал­қымыздың бойына жат қылық­тар­ды саралай келе «ел қы­дырып ас iшiп», еркек арын сататын, ел бұзатын тентектердi «пы­сық­тар» деп атап, оның типiн дара­лайды:

Пысық деген ант шықты

Бiр сөз үшiн жау болып,

Бiр күн үшiн дос болып

Жүз құбылған салт шықты.

Бүгiнгi күнгiдей нарықтық қа­ты­настар мен кәсiпкерлiк мәдениет әлi қалыптаса қоймаған заманның өзiнде ұлы ақын өз халқын кәсiп­пен салауатты түрде айналысуға ша­қыра отырып, тұрпайы саудагер­шi­лiкке қарсы шығады:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас

Сұм нәпсiң үйiр болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай iстен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Абай өз  өлеңдерiнде кәсiпкер­лiк пен коммерцияның өркениеттi тә­сiл­дерiн меңзеп тұрғандай. Бұл тұр­ғыдан алғанда, ақын сөздерi бү­гiн­гi нарық заманындағы кейбiр ке­леңсiз құбылыстарды да сипаттай алатындықтан, өзiнiң өзектi­лi­гiн жоғалтпай отыр.

afacdb0a401ccdf6b48551bbc00e8a74Омар ЖӘЛЕЛ,
дінтанушы

ТЕКТІЛІК ПЕН МӘДЕНИЕТ

Байлық – тектілікті, үлкен мә­дениетті қажет етеді. Ақтамберді бабамыз «Қайырлы болса баяжан айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай тартылып қалған шөлмен тең» деген екен. Осы сөздердің мәніне тереңірек үңілсек, үлкен ой жатыр. Кейбір адамдар байлықты менікі деп түсінеді. Шындығында, ол Алла Тағаланыкі. Алла мен Пайғамбар сөзін қазақ тілінде асыл сөзбен уағыздаған Абай:

«Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі? – дейді. Сондықтан жиған мал-мүлкіңді өз басыңа ғана жұмсауға болмайды. Байлықты жиғанда қайыр үшін жию керек. Байлықтың екі түрі бар. Біріншісі – материалдық, екіншісі  – адамның пейілінің байлығы. Қазақ айтады «Малымды алсаң, ал Құдай! Пейілімді алма!» деп. Байлар бізде көп, бірақ олардың пейілдері тар болғаннан кейін халыққа еш пайдасы жоқ. Осы себептен де қазір байлар туралы халық арасында жағымсыз пікір қалыптасқан. Бұрын қазақ байлыққа өте жақсы қараған. Өйткені, адамның өміріндегі қажеттіліктердің (рухани өсуі, толуы, шарықтау шегі) бар­­лығы байлық арқылы келеді. Дүниеде «жоқшылық» деген ең жаман нәрсе. Кедей­лік адамды хайуанға айналдырып жібереді. Абай: «Сұлу аттың көркі жал, адам­заттың көркі мал», – дей­ді. Яғни байлық адамның көңіліне нұр беріп тұрады деген сөз. Кезін­де Кеңес үкіметі байлық туралы адамдардың фунда­мен­тальді түсінігін бұзып жі­берді. Байлықты жамандап, дәулетті адамдарды конфискациялады.

Шын мәнісінде қазақтың бұрынғы дәулетті адамдары бүкіл ауылды, елді асыраған. Әрине, өмір болған соң жақсы мен жаман қатар жүреді. Олардың арасында да сараң байлар болған. Қазақ ондай адамдарды «сасық байлар» деп атаған. Ақан сері, Біржан сал секілді өнер адамдарын соңы­нан ерген нөкерлерімен қоса айлап күткен қазақтың меценат байлары өте көп болған. Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуы­мыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген. Осы керектердің соңында бүкіл күшімізді сарп етуге тиіспіз. Бұқар жырау «Шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» дейді. Бұл сөздің мәнісі мынада – сен біреуге көмек­тес­кің келіп тұр, бірақ қолың­да ақшаң болмаса, оған сенің айтқан ақылың түкке тұрғы­сыз. Біз ақылды, білімді болсаң – сол жеткілікті деп ойлаймыз. Қазақ «Ақыл малда, көмейде шырай көрік» деп өте данышпандықпен айтқан. Баяғыда бір кісі өте әдемі шәркей сатып алып, соны киюге жамағаттан ұялып тұрмын депті. Сонда пайғам­барымыз: «Алла өзі сұлу, ол әдемілікті жақсы көреді, сондықтан сен ки», – деген екен. Пайғамбардың тағы бір хадисінде Алла Тағала пенде­сінің бойынан өзінің байлығының көрініп тұрға­нын ұнатады деген. «Ақыннан да, батырдан да бай жақсы» деп жырауларымыз айта­ды. Кешегі Кенесары хан бастаған көтерілісте бүкіл әскерді мініс атпен, азық-түлікпен қамтамасыз еткен де сол байлар. Қазақ­тың байлыққа деген көзқарасының жақсы екенін адам­дардың есімін Асубай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қойшыбай, Жолдыбай деп атауынан да байқауға болады. Сондай-ақ, қазақтың бүкіл ертегісі бай болып мұратына жетіпті деп аяқталады. Қазақ­­тың «Қанша шешен болса да дауға салма малсызды, қанша батыр болса да жауға салма жалғызды» деген сөзі тегін айтылмаған. Бұрынғы топты жарып сөз сөйлейтін шешендер мен жауға шабатын батырлардың соңында оларды демеп тұ­ра­тын рулары, материалдық жағынан көтеріп отыратын ағайын-туыстары, ел-жұрты болған. Кез келген батырың да, ақының да басқаң да кедей болса бәрібір өз принципінен бас тартып, пендешілік әрекетке баратыны анық. Қазақ «Әкенің малы балаға мал болмайды» дегенді бекер айтпаған. Әкесінің жиған-терген дүниесін оның көзі кеткен соң бір жылдың ішін­де-ақ шашып жіберетін­дер бар. Адам өзі еңбек сі­ңір­мей, байлықтың қадірін ешқашан да түсінбейді. Ақша­ны өзі тапқан адам оның бағасын жақсы білетін болады. Сондықтан балаларымызға экономикалық тәрбие беруіміз қажет.

Бетті дайындаған Гүлім СЫДЫҚОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір