БАУЫРЖАН ЖАҚЫП – ҚЫЗДАР УНИВЕРСИТЕТІНДЕ
Қыздар университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып шығармашылығына арналған «Қазақ жолы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ғибратты да тағылымды кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Рафаэль Ниязбек, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбеков, ҚР Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан қатысты. Кеште Қыздар университеті студенттерінің орындауында Бауыржан Жақыптың Ел қасіретіне арнап жазған «Жан дауасы» поэмасына арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, ел егемендігіне арналған өлеңдері оқылды. Студенттер «Дегелең тауының зары», «Жапырақтар жыры», «Қураған тоғайдың соңғы мұңы», «Боза даланың мұңы», «Тартылған өзеннің мұңы», «Желдің жоқтауы» атты дастанынан үзінділерді жатқа оқыды. Поэзиялық кеште сонымен қатар, ақын құрметіне арналған арнау өлеңдер де оқылып, ақынның сөзіне жазылған «Тұғыр», «Егемен елім» әндері шырқалды. Кеш барысында Бауыржан Жақып «Домбыра», «Тамыздың 29-ы», «Менің Қазақстаным!», «Қолтаңба» өлеңдерін және жастарды отансүйгіштік, патриоттық сезімге бөлейтін бірталай шығармаларын оқып, жырдан шашу шашты. Кеш барысында Б.Жақып жастардың өлең, поэзия, махаббат, ел руханияты, қазақ қызы тақырыптарына арналған сұрақтарына жауап беріп, қыздардың қара шаңырағына бірнеше кітабын тарту етіп, ақ тілегін арнады.
«Қыздар университеті тәрбиенің, тағылымның, білімнің ошағы. Мен үшін саналы, парасатты, білімді қыздармен қауышу, пікірлеріңізді біліп, үндеріңізді есту, сырлы сұхбат құру ерекше ғанибет, үлкен бақыт. Бүгін менің өмірімде есте қаларлықтай күн болды. Керемет мазмұнды кешті ұйымдастырушыларға мың алғыс. Ерекше әсер алдым. Бұл қасиетті шаңырақтың біз үшін орны әрқашан бөлек. Қаракөз қарындастарымның білікті де білімді маман, шаңырақтың тұтқасы, керегесінің берік болуы үшін қызмет ететін ұлт тәрбиешілері болатынына сенемін. Әрқайсымыз ел Тәуелсіздігіміз үшін қызмет етсек, алдыға қойған мақсаттың бәріне жетеміз», – деді Б.Жақып. Кездесу соңында Педагогика және психология факультетінің деканы, п.ғ.д., профессор Сайра Жиенбаева сөз алып, кеш қонақтарына үлкен алғысын білдіріп, қазақы дәстүр бойынша барша қонақтарға сый-сыяпат жасады.