АҚТАСЫН САҒЫНҒАН АХИКО
Қазақ топырағына өзге ұлт өкілдерінің табаны тиіп, түрлі себептермен Қазақстанға қоныс теуіп, тұрақтап қалғанына аз уақыт болған жоқ. Содан бері өзге ұлт өкілдерінің сайын даланы туған жерім деп санайтын бірнеше ұрпағы өсіп жетілгеніне тарих парақтары куә. Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры жапон азаматы Ахико Тецуроның тағдырын арқау етіп, «Ақтастағы Ахико» атты пьесасымен осы тарихқа тағы бір қозғау салды. Қазақ әдебиетінде өзге ұлттардың Қазақстанға келу тақырыбында Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен жетім балалар жөнінде жазылған М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесі қалың оқырманға жақсы таныс. С.Мұратбековтің сценарийі бойынша 1976 жылы түсірілген «Тел өскен ұл» көркем фильмі де қазақ анасына тән мейірім мен кеңдіктің символындай көрермен жүрегінен жол тапқан. Халықтар достығы тақырыбына қаламы тиген қазақ жазушылары шығармаларының ойымызға оралғаны осы екеуі. Ал оқырманның бұл тізімді көбейте алатынына сеніміміз кәміл…
Назым ДҮТБАЕВА
Айыбы жоқтығын айтып ақталудан гөрі айыптымын деп тірі қалуды ойлаған Ахико ҚарЛАГ-тың тар қапасына бар болғаны 15 жасында түсіп, он жылдан соң түрмеден шыққанда 24 кг ғана болған екен. Көрер жарығы бар ол бүгінде 86 жаста, қазір Қарағанды облысының Ақтасты ауылында өмір сүріп жатыр екен. Боздалада боздағынан айрылған Ақтамақ есімді қазақ анасының қамқорлығымен ес жиып, етек-жеңін түзеген соң Жапониядағы әкесі мен бауырларын тауып, еліне көшіп те кеткен. Сары дала бойына сіңірген қасиет оны жапон елінде қалдырмапты. Біраз жылдан соң Қазақстанға, өзін есейткен Ақтасына қайтып оралыпты.
«Ақтастағы Ахико» – деректі драма. Оны өнер ұжымы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде сахналады. Бас кейіпкер Ахико (Дулыға Ақмолда) – тарих. Өзінің монологында айтқандай, «Ақ пен қараның, қараңғылық пен жарықтың арасындағы майданнан» аман жеткен тарих іспетті. Спектакльді көргендер әңгіме барысындағы Ахиконың аузынан шыққан әрбір сөздің драматург (Мадина Омарова) үшін қаншалықты құнды болғанын іштей сезеді. «Қаннан жүрегі айнитын» Степанның (Қуандық Қыстықбаев) да «қан құмарлығы» сол замандағы зұлматтың кесірін көрсетіп тұр. Степан секілді ессізбен бір камерада күн кешіп, одан аман шыққан Ахиконың ғұмырында қуғын көрген түрлі ұлт өкілдерінің ғана емес, небір сыннан өткен қазақтың тарихының нышаны бардай. Мұны режиссер (Асхат Маемиров) тергеу сахнасындағы паралелль көріністер арқылы ұтымды жеткізе білді. Қай ел болса да, қай мемлекет болса да өз тарихының ақтаңдақтарын көрсету арқылы жас ұрпаққа дұрыс жол нұсқауды мақсат тұтады. Ахиконың тағдыры мұқалмас рух пен жігердің үлгісі іспетті. Ахикоға мекен болған қазақ елі, оның осы елге бауыр басуына сеп болған қазақ халқының кеңдігі Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ракурсқа толық сыйып тұр. Мейірім мен тағдыр ұлт таңдамайды. Осы Спектакльдің тұсаукесеріне жапон мен қазақ елінің зиялылары жаппай қызығушылық танытып, оқиға болғаннан кейін бірнеше жыл өтсе де осы қойылымнан соң Қазақ-Жапон қарым-қатынасы бұдан әрі дами түседі деген сенімге Ахико мен Ақтамақтың әсері болмады деп қалай айта аламыз.
Қойылымда сонша озбыр, қатыгез Степанның Қасен (Бекжан Тұрыс) қариядан ығып қалатынын байқау қиын емес. Мұны біз қай қиындықтың да, қай тығырықтың да адам бойындағы САБЫР деген жақсы қасиеттен ыққаны деп түсіндік. «Бұл халық өзі тумай жатып, талай зобалаң көріп, талай азаптан тарығып та, торығып та өскен. Бірақ біржола үмітсіздікке берілмей, іштей рухани медет іздеген ұрпақтың өкіліміз. Ақылымыз жетсе, амалымыз жетпей, амалымыз жетсе, ақылымыз жетпей айнала толы дұшпандармен алысып, талай бәйтеректің мәуесін күйдіріп, тамырын қырқып, таң махшарда жолығар тажал отына талай жерде тірідей үйітілгенбіз. Шығарға жаны, тамырда қаны сарқыла жаздаған азабы асқан халқымның Жаратқан ием жабыққанын көріп жебер, тарыққанын көріп демер. Құдай ынсап пен ыждаһат берсе басқалар жеткен мұратқа біз де жетерміз. Егіле бермей еңселеріңді тіктеңдер. Боркемік мінездеріңді көрсетпеңдер», – Қасен қарияның камерадағы жазықсыз жандарға айтқан осы сөзі мен осы пейілі қазақ елін, Ахиконы, Ахико сияқты қуғын көрген көп адамды талай тауқыметтен алып шыққаны сөзсіз.
Бас кейіпкердің Қазақстанға қайтып келгенде «Өз Отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан келдім. Ынтымақтың ұясы жерұйық мекен – Қазақстан енді менің де Отаным» дейтін тұсы бар. Жүректен шыққан сөз болса, жүрекке неге жетпесін… Ахико мырзаның ғана емес еліміздегі өзге диаспора өкілдерінің әрқайсысының елімізге бауыр басып, Қазақстанды өз Отаным деп санауына әр қазақтың жүрегіндегі кеңдік пен адамгершіліктің үлесі бар деп білеміз. Оны Ахико прототип болған әр тұрғынның түсінетініне де сеніміміз мол.
Итиро КАВАБАТА,
Жапонияның Қазақстандағы елшісі:
– Бүгінгі премьеараға шақырғандарыңызға үлкен рахмет. Сіздерді «Ақтастағы Ахико» атты жаңа спектакльдің тұсаукесерімен құттықтаймын. Бүгінгі қойылым туралы әлі жақсы білмеймін, дегенмен бұл Ахико деген жапонның ғана өмірін көрсетпейді, жалпы қазақ драматургінің қаламынан шыққан адамгершілік рухты көрсетеді деп ойлаймын. Мен қазақ тілін білмеймін, дегенмен тек бүгін ғана емес, бірнеше рет театрға келіп көрген соң, спектакльдің мағынасын түсініп аламын деген ойдамын. Ары қарай Жапония мен Қазақстан мемлекетінің арасындағы қарым-қатынасқа үлес қосамын. Қазақстанға келгеніме жарты жыл болды, осы уақыт аралығында Алматы, Қарағанды, Өскемен сияқты қалаларды аралап, ондағы жапон әскерлері жерленген жерлерге қазақтардың мұқият қарап жүргендеріне таң қалдым және риза болдым. Сол жердегі қазақтардың жақсы ниеті жапон-қазақ арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосып келеді.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
идея авторы,
Қарлаг-ты зерттеуші,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
– Ахико Қазақстанға қайтып келгенде өзі тұрған Ақтас ауылын, маңайдағы көрші-қолаңды сағынғанын, ол үшін Ақтастан артық жер жоқ екенін айтқан еді. Мұнда үлкен мән бар сияқты. Тағдырдың айдауымен біздің дархан далаға қаншама ұлттар келді, қазақ даласы олардың барлығына құшақ жайды. Өз халқымыздың 50 пайызынан айрылып қалсақ та, тілімізді жоғалта бастасақ та, дархандығымызды жоғалтқан жоқпыз. Репрессияға ұшыраған 3 миллион халықтың атынан жапонның бір қариясы бүгінгі қойылымға кейіпкер боп отыр. Бұл қазақ елінің үлкен жүрегі мен толеранттығын көрсетеді.
Дулыға АҚМОЛДА,
Ахико рөлін сомдаушы:
– Бас кейіпкердің жапон, орыс, неміс, яки қазақ болғаны маңызды емес, актер ретінде, мен үшін басты мәселе адам тағдыры, қиын жағдайға түскен адамның психологиясы. Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды арыстарымыздың қай-қайсысының да түрмеде көрген қиыншылықтарының Ахико тартқан азабтан еш айырмасы жоқ. Қазақстандағы халықтар достығы – біздің мақтан тұтар қасиетіміздің бірі. Біздің ауылда Қазақстандағы барлық ұлттың өкілдері тұрды десем артық айтқаным емес. Неміс, әзірбайжан, кәріс, түрік, күрд – бүкіл диаспораның өкілдері тұрды. 1990 жылдары еліне көшкен немістердің жылағаны көз алдымда, қайтып келгендері де бар. Жақсы араласқан неміс отбасы қайтыс болған соң әкесін қиып тастап кете алмай: «әкем осында қалып бара жатыр, басына барып тұрыңыздаршы»,– деп жылағаны бар. Сондықтан мұндағы ең басты мәселе – адам тағдыры.
Данагүл ТЕМІРСҰЛТАНОВА,
Ақтамақ рөлін сомдаушы:
– Театрға жиі келетін көрермен жақсы біледі, менің бұл рөлім бұрынғы рөлдерден өзгеше. Ақтамақ ананың рөлін сомдау шын мәнінде үлкен жауапкершілік. «Ана – Жер Анадағы» –Толғанай, «Ғасырдан да ұзақ күндегі» – Найман ана образдарын көріп өстік. Ақтамақты сол деңгейге жеткізбесек те өмірден өтіп кеткен үлкен апаларымыз жасаған бейнелердің шаңына ілесуге жарап жатсақ, құба-құп.
Бауыржан ҚАПТАҒАЙ,
Сәдуақас Жалмақанов рөлін сомдаушы:
– Ахиконың өміріне қарап отырып, қазақтың мықтылығы мен қуғын-сүргін көріп жүрген кезеңдегі халықтың бейнесін көремін. Біздің елде өмір сүріп жатқан көп ұлт өкілінің барлығы кезінде қуғын-сүргін көріп келген, күштеп көшірілгендердің ұрпағы. Олардың осы елге әбден бауыр басқаны қазақ халқының кеңдігін көрсетеді. Өздері бала-шағасын берер ас пен киер киімге жарыта алмай отырып, басына қиындық түскен әр ұлттың өкіліне бір үзім нанын бөліп берді. Қазақ даласының шапағатын сезінбесе, сайын далаға өз баласындай сіңіп кетпесе Ахико Тецуро Қазақстанға қайтып келмес еді. Пьесадағы бір кейіпкерге қарап көп халықтың тағдырын сезінуге болады.