ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢНІҢ ӨТЕЛІ КІМДЕ?
21.10.2016
1942
0

metacog-buttonҚытай халқының «Құдай өтпелі кезеңде өмір сүруден сақтасын» дейтін сөзі бар. Бағымыз ба, сорымыз ба, кім біледі, әйтеуір, осы өтпелі кезеңде ғұмыр кешуді Құдай біздің басымызға салыпты. Енді міне, алқымнан алған дағдарысты, бір-бірін күштеп, алдап-арбап, тіпті ұрлап болса да әйтеуір  пайда тапқысы келіп тұратын халық психологиясын, өзін зор, өзгені қор санайтын басшылар менмендігін, ойын-сауыққа әуес келетін жастардың жеңіл ойлылығын өтпелі кезеңнің келеңсіз сипатына балап қойып, үнсіз бақылап отырған жайымыз бар. Сонда өтпелі кезең әлі қанша уақытқа созылуы мүмкін? Құндылықтары өзгерген, ұстанымдары ауысқан, жеке бас пайдасынан өзгені ойлаудан қалған бұқараны Абай айтатын «малдан басқа мұңы жоқ» тобырға айналды деп сынау ойымызда жоқ. Алайда, осы бетімізбен кете берсек, қайда барамыз? О баста бір формациядан екіншісіне  ауысуымыздың өзі елді біраз дағдарысқа ұшыратты. Ел еңсесін енді тіктейді-ау деген тұстарда қайта айналып келіп соққан дағдарыс осы күні қазақты тіпті бас көтертпей тастаған секілді. Кейбіреулер жалпы қазақ қоғамы дағдарысқа бейім қоғам деп жатады. Мүмкін ол да рас шығар. «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қаларды» айтқан бабаларымыздың бұрынғы ынсабы мен обал-сауапты ойлаған ізгі қасиетін бүгін неге есімізден шығарып, ойымыздан өшіріп алдық?  Сарапшыларымыз бүгін осы сауалдарды әңгіме өзегі етпек.

 

nurlan-erimbetovНұрлан ЕРІМБЕТОВ,
саясаттанушы

БІЗГЕ КЕРЕГІ – ШЫНАЙЫЛЫҚ

– Менің ойымша, Жаңа Қа­зақ­стан бәсекеге қабілетті ел бол­уы керек. Қазір ауыл­шаруа­шы­­лығы, өнеркәсіп, іскерлік секілді барлық салаларда бәсекелестік қалыптасып келе жатыр. Бұл – қуа­нарлық жағдай.

Өзіміз куә болып отырғандай, қ­азір көп елдерде ауызбіршіліктің жоқтығынан қиын жағдайлар оры­н алып отыр. Сондықтан елі­мізге бүгін ұйыған ынтымақ ауадай қажет. Ұлтаралық, дінаралық мәселелерді қозғайтын провока­тор­ларға елікпей, татулықты сақ­­тауға тырысуымыз қажет. Ты­ныштық пен бейбітшілік тәуелсіз еліміздің басты құндылығы.

Көңіл бөлетін тағы бір маңыз­ды мәселе – жастар тәрбиесі, жас­­тар саясаты. Біз балаларымыз­ды әлеуметтік желілерден алып ке­туіміз керек. Кішкентай бүл­дір­­­шіндерді әлеуметтік желіге жегу қылмыспен барабар дер едім. Ба­ланы түрлі қосымшаларға қатыс­тырып, ерігіп бос отыруына мүм­кін­дік бермеген жөн. Ба­ла­­мен бірге отырып әңгімелесу, кі­тап оқып беру, театр мен киноға алып бару – оны үлде мен бүлдеге орап, қолына айфон ұстатып, қал­та­сына ақша салып бергеннен әлде­қайда қайырлы. Бала үшін уақыт бөлуге жұмыстан қол ти­мейді деп өз-өзімізді ақтаймыз, ер­тең бұ­ның ақыры үлкен өкі­ніш­ке алып келетінін неге ескере бер­мейміз?

Еліміз жер көлемі жағынан дү­ниежүзі бойынша тоғызыншы орында деп мақтанамыз. Ал сол жердегі халық саны кей мемле­кет­тердің бір ғана қаласының тұр­ғындары санымен тең. Біз осы жерді сақтап қалу үшін ынтыма­ғы­мызды нығайта отырып, жұ­ды­рықтай жұмылып ел мүддесі үшін қызмет етуіміз керек. Қазір еш­кім біреудің байлығы мен же­рін қару кезеніп келіп тартып ал­майды. Сыртқы жау біреудің дү­ниесіне еге болу үшін сол елді өз ішінен ірітуге тырысады. Ха­лық­ты бір-біріне айдап салып, ел іргесін сөгуге күш салады. Бұл әдіс бүгінде кеңінен қолданылып жүргенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Ішінен іріп-шіріген ел өзі-ақ ел болудан қалады. Осы­дан сақтанғанымыз абзал.

Дәл қазір өтпелі кезеңді бас­тан кешіріп отырғанымыз рас. Бі­рақ бүгінгі дағдарысты бізден өзге де көптеген елдер өткеріп жа­тыр. Қазір біріншіден, халық арқа сүйеп отырған мұнай да, уран да азайып жатыр. Екіншіден, жұмыссыздық кең етек жайып ба­рады. Бірақ жұмыс жоқ деп қа­рап отырып, аштан өлуге болмай­ды ғой. Ауылыңда, ауданыңда жұ­мыс жоқ па, жұмыс бар аймақ­тарға көш. Қарап жатуды өзіңе ар санап, жалқаулықты тастап, қайтсем де балаларымды жеткізе­мін деп еңбектенсең, ісің далаға кет­пейді. Еңбегіңнің жемісін жей­сің. Осы тұста тағы бір үлкен мә­селенің шеті шығады. Бұл – ба­лаға мамандық таңдау мәселесі. Мына заманда баланың маман­дық таңдауда қателесуіне жол бермеуіміз керек. Бүгін қай сала ма­мандарына сұраныс басым, ба­ланың икемі қай шаруаға келіп тұр деген секілді алғышарттарды ес­кере отырып, балаға бағыт-бағ­дар көрсету – әр ата-ананың мін­деті. Бұрынғыдай балам бас­тық болады деп бос үміттен­діре­тін, экономист пен заңгер болса деп қиялдайтын уақыт өтіп кетті. Осы күні қалтасында екі-үш дипломы бар жастардың көбі жұ­мыс­сыз жүр. Бірталайы қара жұ­­мысқа жегілген. Бұған кімді кі­нәлаймыз? Елдің бәрі бастық, қар­жыгер, заңгер болса, басқа жұ­­мысты кім істейді. Газет-жур­нал­ды қарап отырсақ, қоғамда техникалық мамандарға, инженер, технологтарға сұраныс басым. Адал еңбегімен нанын тауып жеуі үшін, өзгеден тіленбей өз күнін өзі көруі үшін баламызды сон­дай салаларға мамандан­дыру­ға тырысуымыз керек.

Түтіні түзу шығатын мықты ел болу үшін билік те, халық та бір-біріне адал болуы керек. Әділ­­дік орнаған қоғам ғана бола­шақ­қа сеніммен қадам баса алады. Билік халықты алдарқатпай, жағ­дай қиын болса оны ашық ай­тып, сабыр мен үнем­шіл­дікке шақыр­сын. Шынайы­лық­ты бай­қамау мүмкін емес қой. Шына­йылықты көрген ха­лық та жұды­рықтай жиылып бар нәрсеге дайын болу­ға тырысады. Менің байқауымша, қазір билік тарапынан осындай шынайы әң­гімелер айтыла бастаған секілді.

 

sejdahmet-kuttykadamСейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ,
саясаттанушы

«МЫСЫҚТЫҢ ТҮСІ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС,
ТЕК ТЫШҚАН АУЛАСА БОЛДЫ»

– Жаңа Қазақстан деген – ел жағ­дайы жаңарды, халықтың күн­кө­ріс деңгейі көтерілді, білім мен мә­дениет жоғарылады деген сөз. Ал бізде осы көрсеткіштер бай­қа­ла ма? Қай саланы ал­саңыз да ақсап тұр.

Соңғы уақыттары жоғары жақ­та кадрлар өзгеріп жатыр. Жауап­ты орындарға халықтың се­німін ақтай алатын мықты аза­мат­тар келе бастағаны үмітімізді үкі­лей түседі. Биліктің саясаты кадр­ларға байланысты ғой. Кадрлар мықты болса, саясат мықты болады, тасымыз өрге дөңгелейді. Жақында үкімет басына келген Е.Сағынтаев та, И.Тасмағамбетов те мықты жігіттер. Осы кісілердің аян­бай еңбек етуіне жағдай жа­сал­са, біраз мәселе шешімін та­ба­ды деп сенемін.

Жалпы, өтпелі кезең дегеннің мәнін біз дұрыс түсінбей жүрген се­кілдіміз. Із қалдырмай өтеді де ке­теді деген түсінік қате. Мысалы, өткен ғасырдың отызыншы жыл­дары өтпелі кезең болды. Сол өтпелі кезең қазақтың басына қандай қасірет алып келді? Тари­хымыздан өшпестей орнын ойып тұрып алған жоқ па? Сон­дық­тан біз осы кезеңнен абыроймен шығып кету жағын ойлауымыз керек еді. Бұл кезең бізде ұзақ­қа созылып бара жатқаны рас. Жиырма бес жылдан бері өт­пелі кезеңнің өтке­лінен өте ал­май келеміз. Менің ойымша, біз енді өтпелі деген ұғымды қойып, жаңғыру жолына түсуіміз қа­жет. Осы кезеңде мінезімізге сіңіп, әдетімізге айнала бастаған бір­талай жағымсыз сипаттардан арылу да кезек күттірмейтін мә­се­ле. «Әйтеуір біртіндеп кетеді ғой, бұл әдеттен ақырындап ары­ла­мыз» деп немқұрайлылық та­ны­туға болмайды. Анығында, бұл жайдан-жай кете салатын нәр­­се емес. Қазақта «ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз бар ғой. Қойдан қозы, жылқыдан құ­­лын туатыны секілді, ұрыдан ұры туатыны заңдылық. Ал не­ғұр­лым заң бұзушылар көбейген сайын, әділетсіздіктен көз аш­па­ған халықтың ұнжырғасы түсе бас­тайды.

Бізде қазір жалпақ ұрандарды көп айтатын жалған патриоттар көп. Сенімге кіру үшін әр сөздің мағынасы өзіне сай болуы керек. «Бізде бәрі кере­мет, алдыңғы қатарлы елдердің сапында келе жатырмыз» деген сөздер ешкімді қуанта алмайды. Се­бебі, қара халықтың тұрмысы күн­нен-күнге қиындау үстінде. Әлем­дік сараптаулардың нәти­же­с­іне қарасаңыз, Қазақстан әлем­дік көштің соңына әрең-әрең ілесіп келе жатқанын бай­қай­сыз. Еліміз бен же­ріміздің тұнып тұрған байлығын өз игілі­гі­міз­ге пайдаланып та үлгере алмай қалдық. Қай елді білімді, әділ азаматтар басқарса, сол ел­дің болашағы жарқын. Ал елді алаяқтар мен жемқорлар билесе, ол елдің болашағына балта шабылды деген сөз. Сондықтан да кадр саясатына баса назар аударуымыз қажет.

Кеңес кезеңінде жап-жақсы жұ­­мыс жасап тұрған өндіріс орын­дарын қираттық. Енді қайтадан сол өндірісті қолға алуға тиіспіз. Өтірік көлгірсігенім емес, жалпы қазақтар дарынды халық. Сол да­рынымыз бен білімімізді ел игі­лігі үшін дұрыс жұмсауға күш са­латын күн туды.

Біз феодализмнен социализм­ге секірдік, кейін социализмнен қай­тып капитализмге өттік. Ме­нің ойымша, формация деген тек қана теория жүзінде айтылатын ұғым. Ал өмірде ол әр түрлі болады. Айталық, Жапония фео­да­лизм­нен бірден капитализмге се­кіріп кетті. Сол секілді, Араб Әмір­ліктері, Малайзия секілді ел­дер қоғамдық формацияның бірі­нен екіншісіне өтсе де қазір да­мып, өзге елдің алдына шық­ты.

Негізінде көп нәрсе елдің жі­гер­лілігіне, басшылардың көре­ген­дігіне байланысты. Елін жақ­сы­лыққа жетелеймін деген адам­ға әлемде тәжірибе көп. «Қа­ра ма, ақ па бәрібір. «Мысықтың түсі маңызды емес, тек тышқан ау­ласа болды» деген сөз бар. Сол се­кілді, феодализм ба, социализм ба, капитализм ба, посткапитализм ба бәрібір, ең бастысы халықтың әл-ауқатын көтеріп, ел­дің білімі мен мәдениетінің өркендеуіне жағдай жасаса болды. Мәселен, әлеуметтанушылар Жапонияда баяғы феодализмнің сарқыншақтары қалғанын айтады. Әсіресе, үлкен корпорацияларда атасы, баласы, немересі – бүкіл әулетімен өмір бойы жұмыс іс­теп өтеді екен. Меніңше, сол «измдердің» айтарлықтай ролі жоқ. Басты мәселе – халықтың жағ­дайы жақсы болғаны. Сол «изм» елге жұмыс жасап, әл-ау­қа­тын көтерсе, біз үшін керегі осы. Ал біз қазір қай «измде» жүр­генімізді де білмей қалған сияқ­тымыз. Социализмнен ке­тіп, капитализмге кіре қалдық. Ка­питализмнің де керемет жақ­сы­лықтарын көре алмай, тек жа­ғым­сыз тұстарымен ұшырасып ке­леміз. Ал қазақтың жолы бұл емес еді.

Өзінің сара жолын айқындап, дамуға аяқ басу үшін қазаққа ең бі­рінші әділдік керек. Қай жа­ғы­нан алсақ та, қазақ қоғамы әділ­дік­ке зәру. Сотымыз бай-кедей деп алаламай әділ шешім шығар­са, қарапайым жұмысшының ең­бегі әділ бағаланса, көпшілік өз еңбегі мен білімі арқылы ғана жетістікке жетуді үйренсе жағ­дайы­мыз бүгінгіден көш ілгері бо­лар еді. Тағы керек нәрсе – бі­лім. Еш нәрседен хабарсыз я саясатты, я мәдениетті, я ғылымды біл­мейтін жастар бар. Өзі надан болса ол ертең қалай қызмет жасайды, елді қалай алға сүйрейді. Осындай сауатсыздықтан қор­қуы­мыз керек.

Үшінші мәселе, біздің алға қой­­ған мақсат-мұратымыз ай­қын болуы тиіс. Әр азамат ең ал­­дымен өзінің емес, елінің мүд­десін ойлайтын жағдайға жетсек, бо­лашағымыз жарқын болар еді.

Төртінші мәселе, өз байлы­ғымызға өзіміз ие болуымыз ке­рек. Алайда, қазір өз байлығы­мыз өз қолымызда емес, тоқсан пайы­зы шетел азаматтарының мен­шігіне кетті. Сол байлықтар өз жұртымыздың игілігіне жұм­салса, жағдайымыз басқаша бол­мас па еді.

Біздегі әкімдер мен министр­лер­ге қызметті беретін халық емес, жоғары лауазымды азаматтар. Сол себепті, олар халыққа емес, өзінен жоғарыдағыларға жа­ғынуды, солардың көңілінен шығуды бірінші орынға қояды. Се­бебі, оның «тағдырын шеше­тін» биліктегілер. Сондықтан олар­дың айтқанын екі етуге «ха­қы­сы жоқ». Ал егер халықта олар­­дың жұмысын бағалайтын, сын-пікірін айтып, керек кезінде орнынан түсіретін өкілеттік болса, бәрі ел үшін жұмыс істеуге мүд­делі болар еді. Енді бір мәселе, бізде шенеуніктер әр үш жыл сайын бір орыннан екіншісіне ауыстырылып тұрады. Шахмат тастары секілді бір-бірімен орын алмастырғаны болмаса, сырттан көп ешкімді тағайындай қой­май­тыны тағы бар. Ол өзіне жүктелген мін­детті толық түсініп, үйреніп үлгер­мей жатып, келесі қызметке се­кіріп кете барады. Әзірге олар­дың бітіретін бар тірлігі сол үш жылдың ішінде қолынан келгенше қазынадан қарпып жеп қалу. Бізде қанша айтылса да, өзгеріссіз келе жатқан және бір үрдіс – топ­тық жүйе. Әркім жаңа тағайын­дал­ған қызметіне өз командасын ала барады. Бұл да қанша сыналса да әлі доғарылмай келе жатқан нәр­се. Қысқасы, шенеуніктің тағ­­­дыры халыққа тәуелді болмайынша олар елдің қамын жей қоймайтын секілді. Халық оларды іскерлігі мен адалдығы, білім-білігі арқылы саралап, бағалап отыр­са, сонда ғана еліміз алға бас­қан болар еді.

 

r-zhumalyРасул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы

ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ӨЗГЕРГЕН ҚОҒАМ

Менің ойымша, «Жаңа Қазақ­стан» деген тіркесті көп қолда­на­тын билік өкілдері осы сөздің түп-төркінін дұрыс түсіне алмай жүрген секілді. Жаңа Қазақстан – гүл­денген, алдыңғы қатарлы ел­дермен терезесі тең, бәсекеге қа­білетті ел болуы керек деген сыңай­дағы жаттанды сөздерді ұсы­нады. Әрине, барлығымыз­дың көздегеніміз де осы. Бірақ «оған жетудің жолы қандай, сол же­тістікке жету үшін қазақ қан­дай болуы керек?» деген сауал­дар­ға жауап беруге тырыспайды. Әзір­ге бізде идеологиялық маз­мұны беймәлім құр ұрандар көп айтылатын болған.

«Жаңа Қазақстан» ұғымы бар болса демек, «ескі (байырғы) Қа­зақ­стан» да болды деген сөз ғой. Сол ескі Қазақстанды біз қалай сурет­тейміз? Мүмкін, жемқорлық жай­лаған, мұнайға ғана арқа сүйе­ген, қоғамы орыс тілді, қазақ тілді болып екіге жарылған мем­ле­­кет шығар? Жаңа Қазақстан құру үшін осы ескі Қазақстанның олқылықтарын тезге салатын ал­ғы­шарттарды белгілеуіміз қа­жет емес пе.

Жаңа Қазақстанға, жаңа ке­зеңге өту туралы ұсыныстарды өз ба­сым қолдаймын. Бірақ аты бар заты жоқ, іші мазмұнсыз дүние­лер­ге қарсымын. Бізге керегі бі­рін­шіден, ең негізгі құнды­лық­та­ры­мыз – тәуелсіздік, еркіндік, әділ­дік, ар-ұят ұғымдарының не­­гізінде құрылған және осы нәр­селерге қол жеткізетін демок­ратияның негізіндеріне басым­дық берген, біреуден жасқан­бай­тын, өзгеге еліктемейтін қоғам. Екінші жағынан, өзіміздің төл дәс­түріміз бен тілімізге, мәдение­ті­мізге, тарихымызға басымдық берген, басқалардың жетегінде кетпеген өз ұлтының мүддесін бі­рінші орынға қоятын қоғамды айтар едім. Ондай қоғамға жету үшін нақты мазмұндама жасап, оны халыққа жеткізу керек. Ол шаруаның негізі ұлт ретіндегі құн­дылықтарымыздың сапасын көтеру. Яғни ұлттың тілі, ділі, дәс­­­түрі, тарихы, әдебиеті, мәде­ниеті – рухани дүниесі назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл бағытта би­ліктің ұсынысын формалды түр­де қолдануға болады. Бірақ би­ліктің өзі мәжілістерін қазақ­ша өткізбесе, тарих мәселесінде де жан-жағынан жасқана берсе, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізге емес, сырттан келген дүниелерге басымдық беріп қойса, халық қай­да барады? Сөзі басқа ісі бас­қа билік халықтың наразы­лы­ғын тудырып жүр емес пе.

Ал енді жаңа Қазақстан мен жаңа қазақтың алдына қойған мақ­саттары қандай? Олар нені құн­дылық санайды? Бүгінгі за­манның талаптарына сай келетін жаңа ел болу үшін жалаң ұрандар жеткіліксіз. Басы бар аяғы жоқ, атауы бар заты жоқ бағдарламалар мүлдем қажетсіз. Себебі, жиырма бес жыл ішінде қабылданған та­лай бағдарламалардың біреуі де іске аспады. Яғни науқаншыл­дық­­тың ешқандай да қисыны жоқ екеніне халықтың көзі жетті. Мемлекеттік бағдарламаларға де­ген халық сенімі әбден әлсіреп біт­­ті. Сол сенімді қайтару үшін сөз­­ден іске көшуіміз қажет секіл­ді.

Бүгінгі қазақ қоғамына қарап, ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктерімізден гөрі, жіберген қа­теліктеріміз басым болды ма де­ген ой туады. Ұлттық мемлекет ре­тінде қалыптасу жағынан алып қарасақ, бұрын бір мем­ле­кет­тің құрамында болған Украина, Грузия, Өзбекстан секілді ел­дермен салыстырғанда көп мә­селеде артта қалған жағдайымыз бар. Басқасын былай қойғанда, біз осы уақытқа дейін әлі ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алған жоқпыз. Бәрімізді ұйыс­ты­ратын ортақ ұстаным болма­ған­дықтан, жік-жікке бөлініп кеттік. Байлар мен кедейлер, үкіметке жақындар мен үкіметтен аласта­тыл­ғандар, қазақтілділер мен орыс­тілділер, ауылдықтар мен қа­ла­лықтар боп бөлінуіміз өз ал­дына, жершілдік пен рушыл­дық мәселесі тіпті ушығып бара жатқандай. Сондықтан бүгінгі қа­зақты мен дәл кешегідей ел ба­сына күн туғанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауыз­біршілік танытатын ын­ты­ма­ғы ұйыған ел деп айта алмас едім. Олай деуіме бірнеше себеп бар.

Осыдан аз уақыт бұрын жері­міз шетелдіктерге сатылады деген мәселе көтерілгенде жер тағ­дырына алаңдап, қарсылық көр­сеткен қазақтардың саны са­наулы ғана болды. Бүкіл ха­лық­тың он пайызына да жетпейтін бө­лігіміз өз позициямызды біл­ді­ре алдық. Қалғандарымыз та­са­­да тығылып, сескеніп, қорқып отыр­дық. Кейбіріміз тіпті билік­тегілердің бастамасын қолдап шы­ға келдік. Бірер жыл бұрын Жаңаөзен қаласында «жалақы­мыз­­ды шетелдіктермен теңес­тірің­дер» деп заңды талап қойып алаңға шыққан азаматтарымызды қан жоса қылды. Бірталайын оққа ұшырды. Сонда солардың мүд­десін қорғап, мұңын мұңдап қан­ша қазақ шықты? Ауыз толтырып айтарлықтай ешкім жоқ. Осыдан бір, екі, үш ғасыр бұрын осындай жағдайлар болса, бәрі­міз біріміз үшін атқа қонған болар ма едік. Бұрын қазақ әлдеқай­да ұйымшыл еді, әлдеқайда бауыр­мал еді, әділдікке деген аза­маттық ұстанымы әлдеқайда жо­ғары еді. Өкінішке қарай түрлі та­рихи нәубеттерді басынан өт­керген қазақ қазір үркек, жас­қан­шақ. Баяғы қазаққа тән намыс, жігер, батылдық, сөзге тоқтау се­кілді көптеген қасиеттерден ай­рылып қалған. Оның орнын жем­қорлық, байлыққа табыну, шен­дінің алдында тізе бүгу, бі­лім­ге емес күшке басымдық беру, әділетсіздікке бару секілді көп­те­ген жағымсыз әдеттер басқан. Осын­дай келеңсіз тұстарымызды өзіміз мойындамай тұрып, көкі­ре­гімізді ұрып, «біз керемет ха­лық­пыз» деп ұрандатудың еш қажеті жоқ. Біздің ұлылығымыз бен мықтылығымызды өзіміз емес, өзгелер мойындайтындай жағ­дайға жетуіміз керек. Ал ондай деңгейге жету үшін ұлт ре­тін­дегі ерекшеліктерімізді сақ­тай отырып, құндылықтары­мыз­ды ардап, игілікті істерге мойын бұруы­мыз керек.

Шын мәнінде біз қазір өтпелі ке­зеңде ғұмыр кешіп отырмыз. Рас, кей халықтарда бұл кезең дәл біздегідей ұзақ мерзімге созылып кет­пеген. Біз еріншектің ертеңі біт­пейтіні секілді, бүгін болмаса да ертең бақытқа кенелеміз деп, өзімізді ертеңмен алдап келе жа­тырмыз. Алайда, жиырма бес жыл өтсе де, сол баяғы дағдарыс, сол баяғы қымбатшылық пен төл валютамыздың құнсыздануы, ха­лықтың басым бөлігінің ке­дейлікте күн кешуі өзгеріссіз қа­лып отыр. Негізі мұның барлы­ғы жекелеген адамдарға емес, ха­лықтың өзіне, ұстанымына бай­ланысты. Қоғамымыздың ж­і­гері жасыған, намысы жан­шылған, құндылықтары өзгер­ген. Бұрынғы рухани құндылық­тар­дың орнын байлық пен даңққа не­гізделген жалған құндылықтар басты. Қоғамымыз жасқаншақ, әді­летсіздіктерге көз жұма қа­рай­тын селқос, немқұрайлы бол­са, биліктен талап етудің орнына оның алдында тізе бүгіп, оған жа­ғынудың жолын іздейтін болса, бұл өтпелі кезең әрі қарай да жал­ғасып кете береді. Оның ұза­ра түсуіне жекелеген билік ба­сын­дағы шенділерді кінәлаудың еш қисыны жоқ. Себебі, билік­те­гілер халық өздеріне қаншалықты мүм­кіндік беріп, үнсіздік таныт­қан сайын соншалықты өздерінің бірқалыпты тірліктерін жал­ғас­ты­ра береді. Яғни бұл жерде не­гіз­гі жауапкершілік қоғамдағы әр азаматтың ұстанымына тікелей байланыс­ты. Халықтың қазіргі өте аянышты жағдайға шыдап, үн­демей отырғаны – оның осы мүш­кіл халін қанағат тұтып, бә­ріне көне беретінін білдіреді. Олай болса, бүгінгі жағдайымызға таңғалудың қажеті жоқ. Осы жол­ды таңдаған, биліктегілерге дауыс беріп сайлап, мақтап-мақ­тап мәртебесін көтеріп, көкі­ре­гіне нан пісіріп қойған өзімізбіз. Енді, міне, соның «жемісін» кө­ріп отырмыз.

Қоғам қаншалықты талапшыл болған сайын, биліктегілер ши­рай түседі. Ал біздің халық тым момын, көнбіс. Негізінде қа­лың жұрт билік пен шендіге емес, керісінше билік пен шенді бұ­қараға қызмет етуі керек деген де­мократияның талабы біздің есі­мізден шығып кетті. Барлық мүм­кіндік пен байлығын билік­те­­гілердің қолына ұстатып қо­йып, оны бақылай алмай отыр­­ған халық меніңше, кінәні өзі­нен із­деуі тиіс. Өзін зор, өзгені қор са­найтын шенеуніктердің қа­лыптасуына себепші болған біз­дің өзіміз. Сондықтан біздегі қа­­зіргі мәселе өзіміздің нем­құ­рай­лылығымыз бен момын­ды­ғымыз. Жыламаған баланың аш қалатынын біле тұра іштен тынып, өз үнсіздігімізге өзіміз тұн­шы­ғып отырған жайымыз бар. Шенеуніктерді моральдық тұр­ғы­да адамгершілікке шақырып, тым асқақтап кеткен әкім-қара­ларды сынап-мінегеннен еш нәр­се шықпайтыны белгілі. Қо­ғам­ның өзі дүр сілкінбесе, жақсы өмір­ге ұмтылып, талаптарын қой­маса, ондай қоғамды бас­қа­рып отырған биліктен ешбір пәтуа шықпайды.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір